ӘКIМНIҢ YШ КYНI

ӘКIМНIҢ YШ КYНI

ӘКIМНIҢ YШ КYНI
ашық дереккөзі

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Өндiрiстiк қала – Қарағанды да республикамыздың басқа өңiрлерi сияқты Тәуелсiз Қазақстанның 20 жылдығына ерекше сый-тартулар әзiрлеуде. Ендi бiрер айдан кейiн жалпықазақстандықтар тойлайтын осынау мерейлi мереке қарсаңында пайдалануға берiлетiн әлеуметтiк нысандардың құрылысын бақылап, байқау үшiн облыс әкiмi Серiк Ахметов ат басын қаладағы №1 емханаға тiредi.

Бiр ауысымда 480 адамды қабылдап, ем жүргiзуге арналған емхананың сметалық құны 356,8 млн. теңгенi құрайды екен. Облыс әкiмiне «Парасат-сервис» компаниясының басшылығы хабарлағандай, бүгiнгi күнге дейiн мұнда қабырғаларды тұрғызу бойынша жұмыстардың 90 пайызы орындалып, ендi сыртқы қабырғаларды жылыту жұмыстары жүрiп жатыр. Сондай-ақ iшкi-сыртқы баспалдақтар салынып, құрал-жабдықтар мен жарыққа арналған қуат кабельдерi тартылуда. Жалпы, құрылыс үстiмiздегi жылдың қазан айында толық аяқталуға тиiс.

Аймақ басшысы облыстық кардиохирургиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогының құрылысында да болды. Сметалық құны, шамамен 1,8 млрд. теңгенi құрайтын бұл орталықта 6 операциялық зал мен 18 төсектiк реанимациялық бөлiмше орналасатын болады. Қазiрдiң өзiнде ғимарат қорабын монтаждау, жылу жүйесi, кәрiз, суық-ыстық сумен қамтамасыз ету жүйелерiн тарту жұмыстары аяқталыпты. Сондай-ақ жаңа мешiт құрылысы да қарқынды жүргiзiлуде. Электр монтаждау жұмыстары аяқталған бұл мешiттiң екi мұнарасының металл конструкциялары 27,8 м. биiктiкке дейiн орнатылды. Шатырды жабу, iшкi жылу желiлер, су құбырлары мен кәрiз, күмбездердi жылыту, қасбетiн мәрмәр таспен қаптау сияқты жұмыстар атқарылып жатыр. Ол нысан да қараша айына жоспарлануда.

«Бiтер iстiң басына жақсы келер қасына» демекшi, осындай шаруалардың ертеңгi күнi халық игiлiгiне қызмет ететiнiн ескерiп, риза болған облыс басшысы одан кейiн Бокс, Теннис орталықтары, Мұз айдыны сарайы мен Тәуелсiздiк алаңдарында болып, бiраз уақыт бұрын берiлген тапсырмаларының орындалуы туралы мердiгер ұйым басшыларының есептерiн тыңдады.Тәуелсiздiктiң мерейлi тойының алдындағы бiтуге жақын қалған қала құрылыс алаңдарымен танысып, көңiлi марқайған аймақ басшысы бюджеттiк мекемелерде қызмет iстейтiн жас отбасыларға Ермеков көшесiндегi жаңа үйден пәтер берiп, ресми түрде кiлттерiн тапсыру рәсiмiне қатысты.

– Ел Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев тұрғындар үшiн қолжетiмдi әрi сапалы баспана – бiздiң мемлекетiмiздiң аса маңызды басымдықтарының бiрi болып қала беретiндiгiн үнемi айтып келедi,– дедi облыс әкiмi салтанатты рәсiмде. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қарағанды облысында елiмiздiң басқа өңiрлерiндегiдей халықтың әлеуметтiк мәселелерiн шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келедi. Денсаулық сақтау, бiлiм беру және әлеуметтiк қамсыздандыруды дамытумен қатар, тұрғындардың әлеуметтiк қорғалатын топтарына арналған тұрғын үй құрылысына да үлкен көңiл бөлiнедi. Соғыс және еңбек ардагерлерi, мүгедектер, жетiм балалар, көпбалалы отбасылар, бюджеттiк мекеме қызметкерлерi дәрiгерлер, мұғалiмдер, мемлекеттiк қызметкерлер мен әскерилер аталмыш санатқа кiредi.

Өңiрде тұрғын үй құрылысының мемлекеттiк бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылу үстiнде. Тек соңғы бес айда 115 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлсе, оның iшiнде осы Ермеков көшесiнiң бойындағы жалпы аумағы 12,6 мың шаршы метр жердi алып жатқан 198 пәтерлiк үйдi де атауға болады.

– Мұндай қуанышты оқиғаның ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орайлас өтiп жатқаны баршамыз үшiн өте маңызды. «Тойға шашу» боларлық осындай игi де нақты iстерiмiз, оның iшiнде тұрғын үй құрылысында да жақсы жетiстiктер болып жатуы тiптi қуанарлық жәйт. Жаңа үй сiздер үшiн жайлы әрi ыңғайлы болады деген сенiмдемiз,– дедi аймақ басшысы қоныс иелерiне.

