ИМАНДЫЛЫҚ ОРДАСЫ – ШАҺАР ШЫРАЙЫ
ИМАНДЫЛЫҚ ОРДАСЫ – ШАҺАР ШЫРАЙЫ
Ел тарихындағы елеулi оқиға Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында Тараз топырағында тағы бiр тамаша жаңалық болды. Ол – жаңғыртылған облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешiтiнiң келушiлерге айқара есiк ашуы. Мешiттегi күрделi жөндеу жұмыстары демеушiлердiң қолдауымен жүзеге асырылған. Аталмыш жұмыстың сапалы әрi тиiмдi жүргiзiлуi мақсатында арнайы «Көне Тараз» қоғамдық қоры құрылған болатын. Қор қаражатының жеткiлiктi болуы арқасында «Құлагер» құрылыс компаниясының филиалы Құдай үйiнiң заман талабына сай жаңғыртылуын дер кезiнде қамтамасыз еттi. Жөндеу жұмыстарының қасиеттi Рамазан айы қарсаңында аяқталып, мешiттiң пайдалануға берiлуi – осыған айғақ.
Жаңғыртылған мешiттiң ашылу салтанатында облыс әкiмi Қанат Бозымбаев сөз сөйледi.
– Тараз қаласында бой көтерген орталық мешiттiң ашылуында Елбасының өзi болғанын Сiздер жақсы бiлесiздер. Осы мешiт үйiн заман талабына сай жөндеуден өткiзу туралы тiлектер халықтың тарапынан жиi айтылды. Осыған орай, дiнiмiзге алтын ұя болған мешiт үйiн жөндеудi қолға алған едiк. Бүгiнде орталық мешiт жөндеу жұмыстарынан кейiн қалаға көрiк беретiн әдемi архитектуралық нысанға айналып отыр. Мешiттiң күмбезi үлкейтiлдi. Сырты мен мұнарасы шығыс үлгiсiнде әрлендi. Жанынан құрбандық шалынатын қасапхана салынды. Былтыр демеушiлер көмегiмен пайдалануға берiлген медресемен бұл жер қазiр тұтас архитектуралық кешенге айналды, – дей келiп, облыс әкiмi мешiт үйiне күрделi жөндеу жүргiзген «Құлагер» компаниясының басшылары мен жұмысшыларына, осы iске қаржылай қолдау бiлдiрген «Казфосфат», «SAT компани», «Нұрай», «Южкамторг» және «Арсикостройсервис» компаниялары сияқты демеушiлерге алғысын бiлдiрдi. Жиналғандарды қасиеттi Рамазан айымен құттықтады.
– Мешiттiң жаңғыртылу жұмыстары қалай жылдам, әрi сапалы жүргiзiлсе, облысымыз да алға сондай қарқынмен қарышты қадам жасауда. Бұл үндестiк – бiрлiк пен ынтымақтың арқасы. Алдағы уақытта да адамдардың иманды, әрi ұйымшыл болуына жазсын Алла! – дедi салтанатта сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Тiлеуқабыл Төребеков. ҚМДБ-ның облысымыз бойынша өкiл имамы Данияр Жұмабеков жиналғандарға Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң құттықтауын жеткiзiп, қасиеттi ұлық ай Рамазан қарсаңындағы бұл оқиғаны орайы келген тамаша iске балады. Әруақтарға бағыштап Құран оқылғаннан кейiн көпшiлiк жаңғыртылған мешiттiң iшкi келбетiмен танысты. Шығыстық үлгiде безендiрiлген ғимараттың iшкi қабырғаларына Құран аяттарынан үзiндiлер жазылыпты. Ғимараттың сыртқы келбетi толығымен мәрмәр таспен қапталып, зиярат етушiлердiң құрбандық шалуларына арнайы қасапхана салынған. Мешiт айналасы абаттандырылып, гүлзарлар көздiң жауын алғандай көгерiштендiрiлген.
– Мен осынау жасымда бұрын-соңды Тараз төңiрегiнде мұндай әсем де керемет мешiт көрген емеспiн. Көңiл төрiнде осынау ғибадатханаға Құдайға құлшылық етушiлер көптеп келiп, имандылыққа бет бұрған жастардың көбейетiнiне кәмiл сенiм орнағандай, – дедi бiзбен қуанышын бөлiскен соғыс және еңбек ардагерi, 90 жастағы қария Түсiпбек Қожамқұлов.
– Тараздағы тамаша оқиғаға тап келгенiме қуаныштымын. Жөндеу жұмыстарынан кейiн Сiздердiң мешiттерiңiз республикадағы ең көрiктi әрi әсем ғибадатханалардың бiрiне айналыпты, – деп ағынан жарылды астаналық қонақ Қайрат Кенжеболатов. Ол осында 35 жыл облыстық прокуратурада қызмет еткен екен.
– Айтары жоқ, тамаша! Сәждеге бас қойғаннан бергi он шақты жыл төңiрегiнде Орта Азия мен Қазақстанның бiрқатар қалаларында мешiттерде намаз оқудың сәтi түскен. Мына мешiттiң өзiне тартып тұратын бiр қасиетi бар сияқты, – дедi қаладағы «Құтбай баба» мешiтiнiң намазханы Құдайберген Қалжiгiтов.
Елден естiген осындай жылы лебiздер мен тотыдайын таранған мешiт ғимаратының iшiн аралағанда көргендерiмiз көңiлiмiздi көкке шалқытып, сыртқы келбетiне сүйсiнген бiз «Алланың үйi иманды адамдарға тола берсiн!», – деген ниетте қайттық.
Болат ЖАППАРҰЛЫ04.08.2011.