ҚАРАДОМАЛАҚТАР КӨБЕЙIП КЕЛЕДI
ҚАРАДОМАЛАҚТАР КӨБЕЙIП КЕЛЕДI
Оңтүстiк қазақстан облысында былтырдың осы мерзiмiмен салыстырғанда бала туу көрсеткiшi 6 пайызға жоғарылаған. былтыр облыста 76 мыңға таяу бала дүниеге келiп, мамандар оны рекордтық көрсеткiшке балаған болатын.
Биылғы қаңтар-мамыр айларында облыс көлемiнде 34 100 нәресте дүние есiгiн ашқан. Бұл 2010 жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Егер мұндай өсiм жыл соңына дейiн сақталатын болса, жыл соңына дейiн оңтүстiкте туылған нәрестелердiң саны 80 мыңға дейiн жетуi мүмкiн. Бұл дегенiңiз – соңғы 15 жылда болып көрмеген көрсеткiш.
Ендiгi мәселе бүлдiршiндердi балабақшамен қамтамасыз ету. Былтыр облыста 154 балабақшаны iске қосу жоспарланса, жоспар асыра орындалып, 176 мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемесi пайдалануға берiлдi. Соның нәтижесiнде облыста 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдiршiндердi балабақшамен қамту 30,4 пайызды құрады.
Биыл балаларды балабақшамен қамту көрсеткiшiн 50 пайызға жеткiзу көзделiп отыр. Жыл соңына дейiн облыста 16592 орынды 198 мектепке дейiнгi тәрбие беру мекемесi iске қосылмақ. Оның 16-сы – республикалық, 2-еуi – облыстық, 4-еуi жергiлiктi қазынаның есебiнен бой көтермек. Қалғандары бұрынғы және ыңғайластырылған өзге ғимараттарды пайдаланады. Ал бөбекжайлардың 20-сы Түркiстан қаласында, 26-сы Төлеби және 33-i Түлкiбас аудандарында салынатын болады.
Облыстық бiлiм басқармасының мәлiметтерiне сүйенсек, бүгiнде өңiрiмiзде барлығы 50 273 балаға арналған 499 бақша бар. оның 305-i балабақша болса, 194-i шағын орталық, ал 32-сi мемлекеттiк тапсырыс, 8-i нысанды жалға беру негiзiнде құрылған. жалпы оңтүстiк қазақстан облысында 45 866 бүлдiршiн балабақша кезегiнде тұр. оның 38 500-iн шымкенттiктер құрайды.
28 шiлде 2011 жыл