Қансейiт ӘБДЕЗҰЛЫ: ӘУЕЗОВТIҢ ЛЕКЦИЯЛАРЫ — НАҒЫЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БIЛIМ БОЛАТЫН

Қансейiт ӘБДЕЗҰЛЫ: ӘУЕЗОВТIҢ ЛЕКЦИЯЛАРЫ — НАҒЫЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БIЛIМ БОЛАТЫН

Қансейiт ӘБДЕЗҰЛЫ: ӘУЕЗОВТIҢ ЛЕКЦИЯЛАРЫ — НАҒЫЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БIЛIМ БОЛАТЫН
ашық дереккөзі

Ғалым, профессор, халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигi Қансейiт Әбдезұлы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетiнiң деканы. ҚазҰУ – жетпiс жетi жылдық тарихы бар, үлкен оқу ордасы. ҚазҰУ-да соңғы кездерi үлкен ғылыми негiздерге сүйенген түрлi жаңалықтар болып жатыр. Қансейiт аға қазақтың қара шаңырағы, қазақ университетiнде болып жатқан соңғы жаңалықтарымен бiзбен бөлiскен едi.

– Қансейiт аға, әңгiменi университет төңiрегiнен бастасақ. Жуырда университетте «бiрнеше факультеттер бiрiгiп, департамент құрылғалы жатыр екен» деген сөздер желдей гулеген едi. Осы мәселенi тарқатып айтып берсеңiз…

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ соңғы жылдары үлкен серпiлiс үстiнде, үлкен iзденiсте деп айтуымызға болады. ҚазҰУ – ғылым мен бiлiмнiң үлкен қара шаңырағы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бiздiң университетiмiзге ғылым мен бiлiмнiң көшбастаушысы деп баға берген болатын. Сондықтан, бiздiң университетке деген жауапкершiлiк өте жоғары. Оны бүкiл университет басшылығы да, ұжымы да жақсы сезiнедi. Әсiресе, соңғы бiр жылдың iшiнде Елбасының арнайы тапсырмасы бар. Елбасымыз Қазақстанда кем дегенде екi жоғары оқу орны әлемдiк деңгейдегi бiлiм ордаларымен қатар көрiнетiн бiлiм ошағына айналуы керек дедi. Әлемге танымал университеттердiң қатарында көрiну үшiн ҚазҰУ нәтижелi жұмыс iстеп жатыр. Университетiмiзге белгiлi ғалым, профессор, бiлiктi азамат Ғалымқайыр Мұтанов басшылыққа келгелi берi биiк межеге жетудiң алғашқы алғышарттарын университетiмiз бастап кеттi. Ол алғышарттардың ең бiрiншi кезеңi, университеттiң бүкiл құрылымдық жүйесiн, бүкiл басқару жүйесiн, факультеттерiн, ғылыми-зерттеу институтын жаңа ғылыми деңгейге шығару болатын. Осы орайда алғашқы жұмыстар басталды. Өзiңiз бiлесiз, жетпiс жетi жылдық тарихы бар университетте бiлiктi ғалымдар жұмыс атқаруда. Мыңдаған қызметкерлер жұмыс iстейдi. Ең алғашқы қадам ретiнде университетте ректордың басшылығымен кафедраларды iрiлендiрдiк. Оның өзiндiк мақсаты бар. Бұл ғылыми зерттеу жұмыстары, жаңа iлiм жасау, заманауи бағытта бiлiмдi студенттер дайындау, жаңа зерттеулер нәтижесiн қолданысқа енгiзу болып табылады. Оның әрине, алғашқы баспалдағы, негiзгi алтын өзегi кафедралар. Өйткенi бiлiктi, бiлiмдi ғалымдар кафедраларда жұмыс iстейдi. Университеттiң басшылығы да оқу орнының болашағы кафедраларда екендiгiн бiлiп, ең алдымен, кафедралардың құрылымдық өзгерiстерiн жасап, соны iрiлендiру мақсатында iс шараларды бастап кеттi. Мен филология факультетiне байланысты ғана мысал келтiрейiн. Бiздiң факультетте бұрын он кафедра жұмыс iстейтiн. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мүлдем басқа сапалық деңгейге көтерiлуi керек, яғни жәй бiлiм беретiн, жәй тәлiм-тәрбие беретiн оқу ордасы болып қалмауы керек. Бұл оқу ордасының негiзгi бағытын ғылыми зерттеу, бүгiнгi әлемдiк ғылымның ең үлкен жаңалықтарына атсалысатын, ғылым бәйгесiне түсетiн әлемдiк бiлiм арналарының тiзгiнiн ұстайтын бағытта өрбiгенi дұрыс. Университет мұндай үлкен дәрежеге жету үшiн оның жұмысының кем дегенде елу пайызы зерттеулерден тұрса деймiз. Қаржының көзi де осы саладан табылуы керек. Факультеттердiң арасында ең қариясы – ол бiздiң факультет. Филология – байырғы факультеттердiң бiрi. Ең алдымен факультеттiң атын өзгерттiк. Факультеттiң аты ендi бұдан кейiн «Филология. Әдебиеттану. Әлем тiлдерi» факультетi деп аталатын болды. Факультет тек бiлiм беру мәселелерiн ғана емес, ғылыми зерттеу мәселелерiн қамтитындай үлкен атауға ие болып отыр.

