СААКАШВИЛИДIҢ СЫНЫ
СААКАШВИЛИДIҢ СЫНЫ
Грузия басшысы Ликани курортын дамытуға құлшыныс бiлдiрмеген қазақ инвесторларын сынға алды. Саакашвилидiң сөзi қамшы болған қазақтар курортқа 40-45 млн. доллар көлемiнде қаражат жұмсалатындығын жеткiздi.
Осыдан екi жыл бұрын қазақстандық мемлекеттiк компания – «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншiлес компаниясы – «ҚазМұнай сервис Джорджия» әлемге әйгiлi Боржоми ауданындағы Ликани курортын 10 млн. долларға сатып алған болатын. Өткен айда «Ликани курортын дамытуды сенiп тапсырған қазақ инвесторлары өз мiндеттерiн өтей алмады. Курортты сатып алды да, ештеңе бiтiрген жоқ, керiсiнше көптеген адамды жұмыссыз қалдырды», – деп наразылық бiлдiрген Грузия президентi Михаил Саакашвили ендi Ликанидiң тiзгiнi гүржiлердiң қолына өтетiнiн айтқан едi. Бiрақ ол жобаны жүзеге асыруға жаңа инвесторлар тартыла ма, жоқ па деген мәселенi қозғаған жоқ. Саакашвилидiң наразылығы тек Ликани курортымен шектелмейдi. Сондай-ақ «қазақтардың Тбилисидегi жобасы да сәтсiз аяқталды. Ал Батумидегi қонақүйдi сатып алғанда онда тұрып жатқан босқындарға төлеген ақшасының аздығы соншалық, тiптi пәтер сатып алуға жетпеген».
Шетелдiк бiрқатар бұқаралық ақпарат құралдарында беделiне нұқсан келген «ҚазМұнайГаздың» айтар уәжi басқа. Мәселен «ҚазМұнай сервис Джорджия» компаниясы бас директорының орынбасары Аманжол Құсайынов Саакашвилидiң сөзi жобаны жүзеге асыруға ықпал етуi мүмкiн және қазақстандық тарап жобадан бас тартпайды дейдi. Басы дауға қалған курорттың құрылысына қатысты жоба ендiгi әзiр тұр. Бiрақ әскери-саяси және экономикалық жағдайларға байланысты кешеуiлдеген. Батуми мен Тбилисидегi жобаларға келсек, ол – «ТұранӘлем банкiне» тиесiлi жобалар.
Саакашвилидiң сөзi қамшы болды ма, апта басында «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкiлдерi Ликани емдеу-сауықтыру орнын қайта құрылымдауға 40-45 млн. доллар көлемiнде қаражат бөлетiнiн жеткiздi. Грузияның экономикалық даму министрi Лаша Жванианың мәлiмдеуiнше, қазақ инвесторлары құрылыс компанияларын iрiктеуге ендiгi кiрiсiп кеткен. Грузияның Боржоми ауданына қарасты Ликани емдеу-сауықтыру кешенi Тбилисиден 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Теңiз деңгейiнен 810 метр биiктiктегi Боржомидiң ауа райы қыста – 0°С, ал жазда –28°C. Емдiк қасиетке ие бұлақтары, жанды сергiтетiн саф ауасы, шатқалдағы өзен бойын қуалаған орманы бар Ликаниде Романовтардың сарайы орналасқан. Кеңестер Одағы кезiнде аты шыққан бұл жердiң асқазан, iшек аурулары, бауыр мен өт шығару, зәр шығару органдары, зат алмасу бұзылғанда, сусамырда таптырмас ем болып табылатын «Боржоми» атты минералды суы қазiр посткеңестiк елдерге кеңiнен таратылады.
04.08.2011.