Светлана ПОДОБЕДОВА: ҚАЗАҚСТАН МЕНIҢ БАҒЫМДЫ АШЫП ЖҰЛДЫЗЫМДЫ ЖАНДЫРДЫРАМАСЫН
Светлана ПОДОБЕДОВА: ҚАЗАҚСТАН МЕНIҢ БАҒЫМДЫ АШЫП ЖҰЛДЫЗЫМДЫ ЖАНДЫРДЫРАМАСЫН
Ауыр атлетикадан әлемнiң екi дүркiн чемпионы, рекордшысы, 2010 жылдың қорытындысы бойынша әлемнiң ең үздiк ауыр атлетi болып танылған
Соңғы жылдары Қазақ ауыр атлетикасының тасы өрге домалап, айы оңынан туып тұр. Жалпы, штангадан ұлттық құраманың тiзгiнiн елiмiзге есiмi белгiлi спорт қайраткерi Қайрат Тұрлыханов ұстағалы спортшыларымыз бiраз биiктердi бағындырып, құрлықтық, әлемдiк, олимпиадалық асуларды бiртiндеп жеңiп алуға кiрiстi. Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы және соңғы жетiстiктерi мен жеңiстерiне Жетiсу өңiрi штангашыларының қосқан үлесi аса қомақты. Заманында елiмiзге Сергей Филимонов сынды бiртуар дара дарынды тарту еткен Алматы облысының Үштөбе қаласында бүгiнде ауыр атлетикадан талантты жастар шоғыры қалыптасып келедi. Олардың арасында Владимир Седовтың шоқтығы басқалардан биiк. Сонымен бiрге жасөсiпiрiмдер мен жастар арасында топ жарған жас дарындар желкiлдеп өсiп, ағаларының желкесiнен төнiп тұр. Тағы бiр айта кететiн жағдай, әлемде ең үздiк деп танылып, құрлықта ешкiмге шалдырмай тұрған Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зульфия Чиншанлолар да Қазақстаннан тұрақты мекендерi етiп, Алматы облысын таңдап, барлық сынақтарда Жетiсу жерiнiң атын шығарып, Қазақстанның мәртебесiн асыруда. Соған сай өткен жылдың қорытындысында әлемнiң ең күштi ауыр атлетi атанған Светлана Подобедованың есiмi әлемге танымал. Штангашыларымыздың Жетiсу жерiне кезектi рет жолы түскенде Светланамен тiлдесудiң сәтi түскен едi. Төменде соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Света, сенiң қазақ елiне келгелi сiңiрген еңбегiң орасан. Сөз алдында, оқырмандарға түсiнiктi болу үшiн жалпы туған жерiң мен өскен өлкеңдi айта өтсең?
– Менiң балалық шағым Ресейдiң ауа райы аса қатал болғанымен, табиғатының көркемдiгi жылдың қай мезгiлiнде болсын көз тартатын орманды, көлдi Иркутск облысының аты да ерекше Зима деген шағын қалашығында өттi. Жасырары жоқ, онда үлкен қалалардағыдай балалардың бос уақытын мәндi де пайдалы етiп өткiзуiне арналған орындар саны тым аз болатын. Сонан бастауыш сыныптарда көркемөнер мектебiне барып, кесте тiгудi үйрендiм. Он бiр жасқа толғанда құрбым Таня ауыр атлетика залына ертiп келдi. Аталған спорт түрiн бiр көргенде ұнаттым да, штангамен тұрақты шұғылдануға ден қойдым. Арада бiрнеше жыл өтiсiмен қалада топ жарып, облыста оза шауып, халықаралық жарыстарда да жүлде ала бастадым. Осылайша, жеңiс жолындағы баспалдақтардан рет-ретiмен өте отырып, ел чемпионы атанып қана қоймай, Ресей құрамасының сапында екi мәрте Еуропа чемпионы атандым. Жеңiстi жолым жалғаса бередi деп ойлағанмын. Алайда алдымнан түрлi кедергiлер шықты. Оның көбi қолдан жасалған аяқтан шалулар болатын. Өйткенi Ресей құрамасында бiр салмақта шамалары деңгейлес спортшылар көп едi. Соған сай өзара бәсеке де өте күштi болатын. Ал мен бәсекенiң әдiл болғанын жақсы көретiнмiн.
– Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанға ат басын бұрып, осы елдiң азаматы атанып, ұлттық құрама сапына алынуыңыздың себебiн де осыдан iздеген жөн болар?