Әлем тiлдерiн, яғни француз, ағылшын тiлдерi қарым-қатынас тiлдерi болған соң, оларды меңгеру iсiн де жолға қойдық. Бұрын филология деген жалғыз атаудың iшiне тiл ғылымын да, әдебиеттану да, әлем тiлдерi де, бәрi кiретiн. Қазiр бәрiн нақтылап, әр қайсысы бөлек-бөлек отау етiп шығардық. Лингвистика бола ма, әлем тiлдерi бола ма, оның iшiнде түрiк тiлдерiнiң тарихы да бар. Әлемдiк әдебиеттану ғылымы, теориясы, тарихы, сыны, әлемдiк эстетика, осының бәрi әдебиеттану деген ұғымның астарында жатады және болашақ осы факультетке түсетiн жас талапкерлердiң бәрi осыны ұғу керек. Бұл – әрине қаламгерлiк жұмыс, шығармашылық жұмыс. Қазiр факультеттiң өзi үлкен үш ғылыми бағыттағы арнаны меңзеп тұр. Нақты айтатын болсақ, бiздiң бұрынғы он кафедраның орнына қазiр алты кафедра құрылды. Бөлек-бөлек кафедралар бiр арнаға ғылыми бағыт бойынша бiрiктi. Мәселен бiзде шетел филологиясы және жалпы тiл бiлiмi, екеуi екi бөлек болатын. Бiз сол кафедраларды бiрiктiрiп жiбердiк. Кафедралар бiрiккеннен кейiн олардың ғылыми әлеуетi де көтерiледi. Жалпы тiл бiлiмiнде iстейтiн алты ғылым докторы жаңа кафедраға келiп қосылды. Демек бұл кафедра ғылымда да және шетел тiлiн оқытудың практикалық мәселелерiнде де бәрiн қатар алып жүредi деген сөз. Яғни бұл кафедра басқа кафедраға жалтақтамай, магистранттыққа, PhD докторантурға жетекшiлiк ететiн болса, бiлiм және ғылым министрлiгi жариялайтын үлкен ғылым гранттарын, ғылыми жобаларын, халықаралық ғылыми жобаларын жеңiп алатын болса, бiр кафедра, бiр құрылым бiрiгедi де, бiр ұжым болып үлкен жобаға қатыса алады. Мұның тиiмдiлiгi де осында. Бұрынғыдай практикалық маңызы бар кафедра болып қалмайды, тiл үйрететiн, тiлдiң жаттығуларын жүргiзетiн, тiлдiң iшкi мәнiн түсiндiретiн, жаттататын кафедра болып қалмайды. Бұл кафедра ағылшын, немiс, француз тiлдерiн үйретумен бiрге, осы тiлдердiң теориясын, тарихын және бұл тiлдердiң бүгiнгi құрылымын студенттердiң бойына сiңiредi. Сондықтан ағылшын тiлiн судай сiңiрiп, таза бiлiп қана қоймай, ағылшын тiлiне байланысты әлемде қандай зерттеулер жүрiп жатыр, ағылшын тiлiнiң болашағы қандай, соған байланысты әлемдiк ғалымдар, еуропаның атақты ғалымдарының еңбектерi қатар жүредi. Бұрын бiзде әдебиет теориясы мен тарихы бөлек-бөлек кафедра болатын. Бұл да бiрiктiрiлген. Себебi шын мәнiнде қазақ әдебиетiнiң тарихы бұрын бөлек оқытылатын болса, ендi қазақ әдебиетiнiң тарихы әлемдiк әдебиеттiң теориясымен бiрiктiрiлiп, бiр кафедра болған. Бiр кафедрадағы бес ғылым докторымен екiншi кафедрадағы бес ғылым докторы бiрiгiп, он ғылым