КӨККЕ АТЫЛҒАН ЖЕБЕДЕЙ...
КӨККЕ АТЫЛҒАН ЖЕБЕДЕЙ...
Дiни аңыздарды есепке алмағанда, ең алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин болғандықтан ба, әйтеуiр осыған дейiн орыс журналистерi ғарыш тақырыбын жекешелендiрiп алғандай көрiнетiн, әдетте. "Орыс космонавтикасы", "Орыс космонавтикасының атасы" деген немесе осыған ұқсас тiркестердiң сандаған жылдар бойына санамызға сiңгенi соншалықты, басқа мемлекеттер мен ұлттардың бұл салаға мұрын сұғуы оспадарлық, болмаса кездейсоқтық сияқты көрiнетiн. АҚШ-тың НАСА-сы, Еуропалық одақтың ғарыш орталықтары мен жапондардың ғарыш саласында жүргiзген зерттеулерi көзге елеусiз нәрсе, баланың ойыны секiлдi елестейтiн. Бiржақты кеңестiк идеологияның күш-қуаты, зәрлi демi дегенiңiз осы.
Рас, ғарыш тақырыбымен талантты орыс журналистерiнiң тұтас бiр ұрпағы тәрбиеленiп шыққанын да жоққа шығаруға болмайды. Және ғарыш саласын солар ғана жазуға құқылы сияқтанатын. Әсiресе, көкке атылған жебедей қуатты зымырандар қасиеттi қазақ жерiнiң нақ кiндiгiнен – ежелгi Байқоңырдан шексiз кеңiстiкке сандаған жылдардан берi самғап келе жатқанына қарамастан елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзгенге дейiн ғарыш тақырыбы қазақ журналистерi үшiн қатаң тыйым салынған құпия тақырып болып келгенi баршаға аян ащы, шындық. Қазақ баспасөзi әдетте Байқоңырдан кезектi ғарыш кемесi көк жүзiне аттанғаны туралы ТАСС-тың қысқа хабарын аударып басудан аспайтын. Мiнеки, сең бұзылды, қатқан мұз қозғалды…
Отыз жылдан астам уақыт бойы Байқоңырда еңбек етiп, ғарыш айлағының барша тiрлiк-тынысымен етене таныс болған талантты журналист қызымыз Сара Қабиқызы қазақ ғарыш саласының тарихы жөнiндегi өзiнiң көзбен көрiп, куә болғандарын қалың оқырман қауыммен бөлiсуiн одан әрi жалғастырып келедi. Ең алғашқы қазақ ғарышкерлерi – Тоқтар Әубәкiров пен Талғат Мұсабаевтың ғарышқа аттанған сапары жөнiнде алғаш рет репортаж жүргiзiп, халқымыздан сүйiншi сұраған сүйкiмдi ару, Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың ғарыш айлағына атбасын тiреген сапарлары жөнiнде салиқалы сөз арнаған, кеңес және қазақ ғарышкерлерiнiң ғарыш саяхаттары жөнiнде деректi фильмдер түсiрген Сара Қабиқызы қазақ және орыс тiлдерiнде даңқты ғарышкерiмiз Талғат Амангелдiұлы Мұсабаев туралы деректi хикаятты оқырмандардың назарына ұсынған болатын.
2009 жылы Астана қаласында "Знак равенства" деген атпен әсем безендiрiлiп жарық көрген қызықты хикаят өткен жылы "Қазақстан" баспасынан "Ғибратты ғұмыр" сериясымен "Талғат Мұсабаев" деген атпен қазақ тiлiнде жарияланды.
Тоқтар Әубәкiров пен Талғат Мұсабаев… Көзi тiрiсiнде аңызға айналған тұлғалар. Ардақты қаһармандарын көкке көтеретiн қазақ халқы осынау ержүрек ұлдарын ешқашан бөлiп-жарып көрген емес. Екеуiн қосарлап бiрге атайды, бiрдей жақсы көредi, бiрдей сыйлайды. Өйткенi бiздiң ғарышкерлерiмiз – қазақтың қара домалақ ұлдары әзiрге екеу-ақ! Аз ба, көп пе, кiм бiлсiн. Қалай болғанда да өмiр шындығы осы.
