Жаңалықтар

МАХАББАТ БИIГI

ашық дереккөзі

МАХАББАТ БИIГI

Демiмен тас балқытар оңтүстiктiң аптап ыстығын алмастырған ақ нөсер толастар емес. Қоңыр, сары түстi тасқын су асфальт жолдың ернеуiне дейiн шапши көтерiлiп, арна iздегендей. Машина бiткен баяу жылжиды. Ауа бұлыңғыр.

Кешкi бес шамасында асығып үйден шықтық. Тездетiп темiр жол вокзалына жетiп, "Отырар" поезына үлгеруiмiз керек. Шетелдiк машина сырғи сусып келедi. Шофер жiгiт жылдам жүруден жүрексiнетiндей. Ауылдағы апамыздың "аспанның түбi тесiлiп кеткендей ме, қалай?" деп ренжiген сәтi елестеп, аздап күлiмсiреп қойдым.. Жаңбыр шелекпен құйғандай төпеп тұр. Вокзалға жетiсiмен өзiме тиесiлi купенi тездетiп тауып, iшке ендiм. Iшке қол сандығымды көтерiсе енген шофер жiгiт қоштасты. Менiң орным екiншi қабатта екен. Төменгi қабаттағы екi орынды қазақ келiншек алты-жетi жасар қызы екеуi еншiлептi. Жөн сұрастым. – Астанада тұрамын, қаржы министрлiгiнде қызмет iстеймiн. Қызымыз екеумiз Сарыағаш шипажайында демалып, үйiмiзге қайтып барамыз, – деп келiншек өзi туралы қысқаша мәлiмет бердi. Қалталы екенi бiрден мәлiм болды. Кедей-кепшiк алты-жетi жасар қызға жеке орын алмайды ғой. Мен өзiм туралы айта бергенiмде, көршi купеден:– Мамытбе-е-ек! – деген сыбызғыдай сүйкiмдi таныс дауыс естiлдi. Орнымнан тұрып, мойнымды созыңқырап қарасам, Әзiлхан аға. Көптен берi көрмеген курстас достарымды көргендей қуанып кеттiм. Купесiне жылдамдата енiп: – Әз аға, ассалаумағаликум! – деп сәлем бердiм. Ұсынған екi қолымды алысымен, қалбалақтай құшақтап, алақанымен арқамнан еркелете қағып: – Елiңе қыдырып келiп қалдым, – деп Кентаудағы курстасы, әрi "Махаббат қызық, мол жылдар" романының кейiпкерi Меңтайдың жетпiске толған тойына қатысқанын үлкен ықыласпен, қызықты етiп әңгiмеледi. Әзағаның орны төменгi қабатта екен. Қарсысындағы орынға толықша келген қараторы өңдi жас жiгiт жайғасыпты. Ол Павлодар облысы прокуратурасында қызмет iстейтiн көрiндi. Оңтүстiктегi ауылына демалысқа келiп, қайтып бара жатқан бетi екен.. Әзаға оған менi таныстырып: – Сен айналайын, қиналмасаң, мына ағаңмен орын ауыстыр. Бiз Алматыға жеткенше бiрге болайық, – деп едi, жас жiгiт бiрден келiстi. Поезд шығысты бетке алып, жүйткiп келедi. Әзағаның кез-келген тыңдарманын бiрден өзiне үйiрiп, баурап алатын қасиетiн бiлетiн мен iштей масайрай қуанып: – Әз аға, терезеден сыртқа көз салыңызшы. Табиғат ананың мейiрленген сәтi-ау, сiрә. Ақ нөсер ақын-жазушылардың асыл сезiмiне ұқсап, бiр толастар емес, – деп едiм, ол кiсi жас балаша жадырай күлiп: – Теңеуiң дұрыс-ақ, әйтсе де ақ нөсер ертең саябыр табады, ал ақын-жазушылардың сезiмi мәңгiлiк емес пе? – дедi тапқырлық танытып. – Кентаудан шығып, жолай киелi Ордабасыға соқтым. – Үш президентiмiз шыққан биiкке шыға алдыңыз ба? – Өкiнiшке қарай, шыға алмадым. Жүрегiмнен қорықтым. Тәуекел деуге Ордабасының ұшар басы