Ерлан АЙТАХАНОВ, Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары: КӘСIПКЕРЛIКТI ӨРКЕНДЕТУДЕ
Ерлан АЙТАХАНОВ, Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары: КӘСIПКЕРЛIКТI ӨРКЕНДЕТУДЕ
ОҢ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗДIК
Оңтүстiк Қазақстан облысында кәсiпкерлiк нысандардың саны өзге өңiрлермен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Және оның жыл санап тұрақты түрде артып келе жатқанын мамандар жақсы нышанға балап отыр. Облыста кәсiпкерлiк нысандарға қолдау көрсетудiң қандай тетiктерi бар? Ол қалай жүзеге асуда? Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтахановпен арадағы сұхбатымыз осы мәселеге арналды.
– Ерлан Қуанышұлы, Елбасы биылғы Жолдауында орта және шағын кәсiпкерлiктi дамытуға, қолдауға айрықша мән берiп отыр. Облыста бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елбасы өзiнiң жыл сайынғы Жолдауында экономиканың шикiзаттық емес секторларын дамыту, инновация мәселесi көптараптандыру туралы мiндеттерге басым бағыт берiп келедi. Осы бағытта егемендi елiмiздiң әрбiр тұрғынының әл-ауқатын арттыру үшiн жағдай жасай отырып, экономика саласына қарқын беруде кәсiпкерлiктiң рөлi өте маңызды. Бүгiнде ел экономикасы мен әлеуетiне үлес қосып, дамыған аймақтардың көш басында келетiн Оңтүстiк Қазақстан облысында шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытудың экономикалық көрсеткiштерiнiң өсу деңгейi тұрақты. Жыл сайын облыста кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны артып, бүгiнгi таңда 115 мыңнан астам бiрлiктi құрады. Оларға мемлекет тарапынан қаржылай және ақпараттық – консультативтiк көмек көрсетiлуде.
2010 жылдың тамызында «Бизнестiң жол картасы – 2020» мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру басталды. Бағдарлама шеңберiнде кәсiпкерлерге екiншi деңгейдегi банктермен 14% несие беру қарастырылған. Оның 7%-ы несие алушы тарапынан, қалған мөлшерi мемлекеттiң есебiнен төленуде. Сондай-ақ кәсiпкерлiктi қаржы, заң, маркетинг және кәсiпкерлiктiң жүргiзуi мен дамытуының тағы басқа мәселелерi бойынша сервис консультациялық қолдау көрсетiледi.
Өткен жылдың қорытындыларына сүйенсек, Оңтүстiк Қазақстан облысы бағдарламаларды iске асыру бойынша республикада алдыңғы орынға шықты. Бiз бүгiнде екiншi деңгейдегi банктерде көшпелi мәжiлiстердi өткiзу, бұқаралық ақпарат құралдарында мәлiметтер жариялау, сонымен қатар кәсiпкерлермен келiссөздер жүргiзу жолында оң тенденцияға қол жеткiздiк. Сондай-ақ, осы жылдың басынан қазiргi уақытқа дейiн облыстың аймақтық үйлестiру кеңесiмен құны 5,3 миллиард теңгеден асатын 17 жоба мақұлданды.
Облыстағы сәттi жоба — «Максимум» Аймақтық инвестициялық орталығы» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi Қазақстан бойынша теңдесi жоқ қаржы институты болып саналады. Биылғы 1 қаңтардан бастап 31 мамырға дейiнгi жағдай бойынша аталған инвестициялық орталыққа 4,2 млрд. теңгенiң көлемiнде 2217 сұраныс түскен. Оның iшiнде жалпы құны 3,1 млрд. теңгенi құрайтын 1829 жоба мақұлданды. Бұлардың 99 пайызы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Нәтижесiнде 3494 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Оның iшiнде бүгiнге 891 жаңа жұмыс орны ашылып, салық төлемдерi 25,6 млн. теңгенi құрады. Сондай-ақ, 1374 жоба 1,5 млрд. теңгеге қаржыландырылды.
– Облыста кәсiпкерлiк жолға жаңадан қадам жасағандарға қолдау көрсетуге бағытталған бiрқатар мемлекеттiк бағдарламалар орындалу үстiнде. Олардан қандай нәтиже күтемiз?
