ОРАЛДА ОСЫЛАЙ БОЛҒАН…
ОРАЛДА ОСЫЛАЙ БОЛҒАН…
Облыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Зинуллиннiң есiмi облыс жұртшылығына танымал. «Едiл-Жайық қазақтарының қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы А.Зинуллин осыдан жиырма жыл бұрын Орал қаласында болған қыркүйек оқиғалары кезiнде елiмiздiң егемендiгi мен аумақтың тұтастығын сақтап қалу жолында талай ұлтжанды азаматтармен бiрге шыбын жанын шүберекке түйiп, табанды түрде күрескендi.
– «Тәуелсiздiк» сөзiн естiгенде, ең әуелi өзiмiздiң Орал қаласындағы 1991 жылғы қыркүйек оқиғалары ерiксiз есiме түседi, – дейдi ол.
– Егер сол шақта бүкiл қазақтың басы қосылмағанда, Орталықтың өктем озбырлығын тойтару мүмкiн болмас едi. Тiптi Орал қаласы мен Жайық өңiрiнiң Қазақстан құрамында қалуы немесе қалмауы да күмән туғызған. «Елiм, жерiм!» деген азаматтардың күш бiрiктiруiнiң нәтижесiнде, елiмiздiң аумақтық тұтастығына қол сұғылмай, қазiр Жайық өңiрiнiң жұрты ұлтаралық және дiнаралық татулығын сақтап, қалыпты өмiр сүрiп отыр. Осының бәрi сол мазасыз күндердегi қайсарлықтың айқын жемiсi.
Есiмде мәңгi сақталған сол күндерде көппен бiрге жүрiп, ортақ iске лайықты үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Менiңше, сол Оралдағы қыркүйек дүмпуi елiмiздiң жоғарғы басшылығын Отанымыздың тәуелсiздiгiн жариялау туралы шешiмдi мейлiнше жедел қабылдауға қамшылады. Арада үш ай өткен соң, елiмiздiң тәуелсiздiгiн тұңғыш Президентiмiз Н.Назарбаев ресми түрде жариялап, дүйiм қазақты бiр сiлкiндiрдi. Мiне, сонан берi елiмiз тәуелсiздiк жағдайында өмiр сүрiп, жасампаздыққа жол бастап келедi.
Арада жиырма жылдай уақыт өттi. Қазақ Елi тәуелсiздiк жылдарында бұрын-соңды болмаған межелерге қол жеткiздi. Басқасын былай қойғанда, өткен жылғы ЕҚЫҰ-ның кезектi бас қосуының Астанада және Азиада ойындарының елiмiзде өткiзiлуiнiң өзi неге тұрады?!
Жасыратыны жоқ, жиырма жылда ұтылған тұстарымыз да бар. Әсiресе ұлттық рух тұрғысынан алғанда. Бiрақ оның да уақыт өте келе, шешiмiн табарына сенемiн. Ендi мынау бiр әлеуметтiк-экономикалық маңызды жағдаятқа айрықша тоқталғым келедi. Оның қазақ ұлтына да, ресми билiкке де тiкелей қатысы бар. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн, iле-шала басталған экономикалық тоқырау мен дағдарыс ең әуелi қазақтың сағын сындырып, көпке дейiн тұралатып тастады. Ал өзге ұлттар жаңа заманның ыңғайына тез бейiмделе қойды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бiрақ шындығы осы. Қаладағы бауырлар барынша тырмысуда, сондықтан бұл ойым ауылдағы ағайындарға қатысты. Рас, жер-жердегi санаулы шаруа қожалықтары жағдайды толығымен өзгерте алар емес. Елдегi ағайынның басым көпшiлiгi әлi күнге дейiн енжар, өзi тырбанғаннан гөрi, мемлекетке алақан жайғанды жөн көредi. Мемлекетке өкпе артатын түгi жоқ. Қазiр жер-жерде қарызға және төмен пайызбен ақша беретiн ұйымдар жеткiлiктi. Одан қалса, басқа да экономикалық жеңiлдiктер қарастырылған. Тiптi соңғы Жолдауында Елбасымыз тек жәрдемақы төлегеннен гөрi, әр жұмыссызға арнайы грант бөлiп, оны iске ынталандыру жәйiн де белгiлептi. Осыдан артық не керек? Ал мұндай жеңiлдiктер көршi мемлекеттердiң бәрiнде бiрдей бар ма екен өзi?! Демек бiр сәт өзгенi айыптай бергенше, өзiмiзге де сын көзiмен қарайық, жамағат!
Қамшының бiр ұшын жергiлiктi билiкке тигiзсек. Қашанда ұжымдық еңбек өзiнiң маңызын жойған жоқ, жоймайды да. Сондықтан ана жылы қамшы салдырмайтын шолақ белсендiлер кеңшарлар мен ұжымшарларды күшпен таратқасын, ауыл халқы күнi бүгiнге дейiн сол үрейден арылмаған сыңайлы. Қазiр мемлекет ұжымдық еңбектi мақұлдап, жол ашып қойса да, жекелеген ауыл әкiмдерiнiң «Сен тимесең, мен тимен» сынды көзқарасының салдарынан халық игi мақсатқа жаппай ұмтылмай отыр. Бұл арада ұйымдастырушылар аса қажет. Ал ортақ iстi ұйымдастыру қолынан келетiн бiрден бiр күш – ауыл әкiмдерi ғана. Соңғы жылдары ауылда да күш алып келе жатқан «Нұр Отан» ХДП-ның жергiлiктi бөлiмшелерi де осы мәселенi назарына алып, қозғау салса, құба құп. «Көп түкiрсе – көл» деген бар емес пе?! Егер ауылда жұрттың бәрiн демесек те, басым көпшiлiгiн қамтитын ұжымдық еңбек күшiне енсе, «Гүлденсе ауыл – гүлденемiз бәрiмiз!» деп жырлауға толық негiз бар. Мәселен осыған орай, нақты ұсынысым мынадай: ұжымдық еңбекке ұйтқы ретiнде акциясының 49 немесе 51 пайызы коммуналдық мемлекеттiк меншiктiң үлесiне тиесiлi кәсiпорындар құрылса, қалай болар едi!?..
Ұзын сөздiң қысқасы, бiз тәуелсiздiк жылдарында қол жеткенмен шектелiп қалмауымыз керек. Керiсiнше iргетасы нық қаланған тәуелсiздiгiмiздiң тұғыры мықты болуы үшiн одан әрi iзденiп, рухани, әлеуметтiк және экономикалық салаларда тың биiктерге ұмтылуымыз қажет.
Жазып алған Серiк ЫҚСАНҒАЛИ