Жаңалықтар

БАЛ ТАТЫҒАН БЕКIРЕ ӨСIРIЛМЕК

ашық дереккөзі

БАЛ ТАТЫҒАН БЕКIРЕ ӨСIРIЛМЕК

Жыл санап бекiре балығының саны азайып барады. соның салдарынан нарықта қара уылдырықтың бағасы қымбаттап келедi. осыған байланысты бүгiнде бекiре балығын қолда өсiру тәжiрибесi кәсiпке айналуда. бұған дейiн бұл тәжiрибе шетелде жүзеге асса, ендi оңтүстiк қазақстан облысында қолданыла бастады.

Бекiре балығын өсiрудi қолға алған Түлкiбас ауданындағы шаруашылық бағалы балық түрiн көбейтiп қана қоймай, әлемдiк нарықта құны алтынмен бағаланатын қара уылдырық өндiрудi де жоспарлап отыр. Балық өсiретiн үш тоғанның құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталмақ. Қазiр құрылыс жұмыстары қызу жүрiп жатыр. Өндiрiстiк нысан толығымен iске қосылған кезде бұл жерде 20 адам жұмыспен қамтылатын болады.

– Бұл – өңiрiмiзде қолға алынған тұңғыш бастама. Жаңа технологияны ойдағыдай игерсек, балық өнiмдерiн экспортқа шығаруға да мүмкiндiгiмiз болады. Алдағы уақытта жаңа жоба тек шаруашылықтың ғана емес, Каспийдегi бекiренiң де басын көбейтуге үлес қосады деп сенемiн, – дейдi шаруашылық директоры Айдос Балғынбаев.

Мамандарының айтуынша, мұндай жобалар бекiре балығын аулау үшiн елiмiзге бөлiнетiн квотаның да санын арттыруға ықпал етедi. Ал бiр бекiреден шамамен 28 келi қара уылдырық алынады. Бiр келi уылдырықтың бағасы орташа есеппен алғанда жүз мың теңгеден асады.

Қазiргi таңда Оңтүстiк Қазақстан облысы балық өнiмдерiн тұтыну жағынан республикада соңғы орындарда келедi. Облыста балық аулауға берiлетiн лимиттiң көлемi ендi ғана көбейген. Балық инспекциясының мәлiметiнше, былтыр халықаралық маңызы бар су айдынына жататын Шардара су қоймасының лимитi 1654 тонна болса, биыл көрсеткiш 2435 тоннаны құрайды. Ал Сырдария өзенiнiң лимитi 105 тоннадан 1112 тоннаға артқан.

28 шiлде 2011 жыл