ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚАШАН ҚҰРЫЛДЫ?

Қазақ мемлекеттiгiнiң негiзi қаланғалы 555 жыл болды. Тәуелсiздiктен берi оның 540 және 550 жылдық екi дөңгелек мерейтойы атап өтiлуi керек едi. Бiрақ бiрде – бiрiне мемлекеттiк дәрежеде мән берiлмедi. Демек биылғы үш бестiкпен өрнектелген дата да елеусiз қала бередi… Мұның бiр себебi – ресми тарихтағы солқылдақтық. Зерттеушiлер өздерiнше түрлi датаны дәйектеген болады, ал солардың ой шарықтауларының квинтэссенциясы iспеттi «Қазақстан тарихы» дәл датаны атамай, келтiрiлген қилы дәлел «Қазақ хандығының ХV ғасырдың 60-жылдарының ортасында Батыс Жетiсуда құрылғанын көрсетедi» деп мәймөңкелетедi (2-том, 344-б.).

Шынтуайтқа келгенде, елдiгiмiздiң тамыры ғасырлар тұңғиығында жатыр. Тек кейiнгi орта ғасырларда қазақтар iрi-iрi этностық топтар ретiнде моңғол империясының күйреген орындарында қалған Ноғай Ордасы, Сiбiр хандығы, Ақ Орда, Көк Орда, Әбiлқайыр хандығы, Моңғолстан секiлдi мемлекеттерге қарап тұрған. Бұл саяси бiрлiктердiң бәрi, оларды Шыңғысхан тұқымдары билегенмен, «жергiлiктi тайпалар одағының негiзiнде» (Қазақстан тарихы. 2-т., 326-б.) пайда болған, қазақ мемлекеттiгiнiң iзашары iспеттi едi. Олар iс жүзiнде ХIII ғасырда жаңаша қалыптасқан қазақ халқының әр аймақтағы бөлiктерiнiң түрлi көрiнiстегi саяси бiрлестiктерi, хандықтары болатын.

Орта ғасырларда түркi ру-тайпалары жайлаған Ұлы Даладағы әр жаңа саяси құрылымның өмiрге келуi немесе өмiр сүруiн тоқтатуы билiктен кетiрiлген бiр әулеттiң орнына оны жеңген екiншi бiр әулет өкiлдерiнiң орнығуына байланысты жүзеге асып жататын-ды. Осы ретпен, Шайбан ұрпағы Әбiлқайырдың мемлекетi, құрамынан Ежен-орда ұрпақтары Керей және Жәнiбек шығып кеткеннен кейiн он шақты жыл өткенде, «әр рудан қосылған …қазақ (мағынасы – «тағы, өз еркiмен жүрген») деген ел» (Шәкәрiм. II-т., 140-б.), жаңа саяси бiрлiкке негiз болып, Қазақ хандығы түрiнде жаңа сапаға ауысты (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. «Казахстан. Летопись трех тысячелетий». – Алма-Ата, 1992. – 215-240-бб.; «История Казахстана». Т.2., 312-319-бб.). Бiз үшiн аса маңыздысы – қазақтың тарихта тұңғыш рет тарих сахнасына өз этностық атауымен мемлекет құруға шыққан тап осы кезi.