докторын түзейтiн болады. Белгiлi ғалымдар тек әдебиеттiң тарихымен ғана айналыспайды, әдебиеттiң теориясын, әдебиеттiң методологиясын, әлемдiк әдебиеттiң қарым-қатынасын, яғни әдебиеттердiң бiр-бiрiмен ықпалдастығын зерттеп, соларды студенттердiң бойына сiңiретiн болады. Бұл жерде әдебиеттану ғылымы ауқымы кеңейiп, тұтас бiр ғылым арнасы ретiнде үлкен жобаларды жасай бастайды. Бұрын бiзде орыс тiлi кафедрасы бөлек болатын. Бұл жерде де әлем әдебиетi, орыс тiлi ғылымының үлкен жетiстiктерi, орыс тiлiнiң практикалық мәселелерi барлығы бiрiгедi де, орыс тiлi әдебиетi мамандығын қамтамасыз ететiн, әрi орыс тiлi әдебиетi мамандығы бойынша әлемде қандай ғылыми жаңалықтар болып жатыр, соның барлығын қамтып зерттейтiн орыс ғылыми орталығына айналады. Бұл құрылымдар не үшiн бiрiгiп отыр? Яғни үлкен бiр орталықтан басқарылатын және үлкен бiр бағытта, бiр мақсатта жұмылдыратын үлкен бiр ұжым болады деген сөз. Мұның тиiмдiлiгi зерттеу университетi үшiн болашақта маңызы зор. Сондықтан бiздiң кафедраларда бiрiншi зерттеу университетiнен өту мақсатындағы алғашқы қадам осылай басталды. Бұдан бүкiл университет үмiт күтiп отыр. Себебi кiшiгiрiм шашырап жатқан, әр түрлi бiлiм беру стандартымен және типтiк оқу жоспарымен ғана жұмыс iстеп жатқан кафедралар негiзгi бағытты, негiзгi мақсатты ғылымға қарай бағыттайтын болады. Мұнда қандай мақсат жатыр? Яғни жаңа бiлiм жасау. Ал жаңа бiлiм ол тек iлгерi зерттеулерден ғана бастау алады. Бүкiл Қазақстанға белгiлi бес жүзге жуық ғылым докторы мен профессорлар ҚазҰУ-да жұмыс iстеп келедi. Жыл сайын университет қабырғасына мыңдаған студенттер оқуға түседi. Магистранттар, докторанттар қабылдайды. Жаратылыстану ғылымы саласындағы ғалымдардың iстеп отырған бүкiл ғылыми өнiмдерiнiң барлығын қоғам қабылдайды. Бiздiң бүкiл өндiрiс қабылдайды. Бүкiл медицина саласы бар, химия саласы бар, биотехнология саласы бар, физика, экология салалары қабылдайды. Бiрiншi кезекте қазiр қарқындап дамып келе жатқан Қазақстанның экологиясы, ғылымы, бiлiмi, ең алдымен қоғамдық-әлеуметтiк құрылымдар солардың сұраныстарында ҚазҰУ-дiң бүкiл ғылыми iзденiстерiнiң барлығы тек университет iшiнде ғана шектелiп қалмай, бүкiл Қазақстан қоғамы үшiн, қала бердi бүкiл Еуразиялық кеңiстiк үшiн, одан қала бердi әлем кеңiстiгi үшiн жұмыс iстеуi керек. Бiздiң университеттiң жаңа ректорының қойып отырған ең үлкен мақсаты да осы. Яғни ҚазҰУ ғалымдарын әлемдiк деңгейге шығару. Әлемдiк деңгейге шығару үшiн алдымен ҚазҰУ өзiнiң ғылыми әлеуетiмен, ғылыми зерттеу деңгейiмен ең биiк деңгейге шығу керек.

