Жаңалықтар

ОҢТҮСТIКТЕ ДIН ОРДАСЫ АЗ ЕМЕС

ашық дереккөзі

ОҢТҮСТIКТЕ ДIН ОРДАСЫ АЗ ЕМЕС

Ал дiни ахуал қандай?

Жуырда Ақордада Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысында дiн саласындағы тұрақтылық мәселесi қозғалып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына дiни экстремистiк топтарға қарсы күрестi күшейту туралы тапсырма бердi. Мемлекет басшысы әсiресе, аймақтағы тәрбиелiк жұмыстар мен алдын-алу шараларын күшейту, дiни ұйымдардың өз жұмыстарын заң талаптарына сай жүргiзiп жатқанын қатаң қадағалау, елдегi дiни-экстремистiк идеологияның таралуына жол бермеу қажеттiгiн ескерттi.

Оңтүстiк Қазақстан – халық тығыз қоныстанған, сонымен бiрге Орта Азия елдерiмен көршi жатқан облыс. Сондықтан да болар бұл өңiрде дiни ахуал күрделiрек. Күрделiрек деп, жұмсартып айтқанымыз. Бұған дейiн оңтүстiкте экстремистiк топтардың бой көрсетуi, елдiң тыныштығына қауiп төндiруi кездеспедi емес, кездестi. Осыдан 3-4 жыл бұрын Шымкенттiң бiрнеше жерiнде жарылыс жасамақ болған дiни-радикалды топтың әрекетi дер кезiнде әшкереленiп, олардың мүшелерi ұзақ жылға бас бостандықтарынан айрылған болатын. Мұндай жайттардың қайталанбасына ешкiм кепiл бола алмайды.

Оңтүстiктегi қазiргi дiни ахуал қандай? экстремизмнен келетiн қауiп қаншалықты және оның алдын алу үшiн қандай шара қолдану керек? өткен аптада "оңтүстiк" ақпарат орталығында "терiс пиғылды дiни ағымдармен қалай күресемiз?" атты дөңгелек үстел отырысында осы мәселе қозғалып, оған қатысқан имамдар, дiнтанушы-ғалымдар, жергiлiктi атқарушы, құқық қорғау органдарының өкiлдерi өздерiнiң пiкiрлерiн бiлдiрдi. дөңгелек үстелдi жазушы-журналист Шойбек Орынбай жүргiздi.

«БIЗДЕН ДЕ ЕКIНШI АУҒАНСТАН ЖАСАМАҚ»

Асылбек қажы Төлегенов:

– Елiмiзде дiни ахуалдың күн санап күрделенiп келе жатқаны жасырын емес. Бұл туралы баспасөзде жазылды да. "Бiзден де екiншi Ауғанстан жасамақ" деген қаупiмiздi де кезiнде айтқан болатынбыз. Бiр нәрсе анық, мұның бәрi де сыртқы күштердiң жасап отырған әрекетi. Менiң ойымша, алдағы уақытта оған қарсы күресте имамдарға артылатын жауапкершiлiк жүгi ауыр.

Пархад Жолдасбеков:

– 2003 жылы облыстық iшкi iстер департаментiнен экстремизмге қарсы күрес басқармасы құрылған кезде мен тәжiрибе алмасу үшiн Өзбекстанға барған болатынмын. Ташкентте, Сырдария облыстарында болғанымда маған жергiлiктi құқық қорғаушылар "Сiздердiң елдерiңiзде экстремистiк ұйымдар ендi көрiнiс бере бастады. Егер оны қазiрден бастап алдын алмасаңыздар, ертең қиын болады", – деп едi. Мiне, сол айтқандары расқа айналды. Елдiң тыныштығына нұқсан келтiретiн күмәндi дiни ағымдар көбейiп кеттi. Онымен қалай күресу керек? Менiң ойымша, бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының ролi зор. Терiс ағымдардың қаупiн жан-жақты түсiндiретiн бейнероликтер жасап, оны халыққа тарату жақсы нәтиже бередi. Дiни басқарма, iшкi саясат басқармасы және iшкi iстер департаментi бұл бағытта бiрлесiп жұмыс iстегенi дұрыс. Әрқайсымыз жеке-жеке жүрiп жеңiске жете алмаймыз.