тым биiк екен… – Қап, амал қанша? – деп өкiне үн қатып едiм: – Өкiнетiндей ештеңе жоқ. Оның есесiне жаңа шаңырақ көтерген екi жас нөкерлерiмен менi қоршап алды. Қалай танып қойғанын бiлмеймiн: – Әзiлхан ата, бiзге батаңызды берiңiз. Сiз жақсы кездестiңiз, жолымыз болады екен, – деп екi жас, екi қос аққу қолдарын жайды. Елжiрей ерiп, бар ықылас-ниетiммен батамды бердiм. Бәрiмiз суретке түстiк. Бұл мен үшiн үлкен олжа болды, –дедi толқи тебiренiп. – Әзаға, ең олжалы болған екi жас. Олардың шақырып келтiре алмайтын сiздей аталарынан бата алғандарын өздерi де, өскен орта, ел-жұрт, ұрпақтарының ұрпағы ұмытпайтын болады. Менi де құттықтаңыз, – дедiм қуаныштан көңiлiм тасып. – Сенi не үшiн құттықтаймын? Купеме шақырып алғаным үшiн бе? – Жоқ, Әзаға, Әлiшер Науаи бабамыздың: "Аз-аздан үйренiп дана болар. Бiр-бiр тамшыдан жиналып дария болар" дегенiндей ана екi жасқа бата бергенiңiз мен үшiн де үлкен олжа. Себебi сiз маған ой сыйладыңыз. Алла тағала ертең сiздiң жолыңызды маған да нәсiп етсе екен деп тiлек тiлеп, толқып отырмын. Жаңа Ордабасы биiгiне шықпағаныңызға көңiлiм қоңылтақсып едi, ендi сiздiң махаббат биiгiне шыққаныңызды естiп, қайта шалқыдым. Бұл қайталанбайтын сәт. "Бiреуден күнә iздегенше, өнер iзде. Баққа кiрсең, тiкен тергенше, гүл жина" деген ғұлама сөзi есiме түсiп отыр. Сiздiң екi жасқа бата бергенiңiз – махаббат биiгiне шыққаныңыз. Одан асқан әлемде құдырет жоқ. Махаббат алдында – шыңның шыңы да аласа. Бiр кезде Баукең жайлы сыр тиегiн ағыттық. Ол кiсi көбiне менi сөйлетiп: – Мамытбек, Бауыржан ағаны сен менен де көп, менен де терең бiледi екенсiң. Оның себебi, 21 жыл араластың. Бұл аз уақыт емес. Менде ондай мүмкiндiк болған жоқ… Газет-журналдарда жарияланған жазбаларыңның бiрiн жiбермей оқимын. Оқимын да, тағдырдың әдiлдiгiне сүйсiнiп, ойға қалам. Бiр түйгенiм, жақсылық ерте ме, кеш пе, әйтеуiр жұрт назарына iлiгедi екен. Бұған сенiң Баукең туралы жазғандарың дәлел. Қазiр қанша кiтабың жарық көрдi? – "Ұмытылмас кездесулер", "Ақиқат пен аңыз" атты екi кiтабым жарық көрдi. Өкiнетiнiм, Баукең таныса алмады. Тек 200 беттiк тасқа басылған қолжазбамды ғана оқып, кей тұстарына түзетулер енгiзiп, кей беттерiне ескертулерiн жазып үлгердi. Ол қолжазба жеке мұрағатымда сақтаулы. – Сенiң де кiтаптарың – халқымыз үшiн таптырмайтын олжа. – Әзаға, сiздiң үлесiңiз тiптi ерекше. "Қазақ әдебиетi" газетiнде "Қоғамға бағынбайтын адам не аң, не Құдай" деген Аристотельдiң сөзiн келтiрiп, "жазғыштар" Баукеңдi жамандап жазды ғой. Шаршап, қажып жүрген сондай күндерi, "Ақиқат пен аңыз" романыңызды жариялап, ол кiсiнiң рухын көкке көтердiңiз. Бауыржан аға қайта қайраттанып, қайта түледi. – Қоғамға бағынбайтын адам төрт жарым жыл алғы шепте соғыса ма? Бұл –маған жабылған жала. "Қазақ әдебиетi" газетi менен кешiрiм сұраған жоқ. Кешiрiм сұра деп Ғабит, Сәбит ақсақалдық жасай