– Шетелдердегi жоғары оқу орындарымен тәжiрибе алмасу мәселесi қалай болып жатыр?

– Бүгiн бiз керемет жаңалық аштық, өндiрiске енгiздiк деп отыра беруге болмайды ғой. Оны алдымен насихаттау керек. Оның ғылыми жаңалық екенiн дәлелдеу керек және оны ең бастысы, әлемдiк факторы өте биiк журналдарға жариялау керек. Ол рейтингi өте жоғары журналдарға ағылшын, немiс, француз тiлдерiнде шығуы керек. Халықаралық байланыстар мәселесi көтерiлуi керек. Сондықтан бiздiң университет бүгiнгi күнi Қазақстанның, әлемнiң үш жүзге жуық университетiмен тiкелей қарым-қатынас жасап жатқан жайы бар. Университеттiң өзiнде, тар шеңберде қалып қалмау үшiн, ең алдымен халықаралық байланыстарды күшейту керек. Ол үшiн бiзде оқып жатқан студенттердi кез келген курста белгiлi бiр оқу бағдарламасы бойынша шетелдiң ең мықты университеттерiнде бiр жыл, жарты жыл бiлiм алуға мүмкiндiк ашу керек. Оны бiз қазiр академиялық ұтқырлық деп атаймыз. Кез келген бiздiң студентiмiз, магистрантымыз, докторантымыз екiншi, үшiншi курста бола ма, шетелдiң үлкен университеттерiнде, Америка, Еуропа, болмаса Жапония, Қытайдың университеттерiне барып бiр жыл бiлiм алып қайтса. Ол бiлiм алған бағдарламалар бiздiң ҚазҰУ-де есептелуi керек. Өздерiңiз бiлесiздер, қазiр бесiншi жыл болды, университет толық кредиттiк оқу жүйесiне көшкен. Бiзде қазiр бұрынғы Кеңес заманындағыдай академиялық үлгi жоқ. Әр пәннiң өзiнiң кредит саны бар. Кредиттi жинаған студент қана келесi курсқа өте алады. Егер кредит саны жете қоймаса, сол курста қалады. Курста қалғаннан кейiн, ол әрине жинай алмай қалған кредитiн жазда екi ай бойы қосымша оқып жинайды. Егер оған үлгере алмай қалса, келесi жылы сол курсты қайта оқиды. Қазiр Батыста бiлiм беру жүйесi осылай. Сол жүйеге бiз де көштiк.

– Грантта оқитын студенттер де кредиттiк жүйемен оқи ма?

