КӨҢIЛДЕ КҮДIК...
КӨҢIЛДЕ КҮДIК...
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
Ендi бес айдан соң мемлекет және қоғам қайраткерi Дiнмұхамед Қонаевтың туылғанына 100 жыл толады.
Ал Үкiмет тарапынан әзiрге жұрт күткен шаралар әрекетi байқалмайды. Есiме өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы түсiп отыр. Онда мен Алматы облыстық "Жетiсу" газетiнде тiлшiмiн. Бiр күнi газет редакторы Баймолда Мусин таңертеңгi лездемеде Қонаевтың әйелi Зухраның өмiрден өткенiн, Дiнмұхамедке көңiл айтам деушiлер болса осы лездемеден кейiн баруларына болатынын құлаққағыс еттi.
ШЫНЫМЕН-АҚ ЕСКЕРУСIЗ ӨТЕ МЕ?..
Ұжымда отызға жуық қызметкер бар. Солардың арасынан үшеумiз шықтық. Мусин, орынбасары Ерғали Ахметов және мен. Жиналып ұзын дәлiзге шыққаным сол едi, хабар бөлiмiндегi әрiптесiм ұшыраса кеттi. Ол: "Көңiл айтуға бекер барасың. Қонаевтың есiгiнiң алдында Мемлекеттiк қауiпсiздiк қызметкерлерi мен Iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi тұр деп естiдiм. Солар келiп-кетiп жатқандарды бейне таспа мен фотоға түсiрiп жатқан көрiнедi. Бармай-ақ қой, ертең басың бәлеге қалады",– дедi. Сырттан қарағанға жанашырлық сөз айтып тұрған секiлдi. Мен: "Сен коммуниссiң. Қызыл билетiң қалтаңда. Кешегi күнi Қонаевты құрметтеп, бүгiн Колбиннiң саясаты ауанымен содан тайқып кетiп жатсақ қалай болады? Адамгершiлiкке жата ма? Олар бiз үшеумiздi Қонаевқа көңiл айттың деп қамап қоймас",– деп сыртқа қарай беттеген екi ағама iлестiм.
Әрiптесiмнiң естiгенi рас екен. Қаланың Төлебаев көшесi бойындағы Қонаевтың қос қобатты үйi алдында әскери киiм үлгiсiндегi түсi салқын жандарды көрдiк. Бiрақ олар бiздi тежеген жоқ. Бейнетаспа мен фотоға түсiрiп жатқандары да көзiмiзге түспедi. Екiншi қабаттан Дiнмұхамед ағаның өзi қарсы алды. Үстiнде қара костюм-шалбар. Қимыл-қозғалысы ширақ. Ортаңғы үлкендеу бөлмеге "п" әрiпi тәрiздi етiп стол қойыпты. Келiнi Ләйла (Әуезовтiң қызы) сол столға дастарқан мәзiрiн жасап жатыр. Қарсы жақ қабырғада елу жыл отасқан әйелi екеуiнiң үлкен портреттiк бейнелерi қатар iлiнген.
Столға жайғасқан соң Қонаевқа көңiлiмiздi бiлдiрдiк. Шәй үстiнде ол ОК-тегi таңның атысынан түннiң бiр уағына дейiн созылатын қызметi жөнiнен, қосақ жары Зухрамен қалай танысып үйленгендерiн, Қоңырат пен Риддер кенiштерiндегi жұмыстарынан бiраз естелiктер айтты. Сонда бiр таң қалғаным есте сақтау қабiлетi өте күштi екен. Қырық, елу жыл бұрынғы республиканың аудандарындағы, облыстарындағы шаруашылық, өндiрiс басшыларының аты-жөндерiн жаңылмай айтып отырды. Тiптен "Жетiсу" газетiнiң алғашқы редакторларының да ныспыларын аузына алғанда жадына тәнтi болдық. Ол кiсiнiң ұлағатты әңгiмесi бiр сағаттай уақытқа созылды. Содан кейiн басқа да көңiл айтушылар келе бастаған соң бiз қоштастық. Үйден ұзай бере Ахметов үзiк-созық келiп жатқандарға қарап: "Қонаев бұрынғыдай билiк басында отырса, қазiр мына үйдiң айналасы құмырсқаның илеуiндей адамдарға толар едi. Жандайшаптар мен жағымпаздар жолыңды кес-кестеп, Димекеңе жақындатпас та едi. Ендi мiне, кiмнiң кiм екенi көрiнуде", – дедi көңiлсiздеу үнмен.
Санаулы жылдардан соң Димекеңнiң өзi де өмiрден озды.