Бұл тарихи оқиғаны мүмкiн еткен қозғаушы күш – Ұлы Далада орныққан билеушi әулеттер әрекеттерi. Түп атасы – Жошы. Одан соң ұлыс әмiршiлiгi оның ұлы Батуға өткенi белгiлi. Өтемiс қажы Дештi-Қыпшақтағы жоғарғы билiктi Шыңғысханның Батуға қалай бергенiн былай әңгiмелейдi: қаһан «төрт күлiгiнiң» үлкенiнен қалған ханзадаларды қабылдарда арнайы үйлер тiктiрген – Сайын-ханға, яғни Батуға «алтын босағалы ақ үргэ», Орда-Еженге «күмiс босағалы көк орда», Шибанға (Шайбанға – Б.Қ.) «болат босағалы боз орда»… Әбiлғазы, Рашид ад-Дин деректерiне қарағанда, Бату хан Шығыс Еуропаға жасаған жорығынан оралғаннан кейiн, әкесi тұрған жер-суды күллi халқымен өзiнiң ағасы Орда-Еженге берген, ол Жошы әулетi армиясының сол қанатын құраған. Ал өз иелiгi мен Орда-Ежен үлесi арасындағы жер-суды және «байырғы елiнен төрт басты ұрықты» (қосшы, найман, қарлық, бұйрақ тайпаларын) Шайбанға ұсынады, оның әскерi армияның оң қанатына кiрген. Тағы бiр бауыры Тоқай-Темiрге әскердiң артықшылыққа ие бөлiгiнен үлес (мың, тархан, үйсiн, ойрат) бөлген. Оның ұрпақтары Қажы-Тарханға (Астрахан қаласына) да билiк жүргiзген. Олар қосындарымен армияның сол қанатына ендi (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. «Казахстан. Летопись…» 187-189-бб.).

Орда-Ежен Жошы Ұлысының сол қанатын 1226-1253 жылдары басқарып, «Алтын Орда құрамына кiретiн, iшкi-сыртқы саясаты тәуелсiз Ақ-Орда мемлекетiн құрды». Оның саяси рөлi тек өз ұлысында ғана емес, күллi моңғол империясында жоғары болды. Алтын Орда әмiршiсi Бату ханның қолдауымен 1251 жылы ұлы хан болған, Шыңғысханның әйгiлi «төрт күлiгiнiң» кiшiсi Төленiң ұлы, империяның төртiншi әрi соңғы ханы Мөңке (1208-1259) өзiнiң заңнамалық жарлықтарында – Ақ-Орда билеушiсi Орда-Ежен есiмiн Алтын Орда әмiршiсi Бату есiмiнiң алдына қойып отырған (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия». 7-т., 174-б.; 6-т., 577-б.; Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. «Казахстан. Летопись…»190-б.).

Орда-Ежен мен Шайбан ұлыстарының жер-суын алып жатқан аумақты ХIV-XV ғасырларда шығыс авторлары бiресе Ақ Орда, ендi бiрде Көк Орда деп атап жүрдi. Өйткенi Орда-Ежен әулетiнен шыққан билеушiлер қос ұлысты да басқарған. Содан да шығар, дереккөздер бұл кезеңдегi Ақ Орда жерi ретiнде Жайықтан Батыс Сiбiр ойпатына, Сырдарияның ортаңғы және төменгi ағысына дейiнгi аумағын (яғни екi ұлыс алып жатқан жер-суды) ұққан. Тiлi бiр, өмiр сүру салты бiр жергiлiктi этностар негiзiнде шаңырақ көтерген қазақ жерiндегi тұңғыш iрi мемлекеттiк құрылым осы Орда-Ежен мен оның әулетi билеген Ақ Орда едi. ХIII-ХV ғасырлардағы Ақ Орда хандары мынандай ретпен билiкте болды: Орда-Ежен (1226-1253) – Сартақ – Қоныша – Баян – Сасы-Бұға – Ерзен – Мүбәрәк – Шымтай – Орыс (1361-1377) – Қойыршақ – Барақ (1426-1428) («История Казахстана». Т.2. 103-104-бб.; Қазақстан тарихы». 2-т.108-109-бб.). Орда-Ежен мен оның ұрпақтары (Ақ Орданы ХIV ғасырда билеген Орыс хан және ХV ғасырдың екiншi ширегiнiң басында басқарған оның немересi Барақ хан) сол шақта ешқайсысының ойына келе қоймаған, бiрақ ұзамай, ХV ғасырдың ортасында жүзеге асатын iрi тарихи бетбұрысты нобайлады.

