Жаңалықтар

АЛЫС ЖҰЛДЫЗДЫҢ КҮМIС ЖАРЫҒЫ

ашық дереккөзі

АЛЫС ЖҰЛДЫЗДЫҢ КҮМIС ЖАРЫҒЫ

Құйтақандай қиялшыл бала алқаракөк түпсiз аспанда үнсiз жымыңдасып, сиқырлы сәуле шашқан жұлдыздарға жiңiшке мойнын созып, үздiге үңiлетiнi қалай? Тiптi жүрегiн әлдебiр мұңды сағыныш, iңкәр сезiм әлдилеген қарапайым ересек адамдардың өзi де нәзiк сырға толы түнгi аспанның түпсiз тұңғиығынан жұмбақ сыр, белгiсiз құпия тапқысы кеп күмiс сәуле шашқан аспанның қыз-қылықты шырақтарына тапжылмай қарайтыны несi? Сонда… бiрi өшiп, бiрi жанған жұлдыздар жүректi арбап, кеуденi әлдеқандай жұмбақ сезiмге мелдектете толтырарын қайтерсiң. Сондай сәтте жарқырай жанып, қоздағы шоқтай жайнаған баданадай-баданадай үлкен жұлдыздардан гөрi күмiс тозаң болып байқалар алыс шоқ жұлдыздар — жұлдыздар тозаңы ерекше сұлу, ерекше сиқырлы болып жанарды арбайды. Ерiксiз байланып, терең ойланып қаларсыз… Өйткенi ол жұлдыздар әрi тым алыс, әрi тым жұмбақ, әрi тым сиқырлы. Әдебиет әлемi де осындай сиқырлы жұлдыздар жайнаған түнгi алқаракөк аспанға ұқсайтын секiлдi. Әрбiр қаламгердiң түнгi жұлдыздардай өз орны, өзiнiң сиқырлы сәулесi бар. Өскенбай Құлатайұлының шығармашылығы мiне осындай ерекше ойға ерiксiз жетелейтiнiн айта кеткен ләзiм. Сандаған жылдар бойы қарапайым әрi аса жауапты мамандық иесi –тау-кен инженерi болған кiсi кеудесiн еш қақпай-ақ, өндiршектеп, өңмендемей-ақ әдебиет сарайының есiгiн өзiне тән ерекше жазу машығы, лайланбаған адал сезiммен аттады. Негiзгi мамандығы басқа салаға қатысты болғанымен де ол кiсiнiң шығармашылықты жанына жақын санап өскенi бiрден-ақ көзге айқын аңғарылатын, қолына қаламды арымен, өмiрден жиған-тергенi, қазына-көмбесi мол шежiре жүрегiндегi ақшаңқан нәзiк сәулесiмен ұстаған жан. Өскенбай аға 2009 жылы жарық көрген "Бiр әңгiмем бiр дiлла" жинағына енген "Мүсiн" деген әңгiмесiнде бiр көрген бейтаныс әйелдiң бейнесiн тас мүсiнге айналдыруға талпынған жанның машақатын шынайы сезiм, аса бiр ыждағатты дәлдiкпен суреттейдi. "Қолаң шаш – екi айырылып таралып, әдемi өрiлiп, қыпша белден төмен түсiп тұр. Орта бойлы, ашық маңдай, ай қабақ, қиылған қас, күлiм көз, ұзын кiрпiк, пiсте мұрын, балға толған қызыл ерiн, ақ құбаша бет, ақ тамақ, алма мойын, кең алқым…

Сәл кiдiр. Ой тоқтат.

Одан төмен тiк жауырын, жел тимеген жұп-жұмыр аналық белгi – қос алмасы көздiң жауын алады. Көпшiк бөксе, оқтаудай түзу аяқтарын қайтерсiң?! Қолдың салалы сұлу саусақтары мен аршылған жұмыртқадай аппақ иықты не iстерсiң?!

Мiне, осыларды осы мүсiнге айнытпай түсiрдiм.

"…О, Алла тағала, менi кешiре гөр! Мен осындай мүсiн жасадым. Адамзат, оның iшiнде әйел баласы осындай болу керек-ау деген үлкен сезiмнен туған ойым ғой бұл", – деп сөз сабақтайды. Мүсiнге жан бiтедi. "Қараған көз қарлығатындай, сезген жүрек дiрiл қағатындай, ақыл-есiне ешкiм тең келмейтiндей қордың қызы дерсiң".

Адам баласы ежелден өз қиялынан туғызған мүсiндердi өмiрiнiң бөлiнбес бiр бөлшегiне айналдырған. Ежелгi гректердiң сұлулық символы деп танитын әйел мүсiндерi, әйгiлi Леонардо да Винчидiң "Мона Лизасы" мен Рафаэль Санти сұлуларының оның тұтас галереясы көрген жанның қиялын шарықтатып, сұлулығымен ой түбiне сүңгiтуiнiң сырын әлi ешкiм шешкен жоқ. Әсiлi, өмiрде әрбiр адамның өз қиялынан туғызған жұмбақ мүсiнi – сұлулық символы болатыны таңғалдырар жайт емес. Тек сол сұлулық символын тани бермеймiз, мойындауға ерiк-жiгерiмiз жетпейдi көбiне. Қиялдағы сұлу мүсiн – сыртқа шаша бермес құпиямыз.

