Жаңалықтар

Бiз бiлмейтiн БЕРИЯ

ашық дереккөзі

Бiз бiлмейтiн БЕРИЯ

Амантай КӘКЕН

Кеңес елiнiң жоғарғы басшылығына Сталиннiң қазасы билiк үшiн жаңа күрес басталды деген ишара едi. Көсемнiң жамбасы жерге тимей жатып, қызмет бөлiсу басталып кеттi. Георгий Максимилианович Маленков КСРО Министрлер Кеңесiнiң төрағасына бекiтiлiп, КОКП ОК-нiң хатшысы қызметiн атқару оған қоса тапсырылды. Бұрынғы дағды бойынша бұл – жаңа билiктiң бiрiншi адамы деген сөз. Оның орынбасарлығына Сыртқы iстер министрi В.Молотов, Қорғаныс министрi Н.Булганин және Л.Каганович тағайындалды. КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағасына К.Ворошилов сайланды. Алайда Сталиндi жерлегеннен кейiн бес күн өткен соң, 14 наурызда Г.Маленков КОКП ОК-нiң хатшысы қызметiнен босап, ендi ОК Секретариатын басқару сол кезде әрiптестерi партия мен мемлекеттi басқаруда бiрiншi рөл атқаруға үмiткер бола қоярына сене қоймаған Н.Хрущевтiң қолына көштi.