Жаңалықтар

АҚБИДАЙ ЖАЙҚАЛҒАН АЛҚАПТА

ашық дереккөзі

АҚБИДАЙ ЖАЙҚАЛҒАН АЛҚАПТА

Екi жыл бойы аңызақ тұралатқан Жайық өңiрi биыл ерекше жайнап тұр. Мамыр және маусым айында ұдайы төккен нөсер жауын мен қоңыржай ауа-райы жасыл балауса мен егiннiң бiтiк шығуына септiгiн тигiздi. Қазiр шiлденiң шiлiңгiр аптабы мен аңызағының бой ұрып тұруына қарамастан, пiшеншi және диқан қауымының келешекке үмiтi үкiлi.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәлiметтерге қарағанда, биыл Жайық өңiрiндегi 400 мың гектарға жуық егiн алқабында масақтар жайқалып тұр. Соның 300 мыңдайы бидайдың үлесiне тиедi. Мамандардың айтуынша, әзiрге бидай гектарына 9, соның iшiнде күздiк бидай 8,8, ал арпа 9,5 центнер өнiм беруi мүмкiн. Әрине, бұл алдын ала жасалған болжам ғана. Өйткенi алда әлi шiлде айының жартысы жатыр. Оның диқан қауымға қандай «тосынсый» жасары бiзге белгiсiз.

– Әрине, – дейдi өз сөзiнде облыстық «Батыс «Агросервис» ЖШС-нiң агрономы, тәжiрибелi маман Николай Зинченко, – қандай да болсын, тұжырымды және кесiмдi көрсет кiштi айтуға әлi ерте. Солай десем де, күздiк бидайдың кейбiр алқаптарының егiн ору кезiнде гектарына 25, арпаның сондай алқаптарының гектарына 15 центнерден өнiм берерiне үмiт артқым келедi. Жасыратыны жоқ, былтырғы құрғақ күз бен биылғы қатал қыс күздiк бидайға мейлiнше зиянын тигiздi. Қазiргi егiн алқаптарының «ала-құлалығы» да соның салдарынан.

Николай Зинченко әңгiмесiнде тағы бiр қауiптенер жәйттi жасырған жоқ. Егер шiлде айындағы қапырық аса күштi болса, егiн алқаптарында жайқалып өскен бидайдың қауызы болғанымен, iшiнде дәнсiз пiсiп-жетiлу жағдайының ықтималдығы басым. Егер жағдай қалыпты болып, шiлде аса бiр апшыны қуырмаса, онда арпа-бидайды бөлектеп ору (свал) осы айдың ортасында басталуы тиiс. Өйткенi ол мейлiнше тиiмдi әдiс. Әрине, тiкелей ору да назардан тыс қалмайды. Сонан кейiн, айдың соңында және тамыздың басында бiртiндеп егiн орағы жаппай күшiне енбек.

Жас маман, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егiн шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы Денис Омашевтың пайымдауынша, биыл жемшөп дайындау науқанының қарқыны былтырғыға қарағанда, анағұрлым жоғары және барынша өнiмдi. Өңiрiмiздегi шаруа қожалықтары және өзге де агробiрлестiктер жылдық жоспар бойынша 950 мың тонна жасыл балауса дайындауы тиiс болса, күнi бүгiнге дейiн соның 185 мың тоннасы шабылып, тайланып, тасылып, қысқы мал орнына жеткiзiлдi. Яғни бас маманның есептеуiнше, жылдық көрсеткiштiң қазiр 20 пайыздайы орындалды. Әзiрге шабылған шөптiң өнiмi – гектарына 4,6 центнерден. Рас, бұл көрсеткiштiң күн өткен сайын төмендей беретiнi де сөзсiз. Соған қарамастан, ақжайықтықтар биыл алдағы мал қыстату науқанына берiк жемшөп қорын жасақтап алу мақсатында белiн бекем буып отыр. Пiшен шабу, өнiмдi жинау және қыстаққа жеткiзу барысында Бөрлi және Жәнiбек аудандары мен Орал қаласының шаруашылықтары алда келедi. Олар қазiрдiң өзiнде тиесiлi жасыл балаусаның жылдық қорының жартысын үйiп, жинап алды.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