Жаңалықтар

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

ашық дереккөзі

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Жаңа оқу жылының қарсаңында өтетiн «Мектепке жол» дәстүрлi акциясы биыл да көпбалалы, әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасы балаларына қуаныш сыйламақ. Тамыздың 1-i мен қыркүйектiң 30-ы аралығын қамтитын шара Елордадан бастау алып, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жалғасын табатын болады.

Астана қалалық бiлiм басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның айтуынша, аталған акция оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, аз қамтамасыз етiлген, көп балалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетiм балаларға, сонымен қатар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету және әлеуметтiк себептермен 1 қыркүйекте мектепке балалардың келмеуiнiң алдын алу мақсатында ұйымдастырылады. «Мектепке жол» акциясы Елбасының мектеп оқушыларын оқумен толық қамту туралы тапсырмасын орындау мақсатында осымен төртiншi мәрте өткiзiлуде.

Шара аясында қамқорлық акциясын өткiзу, мектеп киiмi мен оқу құралдары жәрмеңкесiн ұйымдастыру, оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, жаңа оқу жылына дайындалуда көмекке мұқтаж балаларға көмектесу жоспарлануда. «Мұндай акциялар жақсы нәтиже бередi. Мәселен 2010-2011 оқу жылында оқу орындарының педагогикалық ұжымы құқық қорғау органдарының мамандарымен бiрлесiп, 2412 рейдтiк iс-шара өткiздi. Өткiзiлген әртүрлi iс-шараның арқасында 4074 бала 26 млн. 776 мың теңге көлемiнде көмек алды. Оның iшiнде 17 млн. теңгеден астам қаржы бюджеттен, 9,5 млн.-ға жуық қаржы меценаттар мен демеушiлер тарапынан бөлiндi», – дедi Ә.Бимендина.

Бұл дәстүрлi шара елiмiздiң барлық өңiрiнде жалғасады. Акцияны өткiзудiң негiзгi мақсаттары – қоғам назарын балалардың негiзгi орта бiлiм алу құқығын сақтауға, өмiрдiң қиын жағдайына душар болған жасөспiрiмдер проблемасына аудару, әр баланың жағдайы үшiн мүдделi құрылымдармен өзара қызмет ету.

Сондай-ақ «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы да өз жұмысын бастады. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, әсiресе партияның бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин мырзаның өзi маңыз берiп отырған шараға бүкiл әкiм-қара мен кәсiпкерлер де мойын бұруда. Жасотандықтар қолдаған шараның негiзгi мақсаты, елдегi әлеуметтiк жағдайы төмен отбасы балаларын мектепке аттандыру. Айтылған шараға орай, әр өңiрде арнайы штаб ашылды. Оқуға мүмкiндiгi жоқ өрендерге қолұшын созып, жаны ашыған пенде, осы штабқа мектепке қажеттi оқу құрал-жабдықтарды, киiм-кешектердi әкелуiне жол ашық. Қазiр ұйымдастырушылар ел аумағындағы аз қамтылған отбасылар мен жетiм балалардың тiзiмiн нақтылап жатыр. Былтыр саяси ұйым белсендiлерi 20 мыңдай баланы мектепке даярласа, биыл оның саны бұдан да көп болады деп жоспарлауда. Айта кету керек, қайырымдылық шара тамыздың соңына дейiн жалғасады.

Динара ДҮРМӘН

04.08.2011.