Әрине, қазақтың құба даласының ғибратты шежiреге әрi ықылым заманалардан ұмытылмай жеткен, мәңгi тозбайтын асылдай қаз-қалпында сақталып қалған ғажайып аңыз-әфсаналарына толы қасиеттi Түркiстан өлкесiнде туып-өскен жанның бала жастан қалам ұстап, жүректегi сезiмдерiн жыр жолдары етiп жазуға құмар болуына таңдануға да бола қоймас. Айтпақшы, Өскенбай ағамыздың ақын екендiгiн, қазақтың небiр марқасқа ақындары өлеңдерiн жоғары бағалап, батасын берген ақын екенiн айтпай кетуiмiз керек.

"Әдебиет – ардың iсi" деген ұлағат шынайы шығармашылық ортада ежелден берiк қалыптасқан тұжырым, айнымас анттай қағида. Бұған дауласар ешкiм жоқ. Адам алдына кiршiксiз ақ қағазды жайып, қолына қауырсын қаламды алған соң, шығармашылық биiк арымен бетпе-бет жеке қалатыны хақ. Әйткенмен бұл – шығармашылық процесстiң бiр қыры ғана. Кiршiксiз армен қоса адамның көкiрегiнде нәзiк бiр сәуле болуға керек. Алыс жұлдыздар шашқан нұрдай жұмсақ сәуле, күмiс тозаң. Өмiрдiң құбылыстарын дөп басатын өткiр көз, биiк парасат-пайым, ең әуелi көкiректегi жарқын ойды бұлжытпай жеткiзер көркем тiл керек. Өскенбай Құлатайұлының қарымды қаламынан туған шығармаларында ежелгi дуалы ауыз қазақ билерiндей аз сөзге көп мағына сыйғызатындығы, ойын астарлап, терең тұспалмен жеткiзетiн өмiршең философияға бейiмдiгi әрi ескiден жеткен ұмытылмас әңгiмелердi жаңаша түрлендiрiп жеткiзетiн шеберлiкке ұмтылысы оқырманды тәнтi ететiнiн атап айтқан абзал.

Бiр ғана мысал. Ол кiсiнiң небары бiр беттiк қана "Қуыршақ жылқы" деген тұспалы терең, жұп-жұмыр әңгiмесi бар. Тiптi, деректi әңгiме десе де болғандай.

"Кiшкентай жылқы бiр қарағанда ойыншық сияқты. Бiрақ бұл ойыншық емес, нағыз жанды жануар, тек кiшкентайлығы болмаса… Жануардың нәзiктiгi сонша, бұған қарағанда пони жылқысы оның қасында нағыз ауыр салмақты жүк күшi сияқты көрiнедi!", – деп тосын басталған әңгiме: "Тiрi қуыршақтың қызығы көп болған сайын қызығушы қауым олардың бағасын көтере түсетiн көрiнедi", – деп қызығушылықты одан әрi өршiткен күйi тосын аяқталған.

Терең ойлап қарасақ, адамзат қауымының арасында, осындай ойыншық тұлғалар жетерлiк емес пе?! Әсiресе, бүгiнгi былғаныш қоғамда. Қарапайым пенделер сияқты кәдуiлгi тiрi адам, бiрақ қолдан жасалған қуыршақтар. Ондайлар билiк басында да, зиялылар қауымының ортасында да, қарапайым көптiң арасында да болуы ықтимал.

"Ат жалының желi бар" деп бiлетiн шабандоз қазақ желден жүйрiк жануарды жанынан артық көрген. Абай атамыздан бастап нағыз сәйгүлiктiң сынын терген ақындарымыз аз болмаған. Қазақ та жылқы тектес. Өскенбай ағаның әкесi – 100 жасқа таяп өмiрден өткен Құлатай қария да қылқұйрықтыны өмiр бойы қадiрлеп өткен, көкiрек көзi ояу, нағыз сұңғыла кiсi болған көрiнедi. Өзi жанына балаған ақбоз атын абыз қария "Бас бiтiмi тiк, жеңiл, төменгi жақ сүйектерi алшақтау, мойны ұзын, шоқтығы биiк, жауырыны жалпақ, тұяқтары қоладан құйғандай әдемi едi, кеудесi кең, алқымы ауқымды, арқасы түзу, қарны тартыңқы, сауыры тартылған садақтай", – деп суреттеген екен. "Ертеден салса, кешке озған, еңiске салса, төске озған" нағыз пырақ дерсiз!..

Өскенбай Құлатайұлы ағамыздың қарымды қаламынан әр жылдарда "Өмiр өрнектерi", "Сағым жылдар", "Игiлiк", "Бiр әңгiмем бiр дiлла", "Замандастар" атты кiтаптар дүниеге келiп, қалың оқырмандардың жүрегiне жол тартты.

Қазақтың көрнектi жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Әзiлхан Нұршайқов ағамыз көзi тiрiсiнде Өскенбай Құлатайұлының творчествосы туралы: "Екi кiтапта да тұнып тұрған өмiр бар. Бiздiң замандастарымыздың өмiрi. Және ұлағатты өмiр! Сол өмiрдiң детальдарын ерiнбей-жалықпай, тиянақты жинап жүргенiңiзге және оларды керектi кiтап етiп шығарғаныңызға рахмет!", – деп ақ батасын берген екен.

Әз-ағамыз – Әзiлхан Нұршайықов ағамыздан асырып айта алмаспыз. Тек… алыс жұлдыздардың күмiс жарығы болмаса, дүние сұрқай болар едi деймiз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