Жаңалықтар

ҮШ ҒАСЫРДЫҢ КУӘСI

ашық дереккөзі

ҮШ ҒАСЫРДЫҢ КУӘСI

Бәйдiбек ауданының орталығы Шаян ауылы облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықта жатыр. Ауыл бастауын қарт Қаратаудан алатын Шаян өзенiнiң бойында орналасқан. Шаян сөзiнiң нендей мағына беретiндiгi туралы зерттеушiлер арасында түрлi пiкiрлер айтылады. Кейбiреулер «Шаян» араб-парсы сөзi, ол «таң нұры» деген мағынаны бiлдiредi», – дегендi айтады. Ал жергiлiктi зерттеушiлердiң пiкiрiне құлақ түрсек, Шаян сөзi кәдiмгi шаян жәндiгiмен байланысты көрiнедi. Шаян өзенiнде ертеректе шаян жәндiгi көп болған деседi. Аталған су жәндiгiн қазiрдiң өзiнде өзеннiң басталар тұсында жиi кездестiре аласыз.

Шаян өңiрi тарихи, киелi мекендерге бай. Бiр жағы терiскей, бiр жағы Түркiстанмен байланысып жатқан Шаянда нендей оқиғалар өтпедi десеңiзшi?! Сол өткен замандардың көзi үш ғасырдың куәсi атанған Шаян мешiт-медресесi едi.

Тарихи деректерге қарағанда, Шаян мешiт-медресесi өз заманында Қазақстанда ислам мәдениет қалыптастыратын және дiни бiлiм беретiн ең iрi орталықтардың бiрi болған. Орталық тұтас кешеннен тұрған: мешiт, медресе, құжыра, дәрiсхана, азанхана, кiтапхана… Олар бiр-бiрiнен бөлек салына отырып, барлығы тұйық төрт бұрышты бiр алаңға жинақталған. Яғни онда стилистикалық бiрлiк сақталған. Бiр ғажабы, құрылысқа ағаш мүлдем пайдаланылмаған. Медресенiң күмбездерi күйдiрiлген кiрпiштерден қаланған. Ал мешiт 35 күмбезден тұрады. Бұл күмбездер мешiт iшiнде дыбыс күшейткiш мiндетiн атқарған. Күмбездердi де алыстан қарасаңыз өзара үйлес тапқан. Олар бiрiнен-бiрi биiктелiнiп, сатыланып жасалынған. Мешiттiң үстiнде биiктiгi 11,5 метрлiк бас күмбезi бар.

ХIХ ғасырда басталып, құрылысы ондаған жылдарға созылған Шаян мешiт медресесiнiң салынуы туралы тарихи деректер былай дейдi. ХIХ ғасырдың басында Шаян өңiрiн мекендеген рулар өзара ақылдаса отырып, Шаян қыстағынан балаларға бiлiм беретiн мешiт-медресе ашуға ниет етедi. Осы мақсатта олар Түркiстаннан ағайынды Қосым және Құлатай деген араб тiлiн жетiк бiлетiн, дiндар азаматтарды шақыртқан. Жергiлiктi халық асарлатып Шаянға қам кiрпiштен мешiт салады. Кейiннен Құлатай Сарысу өңiрiне кетедi. Ал Қосым Шаянда қалып қойған.

Шаянда мешiт-медресе ашылғаны туралы хабар далаға тез тарап, оны естiген берiсi Қаратау, Терiскей, арысы Шу, Әулие ата өңiрiнiң халқы балаларын оқытуға алып келе бастайды. Асарлатып салынған шағын мешiт уақыт өте тарлық етедi. Осыдан кейiн ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында Қосымның баласы Сейдахмет сол кездегi 150 мың орыс ақшасына еуропалық үлгiдегi күйдiрiлген қыштан мешiт-медресенiң құрылысын бастатады.

1830-40 жылдары басталған кешен мешiт-медресе, құжыра, азанхана, дәрiсхана сияқты бiрнеше бөлiктен тұрған. Алғашқыда мұндағы құжыралардың саны 40 болуы тиiс екен. Бiрақ белгiсiз себептерге байланысты 29 құжыраның құрылысы аяқталған. Медресенiң соңғы ғимараты 1906 жылы пайдалануға берiлген. Құрылысқа қажеттi қаржы жергiлiктi жерден ғана емес, Жетiсу, Солтүстiк, Шығыс Қазақстан облыстарынан да жиналған.

