Жаңалықтар

«АҒАЛА ОРДАМ ҚОНҒАН ЖҰРТ»

ашық дереккөзі

«АҒАЛА ОРДАМ ҚОНҒАН ЖҰРТ»

"Ұлы Дала — сандаған ғасырлар бойы төрткүл дүниенi жiбектей жал-құйрығы сусылдап төгiлген тұлпарларының тұяғымен дүбiрлеткен жаужүрек қазақ халқының алтын ордасы, кiндiк кесiп, кiр жуған қасиеттi қонысы. Ықылым заманалардан бермен Шығыс пен Батысты жалғастырып жатқан алтын көпiр. Сағым ойнаған салқар даланың әрбiр сүйемi, алақанының аясындай әрбiр пұшпағы бәрiмiз үшiн де қымбат, аса қастерлi. Сайын даласын жанынан артық көрген бұрынғы өткен ата-бабаларымыз көкжиекпен астасқан осынау шексiз кеңiстiктi көкке көтерiп, қасиеттi қоныс — Ұлы Дала туралы соңына өлмейтiн өлең-жырлар қалдырған. Ғасырлардан бiзге асыл мұра боп жеткен бабалардың аманаты — ғасырлар толғауы "Жетi ғасыр жырлайды" деген атпен екi томдық болып 2008 жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген болатын. Құрастырған – белгiлi ақын марқұм Есенбай Дүйсенбаев. Iлгерi өткен бабаларымыздың даналыққа толы жырлары қазiргi жаhандану заманында бұрынғыдан да маңызды, мәндi бола түскенiне еш күмән жоқ. Оқырмандарымыздың назарына сөзден түйiн түйген абыз-жырауларымыздың мәңгi өлмейтiн бiр топ толғауын ұсынуды жөн санадық.

СЫПЫРА ЖЫРАУ

(XIII-XV ҒАСЫРЛАР)

Уа, Хан ием, Хан ием,

Құлағыңды сал, ием.

Талан болды бiздерден

Сансыз дүние – мал, ием.

Қанды көрсе, калтырар

Қырғи құстың баласы.

Таңды көрсе, шарқ ұрар

Бұлбұл кұстың баласы.

Оқ жарасы бiтсе де,

Бiтпес сөздiң жарасы.

Көп ойланып сөйлеген

Сөзiңнiң болар расы.

Жемтiк болды дұшпанға

Көп ноғайдың баласы,

Көздерiмнiң қарасы.

Жер жетпесе еш саған,

Жерiң тұр ғой алдыңда.

Көл жетпесе еш саған,

Көлiң тұр ғой алдыңда.

Ел жетпесе еш саған,

Елiң тұр ғой алдыңда.

Қырғи болып құтырып,

Қызыл еттi аңсама.

Қаршыға болып құтырып,

Касқыр етiн аңсама.

Тұйғын болып құтырып,

Түлкi етiн аңсама.

Қанқұмар болса билерiң,

Қаралы заман бұзылар.

Жеткiншек болған жұртыңа

Беймезгiл көр қазылар.

Кызыға берме ұрысқа,

Зияны тиер ырысқа.

Себепсiз еш ұрыс болмас,

Ұрыс болса, тұрыс болмас.

Елiңдi талап сен алдың,

Темiрменен тең алдың.

Халқыңды жинап бiр жерге,

Жеңiмпаз хан атандың.

Елiң әбден толықты,

Ендi саған не керек?

Күн сайын қан төгiспе,

Зәрезап болды төңiрек.

Ұрыстың болар өз заңы,

Каншама қан төгiлер,

Хан салығынан халқыңның

Қабырғасы сөгiлер.

Күнәсiз қан жуылмас,

Бiреудiң малы бұйырмас.

Тентек ханды ел сүймес,

Шатақ ерге қыз тимес.

Қанды көйлек киiлмес,

Тұтқын қатын сүйiлмес.

Кеуiлiң қанша сүйсе де,

Дұшпаныңа иiлмес.

* * *

АСАН ҚАЙҒЫ

(XV ғасыр )

Қырында киiк жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай егiннiң

Ойына келген асын жейтұғын,

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елдi көшiрдiң.

Ойыл деген ойың-ды,

Отын тапсаң, тойынды.

Ойыл көздiң жасы едi,

Ойылда кеңес қылмадың.