– Грантта оқитын студенттер кредитiн жинай алмаса, емтихан тапсыра алмаса, грантынан айрылады. Бiзде тек қана студенттер, магистранттар, докторанттар ғана шетелге шығып тұрмауы керек, сонымен бiрге соларға бiлiм беретiн профессорлар, мұғалiмдер де оқып келедi. Оларға да тәжiрибе алмасу қажет. Кез келген оқу орнының алтын қоры да, күш-қуаты да, оның оқытушыларында. Нелiктен ҚазҰУ-ды жоғары көтерiп айтамыз, несiмен мақтанып айтамыз? Себебi, мұнда ұлы дәстүр бар, ғылым мектептерi қалыптасқан. Тек қана филология факультетiнiң өзiнде ұлы Мұхтар Әуезов қалыптастырған ұлы мектеп бар. Әдебиеттану ғылымы саласында. Сол Мұқаңмен қатар келген, университетте жұмыс iстеген Мұхамеджан Қаратаев, Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев сияқты ғалымдардың буыны әдебиеттану ғылымын қалыптастырды. Солардан қалған тарихи мектеп бұл. Мысалы Бейсенбай Кенжебаев мектебi бүгiнге дейiн бар. Бұл – тарихи мектеп, әдебиеттiң тарихын зерттейтiн еңбек. Қазiр ҚазҰУ-де қазақ әдебиетi тарихының үш мыңжылдық тарихын оқытып жатырмыз. Сонау Алып Ер Тұңға, Шу батырлар дастанынан берi қарай үш мыңжылдық тарихты, одан берi қарай ұлы Түрiк қағанаты тұсындағы Орхон-Енисей жазбалары, одан берi қарай Ислам дәуiрiндегi әдебиет, одан Орта ғасырдағы әдебиет, содан хандық дәуiрдегi әдебиет деп бiрнеше кезеңдегi әдебиеттi қамтуда. Бұл ненiң арқасында қалыптасты? Осы мектептiң арқасында қалыптасты. Абайтану деген курс бар. Бүкiл әлемдiк әдебиеттiң негiзi. Мұның бәрiн кезiнде Мұхаң қалыптастырған. Әлемдiк әдебиеттiң тарихын алғаш оқыған осы Мұхаң болатын. Осылардың бәрiнен қалған мектеп, мiне қазiр жұмыс iстеп жатыр. Ең алдымен кез келген оқу орнының iргетасы да, ғылыми зерттеу жұмысын жүргiзетiн де, оның жаңа бiлiмiн жасайтын да профессорлар. Ол профессорлардың артында үлкен ғылыми мектеп тұр. Осы дәстүрдi ұстап қалу үшiн, бiздiң факультеттiң өзiнде жыл сайын кем дегенде 20-30 мұғалiм шет елдерден бiлiм алып келедi. АҚШ-тың үздiк университеттерiнен бастап, Еуропаның барлық университеттерiнде тәжiрибе алмасуда. Сол университеттерге бiздiң ғалымдар үш айдан алты айға дейiн барып бiлiмiн жетiлдiрiп келедi. Ол жаққа барып жүрген ұстаздарымыздың көбiсi тәжiрибемен алмасады. Бұл университетiмiздiң беделiн көтеру мақсатында жасалып жатқан дүниелер.

– Жаңа бiр сөзiңiзде, «бiзде қалыптасқан мектеп бар» деп айтып өттiңiз. Кезiнде 60-70-i жылдары ұлы Әуезовтiң дәрiсiн тыңдау үшiн барлық университеттен студенттер ағылған екен. Қазiр ше, ондай үрдiс бар ма?