алмады. Мейлi, ешкiм кешiрiм сұрамаса да, мен кешiрдiм. Өзiме-өзiм қол көтергенде не ұтам? Тек бiр рет Жазушылар одағына барсам, екiншi қабаттағы фоэде Сәбит, Ғабит, Хамит Ерғалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Сәуiрбек Бақбергенов, тағы бiраз ақын-жазушылар тұр екен. Жақындап барып: Ассалаумағаликум, Ғабит, Ассалаумағаликум, Сәбит. Ассалаумағаликум, Хамит. Ендi амандаспаған қалды қай ит?! – деп бiр түйреп өткенiм бар. – Баукең жарықтық тосыннан сөз тапқыш, алмас қылыштай алғыр едi ғой. – Сiзге бiр сұрағым бар. Қоюға рұқсат па, Әзаға? – Қой, рұқсат. – "Ақиқат пен аңыз" романын қалай жаздым?" деген мақалаңызда: "Мен Бауыржан Момышұлы атын өзгертiп алайын деп едiм. Ол кiсiнi жанымдай жақсы көргендiктен өз атын қалдырдым" – деген пiкiр бiлдiрдiңiз. Олай деуiңiздiң себеп-сырын қалай түсiнуге болады? – Солай деп жазыппын ба? Қазiр есiмде жоқ. – Сiз алпыс жасқа толғаныңызда, "Аңыз бен ақиқат" романыңыз Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынылғанда "Жетiсу" газетiнде екi мақала жаздым. Оқыдыңыз ба? – Жоқ, оқығам жоқ. Өзiң неге маған әкеп бермедiң? – Сiздi оқыған шығар деп ойладым. Баукеңнiң тәрбиесi – жарамсақтана бергiзбейдi ғой. – Оның рас, – деп Әзаға бiраз кеңкiлдей күлiп, өз өмiр жолынан, Ақбұзау ауылындағы қараусыз қалған үйi, итi туралы жан тебiрентер, тiптi көзге жас алдырар эпизодтарды асықпай, рет-ретiмен айтып бергенде: "Шiркiн, диктофон болып жазып алғанда, дап-дайын шығармаға кенелер едiм-ау" – деп өкiндiм. Әзағаның өмiрi қым-қиғаш оқиғаға толы екен. Ол кiсiнiң жазушы болуының себеп-сырын осы жолы терең түсiнгендей болдым. – Сен ендi өз өмiрiңнен сыр шертшi? – дедi Әзiлхан аға бiр кезде сыбызғыдай әсем де әуездi дауысын сәл созыңқырай өтiнiш бiлдiрiп. – Мен де өзiңiзге ұқсап тасбауыр жетiмдiк тағдырын тартып өстiм, – деп сөзiмдi бастай бергенiмде: – Қазақта жетiм емес адам аз. Бұл таң қаларлық құбылыс, – деп Әзекең ауыр күрсiндi. – Сөзiңдi бөлгенiме кешiр, айналайын. Кәрi адам ұмытшақ келедi. Кейiн айта алмай қалам ба, есiмнен шығып кете ме деп қосарланып жатқаным ғой. Мен аздап езу тарттым. Iшiмнен: "Қандай сезiмтал, сергек жан. Жасы сексеннен асып кетсе де ширақ. Бiзге де сiздiң жолыңызды бергей Алла тағала" – деп iштей тiлек тiледiм , "Кеңшiлiк – бақша болғанда, ақпейiл – соның гүлi ғой" деген ғұлама пiкiрiн ерiксiз есiме алып, толқи түстiм.v– Сөйле, iнiм. – Әке-шешем ерте қайтыс болып, мектеп бiтiрген соң, үйдi құлыптап, Мүслiм Дайырбеков деген сыныптас досымның айтуымен Шымкент қаласындағы кәсiптiк техникалық училищеде бiр жарым жыл оқып, оны бiтiрiсiмен Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық институттың филология факультетiне оқуға түстiм. Сiзге әлi күнге дейiн ұмытылмай жүрген, есiме түскен сайын таң қалып, құпия сырына түсiне алмай келе жатқан бiр оқиғаны ғана айтайын. – Құлағым сенде, iнiм. – Институтты