НОРВЕГ ПОЛИЦИЯСЫ НЕГЕ ДӘРМЕНСIЗ?
НОРВЕГ ПОЛИЦИЯСЫ НЕГЕ ДӘРМЕНСIЗ?
Ослодағы 77 адамның ажалына себепкер болған лаңкестiк әрекеттен кейiн "адам құқығы", "төзiмдiлiк", "демократия" саясында мүлгiп жатқан кәрi құрлық дүр сiлкiндi. Норвегия саяси босқындарға арналған саясатын қайта қарастыруға бiлек сыбана кiрiссе, Скотлэнд Ярд тыңшылары Еуропадағы лаңкестiк ұйымдар жайлы тың деректер iздеп әлек.
"ЕУРОПАДА 80 ЛАҢКЕСТIК ҰЙЫМ БАР"
Өзiн Норвегияның қарулы күштерiнiң бас қолбасшысы етiп тағайындауды, король Харальдтың тақтан өз еркiмен бас тартуын және Норвегия үкiметiн тез арада отставкаға жiберудi талап еткен 32 жастағы Андерс Брейвиктiң 2011 жылдың 22 шiлдесiнде Ослода ұйымдастырған 2 лаңкестiк әрекетiнен 77 адам ажал құшты. Алдымен Ослодағы үкiмет үйiне жақын маңда қопарғыш затты жарып, бiрнеше сағаттан кейiн Утойа аралындағы Еңбек партиясының жастар лагерiне полиция киiмiн киiп барып, ондаған адамды атып өлтiрген ол егер өзi қойған үш талап орындалса, Еуропадағы 80 лаңкестiк ұйым туралы толық мәлiмет беремiн деген талап қойды. Хан сарайы мен Еңбек партиясының Ослодағы штабын жарып жiберудi көздеген лаңкестiң ақыл-есi түзу не түзу еместiгiн сот-медициналық сараптамасы айқындауға кiрiскен. Брейвиктiң қорғаушысы оны түрмеге емес, жындыханаға жiберу керек десе, мамандар "лаңкестiк әрекеттi әр сағат, әр сәтiне дейiн асқан ептiлiк әрi дәлдiкпен жүзеге асыра бiлген Брейвик есалаң емес, тек құқық қорғау органдары қызметкерлерiн мазақ еткiсi келедi" деген сенiмде. Жарылыстан бұрын "2083 жыл – Еуропа тәуелсiздiгiнiң декларациясы" деп аталған 1500 беттен тұратын құжатын интернет арқылы таратқан Брейвик қанды қырғынды саналы түрде жасағанын айтады: "Лаңкестiк – көпшiлiктi оятудың құралы. Бiз мұны жасауды қаламаймыз, бiрақ бiздiң басқа амалымыз жоқ. Бүгiн бiздi лаңкестер деп айыптауда. Алайда арада жүздеген жылдар өткенде бiздi батыр және бастамашыл деп көкке көтеретiн болады… Бiз ұйымдастыратын шара барысында құрбандыққа шалынатын күнәсiз жандар жер жастанады. Оған көнiңiздер". 77 адамның өмiрiн қиған қанды қырғынды бастамас бұрын ол бұл қырғынға 9 жыл бойы дайындалғанын, өзiнiң жалғыз еместiгiн, 2002 жылы Лондонда Ұлыбритания, Германия, Франция, Голландия, Ресей мен Грецияда тұратын жақтастар тапқанын, сондай-ақ Еуропада кез- келген сәтте қанды қырғын арқылы наразылықтарын бiлдiруге әзiр 80 ұйым құрылғанын айтқан. Қазiр батыстың қауiпсiздiк ұйымдары бұл мәлiмдеменiң рас-өтiрiгiн тексеруде. Тұтқынға алынған кезден бастап-ақ Брейвик өзiне қатысты сот iстерiнiң ашық жағдайда, көпшiлiктiң қатысуымен өткiзуге өтiнiш айтқан. Бiрақ бұл өтiнiш қанағаттандырылмады. Өйткенi лаңкес мiнген көлiкке тап берген ашулы жұртты тәртiп сақшылары әрең тоқтатқандықтан, сот төрағасы Брейвиктiң өмiрiне қатер төнуi мүмкiн деп шешiп, iстi жабық есiк жағдайында қарауға шешiм қабылдаған. Радикалдық бағыттағы адамдар санының көбеюiнен қауiптенген норвегиялық билiк лаңкестiң әрекетi мен мәлiмдемелерiн интернет