Ойылдан елдi көшiрдiң.

Елбең-елбең жүгiрген,

Ебелек отқа семiрген,

Екi семiз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген

Едiл деген қиянға.

Еңкейiп келдiң тар жерге,

Мұнда кеңес қылмадың.

Кеңестiң түбi нараду…

Нәлет бiздiң жүрiске,

Едiл менен Жайықтың

Бiрiн жазға жайласаң,

Бiрiн қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күмiске!..

ҚАЗТУҒАН ЖЫРАУ

(XV ғасыр)

Қазтуғанның қонысымен қоштасуы

1

Арайна, билер, арайна,

Арайна десем, болғай ма?!

Арайнасыз әр қайда

Ердiң iсi оңғай ма?!

Арайна болған Қазтуған,

Қайғыланып сонда толғай ма?!

2

Ел қияға қонғай ма,

Едiл, Жайық арасы

Кеңшiлiк қоныс болғай ма?!

Ебей басты құба үлек

Ернiмен шырпы шалғай ма?!

Бұл қоныста отырып,

Бiздiң мұсылман баласы

Жағасы босап тынғай ма?!

3

Едiлдi қоныс етпеңiз,

Жағалай қалмақ алады.

Жайықты қоныс етпеңiз,

Сыдыра бiткен көкжиек,

Кәпiрлер қала салады.

Аштарханды қоныс етпеңiз,

Шәһәрiн оның алады.

4

Едiлдi алса – елдi алар,

Ендi алмаған не қалар?

Жайықты алса – жанды алар,

Жанды алған соң не қалар?

Ойылды алса – ойды алар,

Ойлашы, сонда не қалар?

Қара мауыты мұшақат

Бүтiн тоғай жердi алар.

Жаз кiреге жақсы деп,

Дулығалы нарды алар,

Қыс кiреге жақсы деп,

Шудасы қалың айырды алар.

Сусынына шай алар,

Шайнауына май алар.

5

Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,

Қайран саланың жатқан аңғары-ай,

Ақ шалмалы пiрлердiң

Мешiтке жаққан шамдары-ай! vМенiң бүйтiп қозғалақтап жүргенiм

Аузы түктi кәпiрдiң

Күштi болған салдары-ай!

Кәпiрден теңдiк алуға

Қайта келер деймiсiң

Мұсылманның баяғы

Шыңғыстан туған хандары-ай?!

Бұл қоныстан кетпесең,

Мұны талақ етпесең,

Атаңа нәлет кәпiрдiң

Пайдасына қалмаса игi едi

Ноғайлы,– қазақ жұртымның

Кейiнгi туған балдары-ай!

6

Адыра қалғыр көк Жайық,

Аңырап қалған қонысым!

Қонысымнан ауған соң,

Кетпегей едi ырысым.

Таудағы тарлан бөрi едiм,

Тарылған сынды тынысым.

Кейiнгi өскен жас бала,

Ақ балтырын түрiнiп,

Басарына ерiнiп,

Көкiрегi күйiнiп,

Тек тiрлiкке сүйiнiп,

Ықтиярсыз жүгiрiп,

Аузы түктi кәпiрдiң

Етпегей едi жұмысын!

Бұл қоныстан кетпесең,

Мұны талақ етпесең,

Екеу-екеу сөйлесiп,

Бiздiң кейiнгi өскен жас бала

Аузы түктi кәпiрдiң

Соқпаса екен пайдасын!

7

Буыршынның жалғыз қырқар азуы,

Бөкеннiң желiп өтер төрт саны,

Бүғының ауыр қара мүйiзi,

Бидайықтың жалғыз соғары,

Қашағанның ұзын құрығы,

Ақ Орданың тiреу сырығы,

Айдаса – қойдың көсемi,

Сөйлесе – тiлдiң шешенi,

Арғымағын жаз жiберiп, күз мiнген,

Күз жiберiп, жаз мiнген,

Жазаласа – екi жылда бiр мiнген,

Жолдасын жолай iздеген,

Өзiне тиген дұшпанын

Қарт бурадай тiздеген –

Мен – Қарғабойлы Қазтуған,

Қайғыланып асып барамын

Ноғайлы-қазақ елiмнен!

ДОСПАНБЕТ ЖЫРАУ

(XVI ғасыр)

Қоғалы көлдер, қом сулар

Қоныстар қонған өкiнбес.