Уақыт өткен сайын қауiптi дiни ағымдар да заңды айналып өтудiң небiр қитұрқы амалдарын тауып жатыр. Олар қазiр бұрынғыдай емес, қай жерде жүрсе де өздерiнiң қандай топтың өкiлi екенiн ашып айтпайды. "Мен мұсылманмын" дейдi. Осылайша мұсылман дiнiнiң атын жамылып, өздерiнiң жымысқы әрекеттерiн жалғастыра бермек.

Бейбiт Мырзагелдиев:

– Өзбекстанның бұл салада жинаған тәжiрибесiнiң көп екенi рас. Олардан үйренетiн тұстарымыз да бар. Мәселен көршi ел тек өздерi ұстанатын Ханафи мазхабына күш салып, қалғандарының бәрiн жауып тастады. Ал бiзде мұндай тыйым жоқ. Жергiлiктi халықтың арасында тiптi Арабиядан келген Хамбари мазхабын ұстанатындары да бар. Соның салдарынан қыздардың арасында хиджаб түгiлi пәренже жамылатындар да кездесуде. Өйткенi жоғарыда айтқан мазхабтың талабы бойынша әйел баласы көшеге шыққанда иегiн де жауып жүруге тиiстi.

Уахабилiк топтар өздерiнiң әрекетiн жасырын түрде жүргiзуге көштi. Сондықтан бiздiң тарапымыздан жасалатын әрекеттер де өзгеруi қажет. Әсiресе заңға өзгерiс енгiзу – кезек күттiрмейтiн мiндет. Кезiнде "Дiн туралы" Заң қабылданбай қалды. Оны қабылдату туралы бастамашы топтың iшiнде мен де болдым. Депутаттар да болды. Бiрақ заңның жобасынан шикiлiктер шықты. Дегенмен осымен қарап қалуға болмайды ғой. Қажеттi заңды қабылдату үшiн ұсыныстар берген жөн. Ұсыныс осы оңтүстiктен шығуы керек. Осыған байланысты облыстың зиялы, дiни қауым өкiлдерiне қозғау салуға тиiстiмiз.

«БIЗГЕ «ДIН ТУРАЛЫ» ЗАҢ КЕРЕК»

Мұратәлi Қалмұратов:

– Көптеген дiни ұйымдар осы заңның шикiлiгiн пайдаланып жүр емес пе?! Бiзге "Дiн туралы" Заң керек. Ол "Дiни сенiм-наным бостандығы туралы" Заңнан бөлек. Жаңа заңда кемiнде 100 бап болуы тиiс. Онда дiни ұйымдардың әрбiр әрекетi, шекарасы ажыратылып берiлуi керек.

Кезiнде осы жөнiнде ұсыныстар айттық. 2009 жылы үндеу жарияладық. Өткiзген жиындарымызға Парламенттiң депутаттары да келген. Заң жобасы Парламентте қабылданғанымен, Конституциялық кеңес оның төрт бабын Ата заңға қайшы деп тапты. Ендi алдағы уақытта осы төрт бапты Конституцияға сәйкестендiру керек.

"Жыламаған балаға емшек қайдан" дегендей осы мәселеге қозғау салып, қоғамдық ұйымдарға үндеу жариялаған дұрыс. Бұл – бiрiншi мәселе. Екiншiден, жақында облыс әкiмiне дiни ахуалға қатысты мәселелердi шешiп отыратын орталық құру туралы ұсыныс бердiк. Орталықтың құрамында дiн саласында жетiк бiлiмi бар ғалымдар болады. Олар дiнге қатысты кез-келген сауалға жауап берiп отырады. Орталық құру бастамасын аяқсыз қалдырмау қажет.

Үшiншiден, өз жұмысымызға интернеттi кеңiнен пайдаланғанмыз жөн. Өйткенi қазiр азаматтардың көпшiлiгi ақпаратты интернет арқылы қабылдайды. Сондықтан халыққа дәстүрлi дiндердi насихаттайтын сайттарды көбейтiп, бұқаралық ақпарат құралдарында сол сайттарды насихаттауымыз керек. Төртiншiден, бiздiң мәлiметтерiмiз бойынша уахабилiк, сәләфилiк ағымдардың iшiнде жүргендердiң көпшiлiгi орыстiлдiлер. Ал дiни әдебиеттер қазақ тiлiнде шығады. Оларды орыс тiлiне аудару керек. Осыған байланысты бiз қазiр тиiстi орындарға ұсыныстар берiп жатырмыз.