бiтiрiп, жарты жылдан соң туған ауылыма барып, туған мектебiмде ұстаздық жолымды бастадым. Жаңа шаңырақ көтергем, үй жоқ. Колхоз балабақшасының бiр бөлмесiнде тұрдым. Көктем шыға қарызданып жүрiп, бағасы арзан, тозығы жетiп құлағалы тұрған екi бөлмелi үйдi сатып алдым. Есiгiмiздiң алдында тамақ iстеп, нан жабатын тандыр ошағымыз болды. Жұбайым екеумiз үйдiң сыртындағы бақшалықта помидор көшетiн отырғызып, есiк алдына келсек, жамағайын шал мен кемпiр ошағымызды бұзып, тегiстеп тастапты. – Онысы несi?! – деп Әзiлхан аға шошына тiл қатты. – Бiлмеймiз. Жұбайым: "Бiз тамақ iстеп, нан жауып жүрген ошақты бұзғандарыңыз қалай? Жас деп жас емессiздер, ата сақалы аузына бiттi дерлiктей кiсiлерсiздер, – деп едi: – Шайтан жүр, содан кейiн бұздық, – дедi. Олардың осы өрескел тiрлiгiнiң жұмбағын әлi күнге дейiн шеше алмай келем. – Түкке түсiнсем бұйырмасын, мен мүлде таңқалып отырмын, – деп Әзiлхан аға қабағын шытып, басын шайқады. – Алматыға көшiп келген соң, шал-кемпiрдiң өрескел iсiн аралдық Жасарал Iлиясов деген ағаға айтып едiм: – Қазақтың ырымында ошақты, бесiктi, шаңырақты, босағаны, табалдырықты бұзбайды, – дедi. – Бәлкiм, ол шал мен кемпiр ошағымды менi көре алмағаннан бұзған шығар, – деп едiм: – Дұрысы солай-ау, шайтан жүр дегенi жай желеу, – дедi Жасарал аға.v– Апырма-ай, бұл рас болса, тiптi сұмдық қой. Жаңа үйленген жастарға қастандық жасау деген нағыз жауыздық! Оған денi дұрыс адам қалай барады?! – деп Әзiлхан аға ашуланып, қаһарлы күйге ендi. – Шайтан деген не деп шал мен кемпiрден сұрамадың ба?v – Сұрау ойымда да болмапты. Жыным келiп, көңiл-күйiм нiлдей бұзылып, өзiмдi өзiм әзер бастым. Бiрдеменi бүлдiрмей тұрғанда ертерек жоғалайын деп үн-түнсiз үйге кiрiп кеттiм. … Алматының Панфилов атындағы саябақта қыдырып жүргенде Жасарал аға әлгi шал-кемпiрдi есiне алып: – Шайтан деп жеңiлтек мiнездi, ұстамсыз адамды айтады. Шайтан – хиялдан туған нәрсе. Сол себептi оның бейнесi жоқ, – дедi. – Мен Құдайдың барына сенем. Сенетiн себебiм, адам Құдайдан кейiнгi құдыреттi күш. Оның бiз бiлмейтiн қасиеттерi көп. Сондықтан ауылыңдағы шал мен кемпiрдiң шайтан жүр деп ошақтарыңды бұзғаны – жай алдарқату. Құранда жазылғанындай шайтан отқа жоламайды. Бiздiң Арал жақта ошаққа ешкiм қол сұға алмайды Тiптi ошақты бұзған күннiң өзiнде себебiн айтып, дұға оқып: – Жаратқан Алла, бiздi кешiре гөр. Ошаққа қоятын кiнәмiз жоқ. Мұны дұрыстап қайта салу үшiн бұздық, – деп Құдайға жалынып, жалбарынады. – Кейiн ол шал мен кемпiр де, балалары да жаман өлiммен өлдi. – Мiне, көрдiң бе? – деп сұқ саусағын шошайта сөйледi. – Ошақ өте қасиеттi. Оның қасиеттi болатын себебi, ошаққа тамақ пiсiредi. Дүниеде тамақтан артық ешнәрсе жоқ. Барлық адам тамақпен ғана жан бағады. – Мұны айтқан кiм? Кешiрерсiң, ұғыныңқырамай қалдым, – деп Әзiлхан аға қызыға сұрақ қойды.v– Мұны айтқан Жасарал