Өткен көктемде жазушы Герольд Бельгермен сөйлесудiң ретi келдi. Сөз арсында оның Қонаев туралы пiкiрiн сұрадым.
"… Достық даңғылының тау жақ бетiнде саябақ бар. Кейде сол бақта бiраз серуендеп жүретiнмiн. Бiрде елге белгiлi жазушы екеумiз сонда бардық. Сәлден соң саябақтың кiре берiсiне ақ "Волга" келiп тоқтады. Көлiктiң артқы есiгi ашылып, iшiнен Қонаев шықты. Бiз сәлем бердiк. Телеарнадан көргенiм болмаса, бұрын-соңды осылай жақын кездескен емеспiн. Жүзiнде жылылық бар. Сәлден соң қасымдағы жазушы қитұрқы сұрақтар қоя бастады. Есiмде қалғаны – "Сiздiң кезiңiзде көптеген қазақ мектептерi жабылып қалды. Неге соған жол бердiңiз?" дегенi. Өткен ғасырдың елу үшiншi жылы наурызда КПСС ОК шаруашылықтарды iрiлендiру жөнiнде қаулысы шыққан. Келер жылдың ерте көктемiнде тың көтеру науқаны басталды. Жаңа совхоздар мен колхоздардың iргетасы қаланып, бой көтерiп жатқан. Соған байланысты солтүстiк облыстарындағы бес-он үйден тұратын бiрнеше қазақ ауылдарын тың игерушiлердiң жаңа құрылған сол колхоз, совхоздарына қосқан едi. Сол кездегi саясат қандай десеңшi. Басшылар шынының жүзiнде жүрдi. Оларға ОК-тiң шешiмiне қарсы келу қайда. Бар жағдай осы.
Әрiптесiмнiң сұрақтары орынсыз болды. Қонаев парасатты кiсi екен. Еш шамданбай сол кездегi жалпы жағдайды сабырмен түсiндiрдi. Ал әрiптесiм өшi кеткен жандай өршеленiп қояр емес. Ақыры кетiп қалды. Ал мен қалып қойдым. Қонаевпен тағы да әңгiмелескiм келдi. Бұрын өзiммен кездеспесе де шығармаларымды оқыған екен. Әңгiме барысында оның биiк парасатына, жоғары интелектуалына, бiлiм-бiлiктiлiгiне көз жеткiзiп, сүйсiнгенiм рас. Бұрын ол туралы әрқалай пайымдаулар естушi едiм. Бiреу олай айтады, бiреу былай айтады дегендей. Қазiр солардың бiрi Қонаев туралы қиғаш пiкiр айтса, менiң құлағыма кiрмес едi. Мен Қонаевтың қандай жан екенiн сол кездесуден кейiн жақсы бiлдiм. Сондай тұлғаның жүз жылдық мерейтойы өз деңгейiнде атап өтiлмесе, басшылыққа сын, әрине".
Елге еңбегi сiңген тұлғаның мерейтойын ескерусiз қалдыру көңiлге күдiк ұялатады. Қонаев әлемдiк деңгейдегi саясаткер. Кезiнде ұлттың жақсы атын шығарған бiртума. Иә, оның 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өтпесек, жоғары басшылыққа ғана емес, елдiгiмiзге де сын, ағайын.
2017 – ШЫНДЫҚ ПА, ШИ ЖҮГIРТУ МЕ?..
Осыдан екi апта бұрын НТВ телеарнасынан Руцкой секiлдi бiр топ орыс саясаткерлерiнiң пiкiрталасы көрсетiлдi. Бiр сағатқа жуық талқыға түскен әңгiме арқауының тақырыбы – "СССР-дi қорғап қалуға болар ма едi?!". Сонда басым көбiнiң пiкiрi "Иә, қорғап қалуға әбден болар едi…" дегенге сайып, себептерiн жарыса айтып жатты. Сөз ауандарынан бұрынғы заманды көксейтiндерi, өткенге өкiнiштерi көрiнiп-ақ тұр. Бәрi де: "Ресей, Украина, Белоруссия президенттерi Ельцин, Кравчук, Шушкевичтiң Беловеж келiсiмiне жол бермеу керек едi… Сол келiсiм болмағанда СССР толық сақталынып қалар едi…",– дей келiп, негiзгi себептi соған тiреп жатты.