Жұмағали Ботабеков:

– Жергiлiктi атқарушы органдар, құқық қорғаушылар халықты "мына ағымнан бас тартыңыздар, мына ағымға кiрiңiздер" деп айта алмайды. Дiни ұйымдарды жосықсыз тексере беруге де құзырымыз жоқ. Елдi тура жолға шақырып, терiс жолдан сақтандыруда имамдардың атқарар ролi зор. Сондықтан имамдардың сауаттылығы, бiлiктiлiгiне баса назар аудару керек.

Бейбiт Мырзагелдиев:

– Қазiр имамдарды жалақымен қамтамасыз ету өзектi мәселеге айналып тұр. Қалада, аудан орталықтарында бұл мәселе бiршама шешiлген. Ал шалғайдағы ауылдарда проблема көп. Медресенi бiтiрген, бiлiктiлiгi жоғары мамандар алыс ауылдарға бармайды. Өздерiңiз ойлап қараңыздар, мемлекет "Дипломмен ауылға" бағдарламасының аясында жоғары оқу орнын бiтiрген мамандарға жұмыс тауып берiп, тұрғын үймен, әлеуметтiк жәрдемдермен қамтамасыз етiп жатыр. Соның өзiнде шалғайдағы кадр тапшылығы шешiлген жоқ. Ал мұндай жеңiлдiк түгiлi тұрақты жалақысы жоқ имамды ауылға қалай алып бармақсың?!

Жасыратыны жоқ, ауылдағы молдалардың көбiнiң дiни бiлiмi таяз, бар қызметтерi дiни рәсiмдердi орындаудан арыға аспайды. Олардан бiр нәрсенi талап етiп көрiңiз, сол мезетте-ақ "Мiне, сәлдең, мiне шапаның, онсыз да құтыла алмай жүр едiм" деп, қызметiн тапсырып кетедi. Ертеңiне сол ауылдың ақсақалдары келiп: "Неге өйттiңiз, ендi бiзге жаназа оқитын имам тауып берiңiз", – деп ренжидi. Әрине, Алланың ризашылығы үшiн қызмет ету сауапты iс. Бiрақ имамдардың әлеуметтiк жағдайымен санаспауға тағы болмайды.

Шалғайдағы ауылдардағы мешiттерде қаншама проблема бар. Бәрiн аралап шығуға менiң мүмкiншiлiгiм жоқ. Ауылдағы мешiттердi аудан имамдары бақылауға алуы керек. Ал кейде аудан имамдарының Шымкентте жүргенiн көремiн. Себебi түсiнiктi, ауылда айлық жоқ. Күн көру керек.

Оңтүстiк Қазақстан облысындағы мешiттер саны республикадағы барлық мешiттердiң үштен бiрiн құрайды. Облыста 834 мешiт, 104 намазхана бар. Соның он шақтысы ғана өз күндерiн өздерi амалдап көрiп отыр. Қалғандарының мәселесi шешiлмей тұр. Дегенмен үмiт жоқ емес. Дiни басқармада қазiр имамдарды жалақымен қамтамасыз ететiн қор ашылып жатыр. Муфти қорға ақша түскен бойда бiрiншi кезекте Оңтүстiк Қазақстан облысына беруге уәде еткен.

«ДIН ЖОЛЫНА ТҮСКЕН ЖАСҚА КҮДIКПЕН ҚАРАЙТЫН БОЛДЫҚ»

Айша апай:

– Қызым биыл Шымкенттегi ең үлкен жоғары оқу орнының екiншi курсын бiтiрдi. Оқуға түскен кезден бастап намазға ден қоя бастады. Осыдан кейiн "хиджаб киемiн" дедi. Мен оған қарсы болдым, әлi де қарсымын. Бiрақ қызым қарсылығыма қарамастан хиджаб кидi. Қазiр көшеге шықса бетi-аузын тұмшалап алады. Көйлегiнiң етегi жер сыпырып жүредi. "Бәрiмiздi жаратқан Алла, бәрiмiз оның парызын орындауымыз керек, әйел баласына хиджаб кимеу – күнә", – дейдi.

