ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КҮРЕС – САУАПТЫ IС
ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КҮРЕС – САУАПТЫ IС
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
Базардағы бағаға қатысты алаңдаған Бас мүфти Әбсаттар Дербiсәлi қажы сауапты iске шақырды. Дiн өкiлiнiң қымбатшылықпен күрес жолындағы қадамы iшкi нарыққа қалай әсер етпек? Билiктiң бишiгiне ырық бермей отырған алыпсатарлар Алладан қорқып, бағаны төмендетуi мүмкiн бе? Үкiметтiң жанар-жағар май бағасына қатысты қабылдаған заңы көтерме сауда өкiлдерiне келгенде, неге қауқарсыз?
Бүгiнде қымбатшылықпен күрес жүргiзуге дiн өкiлдерi де мүдделi. Апта басында отандастарын үстiмiздегi жылдың 1 тамызында басталатын қасиеттi Рамазан айында сауапты iске шақырған Қазақстанның бас мүфтиi Әбсаттар Қажы Дербiсәлi азық-түлiк бағасын 10 пайызға төмендетуге ұсыныс бiлдiрдi. Бұл сауапты әрекет тамаққа ғана емес, қонақүйлер қызметi, қоғамдық көлiк пен халыққа қызмет көрсету саласына да қатысты. Сондай-ақ Дербiсәлi Қажы iрiлi-ұсақты сауда орталықтары мен дүкендер қожайындарына Рамазанда iшiмдiк атаулыны сатпауға, ал адамдардан арам асты татып алмауға шақырды. Исi мұсылманды сабырға, ұстамдылық пен төзiмдiлiкке баулитын қасиеттi ай – Рамазан пенделердi тек жақсылық жасауға үндейдi. Бас мүфтидiң ораза алдында жасаған ресми мәлiмдемесi отандық нарыққа қалай әсер етерi әзiр белгiсiз. Бiрақ 14 шiлдеде ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң ресми сайтында жарияланған ақпаратында 2011 жылдың маусымындағы тұтынушылық баға көрсеткiшi 2010 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, 105,1 пайызға жеткенi айтылған. Ал азық-түлiк бағасы – 8%, азық-түлiкке жатпайтын тауарлар – 2,5%, ақылы қызмет 4,1%-ға артқан. Өндiрiстiк өнiмдердi өндiретiн кәсiпорындардың бағалары биылғы жартыжылдықта былтырғы жыл соңымен салыстырғанда, 20,7 пайызға дейiн көтерiлiптi.
Елдегi баға саясатын реттеуге жауапкершiлiк жүгiн арқалайтын министрлiктер де мүдделi. Өкiнiштiсi сол, кейде «артық қылам деп жүрiп тыртық қылыптының» керiн келтiретiн әрекеттер кездеседi. Мәселен шiлде айының басында Үкiмет қымбатшылықты ауыздықтау мақсатында елiмiздегi Аи-92 бағасын 102 теңгеден асырмау туралы арнайы заң қабылдады. Журналистер қауымына арнап брифинг ұйымдастырған ҚР Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев жанар-жағар майға қатысты бағаны тек «Гелиос» СҮ ғана көтергенiн, оған министрлiк тарапынан шара қолданылатынын және нарықтағы баға құжат арқылы реттелетiнiн жеткiзген. Алайда арада ай өтпей жатып, «Гелиос», «Аурика», «Oil» сияқты жанар-жағар май стансаларының қожайындары Астанада өткiзген баспасөз мәслихатында елдегi қымбатшылыққа тiкелей қатысы бар көтерме сауда өкiлдерi (жанар-жағар майды көтерме бағамен сататындар) нарықтағы құнның өсуiне ықпал етуде, бiз орасан зор көлемде шығын шегудемiз деп аттан салды. «Аурика» ЖЖС директоры Николай Серебряков: «Егер нарық реттелiп отырса, егер жанар-жағар майдың бөлшек саудадағы бағасын анықтайтын Заң қабылданса, бiр мезгiлде оның көтерме құны да нақтылануы қажет. Бұл бiздiң бағаны тым болмаса, 10 пайыздан 25 пайызға дейiн көтеруiмiзге жағдай жасар едi. Бiздiңше, Заң нарыққа қарсы. Өйткенi тұтынушылық сұраныс кез келген нарықтағы ұсынысты айқындайды», – дейдi. Олардың айтуынша, билiктегiлер бөлшек саудадағы бiр литр бензиндi 102 теңгемен шектесе, Астанада баспасөз мәслихатын өткiзгендер көтерме саудадағы бұл құн 104-105 теңге көлемiнде дейдi. ЖЖС қожайындарының кейбiрi тiптi, өткен айда 10 млн. теңгеге шығын шектiк деп отыр. Әлбетте, жанар-жағар май бағасына қатысты дауды шешетiн тиiстi органдар бар. Алайда күн сайын шарықтап бара жатқан базардағы баға қалтасы онсыз да жұқа қарапайым халыққа ауыр тиюде. Қазiр отандық шаруалардың өнiмдерi пiсiп үлгермеуi – сырттан тауар тасымалдайтындар мен ортадағы делдалдарға таптырмас пайда.
«Жығылғанға – жұдырық», алыпсатарлардың құрбанына айналған базардағы бағаға ендi «азық-түлiк қауiпсiздiгi» деген проблема қосылды. Iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру мақсатында, Жер шарының үкiметтерi экспортқа шектеу қоюға мүдделi. Алайда бұл әлемдiк нарықтағы бағаның өсуi мен тамақ тапшылығына ұрындырары сөзсiз. Осы орайда, дүние жүзiндегi 60 елдiң мыңдаған өкiлiнен құрылған Шаруалардың ұлттық одағы (NFU) Дүниежүзiлiк сауда ұйымының өкiлдерiн ДСҰ-дағы басты ережелер мен саясатты жүзеге асыруда өзара келiсiп алуға шақырады. Одақ президентi Роджер Джонсон: «ДСҰ-ның басты мақсаты – азық-түлiк қауiпсiздiгi, қоршаған ортаны қорғау т.б. проблемаларға жалтақтамай, бүкiл әлем бойынша нарық есiгiн айқара ашуға жағдай жасау. Кез келген ел отандық кәсiпкерлерiн қорғауға құқылы, бiрақ нарықтың ауа райын экспорттың шектелуi емес, тұтынушылық сұраныс шешуi тиiс», – дедi. Еуропа, Азия, Африка мен Солтүстiк Американың шаруалары мүшелiкке өткен халықаралық ұйым өкiлдерi мемлекеттердiң сауда тарифтерi мен квоталарды азық-түлiк қорлары мен бағаны тұрақтандыру мақсатында iске асыруды қолдайды.
28 шiлде 2011 жыл