Мызғымас одақтың iргесiнiң сөгiлiп, тарауына сол ғана себеп болды ма?! Ең басты себебi, Коммунистiк партияның орыстық шовинистiк саясатты ұстанғанында емес пе едi. Орысты ұлы санап, басқа ұлт өкiлдерiне екiншi сортты адам ретiнде қарағандары, республикалардың байлықтарын тек өз уыстарында ұстағандары, коммунистiк қоғам орнатамыз деп ұлттарды ерiксiз орыстандыруға көшiре бастауы себеп болмады ма. Бiле бiлгенге ең басты себеп осы шығар. Пiкiр таластырушылар бұл жөнiнде ауыз ашпады. Бәлкiм өркөкiректiктерi жiбермеген болар. Iсiнген жараның да әйтеуiр бiр кезде жарылары хақ қой.
Ресей Үкiметiнiң Премьер-министрi Владимир Путин жақында "Кеден одағынан – бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке" атты конференцияда: "Бiздiң алдымызда ауқымды мақсаттар тұр. Оны iс-жүзеге асырсақ, бүкiл еуроазиялық кеңiстiктегi жағдайды түбегейлi өзгертемiз. Кедендiк одақ пен Бiрегей экономикалық кеңiстiктi iске қосу – болашақта Еуроазиялық экономикалық одақтың құрылысын бастауға мүмкiндiк бередi. Бұл – интеграцияның одан да жоғары деңгейi. Кедендiк одақ елдерiнiң қолында бәрi де бар. Бұл – ең алдымен, бай табиғи ресурстар мен адам күшi. Егер осының бәрiн бiр жұдырыққа бiрiктiрсек, бiз Батыс елдерiмен терезесi тең бәсекелес атанамыз. Менiң айтып тұрғаным – асыра сiлтеу немесе мұрынды көкке шүйiру емес, нақты жүзеге асатын шындық", – дегенiн барша жұрт естiдi. Сонда Ресей Үкiметi басшысының көксегенi не? Кедендiк одақ арқылы бұрынғы үстемдiктерiне қайта қол жеткiзу ме?.. Сөз намына қарағанда солай сияқты. Ендi сақтанбай көр. Ол: "Кедендiк одақ елдерiнiң қолында бәрi де бар. Бұл ең алдымен, бай табиғи ресурстар мен адам күшi",– дейдi. Өткен жылдың соңында Мәскеуде Кедендiк одақ келiсiмiне ең соңғы рет қол қойған үш ел басшысы баспасөз-конференциясында журналистердiң сұрақтарына жауап берген болатын. Сонда Белоруссия Президентi Лукашенко жанында отырған екi ел Президентiн иегiмен меңзеп: "Белоруссия мына Ресей мен Қазақстандай табиғи ресурстарға бай емес. Бiз шамамызға қарап қимыл жасаймыз",– деп едi. Демек бұл жағынан үш елдiң әлеуетi бiрдей емес. Иә, бiздегi табиғи ресурстар Ресейден асып кетпесе де, Белоруссиядан әлдеқайда көп. Бiрақ, өкiнiшке қарай, соларды шикiзат түрiнде ғана пайдаланып келемiз. Әзiрге тауар жасау қолымыздан келмей тұр. Ендi мiне бiздегi сол табиғи байлық Ресейдiң де көз құртына айналып отыр. "Жаман айтпай жақсы жоқ". Шикiзатымызды өзiнiң экономикасының дамуына пайдаланып, бiздi Кедендiк одақ арқылы Кеңес өкiметiндегiдей өздерiне кiрiптар етiп қоймаса деңiз.
Ресей және Белорусь одақтық мемлекеттерiнiң жауапты хатшысы Павел Бородиннiң жуырда "Комсомольская правда" газетiне берген сұхбаты да көңiлге қаяу салып, күдiк туғызуда. Ол: "…Мықты мемлекет болу үшiн кем дегенде сол мемлекетте 300 миллион адам тұруы керек. Мен бұл жөнiнде В.Путинге айттым. 2013–2014 жылдары Беларусь пен Ресей бiр мемлекетке айналады.
…2017 жылы бұрынғы Одақ толық қайта қалпына келедi", – деп болжам жасаған. Және болжамына өзi сенiмдi де.
Мұны Бородин емес жай бiреу айтса, бос сөз дерсiң. Сөзiнiң түп-төркiнi жоғарыдағы Путиннiң сөзiнiң мәнiмен астасып жатса, қалай секем алмайсың. Халқымызда "Жақсының айтқаны емес, жаманның сандырағы келедi" деген нақыл бар. Өйткенi Белоруссияда аралас некеде тұрғандардың саны өте көп. Тiптi халқының жартысына жуығы десе де болғандай. Содан ба ағайынды екi ел бiрiгiп кетсе, арасында бiз жұтылып кетемiз-ау деген қауiп қылаң беруде. Алайда Белорусьтың озық ойлы ұлтжанды саясаткерлерi Ресейге "кiшi iнi" болып қосылуды қолдай қоймас.
28 шiлде 2011 жыл