арқылы талқылауға тыйым салды. Оның лаңкестiк әрекетке баруына 2002 жылы Норвегияның Мемлекеттiк статистка агенттiгi жүргiзген әлеуметтiк сауалнама себеп болған көрiнедi. Аталған шарада сауалға жауап бергендердiң 53 пайызы иммиграцияны шектеу саясатын ұстанса, 45 пайызы иммигранттар қоғамға қауiп төндiредi деген сенiмде болған. Ал 63 пайыз респондент иммигранттар елдiң мәдени өмiрiн байытуда деп жауап берген. Өткен дүйсенбiде лаңкестiк әрекет болған үкiмет ғимаратының маңына 150 мыңнан астам адам жиналып, қаза тапқандарды еске алды. Көздерi жасқа шыланған мыңдаған жанның қолында гүл, шырағдан мен балалар салған суреттер болды. Норвегия полициясының қанды қырғын кезiндегi дәрменсiздiгiне наразылар да көп. Ослодағы қанды қырғыннан кейiн Норвегияның басқарушы Еңбек партиясы миграциялық саясатты қайта қарастыруға шешiм қабылдады. Бұл қадам кәрi құрлықтағы иммигранттар үшiн ең жеңiл жолды ұсынған мемлекетке кiру құқығын қатайтуға мүмкiндiк бередi.
Негiзi иммигранттарға арналған заңды күшейтуге қатысты ұсыныстар бұған дейiн бiрнеше рет айтылғанмен, билiк iс жүзiнде әрекет етуге құлықты болмаған. 2011 жылдың сәуiрiнде Норвегиядағы Стортинг депутаты Пер Уилли Аммунсен шешендерге саяси босқын мәртебесiн беру саясатын қайта қарастыру керектiгiн айтты: "Өткен өмiрiнде қылмыстық әрекеттерге барғандарға Норвегиядан орын жоқ. Былтыр ресейлiк әскерилерге қарсы соғысқан бiрнеше шешен сарбазы Норвегияда тұру құқығына ие болды. Қазiргi Босқындар туралы конвенция қайта қаралуы тиiс". Соңғы 10 жыл iшiнде БҰҰ Даму бағдарламасының рейтингiнде әл-ауқаты аса жоғары, ең бай елдердi бастап тұрған Норвегияға ат басын бұруға әркiм құмар (2008 жылы мұндағы орташа өмiр сүру жасы әйелдер үшiн – 83, ал ер адамдар үшiн 78 мөлшерiнде болған). Ғасырлар бойы этникалық тұрғыда бiркелкi боп келген норвегиялық қоғамға 1960 жылдардың басында Оңтүстiк Еуропа, Азия, Африка мен Оңтүстiк Америкадан шыққан мыңдаған иммигранттар легi ағыла бастады. Ел астанасы Осло мен оның маңайына жақын шоғырланған жатжұрттықтардың санын азайтуды көздеген норвегиялық үкiмет 1975 жылы сырттан келетiн азаматтарға заң жүзiнде тыйым салды. Алайда күнi бүгiнге дейiн заңдық күшiн жоймаған бұл құжатта саяси сарында қуғынға түскен кейбiр босқынға арнайы квота арқылы Норвегияда тұруға жағдай жасалған. Мұндай тiзiмге негiзiнен Босния мен Герцеговина (бұрынғы Югославия), Түркия, Въетнам, Пәкiстан, Иранның азаматтары енедi. Мұнда тiптi, Солтүстiк Кавказдағы соғыстың кесiрiнен саяси босқынға айналдық дегендерге де азаматтық берiлiптi. 2002 жылғы ресми деректерде 4 937 000 мың халқы бар Норвегияның 6,9 пайызын (310 700 адам) иммигранттар құраған. Ал 2011 жылы 200-ден астам елден жиналғандар саны 500 мыңға жетiп, халықтың 10 пайызына тең болған. Былтыр Норвегияға Шығыс Еуропа, Африка, Азия мен Оңтүстiк және Орталық Америкадан 73 852 жатжұрттық келген. Олардың үштен бiрi жұмыс iстеуге байланысты берiлетiн визаны иеленгендер санатында.