Арыстандай екi бұтын алшайтып,

Арғымақ мiнген өкiнбес.

Көбелер киген өкiнбес.

Жұпарын қардай боратып,

Арулар құшқан өкiнбес.

Торы төбел ат мiнiп,

Той тойлаған өкiнбес.

Құрама шапшақ көп қымыз

Құйып iшкен өкiнбес.

Екi арыстан жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егiлсе,

Аққан судай төгiлсе,

Бетегелi Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкiнбес!

* * *

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?!

Еңсесi биiк боз орда

Еңкейе кiрер күн қайда?!

Қара бұлан терiсiн

Етiк қылар күн қайда?!

Күдерiден бау тағып,

Кiреуке киер күн қайда?!

Күмбiр, күмбiр кiсiнетiп,

Күреңдi мiнер күн қайда?!

Толғамалы ақ балта

Толғап ұстар күн қайда?!

Алты құлаш ақ найза

Ұсынып шаншар күн қайда?!

Садақ толған сайгез оқ

Масағынан өткерiп,

Басын қолға жеткерiп,

Созып тартар күн қайда?!

Кетбұғадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!

Едiлдiң бойын ен жайлап,

Шалғынға бие бiз байлап,

Орындықтай қара сабадан

Бозбаламен күлiп-ойнап,

Қымыз iшер күн қайда?!

* * *

ШАЛКИIЗ ЖЫРАУ

(1465-1560)

Көктеп мiнген ерiңнiң

Астында көп жүгiрер күлiк бар,

Көн садақтың iшiнде

Көбе бұзар жебе бар.

Көрiнгеннiң бәрiн де кiсi демеңiз:

Күпе-күндiз тал түсте

Тарандап түзге кетер кiсi бар.

Ау, бөрiлер, бөрiлер,

Бөрiмiн деп жүрерлер!

һәрбiрiнiң баласы

Алтау болар, бес болар,

Iшiнде абаданы бiр болар.

Абаданынан айрылса,

Олардың һәрбiреуi

һәрбiр итке жем болар.

Ор, ор қоян, ор қоян,

Ор қоян атлы бiр қоян,

Он екi көжек атасы –

Қаудырқұлақ шал қоян

Жүйрiкпiн деп мақтанбас.

Жүйрiкпiн деп мақтанса,

Ұзын жолдың үстiнде

Оралып ойнап тұрған

О дағы бiр құба арланға жолығар!

Алма мойын сам үйрек

Ана Едiлден көксiген,

Көлдi тастап, қырға ұшса,

О дағы бiр тарланға жолығар!

Далада құлан, домбай шұбырса,

О дағы бiр егеулi оққа жолығар!

Тағыдай түн түре қараған,

Таң берiсiп жусаған,

Тарпаңдай тiзесiн бүгiп су iшкен

Арқада мезгiлсiз жылқы жусаса,

О дағы бiр аш қасқырға жолығар!

Сөйлегенде сөзi аузына сыймаған,

Ерiккенде қызыл тiлiн тыймаған

Ғақбытлы сол жаман

О дағы бiр пәлеге жолығар!

Атадан алтау тудым деп,

Салмақтама немеңдi.

Салмақтасаң немеңдi,

Тәңiрi тесер төбеңдi:

Бiр жеке туғанға жолығып,

Өкпесi сонда торығар.

БҰҚАР ЖЫРАУ

(1668-1781)

Ай, Абылай, Абылай

Ай, Абылай, Абылай!

Қатын алма қарадан,

Қара тумас сарадан.

Қатын алсаң қарадан,

Алды кетпес баладан,

Арты кетпес жаладан.

Қатын алма төреден,

Қатын алсаң төреден,

Еркегi болар жау жанды,

Ұрғашысы ер жанды.

Төре берер ұл туса,

Аузы кетпес парадан.

Мал жинасаң, қойдан жи,

Майы кетпес шарадан.

Ит жинасаң, сырттан жи,

Қойды бермес қорадан.

Аталыдан би қойсаң,

Адаспас жол мен жорадан.

Атасыздан би қойсаң,

Босанбас аузы парадан.

Қалмаса қайнар азайып,

Аққан дария суалмас.

Қалмақтан алсаң бiр зайып,

Сүйегiңдi жоғалтпас.