Iлиясов деген аралдық аға. Ол кiсi: "Бала кезiмде ауылымның ақсақалынан естiп едiм", – деп мына жәйттi баяндады. – Жаман сөздi есту де күнә, – деп бастады сөзiн ауылымның ақсақалы. Көрдiң бе қандай тәрбиелiк маңызы бар. "Мұхаммед пайғамбарды қалай да күнәға батыру керек" деп кәпiрлердiң бiр адамы түйеге мiнiп, жолға шығады. Соны бiлiп, Мұхаммед пайғамбар Жебiрейiл перiште арқылы Құдайға жалбарынып: – Мына кәпiр маған жаман сөз естiрткелi келе жатыр. Бұған не амал iстеймiн? – дейдi. Көп ұзамай Алладан хабар жетедi. – Ол келе жатқан адамды дастарханға, асқа шақыр. Насыр (насыр деген кәпiр деген сөз) есiк алдына келiп, түйесiнен түспей айқайлап, ендi жаман сөздi бастайын деп тұрғанда, Мұхаммед пайғамбар: – О, тақсыр, түйеден түсiңiз. Шақырып тұрған мен емес, менiң дiнiм емес, мына дастарқандағы ас, – дегенде насыр түйесiнен түсiп, дастарханнан ас жеп, рақметiн айтады. Мұхаммед пайғамбарды бәле-жалаға қалдырам деп келген ол: "Бiр күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем" деген сөз осындай құрметтен шыққан екен" – деп, досындай болып аттанады.. Мен кейде балаларыма: – Қарақтарым, жаман сөздi сөйлеу түгiлi естудiң өзi ұнамайды. Оны естiгенде дене құрылысыңның тас-талқаны шығады. Тек байқамайсың. Оған үйiр болмаңдар. Жаман сөздi ести, ести, ақырында сен де сол жамандық қоғамының мүшесi сияқты боп кетуiң мүмкiн. Тек тәрбиелiк маңызы бар сөздерге ғана құлақ түрiңдер, – деп ескертiп отырам. – Сол шал-кемпiрге әлi таң қалам. – Шал ма, бала ма, "шайтан жайлап кеттi" деп ошақты бұзғандардың өздерi де, тұқым-жұрағаты да ешуақытта жақсы болмайды. – Жаңа тiрлiк жасап жатқан кезiмiз ғой. – Қай нәрсеге болмасын қарама-қарсы күш бар. Мысалы уды тапқан адам оны қайтаратын нәрсенi де ойлап табады. Жалпы ол шал мен кемпiрдiң саған қастандық жасағаны өздерiне қастандық жасағаны. – Дұрыс айтады. Жасаралды мен де бiлем. Үйiме бiр-екi рет келген. Ойлы, өмiрге өзiндiк көзқарасы, бет-бейнесi бар азамат. Әттең, жасым ұлғайып кеттi, әйтпесе, Жасарал туралы тамаша кiтап жазуыма болар едi. Сен жақсы есiме салдың. Мүмкiндiгiңе қарай уақыт тауып өзiмен сырлассаң, көп жайға қанығар едiң. Бәлкiм кiтап та жазарсың. Ол – кейiпкер болуға әбден лайықты ер. Менiң жағдайым, " Өңкей жастың iшiнде қария болар тез жетiм" дегендей ғой, – деп Әзекең жұмсақ жымиып, маған барлай қарап қойды.v– Бауыржан Момышұлы ағаның сiз туралы айтқан пiкiрiн тыңдағыңыз келе ме? – дедiм мен тақырып арнасын кiлт өзгертiп. – Иә, келедi. Тыңдайын, мен туралы ол кiсi не дедi екен? – дедi кеудесiн тiктеп, қараторы өңi нұрлана күлiмсiреп. – Баукең амандық-есендiк сұрасқан соң: " Әнеукүнi Әзiлханды соғыпты, естiдiң бе?" – дедi.v– Естiдiм. – Оны ұйымдастырып жүрген кiм болды екен? Бұл — "Әзiлхан Бауыржан туралы роман жазып қойды, мен неге жазбадым?" деген iштарлық қой. Жазамын дегеннiң қолын қағыппын ба? Менiңше, Әзiлхан