Орыс ханның немересi Барақ хан шамамен 1410 жылдардан Шығыс Дештi-Қыпшақтағы өз ата-бабаларының билiгiн қайтарып алу үшiн күрестi. 1422 жылы Едiлдiң төменгi ағысы алқабында өткен шайқаста үмiткерлер әскерiн жеңiп, Алтын Орда тағына отырды. Одан 1426 жылы айрылды. Сол жылы Ақ Орда билеушiсi болды. Сырдария бойындағы қалаларға, Мавераннахрға жорықтар жасады. Ғасыр басында Әмiр Темiр басып алған Ақ Орда астанасы Сығанақты иелену құқын қалпына келтiрдi. Орда-Ежен мен Тоқа-Темiрдiң Түркiстан өлкесiндегi иелiктерiн Әмiр Темiр әулетi билiгiнен қайтарып алуды көздеген оның жiгерлi әрекеттерi ұлыстың байырғы қуатын жаңғырта алмағанмен, Қазақстанның оңтүстiгiндегi саяси ахуалдың белгiлi бiр дәрежеде өзгеруiне алып келдi («История Казахстана». Т.2. 538-б.; «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия». 2-т.147-б.).

XV ғасырдың алғашқы ширегiнде Ақ Ордада Жошы тұқымы (Орда-Ежен, Шайбан, Тоқа-Темiр) iшiндегi әулеттiк күрес жиiлеген-дi. Соның салдарынан ұлыста бүлiктер мен кикiлжiңдер толас таппай жалғасқан. 20-шы жылдардың соңына қарай Алтын Орда мемлекеттiк құрылымы бөлiктерiнiң көпшiлiгiнде Шайбан балалары билiкке келдi. Ал Орда-Ежен ұрпақтары өздерiне бабаларынан мұраға қалған иелiктерiн олардан қорғап қалуға тырысты. Солардың бiрi Барақ хан, жоғарыда айтылғандай, ұлыстың оңтүстiк бөлiгiн қайтарып алу үшiн соғысты. Ол өлгеннен кейiн Ақ Ордадағы билiк Орда-Ежен – Орыс хан әулетiнен Шайбан әулетiне өттi.

Шайбан ұрпағы Әбiлқайыр 1428 жылы Батыс Сiбiрдегi Тура өңiрiнде хан тағына отырғызылған-ды. Оның хандығы Қазақстанның солтүстiк-батыс және орталық аймағын алып жатты. Хандық жерi геосаяси тұрғыда батыстағы Ноғай Ордасы, солтүстiктегi Сiбiр хандығы және шығыстағы Моғолстан мен оңтүстiктегi Әмiр Темiр тұқымдары мемлекетiнiң араларында, батысында – Жайық өзенiне, шығысында – Балқаш көлiне дейiн, оңтүстiгiнде Сырдарияның төменгi ағысы мен Арал теңiзi өңiрiне, солтүстiгiнде Тобылдың орта ағысы мен Ертiске кеткен алып аумақты алып жатты. Әбiлқайыр хандығының құрамына қазақ руларының көпшiлiгi, өзге де көшпендi түркi тайпалары кiрдi. Мұнда ол қырық жыл әмiршi болды. (Оны ХVIII ғасырдағы Әбiлқайыр ханнан ажырату үшiн болар, қазақ тарихи әдебиетiнде есiмiн Әбiлхайыр деп жазу орын алған. Дұрысында, екеуiнiң де есiмi бiр – Абу-л-Хайр-хан, ендеше екеуi де Шыңғыс хан – Жошы хан тұқымы болғандықтан, ХV ғасырдағы әмiршiнi – Бiрiншi Әбiлқайыр, ХVIII ғасыр тұлғасын – Екiншi Әбiлқайыр деген жөн болар едi).

Әбiлқайыр хан басқарған уақыт iшiнде елдiң саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. «Сегiз жүз елу бесiншi жылы (1451 жыл шамасы) Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның жұртында, немесе бұл да сол ұғымды бiлдiредi, – Дештi-Қыпшақта Жошы ұрпағынан Әбiлқайыр патша болды. Сол уақыттарда бұл жұртта одан қуатты билеушi болған жоқ», – деп жазды Мұхаммед Хайдар («Из истории казахов». Алматы, 1999. 32-б.). Ол күшi кемелiне келгенде Сырдария бойындағы аймақтарға бет бұрды, сөйтiп сонда көшiп-қонып тұрмыс кешiп жүрген Жәнiбек пен Керейдiң және олардың бодандарының мүдделерiне тиiп, нұқсан келтiрдi. Осы жәйт әр әулет билеушiлерi арасындағы тайталасты одан сайын шиеленiстiрдi де, ақыры Орыс хан оғландарын өздерiне қарасты ру-тайпаларды бастап Моғолстанға – Шуға көшiп кетуге мәжбүрлеген өте маңызды себеп болды.

