Жаңалықтар

«НАҚАҚ КӨЗДЕН ТӨГIЛГЕН ЖАС БАР МА ДЕП?..»

ашық дереккөзі

«НАҚАҚ КӨЗДЕН ТӨГIЛГЕН ЖАС БАР МА ДЕП?..»

Елiмiздiң сот орындарында қызмет етiп жүрген судьяларға деген сенiм қалмады.

Қара қылды қақ жарып, ақ пен қараны ажырататын судьялардың өзi былыққа белшесiнен батып жүр.

ҚР Жоғарғы сотына төрағалық қызметке жайғасқан Бектас Бекназаров келе сала Жоғарғы соттың сыбайлас жемқорлықпен атын былғаған бiрнеше судьясын орнынан босатқан болатын. Ал былтырғы жылдың өзiнде Елбасының бұйрығымен 35 судья қызметiмен қош айтысқанды. Жақында ғана Жоғарғы сот төрағасы тағы 52 судьяның жылы орнынан кетуi мүмкiн екендiгiн баса айтты. Осыған байланысты алдағы күндерi Елбасының жарлығы бекiтiлмек.

«Қызметiнен босатылатын судьялардың арасында өз еркiмен кетiп жатқандары бар. Яғни олар өз мiндеттерiн атқара алмағандар. Атап айтқанда, өз iсiн орындай алмаған аудандық және қалалық соттың судьялары. Судья болу оңай емес. Кез-келген заңгер судьялық қызметтiң қиыншылығына төтеп бере алмайды», – дедi Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров.

Бүгiнде әдiлдiк iздеп, сотқа жүгiнген қарапайым халық кiмге сенерiн бiлмей дал. Судьялардың өзi сыбайластыққа жол берiп, жұрттың сенiмiне селкеу түсiрсе, сенiм қайдан болсын? Бiр емес, екi емес, 52 судьяның мүлт кетiп, өз қызметiне селқос қарағаны шырылдаған шындықтың жемқорлықтың тасасында қалып жүргенiн аңғартпай ма? Олардың қаншама жылдар бойы ақшаның буымен күнәсiз адамдарды нақақ күйдiрмегенiне кiм кепiл?!

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, алдағы уақытта судьяларға қойылатын талап барынша қатая түспекшi. Сенiмге сызат түсiрген, қызметiн өз деңгейiнде атқара алмағандардың тағдырын мемлекет басшысы шешетiндiгiне тоқталған Б.Бекназаров қоғамда судьяларға деген сенiмсiздiк байқалатындығын баса ескерттi. «Расында да, соңғы уақытта сот жүйесiндегi мәселелер, судьялар төңiрегiндегi оқиғалар сот билiгiне үлкен селкеу түсiрген тәрiздi. Ендiгi уақытта ондай келеңсiздiктiң бәрiн жойып, халықтың сот билiгiне сенiмiн жоғарылатуды қайтадан қалпына түсiруге тиiспiз», – дедi ол қатқыл үнмен. Жоғарғы сот төрағасының жергiлiктi жердегi судьяларға, олардың қызметтерiне ерекше тоқталуы бекер емес. Өйткенi олар – бүгiнде ерекше мәртебеге ие мамандық иелерi. Мемлекет қазылардың ештеңеге алаңдамай, жүйелi жұмыс жасауы үшiн барлық жағдайды қарастырған. Осы орайда айта кетейiк, елiмiзде ең жоғары жалақы алатын да судьялар екен. Бектас Бекназаровтың сөзiне қарағанда, мәселен аудандық деңгейдегi судья 200 мың теңге көлемiнде жалақы алса, Жоғарғы сот судьясының еңбекақысы одан екi-үш есе көп. Сонымен бiрге, Елбасының қолдауымен қазыларға өмiр бойы қамқорлық жасау жайы да қарастырылуда екен. Демек ақ пен қараны айырып, адам тағдырына төрелiк етушi судьялардан да жоғарғы жауапкершiлiктi талап ету заңды емес пе?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