Жаңалықтар

«КЕҢ ДҮНИЕ, ТӨСIҢДI АШ, МЕН КЕЛЕМIН»

ашық дереккөзі

«КЕҢ ДҮНИЕ, ТӨСIҢДI АШ, МЕН КЕЛЕМIН»

МҰҚАҒАЛИ МҰРАЖАЙЫ ТОЙҒА ДАЙЫН

Қазақтың көрнектi ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтетiн күнде алыс емес. Мұқағали тойы туған ауылы Қарасаздан бастау алып, Астана мен Алматыда өткiзiлетiн мәдени iс-шаралармен жалғаспақ. Той қарсаңында ақын туған аспантаулар өлкесiнде бiршама игi шаруалар атқарылған болатын. Ақиық ақын туған ауылда бiрқатар шаруалар атқарылып, ескi жолдар жөндеуден өттi. Мұражай алдындағы ақын ескерткiшi де жаңарды.

Сонымен бiрге, той қарсаңында Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев мұражайы күрделi жөндеуден өттi. Мұражайдың бұрынғы қалпы мүлдем өзгерiп, жаңаша түр-сипатқа ие болған. Бұл әдеби-мемориалды мұражай ақынның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 1991 жылы 4 шiлдесiнде ашылған едi. Бүгiнгi таңда мұражайда 800-ге жуық экспонаттар бар. Экспонаттар саны әр кезеңдерде толықтырылып отырылады. Негiзгi қор М.Мақатаевтың өзi пайдаланған кiтаптарымен, қолжазбалары мен көзi тiрiсiнде тұтынған заттарымен толтырылған.

АҚИЫҚ АҚЫНҒА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ КЕШ

Жуырда Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапханада мүмкiндiгi шектеулi оқырмандардың қатысуымен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына орай «Жүректен шығар бiр күн сыр бұлағым» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Аталмыш әдеби шараға «Қазақстан зағиптар қоғамы» қоғамдық бiрлестiгiнiң Астана қаласындағы басқарма филиалының төрайымы Хазима Ержанқызы Хамза, сонымен бiрге басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi және мүмкiндiктерi шектеулi оқырмандары қатысты.

Әдеби кештi Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, көрнектi ақын Фариза Оңғарсынова ашты. ҚР ҰАК бас директорының орынбасары Ғалия Исақанова өз сөзiнде мүмкiндiгi шектеулi адамдарды қоғамнан тыс қалдырмай, қолдау көрсету мақсатында осындай игi шараларды жиi өткiзiп тұру қажеттiгiне де арнайы тоқтала кеттi. Өйткенi кiтапхана оқырмандарының арасында зағип жандар көптеп кездеседi.

Мәдени кеш аясында Мұқағали ақынның өмiрi мен шығармашылығы жайлы сыр шертетiн арнайы көрме де ұйымдастырылды. Әрi сол күнi ақынның өлеңдерi оқылып, әндерi шырқалды. Ақын поэзиясын сүйетiн қауым Мұқағали рухына тағы бiр рет тағзым етiп, өлеңi арқылы ақын рухымен сырласып қайтты.

МҰҚАҒАЛИДЫҢ КҮНТIЗБЕСI

Ақиық ақынның 80 жылдық мерейтойына арналып арнайы күнтiзбе шықты. Оны жасаған Алматы облысы Райымбек ауданында тұратын қарт журналист Дәулетхан Ахметбайұлы екен. Ақсақал күнтiзбенi өзi құрастырып, жасап шығыпты.

Күнтiзбенiң жарық көруiне ақсақалдың ұлы Берiк Желдiкбаев септiгiн тигiзiптi. «Мұқағали Мақатаев – 80 жыл» деп аталатын бұл күнтiзбе қазiргi кездiң өзiнде Қазақстанда – қазақ, Италияда – итальян, Әзiрбайжанда – әзiрбайжан тiлдерiнде шығып үлгердi, – дейдi қарт журналистiң ұлы Берiк Желдiкбаев.

Аталмыш күнтiзбе Пиреней және Апшерон түбектерiндегi елдерде халыққа толық тарап бiтсе де, бiздiң елiмiздегi тұтынушылардың қолына ендi тиiп жатыр. Күнтiзбенi шығару идеясы да Берiктiң өз ойы екен. «Күнтiзбенiң шығу идеясына келсек, қазақтың қабырғалы ақыны, үлкен ойлы азамат. Бәрiмiз сол Мұқағали туған Қарасаз ауылында туып-өскенбiз. Бұл жұмысқа суретшi-дизайнерлердi де қостық. Нәтижесiнде қолжазбаны тез даярлап, 15 күннiң iшiнде баспадан басып шығарттық. Сол жұмыстардың бәрiнiң басы-қасында өзiм жүрдiм. Себебi осылай болмаса, қолға алған тiрлiктiң ойдағыдай бола қоятынына сенбедiм. Ақыры күнтiзбенiң сүйiншi данасы да қолға тидi», – деп ағынан жарылды Берiк Желдiкбаев.

Күнтiзбенi көрген Берiк Желдiкбаевпен бiрге жол құрылысында жұмыс iстеп

жатқан итальяндық «Тодини», «Импреза», «Салини» және Әзiрбайжанның «Азеркорпу» компанияларының басшылары ұнатады да, оны өз тiлдерiне аударып, бастырып шығаруға ниеттерiн бiлдiредi. Осылайша күнтiзбе аяқ астынан әлемнiң бiрқатар тiлдерiне аударылып, таралып кетедi.

«Қазiргi күндерi оны Қытайда, Түркияда, Англияда және Оңтүстiк Кореяда сол елдердiң тiлдерiнде шығару жұмыстары қолға алынып жатыр. Мұнда да сол елдердiң өкiлдерi өздерi ықылас танытып, осы iске бел шеше кiрiстi. Демек Мұқағали ақынды бұл елдерде кеңiнен танытудың орайы келiп жатыр. Мен осыған қуаныштымын»,– дейдi Берiк Желдiкбаев.

Күнтiзбенiң соңына Әбдiлда Тәжiбаев, Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Зейнолла Серiкқалиев, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Жолдасбеков, Баққожа Мұқай, Нұрлан Оразалин, Жәнiбек Кәрменов сияқты қазақтың бiр топ ақын-жазушыларының Мұқаң жөнiндегi лебiздерi терiп берiлiптi.

АҚЫНҒА АҚЫН ЖЫР ШАШТЫ

Жақында Елордада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiнде Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Қыранбыз қырандардан жаратылған» атты жас ақындардың қалалық мүшәйрасы өттi.

Мүшәйраны аталмыш университеттiң қазақ тiлi кафедрасы ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – қазақтың ақиық ақынының рухына тағзым ету, ақынның мұрасын келешек ұрпаққа жеткiзу, жастарды сөз өнерiне, ақындыққа баулу және поэзияға құштарлықтарын арттыру.

Байқауға бiр ғана университет студенттерi қатысқан жоқ. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дан, аталмыш университет базасында ашылған жаңа колледжден, Астана медицина университетiнен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi мен Еуразия гуманитарлық институтынан жас ақындар қатысып, жырдан шашу шашты. Мүшәйраға қаламы қарымды, ойы ұшқыр барлығы 12 студент қатысты. Олар М.Мақатаевқа шығарған арнауларын оқып қана қоймай, ақиық ақынның өлеңдерiн де жатқа айтты. Астана қаласы Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы төрағалық еткен қазылар мүшесiнiң шешiмiмен бас жүлде Еуразия гуманитарлық институтының студентi Нұргүл Тырнаханға берiлдi.

28 шiлде 2011 жыл

Гүлзина Бектасова