Жаңалықтар

САПАСЫЗ БАСПАНА, ШАРАСЫЗ ОРАЛМАН

ашық дереккөзі

САПАСЫЗ БАСПАНА, ШАРАСЫЗ ОРАЛМАН

Бүгiнде жырақта жүрген қандастарымыздың елге оралуына барлық мүмкiндiк жасалуда. Оған "Нұрлы көш" мемлекеттiк бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан шаралар куә.

Биыл осы мақсатқа сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы жанында "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша оралмандарға арналған ауылдың құрылысы басталған-ды. Қарқынды түрде жүргiзiлiп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сәтiн салса, күзге қарай 363 отбасы үй жанында учаскесi бар жеке үйлерге қоныстанады. Ал көктемге қарай 280 орындық балабақша мен 600 орындық мектеп пайдалануға берiлмекшi.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына келген сапарында 28 оралман отбасына Новоявленка кентiнде "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған үйлердiң кiлтiн табыстаған едi. Алыстан атамекенiне асыққан қандастар жүрегi жарылардай қуанып, төбелерi көкке жеткендей болды сол кезде. Алайда бүгiнгi күнi кейбiр оралмандар баспананың сапасыз салынғанын айтуда. "Бұл баспана қысы ұзақ өңiрдiң ауа-райына төтеп бере алмайды", – дейдi олар. Новоявленка елдi мекенiнде тұрғызылған 363 үйдiң 228-iн мемлекеттiк комиссияның өзi қабылдап алса да, оның ақау тұстары ендi белгiлi болып жатқанға ұқсайды.

Шығыс Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң хабарлауынша, оралмандарға баспана мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы бойынша несиелеу аясында берiлдi. Жеңiлдiктi келiсiм-шарттың шарттарына сәйкес, үй иелерiне берiлген несиенi қайтару мүмкiндiгi, ал "Нұрлы көш" бағдарламасында әр отбасының екi адамын мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру қарастырылған. Өскемен қаласының маңында "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында Ертiстiң сол жағалауында 110 га аумақта 7000 үй салу көзделген. Соңғы 20 жылда Шығыс Қазақстанға 49 мың оралман көшiп келген.

Айта кету керек, "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша елiмiздiң үш облысында пилотты жобалар қолға алынып, оның бiрi ретiнде Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласын таңдаған болатын. Мұның негiзiнде аймақтың әр ауданынан 200 отбасы қоныстануы керек едi. Алайда жоспардың оралымсыз жасалуына байланысты Курчатов қаласына 10-ға жуық отбасы ғана көшiп келген. Ал жергiлiктi билiктiң баспанамен қамтамасыз етемiз деген уәдесiне сенбеген кейбiр отбасы келген бетте керi қайтуға қамданып жүр.

Динара ДҮРМӘН

04.08.2011.