***

Сол сияқты облыс әкiмi Серiк Ахметов мырза тек қана тойдың емес, қыс қамының да назардан тыс қалмауын, Арқаның аязын осы бастан ескергендi жөн санап, биылғы қыстан да қысылмай өту үшiн жөндеу жұмыстары жүрiп жатқан Темiртау қаласының энерготораптарындағы жағдай туралы қала әкiмi Нұркен Сұлтанов, «Оқжетпес» ЖШС директорының мiндетiн атқарушы Вадим Басин, «Қарағанды Жарық» ЖШС бас директоры Нұрдан Иманов, «Bassel Group LLS» ЖШС бас инженерi Александр Нечепоренко, энергияны қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң Қарағанды облысы бойынша басқармасының бастығы Владимир Винель мырзалардың хабарламаларын тыңдады.

Жаңа жылыту маусымына 442 көпқабатты тұрғын үй, 49 бiлiм беру, 5 денсаулық сақтау нысандарының қысқа дайындығы жайлы аталып өтсе, кейбiр жылу, су құбырлары және жылу беру желiлерiнде, шағын станцияларды жөндеуде кестеден кешiгiп жатқандары да кеңес барысында аталып өттi. Бұл мәселелер жөнiнде қала басшыларына тапсырмалар берiлiп, ескерту жасалынды.

Бұдан кейiн ЖЭО-2-дегi жөндеу жұмыстары туралы «АрселорМиттал Темiртау» АҚ-ның бас энергетигi С.Утпаев мәлiмдегендей, станцияны жөндеуге бөлiнген 1 млрд.345 млн. қаржының есебiнен №4 қазандыққа күрделi жөндеу, №6 қазандыққа ағымдағы жөндеу және №3 және №4 турбиналарға кеңейтiлген ағымдағы жөндеу жасалған. Бұл жұмыстардың бәрi қыркүйек айының 1 жұлдызында бiтуi керек. Сондай-ақ, мәжiлiсте облыс әкiмдiгi мен «АрселорМиттал Темiртау» АҚ-ның арасында биылғы жылдың қаңтарында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумның орындалу барысы да қаралды. Аталмыш мәселе бойынша кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасы бастығының мiндетiн атқарушы Ғалымжан Жұмасұлтановтың есебi тыңдалды. Бұл Меморандумда құны 1 млрд. 784 млн.теңге болатын 32 тармақ атап көрсетiлген болса, бүгiнде оның 480 млн. теңгенi құрайтын 5 тармағы ғана орындалған. Атап айтсақ, Темiртау мұражайының құрылысына 300 млн. теңге аударылған. Ұлы Отан соғысының 617 ардагерiне 32 млн. теңге көлемiнде материалдық көмек көрсетiлдi. 120 млн. теңгеге «Шахтер» футбол клубы қаржыландырылды. Тәттiмбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрiнiң әртiстерiне жекелеген үстемақы қосу үшiн 18,2 млн. теңге мөлшерiнде грант бөлiндi. Сол сияқты Темiртау қаласын көгалдандыруға 10 млн. теңге берiлген. Бұдан басқа Меморандумның 8 тармағы жүзеге асырылу барысында, ал қалған 19 тармақ бойынша қаржыландыру кестесiнен артта қалушылық аңғарылады. Осыған орай Серiк Ахметов «АрселорМиттал Темiртау» АҚ басшылығына қаржыландыру кестесiнiң орындалуын қамтамасыз етудi, ал кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасына Меморандумның жүзеге асырылуына тұрақты мониторинг жүргiзiп отыруды тапсырды.

***

Жоғарыдағы қала тұрғындары үшiн жасалынып жатқан, әлде де жүзеге асуға тиiс мiндеттердi белгiлеп алған облыс басшысы облыс өңiрiндегi кадр мәселелерiн де тiлге тиек еттi. Ол өз өтiнiшiне байланысты және Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен Медебаев Советбек Тұрсынұлының Сәтпаев қаласының әкiмi қызметiнен босатылып, оның орнына Жезқазған қаласы әкiмiнiң орынбасары Шыңғысов Бауыржан Қабденұлының бекiтiлгенiн мәлiм еттi. Мемлекеттiк қызметтегi осындай ұсыныстарымен әкiм Қарағанды қалалық мәслихатының сессиясына қатысты.

– Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмi бойынша Сергей Касимов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Октябрь ауданының әкiмi қызметiнен босатылды, – деп хабарлады облыс әкiмi. Бұл қызметке сiздердiң келiсiмдерiңiздi алу үшiн Қарағанды қаласы әкiмiнiң орынбасары Нұрлан Әубәкiровтiң кандидатурасы ұсынылады.

Аудан алдында үдемелi индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, аумақты абаттандыру сынды ауқымды мiндеттер тұр. Әрi биылғы жыл Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы екенiн ескерсек, жауапкершiлiктiң еселеп арта түсерi анық. Осының бәрiн ескерген облыстық мәслихат депутаттары аймақ басшысының ұсынған кандидатына бiрауыздан дауыс бердi.

– Сонымен қатар, Майқұдық автостанциясынан Солтүстiк өнеркәсiптiк аймақта орналасқан жаңа кәсiпорындарға барар жолды жөндеу, қаржының тапшылығынан жылдар бойы қаңтарылып тұрған құрылыс алаңдарын ретке келтiру, сондай-ақ санитарлық нормалар мен сәулеттiк талаптарға сай келмейтiн аудандағы базарлар жайын да үнемi бақылауда ұстау керек,– дедi жиын соңында облыс әкiмi.