Шаянда пайда болған iрi медреседе бiр мезгiлде 150-ге жуық шәкiрт бiлiм алған. Оларға 20-ға тарта ұстаз (газтез) сабақ берген. Оқу мерзiмi үш жылдан жетi жылға дейiн созылып отырған. Шәкiрттер дәрiсханада бiлiм алып, құжыраларда тұрған. Ас-суларын осында өздерi дайындап iшкен. Құжыралардың барлығы «П» әрпi iспеттi етiп салынған. Бiр құжыраның iшi көлденеңнен 3,5 метр, ұзындығы 6 метрдi құраған. Әр бөлмеге сәкiлер жасалынған. Осы сәкiлер шәкiрттер жатып оқитын керуеттер мiндетiн атқарған. Шаянға бiлiм iздеп келген балалар жергiлiктi жерден ғана емес, Қарқаралы, Жетiсу, Атбасар, Iле, Талас, Сарысу, Сыр өңiрiнен де ағылған. Медреседе қыздар да оқыған. Тарихи деректерге қарағанда, осында бiлiм алған шәкiрттердiң қатарында Ұлбике ақын қыз, Кенесарының ұлы Садық сұлтан, осы өңiрдегi атақты ақынның бiрi, аты аңызға айналған Манат та болған.

Шаян мешiт-медресесiнiң кейiнгi тарихы Сейдахметтiң ұлы Аппақ Мақсұммен тығыз байланысты. Ол ел аузында Аппақ ишан деген атпен танылған. Ол 1886-1926 жылдары аралығында Шаян медресесiнде имамдық еткен.

Аппақ Ишанның толық аты-жөнi Аппақ Мақсұм Сейдахметов. Оның әкесi Сейдахмет, атасы Қосым дiн қызметкерлерi болып, ишан атағын иемденген. Ишан-исламдық сопылық ағымында ақиқатты танып-бiлу жолында бiлiмiмен жоғары дәрежеге жеткен ұстаз. Орта Азия елдерiнде ишан атағын негiзiнен қожа дiнбасылары иемденген. Аппақ ишан жетi ағайынды. Олардың арасында бiзге мәлiмi; Мәди, Рахматулла, Ассадулла, Ыдырыс және Сабыр. Шаян мешiт-медресесi кешенi қызметкерлерiнiң берген мәлiметтерiне қарағанда, Аппақ ишанның екi әйелiнен бес баласы болған. Олар: Бахадулла, Алауатдин, Сағадулла, Сүнетулла (бесiншi перзентiнiң есiмi белгiсiз). Аппақ ишанның бауырлары мен балалары да дiнге мойынұсынған, ел арасында сый-құрметке бөленген.

1895 жылы Аппақ ишанның әкесi Сейдахмет қайтыс болады. Әкелерi өмiрден өткен соң, оның балалары атадан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша бала оқытуға көшедi. Алайда оларды алда мүлдем басқаша тағдыр күтiп тұрған едi.

1926 жылы Кеңес одағында дiни-сенiм бостандығы жойылып, дiн ұстануға тыйым салынды. Қожа-молдалар қуғын-сүргiнге ұшырайды. Осы саясаттың салдарынан Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, олар Ташкент өңiрiне бас сауғалауға мәжбүр болады. Мешiт-медресенiң өзi де қызмет етуiн осы жылдары тоқтатқан. Заманында сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишанның өзi 1930 жылы тұтқынға алынады. Қызыл белсендiлер оны бауыры Сабыр мен ұлы Алауатдин үшеуiн астық салығын өтей алмады деген айыппен үш жылға жер аударады. Мұнысы жәй ғана сылтау болатын. Кеңес өкiметiнiң көксегенi Аппақ ишан сияқты iрi тұлғаны қоғам санасындағы биiктен құлатып, жаңа билiктiң құдыретiн таныту едi. Мұрағат мәлiметтерiне қарағанда, 1931 жылы Аппақ ишан Ташкент түрмесiнен Шымкенттегi абақтыға әкелiнген. Кейiннен Павлодардағы абақтылардың бiрiне ауыстырылған. Ол сол жылы 67 жасында дүниеден өткен. Сейдахметовтер отбасының қуғын-сүргiнге ұшырауымен осылайша Қазақстандағы ең iрi, беделдi мешiт әрi дiни оқу орны – Шаян мешiт-медресесi өзiнiң қызметiн тоқтатты. Ол сол отызыншы жылдардан елуiншi жылдарға дейiн ескiлiктiң қалдығы ретiнде қараусыз тұрған.