Моғолстанда бұл кезде, Есен-Бұға хан тұсында, билiк құрылымы әлсiреген-дi. Одан бөлiнiп кеткен әмiрлердiң әрқайсысы өз беттерiнше қамал салып алып жатты. Қалмақтар онда орталықтандырылған билiктiң жоқтығын пайдаланып, Жетiсуға шабуылын жиiлеткен. Олар Ыстықкөл аймағына барды, 1452 жылы Шуға жеттi. Есен-Бұға сонда оларға елеулi қарсылық көрсете алмаған-ды. Мiне осы шақта оған Әбiлқайырдың билiгiне наразы Керей мен Жәнiбек сұлтандар келдi…

zОлар бiр қауым елiмен «қазақтық» жасауға, яғни тыныс-тiршiлiкке қолайсыз билеушi құзырынан қашып, еркiн ұйысуға бел буған-ды. Ондай әрекеттер түркi тайпалары ғұмырында бұрындары да әрәдiк кездесiп тұрған бiрақ тап осы жолғыдай жаңа мемлекет құруға бағытталған тарихи сипат алған емес-тiн. Алтынорданың атақты әмiршiсi Өзбек-ханның құрметiне «Көшпендi өзбектер мемлекетi» аталған Әбiлқайыр ұлысынан бөлiнiп, Моғолстан аумағына кiретiн Шу өзенiнiң төменгi ағысы алабына көшiп келген аз жұрт iс жүзiнде қазақ мемлекеттiгiнiң iргетасы болып қаланды. Болашақ қазақ хандығының iргесi түркiлер өмiрiндегi қатардағы жәйт саналатын наразы топтың еркiндiксүйгiштiк, басыбостық, өзгенiң озбырлығына көнбеушiлiк көрсетiп, яғни қазақ болып өз беттерiнше отау тiгу оқиғасымен қалана бастағанын тап сол жылдары ешкiм бажайлай алмаған болар.

* * *

Бiз Әбiлқайыр хандығындағы осынау екi жарылу мен бөлiну орын алған шақты Қазақ хандығының негiзi қаланған уақыт деп санаймыз. Алайда сол мерзiм тарихи әдебиетте әр түрлi көрсетiледi. Бұл жайындағы дау-дамай ғылымда күнi бүгiнге дейiн толастаған жоқ. Мәселен шығыс дереккөздерiн тауып, аударып, зерттеп, ғылыми айналымға бiрiншi болып қосқан ағылшын ғалымдары (айталық, Г.Ховарс) аталмыш ханзадалардың бөлiнiп шығуы 1451 жылы орын алды деп есептейдi. А.Чулочников пен Б.Ахмедов бұл оқиға 1455-56 жылдары болды деп санайды. Ұлыстағы келiспеушiлiк және Керей мен Жәнiбектiң Әбiлқайырдан бөлiнiп көшiп кетуi 1450 жылы, тiптi 1465 жылы болды дейтiн көзқарастағы авторлар да бар (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись… 190-б.). Ал Шәкәрiм осы оқиға қарсаңындағы жағдайды: «…Шибан (Шайбан – Б.Қ.) нәсiлiнен Әбiлқайыр хан деген 1452 жылы Қазан ханына да, Қырымға да қарамай, өз алдына Жошы ұлысының күншығыс жағын түгел билеп тұрды. Сонда қазақтың ханы Әз Жәнiбек хан едi, Әбiлқайырға қарап тұрушы едi. Әз Жәнiбектiң шын аты Әбусағид (тарихи әдебиетте Абу-Сайид, Бу-Саид деп те жазылады – Б.Қ.) едi. …Барақ хан баласы едi», – деп баяндай келе, оқиғаның мән-жайы мен өткен уақытын былай деп хабарлайды: «1455 жылы Әз Жәнiбек хан немере iнiсi Шаһгерей хан (Керей хан – Б.Қ.) менен тамам қазақты алып, Әбiлқайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсiлiнен Есен Бұғаның баласы Тоқлұқ Темiрханға қарады» (Шәкәрiм. II том. 143-б.).

