АЙТА-АЙТА ЖАУЫР БОЛҒАН АУЫЗСУ

АЙТА-АЙТА ЖАУЫР БОЛҒАН АУЫЗСУ

АЙТА-АЙТА  ЖАУЫР  БОЛҒАН  АУЫЗСУ
ашық дереккөзі

Оңтүстiкте бұрын-соңды болып көрмеген жағдай – облыс әкiмдiгi аудан, қалалардағы халықты ауыз сумен қамтамасыз ететiн мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындарға су жаңа техникалар сатып алып бердi. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 954 миллион теңге бөлiнген. Су жаңа техникалардың саны – 221. Оның iшiнде автокрандар, экскаваторлар, тракторлар, автокөлiктер, жылжымалы дәнекерлеу аппараттары, қондырғылар, станоктар бар. Оларды иелерiне облыс әкiмi Асқар Мырзахметов Шымкенттегi орталық алаңда салтанатты жағдайда табыс еттi.

Жалпы бiр айта кетерi, облыста соңғы бiр-екi жылдың көлемiнде ауыз су саласында атқарылған тiрлiк көп. Бұл салаға бөлiнген қаржы да бұрынғы жылдармен салыстырғанда еселеп артты. Елдi мекендердегi ауыз сумен қамтамасыз ету қызметiнiң сапасы жақсарды. Аудан-қалалардағы ауыз сумен жабдықтаушы мекемелерге қойылған талап та күшейдi.

– Коммуналдық шаруашылық маңызды саланың бiрi. Осы салаға қазiр ерекше көңiл бөлiп отырмыз. Ауыз су жүйесiн жақсарту үшiн бiз алдымен аудан, қалалардағы коммуналдық кәсiпорындардың жұмысына баға бердiк. Соның нәтижесiнде жұмыс iстемей тұрған 96 коммуналдық кәсiпорынның 90-ы қысқартылды. Қалғандарының мәселесi жақын арада шешiледi. Сонымен бiрге, кәсiпорындарды оңтайландыру, штаттық кестесiн қайта қарау, әкiмшiлiк шығындарын қысқарту шаралары да жүргiзiлдi. Тиiмдi жүйенiң нәтижесiнде қазiр коммуналдық шаруашылық кәсiпорындарының табысы 500 миллион теңгеге жетiп отыр. 2009 жылы ол 5-10 миллион теңгенiң төңiрегiнде болатын, – дедi облыс әкiмi Асқар Исабекұлы салтанатты шара барысында.

Облыс басшысының айтуынша, бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлiп, 221 техника сатып алудағы мақсат та тиiмдiлiктен туындап отыр. Жаңа техникалардың арқасында бюджеттiң қаржысы үнемделедi, атқарылатын қызметтiң сапасы жақсарады.

– Оңтүстiк Қазақстан облысында халық тығыз қоныстанған. Облыста 900-ден астам елдi мекен бар. Елдi мекендердегi ең басты мәселенiң бiрi – ауыз су. Облыста ауыз суды құбыр арқылы iшетiн елдi мекендердiң саны 512-ге жеттi. Осыдан екi жыл бұрын 44 елдi мекен ғана суды тәулiк бойы тұтынатын. Қазiр тәулiгiне 24 сағат су iшетiн елдi мекендердiң саны 186-ға жеттi. Алдағы уақытта 512 елдi мекенге су түгелдей үздiксiз берiлетiн болады, – дедi облыс басшысы.

Жаңа техникалардың күтiп-ұсталуына аудан – қала әкiмдерi тiкелей жауапты болады. Облыс басшылығы тарапынан осындай қатаң талап қойылып отыр. Облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Берiк Оспановтың айтуынша, жаңа техникалардың елдi мекендердегi ауыз су жүйелерiн ағымдағы жөндеуден өткiзуге толығымен шамасы жетедi. Яғни алдағы уақытта қазынадан осы мақсатқа бөлiнетiн шығындардың көлемi азаяды деген сөз.

– Техникалар аудан, қалалардың сұранысына қарай бөлiнiп берiлдi. Олар өз құнын бiр-екi жылда ақтайтын болады. Егер күтiмi жақсы болса, ауыз су саласында 15-20 жыл бойы қызмет етедi, – дедi Берiк Серiкұлы.

Салтанатты шараға қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Аманолла Раманқұлов алдағы уақытта жергiлiктi әкiмдiктер де өз бюджеттерiнен коммуналдық шаруашылық мекемелерiне қаржы бөлiп, олардың жоқ-жiтiгiн түгендеуi тиiс дегендi айтты.

Жалпы, Оңтүстiк Қазақстан облысы биылғы жылды Ауыз су жылы деп жариялағаны белгiлi. Облыс республикада мемлекеттiк «Таза су» бағдарламасын ойдағыдай орындаудан алғашқы үштiкке iлiнген болатын. Биыл 108 елдi мекенде ауыз су құрылысы басталады. Оның нәтижесiнде 320 мың тұрғын таза сумен қамтамасыз етiледi. Жыл соңына қарай облыста су құбырларымен қамтамасыз етiлген ауылдардың саны 582-ге жетедi деген жоспар бар. Облыс әкiмiнiң тапсырмасы бойынша биыл абоненттердi су есептегiш құралдармен толық қамтамасыз ету, құбырлары бар елдi мекендерге суды тәулiгiне 24 сағат беру мәселесi толығымен шешiлуi тиiс.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