– Республика бойынша жақында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының «Ауылдағы кәсiпкерлiктiң дамуына жәрдемдесу» бағыты iске қосылды. Оған облыста 123 млн. теңге қарастырылған. Аталған қаржы микронесиелердi беруге, инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, консультациялық қызметтер көрсетуге, кәсiпкерлiктiң негiздерiне үйрету жұмыстарына бағытталады. Алайда несие тұтынушының жеке мақсаттарына, алдыңғы қарыздарды өтеуiне және тұрғын үй секiлдi жылжымайтын мүлiктi алуына берiлмейдi. Мерзiмi – 5 жыл, максималды сомасы 3 миллион теңгеден аспайды. Бағдарлама пилоттық жоба екендiгi ескерiлiп, оның iске асырылуы маусым айынан басталды.
Биылдан бастап «өнiмдiлiк — 2020» мемлекеттiк бағдарламасы басталады. Бұл бағдарлама орта және iрi кәсiпорындарды жаңғырту және қаржылай сауығуына бағытталған. Ол екi бағыт бойынша iске асырылмақ. Бiрiншiсi – жаңа бизнес – әрекеткерлердi қолдау және әрекеттегi кәсiпорындардың жаңғыртуын қамтиды. Екiншi бағыт – жаңғыртудың алдында кәсiпорындардың сауығуына дайындық кезеңi ретiнде қарастырылады. Алдын ала тексерулер нәтижесi кәсiпорындардың 20 пайызы сауығусыз қайта жаңғыра алатынын, ал 80 пайызы кәсiпорындар алдымен сауығу, тек қана содан соң жаңғыртуды талап ететiнiн көрсетедi. Аталған бағдарлама облыстарда әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациялары арқылы жүзеге асырылады.v– Былтырдан берi Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан Индустриялдық аймақтың келешегi туралы не айтуға болады?
– Облыс әкiмдiгiмен бұрынғы фосфор зауытының аумағында «Шымкент қаласының Индустриалдық аймағын құру» жобасының мақсаты – ауқымды инвестициялық жобаларды iске асыру, отандық және шетелдiк инвесторларды тарту, өнеркәсiп саласындағы шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту, қаланы сұранысқа ие тауарлармен қамтамасыз ету, қазақстандық қамтуды арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетiн салық түсiмдерiн арттыру болып табылады. Сондықтан мұнда инвесторларға қажеттi барлық инфрақұрылымдар мемлекет есебiнен тартылып жаңартылуда. Бұған 2010 жылы инфрақұрылымдарды жаңарту үшiн 601,5 млн. теңге бөлiнсе, биыл қосымша тағы 1512,0 млн. теңге қаржы бөлiнбекшi. Қазiр мұнда 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құн 10 млрд. теңгеден асатын жобалардың есебiнен жаңадан 1700 жұмыс орнын ашу жоспарланып, бюджетке жылына 800 млн. теңге көлемiнде салық түсiмi көзделуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесiнде, 2010 жылы өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 13,3 пайызды құрап, белсендi шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны артып, тұрғындарды еңбекпен қамтуда облысымыз республикада алдыңғы орынды иелендi.
– Табиғаты тамаша оңтүстiкте туризм кенжелеп қалған. Биыл бұл жөнiнен арнайы iс-шара бекiтiлетiн болып, бюджеттен қаржы қаралғанынан хабардармыз. Қандай жұмыстар жасалынбақ?
– «Оңтүстiк Қазақстан облысының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасын» орындау барысында туризм саласы бойынша облыс әкiмi жанындағы экологиялық тәрбие және спорттық – экологиялық туризмдi дамыту жөнiндегi Қоғамдық кеңеспен бiрлесе, облыс әкiмiмен 2011 жылға арналған iс-шаралар жоспары бекiтiлген. Жоспар бойынша 48 млн. теңге бөлiнiп, республикалық деңгейде 8, облыстық деңгейде 19 iс-шара қарастырылған. Тарқатып айтар болсақ, туристiк бағыттар мен инфрақұрылымды дамыту мақсатында Австрияның «Kohl & Partner» компаниясына тапсырыс негiзiнде шебер-жоспар (мастер-план) кешендi жоба дайындалуда. Облыс көлемiндегi үздiк туристiк маршруттарды анықтау мақсатында экологиялық, зиярат жасау, демалыс және аң аулау туристiк бағыттарының облыстық байқауы ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған iшкi туризм бағыттарын насихаттау мақсатында «Қазығұрт – қазақ рухының шыңы» атты мектеп оқушылары арасында экологиялық акция, сенбiлiк өткiзудi жоспарлаудамыз. «Қаратау» мемлекеттiк табиғи қорығына ақпараттық тур, «Менiң Отаным – Қазақстан!» республикалық туристiк жорығының облыстық кезеңi ұйымдастырылмақ. «Оңтүстiк табиғаты» атты экологиялық байқауы, «Бiздiң таулар» фестивалi, «Менiң туған өлкем» атты облыстық фотобайқауы өтедi. «Оңтүстiк Қазақстан облысының туристiк мүмкiндiктерi туралы» үш тiлде журнал, буклеттер мен арнайы бейнефильмдер дайындалады. Өңiрдегi туризмдi насихаттау үшiн республикалық және шетелдiк халықаралық көрмелерге қатысуды ұйымдастыру да қарастырылған.