Осы орайда әлдебiр жеңiл әзiл әңгiме ойға оралады. Ертеде өзбек қышлағына келген молда жетi қат көктiң арғы жағындағы жұмақтың бағы туралы әңгiме айтып отырса керек. Сайраған құстардың үнi, қанатты перiштелер жайында, айдай сұлу хор қыздарының сыңғырлаған күлкiсi туралы майын тамыза айтып бередi. Сонда аузының суы құрып тыңдаған өзбектiң бiрi:
– Уа, молда-ака, бұл жұмаққа қитабан қазақ та бара ма? – деп тiл қатыпты әбiржiген түрмен.
Тосылып қалған молдекең:
– Жоға-а, олар бармайды. Барса да тек есiгiнен ғана сығалайды, – дептi.
– Ойбуй, бұл бiржола бiткен шаруа екен! Қазақ есiктен сығаласа, сәлден кейiн төрден бiр-ақ шығады емес пе?! – деген көрiнедi сонда түсi бұзылып кеткен өзбек.
Бұл әзiл әңгiменi неге айтып отырмыз? Осынау деректi хикаяттың "Ғарышқа бастар жол" атты алғашқы тарауының беташары "Құдай бередi" деген бөлiмшемен ашылған. Хикаятқа сөз берейiк: "Ғарышкерлердi даярлау орталығының психологтар кабинетiнiң есiгi шалқасынан ашылып, таныс дауыс естiлдi: "Сәлем, Борисыч, хал қалай? Не жаңалықтарыңыз бар, бәрi тыныш па?" Ростислав Борисович Богдашевскийдiң қолын қысып болып, ол айналаны жiтi шолып шықты, әбден орнықты бiрнеше ескертулерiн жасады, содан кейiн бөлмеден шықты да, ұзыннан-ұзақ дәлiздi бойлап, ширақ адымдап кете барды. Орталықтың қызмет кабинеттерiнде жұрт абыр-сабыр болып қалды, бiр әйел күле тұрып: "Дайындалыңдар, мүмкiн қазiр бiзге де кiрiп қалар…" – деп те ескерттi. Шынында да, айбынды "мейманның" назарынан ешкiм де тыс қалмады, ол тiптi ақыр соңында қызметкерлерден "Зор рахмет!" деген алғысын аяған жоқ…" дей келiп, одан әрi: "Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлердi даярлау орталығында табаны күректей қырық бес жыл бойы жұмыс iстеп келе жатқан Ростислав Борисович Талғат Мұсабаевтың немересi – Тимурмен шүйiркелесiп қалатын әрбiр жолы: "Ойпырмай, өмiр дегенiңiз қалай дәл қайталанады!" – деп таң қалудан жалықпайтын. Құйтақандай, ауыз аштырмайтын Тимкаға көз жүгiрте отырып, оның тұрпатынан қайсар, жiгерлi, сөйте тұра оқыс ұяң Талғатты жыға таниды… Тимур да ол, оның атасы Талғат Мұсабаев тәрiздi, бiрден Жеңiмпаз деп атаған. Иә-иә, жеңемiн деген анық ниетпен нақты мақсатқа, еш жасқанбай беттейтiн нақ Жеңiмпаз деп", – Сара Қабиқызы ойын өрбiтедi.
Бүкiл ғұмырын ғарышкерлерге арнаған Ростислав Богдашевскийдiң әлгi iштар өзбек туралы әзiл әңгiмеден хабары бар ма, жоқ па, ол жағын кiм бiлсiн, әйтеуiр осынау суреттеуден астарлы тұспал, меңзеу байқалатын секiлдi. Қазiргi жағдайдың символы: Кеңестiк кезеңде ғарышкерлер даярлайтын орталықтарға бас сұғуға тыйым салынған қазақтардың құйтақандай баласы осынау аса құпия мекемеде асыр салып ойнап жүр.