– Мен осы Шаян ауылында туып-өскендiктен мешiт-медресенi бала кезiмнен бiлемiн, – дедi қазiр аталған кешеннiң жұмысына жетекшiлiк ететiн Бәйдiбек аудандық көркем сәулет мұражайының директоры Талғат Оспанов. – Елуiншi жылдардың өзiнде мешiт-медресенiң жанында кiшiгiрiм көл болатын. Оның айналасында қалың тал-терегi бар едi. Көл бетiнде түрлi құстар, аққулар жүзiп жүретiн. Яғни мешiт-медресенiң табиғаттың дәл осындай көркем жерiнен салынуы тегiн болмаса керек. Кейiнiрек көл құрғады, тал-теректер жойылып кеттi. Өкiнiшке қарай, мешiт-медресенiң де кейбiр бөлiгi бiздiң заманымызға жетпей қалған. Бiраз қабырғалар уақыт тезiне шыдай алмаса, бiразы қолдан бұзылып, кiрпiштерi басқа құрылыстарға пайдаланылды. Менiң есiмде қалғаны осы мешттiң қасынан кезiнде дүкендер салынды. Сол дүкендерге қажеттi кiрпiштер осы мешiттен алынған.

Қанша жерден ескiлiктiң қалдығы десек те, Шаян мешiт-медресесi елуiншi-алпысыншы жылдарға дейiн осы төңiректегi ең үлкен ғимарат болған. Елуiншi жылдары ол аудандағы барлық дерлiк мекемелердiң кеңсесi қызметiн атқарады. 1961 жыл аудан тараған соң, мұнда Шаян ауылына мотормен жарық беретiн шағын электр стансасы орналасады. Кейiн осындағы құжыралар жұмысшыларға баспана ретiнде берiлген. Алпысыншы жылдардан бастап кешен тағы да қараусыз қалады.

Шаян мешiт медресесiнiң бүгiнгi заманымызға жетуiне үлкен үлес қосқан азаматтардың бiрi Өзбекәлi Жәнiбеков едi. Атеизм өршiп тұрған сексенiншi жылдары осында Өзағаңның бастамасымен Көркем-сәулет кiлем және кiлемнен жасалынған бұйымдар мұражайы ашылады. Осылайша Шаян мешiт-медресесi алғаш рет тарихи жәдiгер ретiнде мемлекет қорғауына алынды. Оған он саусағынан өнер тамған қолөнершiлер тоқыған кiлемдер экспонат ретiнде Қазақстанның әр түкпiрiнен әкелiне бастады. Бүгiнде олардың барлығы да мешiт-медресенiң iшiнде тұр. Осы кезден бастап кешендi қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлген.

– Кешен реставрациялаудан алғаш рет 1984 жылы өттi. Алайда мамандардың тәжiрибесiздiгiнен ол сапасыз жүргiзiлдi. Ғимараттың құрылысындағы ерекшелiктердi сәулетшiлер дұрыс түсiнбеген сияқты. Мешiт-медресенiң үстiнде топырақ болатын. Сондықтан жауған жаңбыр ғимараттың iшiне өтпейтiн. Қайта қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзген мамандар сол топырақтарды жартылай алып тастап, оның орнына шлак тастады. Алайда шлак ылғал тартатындықтан көп ұзамай ғимараттың iшi дымқылданып, күмбездер бүлiне бастады, – дейдi мұражай директоры.

2000 жылы Мәдениеттi қолдау жылында мешiт мұражайдың жұмысына жетекшiлiк ететiн мекеменiң атауы Бәйдiбек аудандық көркем сәулет мұражайы болып өзгертiлдi. Сол кездегi аудан әкiмi Жабыл Байғоновтың бастамасымен аудандағы мекемелер асар әдiсiмен медресенiң бөлмелерiн қайта қалпына келтiрдi. Осы кезден бастап мұражай Бәйдiбек ауданының тарихына қатысты жәдiгерлермен толыға бастады. Қазiргi уақытта 15-ке жуық бөлмедегi экспонаттардан ауданның тарихына қатысты құнды мәлiметтердi, қолөнер бұйымдарын және археологиялық жәдiгерлердi тамашалауға болады.

2007 жылы Мәдениет министрлiгi Шаян мешiт-медресесiнде реставрациялау жұмыстарын жүргiзген. Қайта қалпына келтiру үш жылға созылған. Бiрақ оның сапасы тағы да көңiл көншiтпей тұр. Өйткенi қайта жөндеуден өткен мешiттiң күмбездерi жауын-шашыннан ылғалдана бастаған. Соған қарағанда Шаян мешiт-медресесiнiң сәулетiнде бүгiнгi мамандардың да басын қатыратын бiр құпия жатқан сияқты.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы

04.08.2011.