Абылайымсың алқатқан,

Отының болсын жантақтан,

Қатының болсын қалмақтан,

Қосының болсын қазақтан!

Сегiз қиыр шартарап,

Төрт құбылаңды түгел қып,

Төрiңде жатып салмақтан.

Он екi айда жаз келер

Он екi айда жаз келер,

Құс алдында қаз келер.

Айтып-айтпай немене,

Дәуренiңiз аз келер.

Сондай заман жеткенде,

Шаңырағың тұл болар.

Елiңе қауiп төнгенде,

Ата ұрпағың құл болар.

Қараларың қас болар,

Қаскөйлерiң бас болар.

Өзi сары, көзi көк,

Орыстар келер ғалым боп.

Әулиедей көрiнер,

Дiндәрiнiң аты – поп.

Поптары болар сазандай,

Кiтабы болар қазандай.

Ақыретке барғанда,

Ақсүйектi қор тұтқан,

Қараны онан зор тұтқан,

Орыстарды пiр тұтқан,

Сорлы болған қазағым,

Тартарсың сонда жазаңды-ай!

Ханға жауап айтпасам

Ханға жауап айтпасам,

Ханның көңiлi кайтады.

Қандыра жауап қатпасам,

Халқым не деп айтады?

Хан Абылай, Абылай,

Қайғылы мұндай хабарды

Сұрамасаң не етедi?

Сұраған соң айтпасам,

Кiсiлiгiм кетедi.

Ендi айтайын, тыңдасаң,

Маған қаһар қылмасаң.

Қарағай – судан қашықтап,

Шөлге бiткен бiр дарақ.

Шортан – шөлге шыдамсыз,

Балықтан шыққан бiр қарақ.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп.

Күнбатыстан бiр дұшпан

Ақырда шығар сол тұстан.

Күншығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды.

Құдайды бiлмес, дiнi жоқ,

Жамандықта мiнi жоқ,

Өзi сынды бiр кәпiр

Жаяулап келер жұртыңа!

Жағалы шекпен кигiзiп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жебiрлерге жем берiп,

Ел қамын айтқан жақсыны v

Сөйлетпей, ұрар ұртына.

Бауыздамай iшер қаныңды,

Өлтiрмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Елiңдi алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан!

Бұл айтқаным, Абылай,

Болмай қоймас артыңнан.

Тексiздi төрге шығарып,

Iстетер сұмдықты ұйғарып.

Асан сөзi осылай

Бүгiн үшiн аһ ұрған.

Жауабыма қандың ба,

Естiп болып қартыңнан?!

Көкшетаудан салдырған

Көкшетаудан салдырған

Қара үңгiр жолдары.

Сабантаудан жиылып,

Бес сан болды қолдары.

Өзiң қонған Көкшетау,

Кәпiр қала салды, ойла.

Жармақ деген жерлерге

Шашылып шетi барды, ойла.

Атбасар мен Қалқотан

Балығы тәттi су едi,

Өнебойын шандып ап,

Сүзекiсiн салысты, ойла.

Қарқаралы деген тауларға

Қарқарасын шанышты, ойла.

Бетеге мен көденiң

Берекесi қашты, ойла.

Көкмұрын деген жерлерге

Қыстауын сонан соқты, ойла.

Жылқының суат суына

Шошқасын әкеп төктi, ойла.

Ұлытау шетi Созақтан,

Созақтан бергi жерлерден

Көкорай шалғын көре алмай,

Шұбырып қазақ кеттi, ойла.

Нұраның бойы Ақмола,

Есiлде бар Қараөткел,

Екi өткелдiң аузынан

Тас қорғанды салды, ойла.

Баянаула, Қызылтау,

Оны да кәпiр алды, ойла.

Шүршiтпенен құлақтас,

Қырғызбенен жұбаптас.

Ортасында ұйлығып,

Кетпейiн десе, жерi тар,

Кетейiн десе, алды-артын

Қоршап бiр алған кәуiр бар.

Ұйлыққан қойдай қамалып,

Бүйiрiнен шаншу қадалып,

Сорлы бiр қазақ қалды, ойла!

ЖИЕНБЕТ ЖЫРАУ

(XVII ғасыр)

Еңсегей бойлы

Ер Есiм, Есiм, сенi есiрткен

Есiл де менiм кеңесiм.

Ес бiлгеннен, Есiм хан,

Қолыңа болдым сүйесiн,

Қолтығыңа болдым демесiн.