– Әрине Әуезовтiң есiмi, сабақтары тарихқа жазылып қалды. Сонау 50-жылдардың аяғында, әсiресе, Мұхаңның атағы әлемге жайылды. Ол кiсiнiң сабақтарын iздеп жүрiп қатысатын едi студенттер. Әлемдiк ақыл-ойдың, әлемдiк бiлiмнiң жаңалықтары Мұқаңның аузымен айтылып жатты. 60-жылдар жылымық кезеңi басталып келе жатқан кез. 50-жылдардың аяғында елiмiздегi «итжеккенге» айдалған ғалымдарымыздың елге орала бастаған тұсы. Алаш арыстарының есiмдерi онша айтыла қоймаса да, Мұқаңдар сол кездiң өзiнде Мағжан, Мiржақып, Жүсiпбектер туралы ептеп болса да, лекциясында айтып өтетiн. Ол кiсiлер туралы айтуға Мұқаңның ғана шамасы жететiн едi. Бүкiл елдiң, халықтың жүрегiнде, санасында Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбек, Шәкәрiм де болды. Бiрақ соны қай ғалым айтады екен деп, әлiптiң артын бақты, цензурадан қорықты. Сол кездегi бiздiң халықтың сусап, iздеп жүрген кезiнде Мұқаң жарқ етiп, аренаға шықты да, сол кездегi жастардың көзiн ашуға, көңiлiн оятуға тырысты. Бұл бiр жағынан университеттiң де даңқын аспандатты. Әрине, бұндай құбылыс шет елдерде бұрыннан келе жатыр. Атақты профессорлардың маңайына жиналады бiлiмгерлер. Шет елдегi атақты университеттерде де бұл бұрыннан қалыптасқан жайт. Атақты Кембридж, Оксфорд сияқты әлемге танымал университеттердiң беделi сонда жұмыс iстеп жатқан профессорларға да байланысты. Дүниежүзiне танымал, Нобель сыйлығының иегерлерi, халықаралық сыйлықтарды иемденгендер сонда қызмет етедi. Бiз де осындай деңгейге жетуiмiз керек. «Зерттеу институтына өтуiмiз керек» деп Елбасының үлкен мақсат қойып жатқаны да сондықтан болар. Кезiнде Мұқаңның төңiрегiнде жүрiп, қаншама танымал ғалымдарымыз тәрбиеленiп шықты. Оның нақты мысалы, политехникалық институтта оқып жүрген Зейнолла Қабдоловтың өзi бiрiншi курсын аяқтамай, оқуын тастап, ҚазҰУ-ға ауысып келдi. Бiз осындай деңгейге жетуiмiз керек. Ол үшiн университеттiң деңгейi биiк болуы керек әрi ұстаздардың да деңгейi жоғары болу қажет. Бiздегi тағы бiр ерекшелiк, биылғы жылдан бастап, ҚазҰУ кафедра меңгерушiлiгiне байқау жариялап отырмыз. Оған бiлiктi, бiлiмдi ғалымдарымыз қатыса алады. Қазақстанның жоғары оқу орындарында өздерiн дәлелдеген, жаңалықтарымен қазақ ғылымына үлес қосқан ғалымдарымыз қатыса алады. Ең мықты ғалымдарды ҚазҰУ-ға шоғырландырайын деп отырмыз. Мәселен филология дегенде ең алдымен, Әуезовтi, Кенжебаевты, Кәкiшевтi, Қабдоловты еске алады. Журналистика дегенде, Қожакеев, Амандосов, Бекхожиндер еске түсетiн. Математикада атақты Жәутiковтi ойға алады. Бүгiнгi университеттiң де деңгейi солай болу керек деген ойдамын. Қазiр де бұрынғы дәстүрдi сақтап қалу үшiн, ғалымдарды жинау үстiндемiз. ҚазҰУ-дың бүгiнгi шығармашылық ұжымы да осал емес. Әрi бүгiнде шет мемлекеттерден де белгiлi ғалымдар шақырып отырмыз. Шетелден келетiн профессорларға бөлiнетiн қаржы да қазiр көбейтiп жатыр. Жақында бiздiң филология факультетiнде Түркияның атақты түрколог ғалымдары, Польшаның елге белгiлi түрколог ғалымы келiп, бiр айдай жұмыс iстеп кеттi. Мұндағы мақсатымыз не – бiздiң студенттерiмiз шетелдiң атақты ғалымдарының да лекциясын тыңдап көрсiн. Бұл ҚазҰУ-дың профессоры деген атақты қалыптастыру үшiн қажет. Ғылыми мектеп дегеннен шығады, ғылыми зерттеу жобаларына қатысу мәселелерi күшейетiн болады. Бiздiң университет түбiнде магистрлар мен PhD докторанттар дайындайтын iргелi оқу орнына айналғанда ғана, шет елдiң мықты университеттерiнiң қатарына теңесемiз.

– Әңгiмемiздiң басында, «екi-үш факульттеттер бiрiгiп, департамент құрылады екен деген» сөздiң шыққандығын айтқан едiк. Бұл әңгiме қайдан шықты?

