Жаңалықтар

«АҚБИКЕШ» АЛАСАРЫП БАРАДЫ

ашық дереккөзі

«АҚБИКЕШ» АЛАСАРЫП БАРАДЫ

Қасиет қонып, құт дарыған сырлы Созақ өңiрi талай тарихтың куәсi, қазақ хандығының алғашқы ордаларының бiрi, әулиелердiң мекенi саналады. Аудандағы алыстан көз тартар сондай қасиеттi орындардың бiрi – Ақбикеш мұнарасы.

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен бiр топ жастар, зиялы қауым өкiлдерi облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықта жатқан Ақбикеш мұнарасына арнайы саяхат жасап қайтты. Осы саяхатқа қатысушылардың айтуынша, Ақбикеш жыл санап аласарып барады. ХIII ғасырдың ғажап туындысы жел-құздың әсерiнен мүжiлген. Оны сақтап қалу үшiн қайта қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу керек. Партияның саяхатты ұйымдастырудағы басты мақсаты – осыған билiктiң назарын аудару. Ақбикеш орта ғасыр тарихшылары Хафиз Таныш, Мiр Мұхаммед әл-Бұхари, Низам ад-дин Шами мен Шереф ад-дин Али Йездидiң еңбектерiнде ұшырасады. Иездидiң «Зафарнамасында» («Жеңiс кiтабы») ол Әмiр Темiрдiң 1389-1390 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын бақылап отыру үшiн Қаратау шыңына салынған Қарауыл мұнарасы ретiнде айтылады. Мұнараның қасына ХIII ғасырда Шыңғысханның немересi Мөңке ханға бара жатқан Армения патшасы Гетум I қосын тiгiп, тамсана қараған. Ақсақ Темiр құранын бағыштаған деген деректер бар. Мұнараны бертiнде В.Тизенгаузен, В.Бартольд, В.Воронина, Ә.Марғұлан мен К.Байпақов сияқты ғалымдар зерттеген, өздерiнiң еңбектерiне арқау еткен. Мұнара Ақсүмбе ауылының оңтүстiк-батысындағы Қаратау қойнауынан бастау алған Ақсүмбе өзенi аңғарының таудан шыға берiсiндегi 200 метрдей биiк жотаның үстiне тұрғызылған. Iргетасы тастармен қаланып, жоғарғы жағы шикi кiрпiшпен өрiлген. Мұнараның солтүстiк-шығысында төбесiне шығатын есiгi бар. Есiктен кiрген адам жоғарыға басқышпен айналып шығады. Бiрiншi айналмадан өтiп, 3-4 метрдей биiктеген соң, бiр адам еркiн тұратын және айналаға ешқандай кедергiсiз қарай алатын солтүстiкке қараған терезе кездеседi. Одан айнала алақандағыдай анық көрiнедi. Басқышпен одан әрiге көтерiлгенде 6-6,5 метрдей биiктiкте оңтүстiкке қараған екiншi терезе кездеседi. Бұл арадан оңтүстiк беткейдегi тау аңғары мен оның қойнауы түгел көрiнедi. Бұдан жоғары көтерiлуi мүмкiн емес. Өйткенi басқыштар бұзылып кеткен. Екiншi терезе мен мұнараның төбесiне дейiнгi ара қашықтық шамамен 5,5-6 метрдей. Қар мен жаңбыр суынан, биiк шоқы басындағы таудан соққан самал салдарынан мұнараның оңтүстiк-батысының тең жартысына жуығы мүжiлiп, құлаған. Мұнараның қазiргi биiктiгi 12 метрдей. Мұнара орналасқан төбенiң етегiнде ескi бекiнiс жайдың орындары сақталған. Ол бекiнiс созылып барып, қазiргi Ақсүмбе елдi мекенiне жалғасады. Ақбикеш туралы ел аузында бiрнеше әңгiме-аңыз бар. Олардың бiрiнде былай дейдi: Ақбикеш – осы арада мекен еткен алшын руының қызы екен. Ел шетiне жау тигенде ол алты ағасымен қатар аттанып, қанды жорықта жау қолынан мерт болыпты. Халқы оны ардақтап, арулап төбе басына жерлейдi де, есiмiн мәңгi есте сақтау үшiн және моласын ашып, жаулары сүйегiн қорламас үшiн осы мұнараны тұрғызған екен. Ел арасындағы әңгiмелер мен жазба деректер Ақсүмбе мұнарасында төрт терезе (солтүстiк, оңтүстiк, шығыс, батыс) мен төбесiнде от жағып хабар беретiн жайы болған деседi. Өкiнiшке қарай, бүгiнде екi терезесi қалып, қалғандары жауын-шашынға жуылып-шайылған. Кейбiр зерттеушiлер Ақсүмбе мұнарасы кезiнде қазiргiмен салыстырғанда екi есе биiк болған деседi. Ақбикеш мұнарасы – Қазақстандағы бұзылмай сақталған жалғыз қарауыл мұнарасы. Қазақ топырағында мұндай тарихи жәдiгерлер көп емес, тiптi жоқ десе де болады. Сондықтан болар оған алыстан ат терлетiп келушiлер көп-ақ. Олар киелi, қасиеттi орын деп тәу етедi, кесегiнен кертiп, топырағын орамалына түйiп алып жатады. P.S.Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi орталық» қызметкерлерiнiң берген мәлiметтерiне қарағанда, облыста жергiлiктi маңызы бар мемлекет қорғауына алынған 56 ескерткiштiң 28-i жөндеудi, 12 ескерткiш қайта қалпына келтiрудi талап етедi. Бiр ғана Созақ ауданы бойынша жергiлiктi маңызы бар 15 нысан бар. Осы нысандардың 7-еуiне қайта қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу керек болса, 6-уы жөндеудi қажет етедi, ал 2 нысанның алғашқы көрiнiсi толық өзгертiлiп, заманауи талапқа сай салынған. Мәселен Құмкент ауылына жақын жерде орналасқан Баба Түктi Шашты Әзiз кесенесiнiң бұрынғы қалпы бұзылып, жеке кәсiпкердiң қолдауымен жаңадан ғимарат тұрғызылған. Ендi оны тарихи-мәдени құндылығы бар деуге еш келмейдi. Отырар ауданы Балтакөл ауылында орналасқан ХIХ ғасырға жататын Икрам ата мешiтiн Сырдария өзенi оқтын-оқтын шайып кетуiне байланысты әбден тозған. Кейiнгi жылдары қайта қалпына келтiру жұмыстары қызу жүрiп жатқан Түркiстан қаласындағы ескерткiштiң барлығын жақсы деуге болмайды. Шойтөбе, Бала би кесенелерi және Иқандағы мешiт ғимараттары жөндеудi қажет етедi. Ордабасы ауданындағы ХIХ ғасырдың соңында бой көтерген мектеп ғимаратының шатыры құлап түскен, есiк, терезелерi жоқ. Тек төрт қабырғасы қалған. Шардара ауданындағы Ұзын ата кесенесiнiң қабырғалары жарылған, апатты жағдайда тұр. Б.ЕРНАЗАР 11 тамыз, 2011