жеңiлмейдi. Мұны айту себебiм, әнеукүнi "Социалистiк Қазақстан" газетiнде "Ақиқат пен аңыз" талқыланды, қайта басылсын деген шешiм қабылданды" деген хабар шықты. Оқыдың ба?v– Оқыдым. – Аналар талқылауды ұйымдастырғанда қайта басылмасын дегiзбекшi. Ал "Социалистiк Қазақстан" газетiнде әлгiндей хабар берiлдi. Менiңше, Әзiлханның "Социалистiк Қазақстанмен" байланысы болуы керек. Ол – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң органы ғой.Талқылауда Әзiлхан: – Сын пiкiрлерiңiздi ескерем. Баукеңмен қайта сөйлесiп, романымның кейбiр жерiн толықтырам, – деген көрiнедi. Бiраз күн өттi, Әзiлхан тым-тырыс. Сiрә, ол талқылауды мен ұйымдастырды деп жүрсе керек. Сен, егер жолықсаң, түсiндiрiп айт. Баукең маңдайын ұстап, ойға шомды. Әлден соң: – Қарағым, адамның екi негiзi бар: бiрi – мiнезi, бiрi – құлқы – дедi толғана сөйлеп. – "Ей, мынаның мiнезi жаман, бiр анадан ала да, құла да туады" деймiз ғой. Бұл – табиғи заңды. Себебi мiнез әркiмнiң ана сүтiмен пайда болады, ал құлық – орта, қоғам жемiсi. Әркiмнiң табиғат берген мiнезi есейе келе оның құлқына айналады. Құлық бiреудi жақсы, бiреудi бұзық етедi. Мысалы мен өз пайдамды iздеген кiсi емеспiн. Мұным тұрмыстық көзбен қарағанда – қайғы, ал менiң көзiммен қарағанда – қуаныш. Адамдардың үлкенi бар, кiшiсi бар, ақылдысы, ақымағы бар, есi кiргеннен бастап, өз орнын iздейдi. Көбi тапсам деп таба алмастан кетедi. Кейбiр кiсiлер жиырмаға жеткенде-ақ өз орнын табады, кейбiр кiсiлер сексеннен асса да орнын таба алмайды. Нағыз қайғы осы… Мұны неге айтып отырсың деп сұрақ қой.v– Мұны неге айтып отырсыз? – Көптен берi менiмен әңгiмелесiп жүрсiң, қарағым. Жазғандарың әзiр жарық көрмейдi. Сенiң бiрiншi қарсыласың – әлгi топ, екiншi қарсыласың – Әзiлхан. Мүмкiн Әзiлхан iшiтар кiсi болмай, кең болса: " Е, менiң жазбай кеткенiмдi сен жазыпсың, рақмет" – деп қуанар, қолдар. Ал iшiтар болса, кедергi жасайды. Баукең кiлт өңiн суытып, бiрақ сабырлы, салмақты үнмен:v– Шыңға шығу үшiн кең, тар жол, ирек-ирек жол бар, – дедi жанарыма тiк қарап. – Жұрт кең жолға құмар. Бiрақ ол әркiмге бұйыра бермейдi. Сол себептi еңбектеп жылжуыңа тура келедi… Баукеңнiң сiзге берген бағасына келiсесiз бе? – Келiсем. Мен саған сырттай тiлеулес болдым. Тек бiр рет телефон соғып: "Менi қызғанасыз" деп бiраз сөз айтқаныңда "мұнысы несi" деп ренжiгенiм бар. – Ой, ағасы, мен сiзге қызғанасыз деп телефон соғыппын ба? Ол – өтiрiк. – Әлде сен болып бiреулер бiр-бiрiмiздi араздастыру ниетпен телефон соқты ма екен? Әй, шамамда солай-ау. – Әзаға, жол үстiнде келе жатырмын, мен сiз туралы титтей жаман ойда болған емеспiн. Оған дәлелiм, сiздiң шығармашылық жолыңыз туралы екi мақала жазғаным. Өткен жолы өзiңiзбен бiрге теледидардан Баукеңнiң туғанына 100 жыл толуы құрметiне сөз сөйледiк те ғой. – Сол жолы сенi ғана тыңдадым. – Ол қамқор көңiлiңiзге рақмет.