С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов «Қазақстан. Үш мыңжылдық жылнамасы» атты өздерiнiң белгiлi еңбегiнде сол замандағы тарихи оқиғаларды өзара салғастырып талдай келе: «…Керей мен Жәнiбектiң көшiп кеткен, дәлiрек айтқанда, ұлыс адамдарымен бiрге моғол ханы Есен-Бұғаның иелiгiне көшiп келген уақытын 864/1459-60 жылдармен белгiлеу керек» (233-б.) деп қорытады. «Қазақстан тарихының» авторлары: «Жәнiбек пен Керей… өз төңiректерiне басқа да Жошы әулетi мен соларға тәуелдi көшпелi және жартылай көшпелi қазақ далалары тұрғындарының рулық-тайпалық топтарын жинастырып алды да, 1458-1459 жылдары Әбiлқайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетiсу жерлерiне ертiп кеттi» (2-т., 232-233-бб.) – деп жаза келе, Қазақ хандығының құрылған уақытын нақтылауда, одан отыз шақты жыл бұрын (1979) жарық көрген «Қазақ ССР» тарихындағы «1465-1466 жыл» деген мерзiмдi шүбәсiз қабылдайды (2-т. 337-б.). Бұл түсiнiктi де, себебi «Рашид тарихы» еңбегiнiң авторы қалдырған мәлiмет негiзiнде, «тарихи әдебиетте 870/1465-66 жж. – Қазақ хандығының негiзi қаланған жыл деп есептейтiн пiкiр толығымен қалыптасқан» (Султанов Т. «Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей». Астана, 2006. 126-б.) болатын. Және бұл жыл, «Қазақстан тарихы» авторларының айтуынша, «Моғолстандағы саяси жағдай (Есен-Бұға ханның… өкiмет билiгi үшiн iнiсi Жүнiс ханмен жүргiзген күресi, 1462 жылғы оның өлiмi… осы кезеңде Моғолстанда өкiметтiң мүлдем болмауы) …қазақ хандары билiгiнiң нығаюына, …шын мәнiнде дербес саяси бiрлестiк құруларына толық қолайлы» болған. Бұған қосымша, олар сондай-ақ «Жәнiбек пен Керейдiң асықпай Әбiлқайыр мемлекетiнiң күйреуiн күтуi ешқандай ақылға сыймайтын iс» екенiн де атап айтады (2-т., 343-б.).

Белгiлi дәрежеде қисыны бар бұл сөздер Мырза Мұхамед Хайдардың: «Қазақ сұлтандарының басқаруының басы – сегiз жүз жетпiсiншi жылдан» (Из истории казахов. – 29-б.), – деген мәлiмдемесiмен сөзсiз келiсушiлiктiң дәлелдерi ретiнде келтiрiлген. Алайда Мұхамед Хайдардың өз еңбегiнде тарихи жылдарды есте қалған деңгейде, жобалап қана қойып отырғанын шығыстанушылық әдебиетте академик Бартольдтан бастап талай ғалым атап айтқан болатын. Сондықтан да қазiргi заманғы зерттеушiлердiң бiразы сол дәуiр оқиғаларының хронологиясын өзге материалмен салыстырып қарай отырып, Қазақ хандығы 1470-1471 жылдары құрылды деп санайды (Султанов Т. Поднятые на белой кошме… – 126-б.).