Одан басқа, Елбасының биыл 17 сәуiрде өткен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысының хаттамалық тапсырмасына орай, облыс аумағында туризм саласы бойынша Туризм және спорт министрлiгiне «Көне Отырар» бойынша 5 жоба, «Ежелгi Түркiстан» – 5 жоба, Шымкент қаласы мен Сайрам ауданында бiр-бiрден туристiк нысандар салу жөнiнде барлығы – 12 инвестициялық жоба ұсынылды.
– «Таза су» бағдарламасынан кейiн «Ақ бұлақ» бағдарламасы жұмыс iстей бастады. Бұған дейiнгi кемшiлiктер мен қателiктердi қайталамас үшiн не iстеу керек?
– Ол үшiн әрбiр жоба-сметалық құжаттарда мiндеттi түрде барлық тиiстi мекемелердiң (Жерасты суы қорын пайдалану, Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетiнiң немесе өңiрлiк филиалдарының хаттамалары) қорытындылары талапқа сай болуы керек. Тартылған құбырлар әр үйдiң ауласына дейiн жеткiзiлуi, су есептегiш құралдарының орнатылуы жобаға енгiзiлуi тиiс. Осы мiндеттемелер орындалмаса, жоба-сметалық құжаттар қаржыландырылмайды.
– Тұрғын үй мәселесi толық шешiмiн тапқан жоқ. Банктерден несие алуға пайыздық ставкасы әлi жоғары. Бұл әсiресе жас мамандарға қиын. Мұны қалай шешу керек деп ойлайсыз?
– Мемлекеттiк бағдарламаның аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ ОҚО филиалымен бюджеттiк кредиттер есебiнен жалпы сомасы 4 644,51 млн. теңгеге 1054 заем берiлдi. Категориялар бойынша оның 116-сы жас отбасыларға, 421-i мемлекеттiк қызметкерлерге, 211-i мемлекеттiк кәсiпорын қызметкерлерiне, 306-ы мемлекеттiк мекеменiң қызметкерлерiне арналған. Сонымен қатар, Елбасының «Жас маман» бағдарламасы аясында, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ ОҚО филиалымен 2007 жылдан бастап ауылдық жерлерге жұмысқа жолданған жас медицина мамандарымен бүгiнгi таңға дейiн 257 тұрғын үй құрылыс жинақ шарты жасалынды. Оларға облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы қаражат аудару қаралуда және де төменгi пайыздық мөлшермен (4,5%) аталған банк көмегiмен үй сатып алуларына мүмкiндiктерi бар. Ал Шымкентте «Нұрсәт» шағын ауданында жалпы ауданы 40 828,5 шаршы метрдi құрайтын, 657 пәтерден тұратын тоғыз қабатты 10 тұрғын үй салынбақ. Жыл сайын осы бағдарлама аясында 500 пәтер салу көзделуде.
2010 жылдың желтоқсан айында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ мен Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгi арасындағы әрiптестiк туралы келiсiмге қол қойылды. Бұл келiсiмнiң ерекшелiгi, құрылыс әкiмдiк тарапынан жүргiзiледi, яғни тұрғын үйдiң салынып, пайдалануға берiлуiне жергiлiктi билiк жауапты. Екiншiден, «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкi» АҚ салымшыларының қаражаттары құрылысты қаржыландырмайды. Керiсiнше өз шоттарында сақталып, үйлерi пайдалануға берiлгенде ғана сол уақытқа дейiн жинаған тұрғын үй құрылыс жинағы және банк берген тұрғын үй заемы есебiнен сатып алады. Үшiншiден, тұрғын үй заемы бойынша төмен пайызы (4,5), азаматтардың отбасылық бюджетiне қаржы жағынан салмақ түсiрмейдi.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесiне қатысушылар қатарын көбейту мақсатында, Үкiмет тарапынан 2012 жылға 26 млрд. теңге бюджеттiк несие бөлiнгелi отыр. Соның есебiнен банк өз қаржыларын да қосып, халыққа аралық және алдын ала берiлетiн несиелерiн 7-9 пайызға төмендетуге мүмкiндiк алады.
Сұхбаттасқан Асылбек ДОСАЛЫ