Өзiнiң күнделiгiне тек о дүние туралы жазады. О дүниеден қорқады, әсiресе тозақ отынан қатты қорқады екен. Сондықтан о дүниеге қазiрден бастап дайындала бергiсi келедi екен.

Бос уақытында тек уағыз тыңдайды. Оны көбiне флешкамен алып келiп, компьютерiне салып қояды. Дiни кiтаптарды да көп оқиды. Қайда барып жүргенiн бiлмеймiн. "Сенiң баратын жерiңе мен де барайын, мүмкiн мен де хиджаб жамылып, намазға жығылатын шығармын" десем, қызым қайда барып жүргенiн айтпайды. Өзiнiң айтуынша, институтта сабақ беретiн бiр мұғалiмi де хиджаб киедi екен. Қызым: "хиджабты киген соң, оны тастай алмаймын", – дейдi. Неге тастай алмайтынын бiлмеймiн. "Елбасының өзi де хиджаб кигеннiң дұрыс еместiгiн айтты ғой" десем, "Елбасы тек өзiнiң пiкiрiн бiлдiрдi", – дейдi.

Ендi ол соңғы уақытта "үйден кетiп қаламын" деп қорқытатын болып жүр. "Қарсылығыңды қоймасаң, оқуымды тастаймын", – дейдi. Қызым оқуына грантпен түскен, сабақ үлгерiмi жақсы. Егер оқуын тастап кетсе, оны ақшамен оқытуға шамам жоқ. Бiлуiмше, "ата-анаң қарсылығын қоймаса, үйден қашып кет" дегендi оған ұстаздары үйретедi екен.

Қызымның таным-түсiнiгi де өзгерiп кеттi. "Нағыз жiгiттiң сақалы болуы керек, балағы ұзын тозақтық" дегендi айтады. Осы уақытқа дейiн ақыл-кеңес сұрап, бiраз мекемелерге, оның iшiнде қоғамдық ұйымдарға, мешiттерге, "Нұр Отан" партиясына бардым.

Бейбiт Мырагелдиев, облыс имамы:

– Бiздiң Абдулхамид Қаттани атындағы облыстық мешiттiң жеке сайты бар. Сол сайтқа сұрақ жолдаушы қыздардың басым бөлiгi хиджаб мәселесiн қозғайды. Айтуларынша, олардың хиджаб кигенiне ата-анасы қарсы. Не iстеу керек?

Бiз оларға "Исламда ата-ананың айтқанын орындау, оның көңiлiн қалдырмау – парыз. Сондықтан оған қарсы келмеңiз" деген кеңес беремiз. Жалпы Құранда хиджаб кию туралы аят бар. Алла тағала әуреттi жерiн жауып жүрудi бұйырған. Ал оны бiз қалай орындап жүрмiз? Арабшалап па, әлде ираншалап па? Кейбiр қызуқанды жастар осыған байланысты ата-анасына қарсы шығып жатыр. Кейбiр терiс ағымдардың ұстаздары шәкiрттерiне "Егер ата-анаң саған шариғатқа қарсы сөз айтса, онда оны тыңдама" деген пәтуа берiп қойған. Осы пәтуаға сенген жастар имамдарға да, ата-анасына да илiкпейдi.

Өкiнiшке қарай, осындай қарама-қайшылықтардан кейiн дiнге бет бұрған жастарға ата-ана күдiкпен қарайтындай жағдайға жетiп қалды. Кейбiр ата-ана: "Баламызды мешiтке жiберуге қорқып қалдық", – дейдi. Менiң айтарым, бұлай деген дұрыс емес, әлi көзқарасы бекiмеген жастар терiс ағымдардың жетегiне институтта оқып жүрiп те, тiптi доп теуiп жүрiп те ерiп кете бередi. Сондықтан оның қашан болатынын күтпестен, күнi бұрын алдын алған жөн.

