Жаңалықтар

ЖАҚСЫ БАСТАЛҒАН IС – ЖАҚСЫ АЯҚТАЛУЫ ТИIС...

ашық дереккөзі

ЖАҚСЫ БАСТАЛҒАН IС – ЖАҚСЫ АЯҚТАЛУЫ ТИIС...

Тамыз айы – қырғызстандықтар үшiн өзгеше мерекелi ай. Айдың соңғы күнi – Қырғызстанның тәуелсiздiгiнiң күнi. 1991 жылдың 19 тамызындағы Мәскеу оқиғасынан кейiн бүкiл кеңес халқы өз-өзiне келе алмай, әрi-сәрi болып жатқанда, көпшiлiк құрамы қырғыз азаматтарынан жасақталған Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң депутаттары батылдығын танытып, 31 тамызда кеңестiк Орта Азия республикалары арасынан бiрiншi болып, республиканың тәуелсiздiгiн жариялап жiберген.

Халқының жақсы iсiне жаны жарқырап көпшiк қоя сөйлеген, нашар iсiн көрсе шыж-быж күйiнiп, улы тiлiмен мысқылдап шаншуын тоқтатпай дүниеден өткен қырғыздың белгiлi әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Салижан Жiгiтовтiң «Қырғыз қандай iстi болса да жақсы бастайды, бiрақ аяғына жеткiзе алмай жүр» деген сөзi тұрмыс шындығынан алынған сияқты. Бүгiнгi күнi қырғыз зиялылары сыншының сол сөзiн тiлге тиек етiп, «Жақсы бастаған iстi жақсылап аяғына шығарайық» деп тұжырым жасауда.

Қырғыздар қоғам өмiрiндегi өзгерiстердi алдағы сапта жақсы бастаған. Тұңғыш Президент Асқар Ақаевтың басшылығымен жаңа қырғыз мемлекетiнiң iргесi қаланып, шаңырағы көтерiлдi. Экономиканың және мәдени тұрмыстың барлық салаларында реформалар басталып, оны iске асырудың бағдарламалары қабыл алынды. Жетiстiктер де болмай қалған жоқ. Оның iшiнде ұлттық валюта-сомның 1993 жылдың мамыр айында, айналымға ертерек кiргiзiлгенi жақсы нәтижелерiн бердi. 1995 жылы тамызда «Манас» эпосының мыңжылдық мерекесiн өткеру, ұлттық идеологияның өзегiн Манастан iздеп, одан жетi өсиеттi алып шығу, мемлекет басшысының өзi бас болып, қытай жылнамаларына сүйенiп, қырғыз мемлекеттiлiгiнiң тарихын 2200 жылға тереңдетуi қырғыз рухын көтердi. Бiрақ Асқар Ақаев жақсы бастаған iстерiн божыратып, сыбайластыққа, отбасылық мүдделерге бой алдырып жiбердi.

Жаңа «революцияшыл» күштер 2005 жылдың 24 наурызында жаңа үкiмет орнатып, бiрiншi президенттi тағынан ғана емес, өлкеден кетуiне мәжбүр еттi. Екiншi Президент Құрманбек Бакиев те барлығын жақсы бастаған. Екi жыл екпiндеп барып, «билiк теңiзiнде» бұл да малтыға бастады. Шын мәнiнде өзi «құрметтi капитанға» айналып, штурвалға iнiлерi отырды. Командаға есейiп қалған баласы Максим қосылды. Егер Қырғызстанда 2010 жылдың 7 сәуiрiнде екiншi төңкерiс болмағанда, жыл аяғына дейiн билiк озбыр мiнез «жаңа киргиз» Максим Бакиевтiң қолына өтпек едi. Оған барлық алғышарттар жасалып қойған болатын.

7 сәуiрдегi екiншi төңкерiсте адам қаны төгiлдi. «Жаман сөз айтпа, перiштелер «әумин» деп қойса, ол атқарылып қалады» деген нақыл қырғызда да бар. Құрманбек Бакиев президент кезiнде оппозиция өкiлдерiне қарата сөйлеген сөзiнде «Үкiмет үйiн басып ала алмайсыңдар, алдына өзiм тұрып, қолыма автомат алып қорғаймын» деген. Солай болды. Өзi атпаса да, Үкiмет үйiнiң шатырына шығып тасаланған мергендер көтерiлiсшiлердi атты. Сол күнi алған жарақатының салдарынан тоқсаннан астам адам құрбан болды.

Жаңа «революцияшыл» күштер уақытша үкiмет орнатып, өздерiнiң айтуында «iстерiн жақсы бастады». Бұқара халық анау айтқан өзгерiстердi көрiп отырған жоқ, бiрақ ең бастысы – елде тыныштық орнап тұр. Биылғы 31 желтоқсанда өкiлеттiгiн аяқтайтын уақытша президент Роза Отынбаеваның ең үлкен қызметi де осы – тыныштықты қамтамасыз етуi.

Негiзi, алты жылдың iшiнде екi революцияны басынан кешiрген республиканың бұдан арғы дамуы эволюциялық жолмен жүруi қисынға лайық. Дегенмен бұл үрдiс 30 қазандағы президенттiк сайлаудың нәтижесiне байланысты болмақшы. Сондықтан қырғыз елi өте бiр жауапты науқанды басынан кешiруде. «Президент болсам, елiме жақсы қызмет iстеп берем» деп уәделерiн әлден-ақ үйiп-төге бастаған, Орталық сайлау комиссиясында үмiткерлiкке тiркелгендердiң саны қазiрше отызға жеттi.

Президенттiк сайлаудың нәтижесi қандай боларына өлкенiң бiрiншi жетекшiлерi – президент Роза Отынбаева, Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ахматбек Келдiбеков және премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың көздерi жетiп отырған жоқ. Олар бұл жөнiнде ойларын елмен, БАҚ өкiлдерiмен кездесулерде ашық айтуда. Роза Исаковна, тiптi сайлауда бакиевшiл күштер есе қайтаруы мүмкiн деп қауiптенуде.

Қырғызстандықтар бұрын сайлау ашық-айқын, таза өтпей жатыр деп шағымданатын. Кейiнгi парламенттiк сайлаудың «таза» өткендiгiнен қазiр қарапайым халық та, билiктегiлер де, парламентке өтпей қалған партиялардың лидерлерi де қорқып қалды. Парламент пен Үкiметке бiрi iлiгiп, бiрi iлiкпеген, революция жасауға белсендi атсалысқан партиялардың лидерлерi парламенттiк сайлаудан берi бiраз уақыт өткен соң ғана ендi естерiн жия бастағандай.

Қырғыз – аз ел. Сайлау құқығы бар электораты да аз. Шетте жүргенi де бiр топ. Төбесi көрiнген адамдары жақсы танымал. Ел кiмдi таңдайды, болашақ президент және оның төңiрегiндегiлер кiмдер болады, президенттiк аппарат пен парламенттiң өзара мәмiлесi қалай өрбидi – республиканың келешегiн осы факторлар шешпекшi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

04.08.2011.