Қазiргi таңда Норвегиядағы иммигранттардың өзi екiге бөлiнедi, яғни шет мемлекетте дүниеге келгендер мен өзi норвегиялық болғанмен, ата-анасы басқа елде туғандар. Мұнда әсiресе Сомали мен Ирак азаматтарының саны басым. Мемлекеттiк статистикалық қызметтiң (SSB) деректерiне жүгiнсек, Норвегия азаматтығын алған 10 адамның 7-еуi еуропалық емес елден шыққандар. Мамандар мұны жаңа азаматтықты қабылдаған сәттен бастап өз елiнiң азаматтығынан бас тартуға мiндеттейтiн талаппен байланыстырады. Сол себептi Еуропалық Одақ, Канада мен АҚШ-тан келгендер Норвегияда тұрақты тұрғын ретiнде өмiр сүруде. Аталған мәртебемен шектелетiндер елдiң саяси өмiрiне белсене араласуға, сайлауларда дауыс беруге құқы жоқ. Есесiне әлеуметтiк және экономикалық тұрғыда маңызы бар өзге жеңiлдiктерге ие. Бүгiнде ата-бабасының кiндiк қаны Норвегияда тамғандардың зығырданын қайнатып, әлеуметтiк әдiлетсiздiк ретiнде жасалатын наразылық шараларына бастау болатын да – осы. Ресми деректерге сүйенсек, елде жасалатын ауыр қылмыстардың 90 пайызы иммигранттар үлесiнде.
ЖҰМАҚПЕН ТЕҢ НОРВЕГИЯ
Әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың салқыны тиген Норвегияда бүгiнде жұмысқа орналасу оңай емес. Бiрақ шетелдiк жұмысшы қысқартуға ұшыраған күннiң өзiнде Отанына керi қайтуға асықпайтын көрiнедi. Себебi заң бойынша, Норвегияда 8 апта тер төккен қызметкер жұмыстан шығып қалған жағдайда жұмыссыздыққа қатысты берiлетiн айлықтың 62 пайызына тең келетiн жәрдемақыны 1 жыл бойы алып отыруға құқылы. Мәселен қара жұмысқа жегiлетiн құрылысшы-мигрант қысқартуға ұшыраған жағдайда мемлекеттiк бюджеттен ай сайын 1 мың еуро көлемiнде ақша алып отырады. Бұл сома көптеген ел үшiн едәуiр көп қаражат саналатындықтан, иммигранттар туған жерiне қайтуға құлықсыз. Оның үстiне, басқа батыстық елдермен салыстырғанда, Норвегия дамушы және дамыған елдердiң азаматтары үшiн жұмақпен тең. Есесiне норвегиялықтар салық ретiнде ай сайын тапқан табысының 40 пайызын төлеп отырады. Әрi құнды қағаздар, жылжымайтын мүлiк, мұрагерлiк т.б. бойынша түсетiн пайдаға да қосымша салық бар. Осының арқасында, мемлекеттiк бюджеттен босқындарға ай сайын 420 доллар көлемiнде, ал тұрақты тұрғындарға 730 долларға жуық жәрдемақы төленедi. Норвег халқы соңғы кезде бастан кешкен ауыр трагедиядан бүкiл әлем түршiктi. Бәйкүнә адамдардың ажалы адамзат ежелден арман тұтқан "қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған ғажайып заманның" ауылы әлi алыс екенiн көрсеткенi сөзсiз. Ондай заман орнай ма? Әлемдегi ланкестiктiң жыл сайын өрши түсуiне қарағанда, бұл – оңай орындалатын арман емес. Ең бастысы, осынау қиын сәтте мүлдем дәрменсiздiк танытқан полицияға норвег халқының өкпесi қара қазандай. Ел полициясы өзiнiң кәсiби шеберлiгiнiң төмендiгiн, мүлдем дайындықсыз екенiн көрсетiп, адамдардың ашу-ызасын туғызды.
11 тамыз, 2011Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