Жаңалықтар

ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРI

ашық дереккөзі

ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРI

Айлардың сұлтаны болып саналатын қасиеттi Рамазан айының адамзатқа рухани және әлеуметтiк, медициналық жағынан пайдасы бар. Бұл айда күндiз ораза тұтқаннан кейiн, кешкiсiн құптан намазынан соң 20 ракат тарауих намазы оқылады. Тарауих сөзi “дем алу, демалыс» дегендi бiлдiредi. Оны барлық мұсылмандар топ-топ болып, жамағат болып, бiргелiкте оқиды.

ТАРАУИХ НАМАЗДЫҢ ҮКIМI

Қасиеттi Рамазан айында құптан намазының 4 ракат парызы және 2 ракаттан кейiн ер және әйел кiсi жиырма ракат тарауих намазын оқуы сүннет муәккәдә. Яғни бекiтiлген сүннет амал болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тарауих намазын сүннет болу мәселесiне қатысты: “Хақ тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет еттi. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», – деген.

ТАРАУИХ НАМАЗЫН МЕШIТТЕ ЖАМАҒАТПЕН ОҚУДЫҢ ҮКIМI

Кез-келген елдi мекендердiң тұрғындары тарауих намазын өздерiне қарасты мешiтте жамағат болып оқуы сүннет кифая. Осы себептен бiр мешiтке қарасты жамағаттың бiрi де тарауих намазын мешiтте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннетке қайшы әдепсiздiк еткен болады. Жалғыз оқыған адам әдепсiздiк етпегенiмен, жамағаттың сауабынан құр қалады.

ТАРАУИХ НАМАЗДЫҢ УАҚЫТЫ

Тарауих намазының уақыты құптан намазы мен таң атудың аралығында. Осы себептен құптан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды. Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгiлi түннiң үшiншi бөлiгi кiруден бұрын. Сонымен қатар тарауих намазын құптан намазы оқылғаннан кейiн үтiр уәжiп намазынан бұрын оқылады. Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешiтке кешiгiп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейiн тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетiн тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтiрден бұрын оқып алады.

ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ МУСТАХАБТАРЫ

Тарауих намазының мустахабтары (мустаһаб – ұнамды, сауапты амал деген мағына) төмендегiнше:

1. Әр екi немесе төрт ракатта сәлем беру.

2. Әр төрт ракатта сәлем бергеннен кейiн, намаз «Тарауих» деп аталуына сай демалу. Демалу уақытында түрлi зiкiр, дұға етсе, уағыз айтса, тiптi үндемей отырса да болады. Себебi, жаман сөз айтпай үндемей отырудың өзi ғибадат. Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану жамағаттың ықтиярындағы iс.

3. Тарауих намазында Құранды бiр рет хатым ету. Бұл мәселеде имам жамағатты қашырып алмау мәселесiн ескерген жөн. Жамағатта қарттар мен жас балалар болған жағдайда имам тарауих намазында қысқа сүрелердi оқығаны абзал.

Негiзiнде Рамазан бойы тарауих намазын оқу барысында Құранды бiр рет хатым ету, яғни бастан-аяқ оқып шығу сүннет. Мәселен Құран хатымын Рамазанның бiрiншi түнi бастап соңғы түнiнде аяқтаса болады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында келiспеушiлiк жоқ.

4. Тарауих намазын мешiтте оқу. Себебi, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы мешiтте оқылған намаз.

ТАРАУИХТЫ ҚАЗА ЕТУ МӘСЕЛЕСI

Үзiрлi жағдаймен оқылмаған тарауих намазының қазасы өтелмейдi. Жамағат жалқауланса тарауихты жекелей болса да оқу керек. Өйткенi тарауих намазы сүннет муәккәдә, яғни уәжiпке жақын.

ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ САУАПТАРЫ

Тарауих намазын оқығанның қаншалықты сауабы бар екенiн көпшiлiк бiле бермейтiнi рас. Сондықтан да бұл жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) былай деп айтқан:

1. Оразаның бiрiншi кешiнде тарауих намазын оқыған момын анасынан жаңа туылғандай күнәдан тазарады.

2. Екiншi кешiнде егер ата-анасы мұсылман болса, олардың күнәлары кешiрiледi.

3. Үшiншi кеште бiр перiште: “Ия, Аллаһ, қабыл еткiн амалын», деп жария етiп айтады. Яғни “Аллаһ тағала жасаған күнәларын кештi» деп айтады.