Бiз бұл анықтаулардан туатын қорытындының дұрыстығына өз тарапымыздан күмән келтiретiнiмiздi мәлiмдеймiз. Мұхаммед Хайдар қазақ хандарының билiгi қай жылы басталғанының анығын «бiр Алла жақсы бiледi» дейдi (Прошлое Казахстана… 116-б.). Сондықтан да 870-шы (1465-66 жж.) жылы қазақ сұлтандарының билiгi басталды деп ойша атаған мерзiмнiң туралығына, оның өзi де дұрысы бiр Құдайға ғана мәлiм деп отырғанда, шүбәмен қарауға әбден болады.

Қазақ тарихы үшiн аса бағалы дереккөз қызметiн атқаратын «Рашид тарихының» авторы Жәнiбек пен Керейдiң «сол кезде Дештi-Қыпшақта Әбiлқайыр билеп-төстеп тұрған» және «Жошы тегiнен шыққан сұлтандарға көп жайсыздық келтiрген» әрекетi салдарынан Моғолстанға көшiп келген уақытының «моғол әмiрлерiнiң әрқайсысы Есен-Бұға ханнан бөлiнiп, өздерiне қамал салып алған» шаққа сай келгенiн айтады (Из истории казахов. 29-б.). Осы оқиғалар уақыт жағынан ХV ғасырдың орта тұсында орын алған деп жобалауға болады. Бұл кезде Орыс-хан ұрпақтары Керей мен Жәнiбек Қазақстанның оңтүстiк аудандарын билеп тұрған-ды. Олардың екеуiн де өздерi басқаратын аумақта хан лауазымымен атайтын, оларға кезiнде Жәнiбектiң әкесi Барақ-ханды қолдаған ру-тайпалардың Сыр бойы қалаларымен байланысып жатқан едәуiр бөлiгi бағынатын-ды. Ал Әбiлқайыр Сырдария қалаларын 1446 жылы алған. Демек осы жылдан Жошы-хан әулетiнiң екi бұтағы өкiлдерi арасындағы қарсы тұрушылық өрши түскен. Сол шамада Әбiлқайыр ұлысындағы билiкке наразы қазақ сұлтандары мен өз елiндегi дүрдараздықтан күшi әлсiреген моғол ханы арасында келiссөз жүрген болса керек…

1935 жылы шыққан «Қазақстанның өткенi дереккөздер мен материалда» жинағындағы мәтiнге көз жүгiртейiк. «Тарих-и Рашидиден» алынған үзiкте: «…Ал бұл кезде (860 = 1456 ж. шамасында) Дештi-Қыпшақта Әбiл-Қайыр-хан билiк жүргiзiп тұрған едi; одан Жошы тұқымы сұлтандары өте қатты қысастық көрдi, содан олардың екеуi, Жәнiбек-хан мен Керей-хан Моғолстанға қашты. Иса-Бұға-хан қашқындарды жақсы қарсы алып, оларға Моғолстанның батыс шет аймағын құрайтын Джу (Шу – Б.Қ.) және Қозыбасы өлкесiн бөлiп бердi. Сонда олар тыныш өмiр сүре бердi», – делiнген (Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник I (V в. до н.э. – XVIII в.н.э.). Под редакцией проф. С.Д.Асфендиярова и проф. П.А. Кунте. 2-е изд. Алматы, 1997. 116-б.). Байқалып тұрғандай, онда Әбiлқайыр ханның билеп-төстеуiнен қатты қыспақ көрген Жәнiбек пен Керейдiң екеуiнiң де хан деген лауазымы болғанын Мұхаммед Хайдар Дулати куәландырады. Дештi-Қыпшақ әмiршiсi Әбiлқайыр Сыр мен Қаратау өңiрiндегi жекелеген ру-тайпа хандары Жәнiбек пен Керейге шүйiлгенде, олар мұсылманша 860, христианша 1456 жылы Әбiлқайыр құзырын тастап кетедi…