– Қалай болғанда да, өзiңнiң мықты екенiңдi бiле тұрып, басқаларға жол беру, екiншi нөмiрде отыру спортшылар үшiн өте ауыр. Ресей құрама командасындағы менiң басты бақталасым – өзiммен жасты Наталья Заболотная едi. Ол кезде әлем рекордшысы болатын. Кейiннен оның жетiстiгiн мен одан ары жақсартқанымды өздерiңiз де бiлесiздер. Соған қарамастан Натальяның халықаралық аренадағы карьерасы менен бiрнеше жыл бұрын басталғандықтан көбiне таңдау соған түсетiн. Өзiн өкшелеп қалған менi онша ұнатпайтын. 2006 жылы жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионатының нәтижесiнде менiң әлем рекордын жаңартып, оны артқа тастауым оның үзiлгелi тұрған шыдамын әбден тауысты-ау деймiн. Арамыз мүлде ашылып, бiр-бiрiмiздi жақтырмайтынымыз ашық бiлiнiп, көпшiлiк назарына да iлiктi. Осындай командадағы жағдай барынша шиеленiсiп тұрғанда менiң ағзамнан қолдануға тыйым салынған препарат табылды. Оны тамағыма бiреудiң әдейi салып жiберуi де мүмкiн екенiн әлi күнге жоққа шығармаймын. Соның кесiрiнен менi жарыстардан тысқары қалдырды. Ресей құрамасына жолымның жабылғанын сөздерiмен де, iстерiмен де байқатып бақты. Дiттеген мақсаттарым айқын, армандарым асқақ сияқты едi, қатты күйiндiм. Жаттықтырушым Павел Блинов қана маған деген сенiмiнiң жоғалмағанын, менен үлкен жеңiстер күтетiнiн бiлдiрдi. Шамасы жеткенше көмектестi. Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ниге шығып, әдiлетсiздiкке тап болған менiң жағдайымды айтып, ақылдасыпты. Алексей Ни менi байқап көруге келiскен екен. Ұлттық құраманың басы-қасында жүргендер бұрынғы жетiстiктерiмдi де жақсы бiлетiн болып шықты. Болашақта да сол жеңiстi жолдың жалғасатындығына сенгендiктен болар, еш кедергiсiз Қазақстан азаматшасы болып шыға келдiм.
– Сонда бiрден ұлттық құрамаға алды ма?– Дисклафикацияның мерзiмi бiтiсiмен, ұлттық құрама сапынан орын бердi. Мен Пекиндегi Олимпиада ойындарына да жақсы дайындалдым. Алайда ресейлiк спорт шенеунiктерi 2008 жылғы Олимпиада ойындарында менiң Қазақстан Республикасының намысын қорғауыма барынша кедергi жасады, түрлi себеп-салдарлар ойлап тапты және дегендерiне жеттi. Солардың кесiрiнен мен Пекинге саяхатшы ретiнде ғана бардым. Көңiл-күйiм болмады. Кешегi отандастарымның аяқтан шалғанына жүрегiм ауырды. Сонымен бiрге Қазақстан құрамасындағы басты бәсекелесiм Алла Важенинаның менiң бағындырып жүрген салмағымнан көп нашар нәтижемен Олимпиаданың күмiс жүлдегерi атануы да соққы болып тидi. Өзiм қатысқанда сөз жоқ алтын уысымда едi. Сөз басында айтып өткенiмдей, спортта жетiстiкке жеткiзетiн де, табысыңды төмендететiн де бақталастық пен бәсекелестiк. Пекиндегi күмiс жүлде қанат бiтiрген Алла мен оның жаттықтырушысы өздерiнiң менен уақытша болса да артықшылыққа ие болғандарын жиi сездiретiн. Өз кезегiнде бұл менi одан ары ширықтырып, кезi келер сәттi шыдамсыздана күттiм. Менiң сондағы жағдайымды жақсы түсiнiп, дер кезiнде көмек қолын созған Алексей Геннадьевич пен Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушы-кеңесшiсi, ауыратлетиканың бiлгiр маманы Энвер Туркеллериге үлкен рахмет айтқым келедi. Сол кiсiлердiң маған артқан үмiтi мен сенiмi және жасаған жағдайы болмаса менiң үлкен спорттағы болашақ тағдырым қалай қалыптасары белгiсiздеу едi. Сонымен бiрге Алматы облысының басшылығына да алғысым шексiз.
– Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетiп жүрiп, екi мәрте әлем чемпионы атандыңыз. Осы екi алтынның 2009 жылғы Оңтүстiк Кореядағысы мен былтырғы Түркиядағысының қайсысы сiз үшiн салмақтырақ? Қайсысын жеңiп алуда көп күш жұмсадыңыз?
– Оңтүстiк Кореяда қатты қиналғам жоқ. Өйткенi үлкен аренаға шықпай қалған бiрер жыл менi әбден ширықтырған едi. Сондықтан болар, барымды салдым және еш талассыз жеңiске жететiнiме сенiмiм де зор болды. Ал құлшыныс пен сенiм бар жерде алынбайтын қамал болмасын өмiрдiң өзi дәлелдеп жүр.
Антальяның жөнi тiптен бөлек. Мұнда менiң негiзгi бақталасым, басты бәсекелесiм Ресейдiң қос мықтысы – Наталья Заболотная және Надежда Евстюхина едi. Жарысқа келгенде байқағаным, өзара қарым-қатынасымыздағы өтiп кеткенiне бiрнеше жыл болған түсiнбестiк әлi тарқамапты. Қайта асқына түскен сыңайлы. Жарыс барысында бiрiмiзден бiрiмiз асып түсу жолында барымызды салдық. Нәтижесiнде мен оны артта қалдырдым. Марапаттаудан кейiн менi құттықтаған болды және өңiнен ол үшiн бұл қадамға бару оңайға түспегенi көрiнiп тұрды. Артынан бұл сайыстың өзiме де соншалықты ауыр тигенiн сезiндiм. Былтырғы чемпионатта өзiннiң басты қарсыласым Чао Лейден 23 келi артық көтерiп алған алтыннан биылғы жеңiс оңайлықпен келген жоқ. Бұл ретте тактикалық қулыққа жүгiнген орыс бапкерлерi тапсырыс берген салмақтарын қайта-қайта өзгертiп, менi дiңкелетуге тырысты. Заболотная мен Евстюхина қос бүйiрден қысып, бiлгенiмнен жаңылдыруға талпынды. Бiрақ менiң жүйкем оған бола сыр бермедi. Керiсiнше, әрбiр сәт сайын ширыға түстiм. Кезiнде менi Ресей құрамасына алмай, ұзақ уақыт шеттетiп келген бапкерлердiң қателiктерiн бетiне басқандай болып, зiлбатпан темiрдi бiрiнен кейiн бiрiн ырқыма оңай көндiрдiм. Жұлқып көтеру жаттығуы барысында жағдай шиеленiсе түскенде Евстюхинаның жүйкесi сыр бердi. Ол 123 келiмен шектелдi. Әрiптесiнiң орнын жоқтатпауға тырысқан Заболотная 133 келiге тапсырыс берiп, әлемдiк рекордты жаңартты. Алайда бұл рекорд өмiршең болмады. Iле-шала мiнберге көтерiлiп, 134 келiнi еркiн еңсердiм. Серпiп көтеру жаттығуында үшеумiз ұзақ уақыт үзеңгi қағыстырдық. Тағы да жоғарыдағы жағдай қайталанып, ресейлiктер менi қыспаққа алды. Бұл жолғы тартыс одан бетер шиеленiстi болды. Заболотная мен Евстюхинаның 160 келiден артыққа шамалары жетпедi. Ал мен 161 келiлiк зiлтемiрдi тiк көтерiп, екiншi мәрте әлем чемпионы атандым. Сөйтiп, жерлестерiмдi жерге қаратпадым, үш бiрдей әлемдiк рекордты жаңарттым.
– Жарыс барысында байқап жүргенiмiздей, жарысқа шыққанда да тырнақтарыңызды бояп алады екенсiз…
– Ерлердiң өзi әрең шыдайтын спорт түрiн таңдағаныммен мен де жаны нәзiк әйел затынанмын ғой. Сондықтан киiм киiсiме, күтiнуiме, жүрiс-тұрысыма барынша назар аударамын және әйелге тән дүниелерден шет қалмаймын. Киiм шкафымда спорттық киiмдер ғана iлулi тұр десеңiз қатты қателесесiз. Тойға, салтанатқа арналған көйлектер мен туфлилердiң және тағы басқа киiм-кешектiң бiразы сонда. Әттең, соларды жиi пайдаланудың ретi келе бермейдi.
