ШЫНШЫЛ ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАН СЫРЫ
ШЫНШЫЛ ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАН СЫРЫ
Өмiрдiң шындығын қаз-қалпында оқырманға жеткiзе бiлсе, жазушының бекер тер төкпегенi. Егер қалтарысы мен бұлтарысы мың сан қабат өмiрдiң шындығы тым астарланып, боялса оқырман жазушыға сенiм арта алмайды. Өмiрден ерте өткен Сейiтқазы Досымов оқырманының жүрегiне апарар жолды дөп басып таба алған дарынды публицист-журналист едi. Қаламгердiң жуырда ғана баспадан шыққан "Күз демi" әңгiмелер мен хикаяттар жинағын оқи отырып, оның өмiр шындығын ешбiр боямасыз, сол қалпында жеткiзе алғанын анық аңғарасыз.
Көзi тiрi болса Сейiтқазы Досымов биыл алпыстың бесеуiне келер едi. Сейiтқазы Досымов Жамбыл өңiрiнiң Үшарал ауылында дүниеге келген. Жазушылық әлемiне журналистикадан қосылған қаламгердiң шығармашылықтағы баспалдақтары кешегi "Лениншiл жас", "Қазақ әдебиетi" газеттерiнен бастау алады. Жалпы. көркем сөз әлемiнде журналистика, әлде прозашылдық бiрiншi қалыптасты ма деген күрмеуi қиын сауал бар. Сейiтқазы Досымов екi жанрға адал болып, қатар алып жүрдi. Сейдахмет Бердiқұлов пен Шерхан Мұртазаның бiлiктi мектебiнен өткен қалам шеберiнiң қай жанрда да озық болмауы мүмкiн емес едi. Журналистiң сан-соқпақты, қызықты нәубетiн бастан кешiрiп жүрiп те, ара-арасында прозалық шығармаларға батыл қалам тартқан сыршыл жазушының қолынан шыққан "Директорлар", "Ащы мен тәттi" повестерi кезiнде ҚР Баспасөз мемлекеттiк комитетi мен "Жалын" баспасының дәстүрлi конкурсында бiрiншi жүлдеге ие болған. Әр шығармасында жазушы-публицист адам болмысының табиғатын, тағдырдың сан қатпарында кездесетiн қиыншылыққа қарсы күрес, өзгеге байқала бермейтiн мiнездiң түрлi иiрiмiн терең бейнелейдi. Өмiрде кездесетiн талай адамның бойында бар қасиеттi жазушының шығармасынан табасыз. Мәселен "Көңiл айнасы" атты әңгiмесiнде жалғыз қызынан айрылып, күйеубаласының қолына қарап қалған Талбике апамен бiрге қатар күйiнесiз. "Әуесқой әншiдегi" биязы Балқияның жан тазалығына тәнтi болып, шарқ ұрсаңыз, "Сырғалы жеңгейдегi" кербез Күлайшаның жасанды күлкiсiнен жиiркенiп, безiнiп кетесiз. Бүгiнгi заманда күйеуiн басынып, ер адамды қорлайтын аруларымыз жетерлiк. Онысымен қоймай ерiн темiр торға тоғытатын "Күләйшалар" да жер басып жүр.
Жазушы "Тiсқаққан абитуриент" әңгiмесiнде кейiпкерлер арасындағы диалог арқылы әңгiменiң мәнiсiн ашады. "Тiсқаққан абитуриентте" қазақтың бауырмалдық қасиетi, ата-бабадан дарыған "жақыныңа көмектес" қағидасы кеңiнен көрiнiс табады. Қазақ халқы ұлды ерекше бағалайды. Шаңырақтың шамын өшiрмей, ұрпақты сақтайтын жалғыз ұлға арналған шығармалар қазақ әдебиетiнде аз емес. Сейiтқазы Досымов та отбасындағы жалғыз бала тақырыбын "Жалғыз бала" хикаятымен өрбiтедi. Хикаятта бүгiнгi күннiң бет-бейнесi көрiнедi. Замана ағымына ерiп, ананың қадiрiн сезбей жүрген қайырымсыз бала көбейдi бұл күнде. Жалғыз ұлын паналап, қалаға келген кейуананы таспен қоршалған қала да, жалғыз ұл мен келiн де суық қарсы алады. Қиықша ананың iшiнен шыққан шұбар жыланы жалғыз анасын сидырмайды. Ал "Зардап" әңгiмесiндегi Әмина апаның мiнезi де, өмiрге көзқарасы да Қиықша анаға мүлдем кереғар. Қиықша ана айналасынан "рухани құндылықты iздесе", Әмина апа "материалдық құндылықты" бәрiнен биiк қояды. Жазушының екi кейiпкерi де – бүгiнгi қоғамда кездесетiн жандар. Сейiтқазы Досымов шығармалары арқылы өмiрдегi қарама-қайшылықтарды, адамдар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды оқырманына жеткiзудi мақсат тұтқандай. Бiр бүйрегi журналистикаға иiп тұратын сөз шеберiнiң жазушылар һәм журналистер хақында қалам тербемеуi мүмкiн емес шығар, сiрә. Жазушының "Күз демi", "Журналист" әңгiмелерiнiң кейiпкерлерi тiкелей шығармашылық иелерi. Осылайша, сейтқазы Досымов қаламдас достарының, өзiнiң өмiрiн шығармаға арқау еткен секiлдi. "Күз демiн" оқыған кез-келген адам 20 әңгiме, төрт хикаяттан жазушының сыршыл жанына бойлайды.
Кiтаптың алғысөзiнде жазушы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжан: "Адам ерте ме, кеш пе – дүниеден өтедi. Сол қылөткел межеге кiм несiмен келедi деген тақырыпқа қаншама ғұлама ғалым, жазушылар том-том кiтап арнаған… Бiздiң айтарымыз: жазушы, журналист Сейiтқазы Досымов осынау кiсiнi қарадай делқұлы қылар, қарадай жанталастырып қояр фәни жалғанның емен есiгiн ақырындап жауып, ендi қайтып келмейтiн… ендi қайтып үн қатпайтын… белгiсiздiк әлемi – бақи жалғанға жөнелген мезгiлде соңына нендей iз қалдырды дегенге жауап беру ғана. Осынау бiртомдық бетiндегi қыруар оқырманның ризашылық пейiлiн, ыстық ықыласын былай қойғанда, алтын асықтай Айқын, Әдiл атты ұлдарынан, Дана есiмдi қызын, Ләйлә есiмдi ақкөңiл адал жарын былай қойғанда: Сөзiнiң суретi көрiнген, кiсiнiң жанды жерiн тап басып таныған, әрдайым мұңайып, шерленiп жүретiн, өз iсiне, өз жүрiсiне ешқашан көңiлi толмайтын кеңқолтық қарапайым кейiпкерлермен қайта шүйiркелесiп… мiнекей, сол өзi … Сейiтқазы Досымов жүрiп өткен сүрлеу осы! Жазып қалдырған сөз осы! – деп кәмiл шындыққа қол қоятынымыз белгiлi. Ләйiм солай болары анық", – дейдi. Құлазыған, мұңайған, өмiрдiң адам басына жазған сан соқпағын кездестiрген кезде сырлы шығарма дертiңнен жазады, жаныңды "емдейдi". Жақсы шығарма – жаныңды жазар дәрi iспеттес десек, жазушы – рухани азық берер дәрiгер атанады. Марқұм Сейiтқазы Досымов та өмiрден ерте өтсе де, оқырманы үшiн жан жүрегiн жазар дәрiгер боп қала бермек.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