«ХИДЖАБ КИЕТIН ЖАСТАР ЖИЫНЫМЫЗҒА КЕЛМЕЙДI»

Ғабит АМАН:

– Айша апайдың қызымен мен сөйлескенмiн. Байқағаным, қыз өз бетiнше ойлау, шешiм қабылдау қабiлетiнен айрылып қалған. "Анаңды неге ренжiтесiң, Жұмақ ананың аяғының астында емес пе?!", "Кез-келген дiн ата-ананы құрметтеудi парыз еткен" деген сөздерiме селт етпедi. Менiменен әңгiмелесiп тұрып, сол мезетте ұялы телефоны арқылы әлдебiреумен тiлдестi. Менiң қойған сұрақтарыма тек соның айтқан сөздерiмен жауап қайтарды. Сол әлдебiреулердiң айтқанын iстеп, дегенiнен шыға алмай қалған тәрiздi.

Бiз Айша апайдың қызы оқитын жоғары оқу орнына барып, жастармен дiн жөнiнде әңгiме өткiзiп тұрамыз. Хиджаб киетiн, терiс ағымдардың жетегiнде кеткен жастар жиынымызға келмейдi.

Мұратәлi Халмұрадов:

– Иә, мұндай оқиғаларға өзiмiз де куә болып жүрмiз. Жуырда жанар май бекеттерiнiң бiрiнде иегiне шоқшитып сақал қойып алған жiгiттi кездестiрдiм. Сақалы өзiне жарасып тұрған жоқ. "Неге бұлай iстеп алғансың?" десем, "балағы ұзындар, сақалы жоқтар тозаққа барады" дейдi. "Бұл қай жерде айтылыпты?" деген сұрағыма ол жауап беру үшiн ұялы телефонын алып, бiреумен сөйлестi те, содан кейiн "ана жақтағылар "жауап берме" деп жатыр" дедi.

Бейбiт Мырзагелдиев:

– Мешiтке өздерiнiң жұбайларының терiс ағымдарға кiрiп, соның салдарынан отбасына қарамай кеткенiне шағымданып келетiн әйелдер көп. Жуырда солардың бiрi:

– Ақтөбе облысының Шұбарши ауылында болған оқиға бiзде де қайталанса екен,– дедi.

– Неге олай дейсiз, өзiңiздiң отаныңызға неге мұндай жаманшылықты тiлейсiз? – дегенiмде ол:

– Сондай жағдай болмайынша, бұлар тоқтамайды,– дедi. Қарап отырсаңыз, терiс дiни ағымдардың зардабы халықтың осылай күңiренуiне алып келiп отыр. Әлгi әйелдiң айтуынша, күйеуi терiс ағымдардың жетегiнде кеткелi отбасында береке жоқ. Тiптi күйеуi "менiң рұқсатымсыз көшеге шықпайсың" деген талап қоятынға ұқсайды.

Асылбек қажы Төлегенов:

– Менiң бiлетiнiм, бiр тариқаттың өкiлi екiншi тариқаттың өкiлiмен араласпайды. Олар ғұмыр-бақи бөлек жүредi.

Дiни басқарманың жанынан ғылыми орталық құратын уақыт жеттi. Және тағы да айтарым, терiс ағымдармен күресу – ол тек дiни басқарманың ғана мiндетi, тек муфтидiң ғана шаруасы емес.

"Дөңгелек үстел" басында сондай-ақ, қазiргi уақытта облыстық iшкi саясат басқармасы тарапынан терiс ағымдардың қаупiнiң алдын алу үшiн бiрқатар жұмыстардың атқарылып жатқаны айтылды. Облыста бүгiнгi күнi барлық аудан, қала әкiмдiктерiнiң жанынан жұмысшы тобы құрылған. Жұмысшы топтарға бейнероликтер, кiтаптар таратылып берiлген. Алдағы уақытта жастарды қауiптi ағымдардың шырмауынан сақтандыру жұмыстарына ауыл ақсақалдары мен бұқаралық ақпарат құралдары да кеңiнен тартылмақ.

P.S. Жастарды терiс ағымдардың қаупiнен сақтандыру мақсатында өткен сенбiде қазақстан мұсылмандар дiни басқармасы оқо бойынша өкiлдiгiнiң ұйымдастыруымен шымкентте "бiр ел, бiр ұлт, бiр мазхаб" атты дiни конференция өттi. конференцияға қатысқан имамдар, дiнтанушылар жастарға арнап дiни тақырыпта баяндамалар оқыды. сондай-ақ жастармен сұрақ-жауап түрiнде пiкiр алмасулар өттi.

Дайындаған Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

28 шiлде 2011 жыл