Қазақ халқының сандаған жылдар бойы қыспақта болғанын, қысым көргенiн саналы түрде болмаса да әрбiрiмiз iштей жақсы сезiнiп келдiк. Күнделiктi тұрмыстан-ақ анық сезiлетiн. Мұны Сара Қабиқызымен болған әңгiмеде үш мәрте ғарышқа ұшқан Талғат Мұсабаевтың өзi де ашық айтады.
" – Өмiрлiк принциптерiңiз қандай?
– Ең алдымен – өзiң болу. Кеуде кермеу. Өмiрде кiмсiң, табиғатың қандай, солай болуың керек. Тындырғаның бар екен – рахмет, тындырыпсың. Халықтың игiлiгiне жұмыс iстеу керек. Бұл қызыл сөз емес. Тек халық үшiн ғана емес, өзiң үшiн де iстейсiң, бiз көлгiр емеспiз, бәрiн де түсiнемiз. Бiрақ бәрiнен бұрын да әу бастан, менiң қолбасым – сезiм. Мысалы, мен қазақ халқының қыспақта әлдене қысым көретiнiн, халқымызға маңызы шамалы, екiншi санаттағы пенделер секiлдi көзқарас бар екенiн сезетiнмiн. Мен бiздiң ешкiмнен кем емес, кей нәрселерде оза жұмыс iстей алатынымызды көрсеткiм келетiн. Тек қой өсiрудi ғана бiлiп қоймай, ғылым мен техниканың ең озық салаларында жұмыс iстей алатынымызды көрсеткiм келетiн. Мұны мен өз мысалыммен көрсетуге тырыстым. Мен ғарышкерлердi даярлаудың бүкiл тарихында барлық үш қызметтен өткен жалғыз адаммын – зерттеушi-ғарышкер, бортинженер және кеме командирi болдым, "Союз" ғарыш кемесiнде рет-ретiмен барлық үш креслода отырдым", – дейдi ол. Иә, бүгiнгi батырымыз Талғат Мұсабаевтың өмiрi де әрбiр қазақ баласының өмiрiндей онша жеңiл бола қоймаған. Оның атасы Орынтай да зұлмат жылдарында "халық жауы" ретiнде репрессия құрбаны болып, тек 1956 жылы ғана ақталған екен.
Бұл кiтапта Талғат Мұсабаевтың ұзақ, күрделi, бiрақ бақытты жолы баяндалады. Бұл бiр жағынан оның туған елiне, Қазақстанға оралуы туралы деректi хикая. Тылсым зеңгiрде ғарыштағы мiндетiн мiнсiз орындауы, туған жерде жаңа ғарыштық парызының бастауы туралы қызықты әңгiме.
Бiр байқағанымыз, авиация генерал-лейтенанты, Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев желбуаз сөзге әуес емес, асыра сiлтеп сөйлеудi де ұнатпайды. Сондықтан да ол туралы әңгiме де хроникалық-деректi нұсқада өрбидi. Яки бұл хикаят "Ғарышқа бастар жол", "Ғарыш жолы" және "Үйге оралу" атты шартты үш бөлiмнен түзiлiп, кейiпкердiң өмiрiндегi оқиғаларды ғарышқа сапарға дейiнгi және одан кейiнгi кезеңдерге (ғарышқа сапар һәм үйге оралу), сондай-ақ Ғарыштың өзiне бөледi. Қызықты хикаят туған елiмiздегi ғарыш саласын дамытудың жаңа кезеңiнiң деректi хроникасы десек те, сайып келгенде бұл -Қазақстан ғарыштық саласының қалыптасу тарихы деп айтуға толық қақылымыз.
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