4. Төртiншi кеште Таурат, Забур, Iнжiл және Құран Кәрiмнiң (оқығанның) сауабын табады.

5. Бесiншi кеште Аллаһ тағала Қағба бөлмесiнiң iшiнде, Мәдина Мунаууараның және Мәсжид-Ақса мешiтiнде намаз оқығандай сауап бередi.

6. Алтыншы кеште Байтул-Маъмурды тауап еткен кiсiнiң сауабындай сауап берiп және ол үшiн тастар мен құмдардың барлығы истиғфар айтады.

7. Жетiншi кеште Мұса (а,с) Пайғамбарды табады және Мұса (а,с)-мен бiрге Ферғауын және Хаманға қарсы шыққандай сауапқа ие болады.

8. Сегiзiншi кеште тарауих оқыса, Аллаһ тағала Ибрахим (а.с) Пайғамбарға берген сауаптай сауап бередi.

9. Тоғызыншы кешiнде Аллаһқа пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) құлшылық еткен болса, сондай ғибадат еткенмен тең болады.

10. Оныншы кешiнде Аллаһ тағала дүние және ахыреттiң жақсылығын оған нәсiп етедi.

11. Он бiрiншi кешiнде тарауих оқыса, дүниеден анасының iшiнен жаңа туылғандай болып шығады.

12. Он екiншi кеште тарауих оқыса, қиямет күнiнде бетi он төрт күндiк айдай болып келедi.

13. Он үшiншi кешiнде тарауих оқыса, қиямет күнiнде барша жамандықтан саламат болады.

14. Он төртiншi кеште тарауих оқыса, ахыретте перiштелер келiп, “бұл кiсi тарауих намазын оқыған» деп куәлiк бередi. Аллаһ тағала осыдан кейiн есеп алмайды.

15. Он бесiншi кешiнде тарауих оқыса, перiштелер ол кiсiге салауаттар жiбередi.

16. Он алтыншы кешiнде Аллаһ тағала тозақтан құтқарып, жәннатқа кiруiне куәлiк бередi.

17. Он жетiншi кешiнде тарауих оқыса, барлық пайғамбарлардың сауабындай сауап бередi.

18. Он сегiзiншi кешiнде тарауих намазын оқыса, бiр перiште келiп: “Ей, Аллаһ тағаланың құлы.

Әлбетте Аллаһ тағала саған разы және ата-анаңа да риза», – деп айтады.

19. Он тоғызыншы кешiнде тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала оған Фирдауси атты жәннатты сыйлап, оның мәртебесiн көтередi.

20. Жиырмасыншы кешiнде тарауих намазын оқыса, қиямет күнi Аллаһ тағала шахидтердiң және жақсы салиқалы кiсiлердiң сауабын нәсiп етедi.

21. Жиырма бiрiншi кешiнде тарауих намазын оқыса, Жәннаттан нұрдан жасалған үй сый етiледi.

22. Жиырма екiншi кешiнде тарауих намазын оқыса, қиямет күнi барша уайым-қайғыдан аман болады.

23. Жиырма үшiншi кешiнде тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала ол кiсiге Жәннаттан бiр шаһар дайындайды.

24. Жиырма төртiншi кешiнде тарауих намазын оқыса, жиырма төрт дұғасын қабыл етедi.

25. Жиырма бесiншi кешiнде оқыса, Аллаһ тағала ол кiсiнi қабiр азабынан құтқарады.

26. Жиырма алтыншы кешiнде тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала 40 жылдық ғибадаттың сауабын бередi.

27. Жиырма жетiншi кешiнде тарауих намазын оқыса, қияметте сырат (қыл көпiрден) көпiрiнен құстай ұшырып өткiзедi.

28. Жиырма сегiзiншi кешiнде тарауих намазын оқыса, Мекке – мәдина шаһарына мың рет қажылықтың қабыл болған сауабын нәсiп етедi.

29. Жиырма тоғызыншы кешiнде тарауих намазын оқығанға Аллаһ тағала “Ей, құлым, саған Жәннаттың алуан түрлi жемiстерiнен нәсiп болар және салсабил суына шомыл, кәусар суын мейiрiмiң қанғанша iшерсiң. Мен сенiң Жаратушыңмын, сен Менiң құлымсың», – деп айтқан.

Мiне, Рамазан айындағы оқыған тарауих намазымыздың барша жақсылықтарын нәсiп етсiн. Елiмiз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әмин!

Мұхамеджан ЕСТЕМIРОВ, дiнтанушы

04.08.2011.