– Бұл сөздiң қайдан шыққанын бiлмеймiз?! Бiзде ешқандай факультеттер қосылмайды. Тек ғылыми кластер ретiнде бағыт-бағдары бар, үлкен құрылымдық ұжымдар ретiнде қала бередi. Сондай сыбыс тарағанынан хабардармыз. «Журналистиканы тiл-әдебиетке әкелiп қосады екен» деген сөздер де шықты. Ондай мәселе сол кезде күн тәртiбiнде болған емес. Қазiр бiзде факультеттердiң аттары ғана өзгердi. Мәселен бұрын тек химия факультетi болса, қазiр химия және химиялық технология факультетi болды. Бiз бұрын тек филология факультетi болсақ, қазiр «филология, әдебиеттану және әлем тiлдерi» факультетi болып өзгердiк. Факультеттердiң ауқымы кеңейiп, оның ғылыми бағыттары тармақталып, күрделене түстi. Сондықтан факультеттер қала бередi, оны iрiлендiрудiң де қажетi жоқ. Есесiне, бiздiң университеттiң ұтқан тұсы – кафедраларды үлкен ғылыми бағыттарға бiрiктiруi. Университет бiр жағынан демократиялық мақсатта, яғни бiлiм жүйесiн демократияландыру бағытында, бiр iзге, бiр жүйеге түскен ғылыми жүйесi бар көп салалы үлкен ғылым және бiлiм ордасы болайын деп отыр. Тағы бiр айта кететiн жайт, осыдан үш жыл бұрын бiз «Абай» институтын ашқанбыз. Бұл бүкiл университеттiң гуманитарлық факультеттерiнiң барлығының басын бiрiктiретiн институт болып табылады. Университетте бұрыннан да он шақты технопарктерiмiз бар, физика, биология саласындағы ғылыми зерттеу институттары бар ғой. Бұлар университеттiң жанындағы еншiлес кәсiпорындар болып саналады. Солардың қатарына «Абай» институты қосылды. Соңғы екi жылдың iшiнде алғашқы ғылыми нәтижелерiн көрсете бастады. Бүгiнде Абайтанудың он томдығын шығаруды жоспарлап отырмыз. Ай сайын шығып тұратын «Абай» институтының хабаршысы бар. Абай Құнанбаев көз жұмғаннан берi қарай Абайтану саласында жазылған ғалымдардың шығармаларының басын бiрiктiретiн бес томдық жинақты дайындап қойдық «Абай» институты қазiр аяғынан тiк тұрып келедi. Бiздiң факультеттiң жаңалықтары осындай. Тағы бiр айта кететiн нәрсе, қазақ тiлiн дамыту негiзiнде «Мемлекеттiк тiлдi оқыту» деген жаңа кафедра аштық. Бiздiң Қазақстанның жоғары оқу орындарының iшiнде ҚазҰУ-да «Мемлекеттiк тiл» деген сабақ өткiзiледi. Бұл кафедра мемлекеттiк тiлдi дамыту, мемлекеттiк тiлдi өркендету мақсатында жұмыс iстеп отыр. Мұнда елiмiзге белгiлi ғалымдар жұмыс iстейдi. Ең алдымен, бiз тiлдiң мәртебесiн көтеру арқылы, ұлттың мәртебесiн көтеремiз. Бұл кафедраның ашылғаны бiздi қуантады, әрi сүйсiнтедi. Университетте Абай сабақтарын өткiзу мәселесiн де қолға алайын деп жатырмыз. Оған ректорымыз Ғ.Мұтановтың өзi тiкелей ықылас танытып отыр. Абайтану дегенде, таза Абай iлiмiмен ғана шектелiп қалмай, қазақ өркениетiндегi әлемдiк деңгейде танылған қазақтың ұлы ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттау. Осы орайда, барлық факультетте оқытылатын оқулықтардың тiзiмiн жасағалы отырмыз. Яғни қазақ руханиятында орны ерекше үлкен қаламгерлерiмiздiң шығармалары кiретiн үлкен әдебиет оқулығын жасасақ па деймiз. Бұл да университет басшылығының үлкен жаңалығы болмақ.

– Кандидаттық қорғау мәселесiне байланысты бiр сауал қойсам деп едiм. Биылғы жылдан бастап, ғылыми кеңес тоқтатылды. Бұған дейiнгi жазылып қойылған дүниелер, бекiтiлiп қойған тақырыптардың жағдайы не болады?

– Былтыр күзде Ғылым туралы Заң қабылданды. Ең бастысы, әлемдегi ғылым, бiлiм саласында болып жатқан жаңалықтарды ескерген, соны негiзге ала отырып жасалған Заң деп ойлаймын. Бұл заңның iшiнде бiздiң бұрынғы ескi жүйе жоқ. Бұл заң бойынша бiз үш шартты жүйе бойынша дайындаймыз. Олар: бакалавр, магистр, PhD докторантура. Бұрынғы жұмысын бiтiрiп қойған, қорғауға үлгере алмай қалған ғалымдар докторантура бойынша қорғай алады. Ол үшiн PhD докторантураға оқуға түсiп, өзiнiң тақырыбын тереңдеп жалғастырады. Әрi есесiне докторлық атақ алады. Бұл дегенiңiз – ғылым докторы атанады деген сөз. Сондықтан ғылым саласы тоқтап қалды, тоқырап қалды деп айтуға болмайды. Ғылыми жұмыстар жалғасып жатыр.

Әңгiмелескен Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