Ертеңгi күн болғанда,

Елiң кеңес кұрғанда,

Айналып ақыл табарға

Есiктегi ебесiн,

Сонда, ханым, не десiн?

Мен жоқ болсам, Есiм хан,

Ит түрткiнi көресiң.

Жиембет қайда дегенде,

Не деп жауап бересiң?..

Менiменен, ханым, ойнаспа,

Менiң ерлiгiмдi сұрасаң,

Жолбарыс пенен аюдай.

Өрлiгiмдi сұрасаң,

Жылқыдағы асау тайындай.

Зорлығымды сұрасаң,

Бекiре менен жайындай.

Берiктiгiмдi сұрасаң,

Қарағай менен қайыңдай.

Көрушi едiм, Есiм хан,

Ханымды күнiм, сiздi айымдай.

Сырым саған түзу-дi

Садаққа салған бұлыңдай.

Жұмыскерiң мен едiм

Сатып алған құлыңдай.

Жүрушi едiм араңда

Өзiңнiң iнiң менен ұлыңдай…

Мен, өлсе, құнсыз кетер деме сен

Кешегi өзiңнiң ұрып өлтiрген

Тiлеубердi құлыңдай!

Тiлеубердi құлың мен емес,

Мұның, ханым, жөн емес.

Менiң ер екемдi көргенсiн,

Әуелден бiрге жүргенсiң,

Дегенiмдi қылғансың,

Қайратымды бiлгенсiң.

Ағбытпа, ханым, күннен соң,

Сiздiң естен кеткенмен,

Бiздiң естен кеткен жоқ:

Қалмақтың Бөрi ханы келгенде,

Соқыр бурыл байталға

Сонда бiр жайдақ мiнгенсiң…

Қалмақтың Бөрi ханы келгенде,

Қаланың қасы бүлгенде,

Хандар қалаға қылаған,

Сұлтандар суға сылаған

Қаз мойынды ханшаңыз

Қалада тұрып жылаған…

Тал шарбаққа мал сақтап,

Тас қалаға жан сақтап,

Тасқан екен мына хан!

Қайырылып кайыр қылуға

Қылығың жоқ ұнаған.

Қайратым қанша қайтса да,

Мұныңа, ханым, шыдаман!

Арқаға қарай көшермiн,

Алашыма ұран десермiн,

Ат құйрығын кесермiн,

Ат сауырын берермiн,

Алыста дәурен сүрермiн,

Қарамасаң, ханым, қарама,

Сенсiз де күнiмдi көрермiн!

ЖАНКIСI БИ

(XVIII-XIX ғасырлар)

Қоқан ханына айтқаны

Ассалаумағалейкум,

Алдияр тақсыр ханымыз!

Алдыңа келдi қарашың,

Арызды қабыл алыңыз.

Өтiрiк болса арызым,

Мiнеки сiзге жанымыз.

Өзiңiз қосқан зекетшi

Бiздiң елде Жүзбай бар.

Жүзбайдың жүрген жерiнде

Жылау менен ойбай бар.

Және мұның жолдасы

Қаратамыр Дадан бар.

Ерiп жүрген соңында

Қырық-отыздай адам бар.

Шоңмұрын деген молдасы бар,

Төлеген деген жорғасы бар.

Атына жемдi салуға

Алты еннен қылған дорбасы бар.

"Келi түбiм" деп алады,

"Кеусенiм" деп алады,

"Отыра зекет" деп алады,

"Кұшақ зекет" деп алады.

Арқадан келген сор Найман

Ат-таң болып қалады,

Айтайын десең, ұрады,

Ұрмақ түгiл, қырады.

Қаумалаған көп момын

Қорлаушыдан құтылар

Амал-айла таба алмай,

Қарайды да тұрады.

Алдына салып айдайды,

Ашулансаң, байлайды.

Әкiмi жоқ қазаққа

Тендiк жоқ деп ойлайды.

Алса, малға тоймайды,

Бiз жыласақ, ойнайды.

Ел iшiнде ажарлы

Қыз-қатынды қоймайды,

Жақсыларды сөгедi,

Ат үстiнен тебедi.

Жүрексiнiп отырмын,

Айтар сөзiм көп едi…

Дайындаған Жаңабек ШАҒАТАЙ

04.08.2011.