* * *

1457 жылы ойраттар Моғолстанның шығыс бөлiгi арқылы Жетiсуға өтiп, Түркiстанға ұмтылды. Сығанақ маңындағы Көккесене деген жерде Әбiлқайыр әскерiмен шайқасты. Әбiлқайыр ханның әскерi жеңiлдi, бiрнеше жошылық сұлтан (Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар) қаза тапты. Ойраттар Сырдарияның ортаңғы ағысындағы қалаларды талан-таражға түсiрдi. Әбiлқайыр хан қалмақтармен қорлаушылыққа пара-пар (қалмаққа кiрiптарлығын мойындап, ұлын аманатқа беру секiлдi) шарттар бойынша келiсiмге келуге мәжбүр болды («Қазақстан тарихы». 2-т. 147-148-бб.). Тарихи әдебиетте Жәнiбек пен Керей осы шапқыншылықтан кейiн бөлiнiп кеттi делiнедi.

Бiздiң ойымызша, 1457 жылғы соғысқа Жәнiбек пен Керей қатысқан жоқ. Егер өз дәстүрлi мекендерiнде жүрген болса, олар сол тұстағы жекелеген ру-тайпа хандары ретiнде, Отан қорғау iсiнен сырт қалмас едi. Жоғарыда айтылған «жошылық Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар» секiлдi, қалмақтардың жаулаушылықтарына қарсы шығар едi. Демек олар Әбiлқайыр құзырынан қалмақтар шапқыншылығы басталардан бұрын, 1456 жылы шығып кеткен де, ойраттар Сыр бойын ойрандап жатқанда, Шу сағасы өңiрiнде жаңа мемлекет iргесiн қалаумен айналысып жүрген…

Сығанақ түбiнде күйрей жеңiлiп, қалмақ шартына мойынсұнған Әбiлқайыр хан бiрер жылда ес жияды, сосын өзiнiң шапқыншылықтан күйзелген иелiктерiнде тәртiп орнатуға кiрiседi. Iшкi жағдайын бiршама реттегеннен кейiн, құзырынан бөлiнiп кетiп, өз алдына хандық құрған Жәнiбек пен Керей хандарды жуасытып алмаққа, Моғолстанға аттанады. Сол жорық кезiнде, 1468 жылы Жошының бiр ұлы Шайбан әулетiнiң қырық жыл әмiршi тағында болған өкiлi Әбiлқайыр-хан қаза табады. Осы оқиғадан кейiн Жәнiбек пен Керей өз жақтастарымен «өзбек ұлысына қайта оралып, ондағы жоғарғы билiктi басып алады» (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись… 238-б.). Содан бастап Жошы ұрпағының басқа бұтағы – Шайбанның ағасы Орда-Еженнен тарайтын Орыс хан әулетiнiң оғландары басқаратын жаңа саяси және мемлекеттiк құрылым – Қазақ хандығы – Ұлы Далада iргесiн батыл кеңейтiп, кең қанат жаяды.

Көне шығыс қолжазбаларының деректерi мен соларды негiзге алған зерттеулерде айтылған күллi ой-пiкiрдi талдай келе, «Қазақстан тарихы» авторлары бiрiншiден, «Ақ Орда хандарының билiгi iс жүзiнде Қазақстан аумағының бiр бөлiгiнде… 1428 ж. Барақ хан қаза тапқаннан кейiн де» және «Көшпендi өзбек мемлекетi» делiнетiн Әбiлқайыр хандығы тұсында да үзiлмегенiн дәлелдей келiп, «Ақ орда да Қазақ мемлекетi болып танылуы керек» (2-т. 339-б.) деп тұжырады, екiншiден «XV ғасырдың 50-60 жылдарында Жетiсуға көшiп келген қазақ тайпаларының» «бүкiл аймақтың саяси тарихына және бүкiл жергiлiктi қазақ халқының тағдырына өзгерiс енгiзгенiн», Қазақ хандығының негiзi Батыс Жетiсуда қаланғанын атап айтады (2-т. 341-342-бб.).

Ендi дербес мемлекеттiктi көздеген сол тарихи оқиғаның бұдан 555 жыл iлгерiде, 1456 жылы орын алғанын мойындау ләзiм…

 

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

28 шiлде 2011 жыл

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button