Жаңалықтар

«ТАРЛАНБОЗДАР»

ашық дереккөзі

«ТАРЛАНБОЗДАР»

"Қазақ жерi баяғыдан-ақ батырлар мен палуандарға кенде болмаған. Тiптi берiректегi күш атасы Қажымұқан әлемге қазақты танытты. Неше дүркiн күрестен әлем чемпионы болды. Балуаншолақ: "Көтердiм 51 пұт кiрдiң тасын" деп кеткен. Құдайға шүкiр, қазiр де мықтыларымыз аз емес" деп басталыпты жас журналист Бақтияр Қабасовтың "Тарланбоздар" кiтабы.

Жуырда ғана "Жаухар" баспасынан жарық көрген Бақтияр Қабасовтың "Тарланбоздар" кiтабында есiмдерi қазақ спортының тарихында қалған, майталман спорт саңлақтарының жемiстi жолдары туралы әңгiмеленедi. Дүбiрлi додаларда ел мерейiн асырып жүрген тарланбоздарымыздың толағай табыстары да айтулы еңбектен тыс қалмапты.

Аталмыш еңбектен есiмдерi Қазақстанға ғана танымал емес, әлемдiк спорт тарихында қалған белгiлi спорт саңлақтары Ардақ Назаров, Әсет Мәмбетов, Еркебұлан Шынәлиев, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза сияқты спортшыларымыз туралы да жылы пiкiрлер оқи аласыздар.

Кiтап төрт бөлiмнен тұрады: "Дарабоздар", "Нарқасқалар", "Жол сапар жазбалары", "Әлем жұлдыздары". "Тарланбоздар" өз атына сай, қазақтың мықты майталман спорт шеберлерiмен сұхбаттардан, жолсапар очерктерiнен құралған.

Марғұлан НҰРЛАНҰЛЫ