– Өткен жылдың қорытындысында әлемнiң ең мықты штангашы аруы атандыңыз. Бiрақ әуежайдан тосып алғанымызда қолыңыздан осыны бiлдiретiн кубокты көре алмадық қой…
– Бiздерге үлкен алтын кубок тапсырды. Бiздер оны көтерiп тұрып, фотоға түстiк. Мен кубокты елге әкелмей-ақ Стамбулда қалдырғанды жөн көрдiм. Өйткенi бұл кубок ауыспалы. Келер жылы қайтаруға тура келуi әбден мүмкiн ғой. Сондықтан әуре болғым келмедi. Дегенмен планетаның ең күштi әйелi атану екiнiң бiрiне бұйыра бермейтiн бақыт екенi анық. Оны мен өмiр бойы мақтан тұтып өтемiн.
– Әлемнiң ең күштi аруының жүрегiн жаулаған жiгiт бар шығар? Тұрмыс құрғаннан кейiн үлкен спортпен қоштасасыз ба?
– Ондай тау тұлғалы азамат бар! Ол да үлкен спортта табысты өнерiмен көзге түсiп жүрген жан. Қазiр есiмiн айтпай-ақ қояйын. Бiрақ оны қазақстандықтар өте жақсы бiледi. Мен дүкенге тым жиi барамын ғой, сонда ғана шыдамсыздық танытқаны болмаса, өзара түсiнiстiгiмiз өте жақсы. Болашақ туралы жақсы жоспарлар мен жарқын болжамдарымыз да бар. Оның жүзеге асар-аспасын уақыт көрсетедi.
Тұрмыс құрсам да спортпен бiразға дейiн қоштаспаймын деп ойлаймын. Менiң алға қойған мақсатым – келер жылы Лондонда жалау көтеретiн Олимпиада ойындарында өнер көрсетiп, жеңiс тұғырына көтерiлу, олимпиаданың алтын алқасын иелену. Сондықтан қазiргi кезде бар назарым мен күш-жiгерiмдi осы жылдың қазанында Францияда өтетiн лицензиялық әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуге жұмсаудамын. Әлемнiң үш дүркiн чемпионы атану жоспарымда бар. Амандық болып, ойға алғандарым орындалса, әйелдер арасындағы ауыр атлетика тарихында үш рет дүние жүзiн мойындатқан штангашы атанамын. Бұл тамаша болар едi. Менiң бағымды ашып, жұлдызымды жандырған Қазақстан үшiн де үлкен жетiстiк болып саналары сөзсiз. Оған жетуге тамаша мүмкiндiк те бар. Өзiмнiң де дайындығым жаман емес. Қазақстанның кейiнгi жылдары ауыр атлетикада қол жеткiзген табыстары арқасында әлемде бiздiң елдiң абыройы барынша артты. Барлығымыз бiлетiндей, Ташкентте өткен Азия ауыр атлетика федерациясының Бас ассамблеясында федерацияның жетекшiлiгiнде бiздi қуантқан жаңалық тiркелдi. Бiздi жеңiстерге бастап жүрген Қайрат Тұрлыханов ағамыз аса беделдi осы ұйымның вице-президентi болып тағайындалды. Сондықтан қандай деңгейде болсын қолдаушымыз бар деген сенiм бiздiң жеңiске деген жiгерiмiздi арттыра түседi, жаңа жеңiстерге бастайды.
– Сұхбат соңында өзiңiздiң әр жеңiсiңiзге шын жүректерiмен қуанып, қолдап отыратын Жетiсу жерiнiң жұртшылығына айтарыңызды бiлсек деп едiк…
– Шынымды айтсам, қазiргi кезде менiң жүрегiмде Қазақстанға, оның халқына деген ризашылық сезiмi басқалардың барлығынан басым. Оның iшiнде шет елдердегi әр жеңiсiмнен соң алыссынбастан Алматыдағы әуежайға тайлы-тұяғына дейiн жиналып, алақайлап, ақ жарылып қуанып қарсы алатын Жетiсу жұртшылығына деген құрметтiң басқалардан биiк тұрғаны сөзсiз. Мереке сайын төбелерiне көтеретiн қазақстандықтарға алдағы кезде үлкен жеңiстер сыйлайтыныма сенiмдiмiн. Бiздер әлi әлемнiң, Олимпиаданың чемпионы деген атақты бiрлесе тойлайтын боламыз.