ЖҰМА НАМАЗ ЖӘНЕ ТАРТЫСҚА ТҮСКЕН ТӘЖIКТЕР
ЖҰМА НАМАЗ ЖӘНЕ ТАРТЫСҚА ТҮСКЕН ТӘЖIКТЕР
Соңғы кезде тәжiкстандық билiктiң елдегi дiни ахуалдың ушығып кетуiне байланысты түрлi қам-қарекеттерге көшiп жатқаны белгiлi. Бұдан бұрын радикалды дiни топтардың қаптап кеткендiгiне алаңдаған дiни мекемелер мешiттердi жаппай қайта тiркеуден өткiзген болатын. Одан бөлек Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмон шетелдiң медреселерiнде бiлiм алып жатқан жастарды елге қайтару керектiгiн қадап айтқан-ды. Себебi оның айтуынша, дiни бiлiмдi шетелден алған жастар лаңкестiк немесе экстремистiк пиғылда тәрбиеленiп келетiн сияқты.
Ал президент Эмомали Рахмон бұл iстi аяқсыз қалдырмауға тырысып, тағы бiр заңды талқылауға салуға тапсырма берген-дi. Тәжiк жастарының дiни экстремизмге ұшырап жатқандығын ескерген ол кәмелетке толмаған баланың ата-анасынсыз дiни орындарға баруына тыйым салу керектiгiн баса айтқан. Жыл басынан берi әртүрлi ұсыныс пен пiкiрмен толыққан «Балаларын оқыту және тәрбиелеудегi ата-аналар жауапкершiлiгi туралы» заң жобасы 18-ге толмаған жастың жұма намазына қатысуын шектемекшi. Яғни кәмелетке толмаған балалар жұма намазына қатысса, олардың әке-шешесiн жауапкершiлiкке тарту көзделiп отыр.
Аталмыш заңға Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмон қасиеттi Рамазан айында қол қойды. Алайда жергiлiктi дiнбасылар мен дiни мекеме қызметкерлерi заңның кейбiр тұсымен келiспейтiндiктерiн айтуда. Олар 99 пайыз мұсылман қауымы тұратын мемлекетте кәмелетке толмаған жасөспiрiмдердiң дiни орындарға бас сұға алмайтындығына аң-таң. Тiптi мұны мүмкiн емес жағдайға теңейдi. Ал егер ата-ана заңға қайшы әрекет жасаса, нақақтан-нақақ жазалануына жол ашық.
Бұл заңның көпшiлiктiң көңiлiн елең еткiзген тұсы – бұдан былай тек дiни мектептерде оқитын балалар ғана мешiтке бара алады. Мұнымен қоса кез-келген дiни ұйымдарға мүше болуға құқы бар. Ал ешқандай дiни медреседе оқымайтын, қарапайым тәжiк отбасының баласы мешiтке дiни мерекелерде ғана кiре алады. Жаңа заң жобасының осындай талаптарына қарсы шыққан Тәжiкстандағы дiндардың бiрi Ходжи Акбар Тураджонзода мырза бұл адамның еркiндiгiне қол сұғумен пара-пар дегендi айтады. Тiптi биылғы жылдан бастап Тәжiкстан үкiметi жұма намазында айтылатын құтпа мен уағыздың тақырыптарын да бекiтiп отыруды қолға алғандығын тiлге тиек еттi.
Қалай десек те, бұл – Тәжiкстан билiгiнiң елдегi радикалды дiни ағымдардың әрекетiне тосқауыл қоюға бағытталған iс-шарасы. Дегенмен бұл арқылы дiни ахуал реттеле ме, жоқ па, белгiсiз. Айта кетерлiгi сол, тап қазiр бұл мәселе бiздiң елiмiзде де өзектi болып отыр. Бiрақ мұны тәжiкстандық жолмен шешуге бола ма? Бұл сауалды бiрқатар дiни қызметкерлерге қойғанымызда, салқын жауап бердi. Мәселен Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi саясат басқармасының дiн бөлiмiнiң бастығы Ғабит Аманұлының айтуынша, бiздiң ұстанған саясатымыз да, бағытымыз да бөлек. «Ал Тәжiкстан мемлекетi iшкi және сыртқы саяси тұрақсыздығымен белгiлi. Оны бiздiң елмен салыстыруға келмейдi», – дейдi ол. Ал «Время» басылымына пiкiр берген Алматыдағы Хельсинки комитетiнiң төрайымы Нинель Фокина ханым тәжiкстандық тәжiрибенi жаппай көшiруге болмайтынын айтады. «Адамның құқын шектеп, еркiндiгiне қол салу – тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды. Бұған мысал ретiнде сол Тәжiкстан мен Өзбекстандағы дiни, әлеуметтiк жағдайды айтуға болады. Қысқасы, адам баласы экстремист болып туылмайды. Оған өздерi жол ашып беруде» дегендi айтыпты.
11 тамыз, 2011Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