Жаңалықтар

ТАРИХ ТӘЛКЕККЕ ҰШЫРМАСЫН

ашық дереккөзі

ТАРИХ ТӘЛКЕККЕ ҰШЫРМАСЫН

Дүниежүзiлiк пе, бiрқұрлықтық па, бiрелдiк пе, бiрхалықтық па, қайсысының болсын тарих шiркiнiне әлi күнге дейiн тыныштық бұйырмай келедi. Бертiнгiсiне ғана емес, көнесiне де уақ-уақ түзету енгiзiледi де, сол түзетулерге «бәрекелдi!» деушiлер мен «ойбу!» деушiлер табылып, тағы «түзетулер» басталады. Адамзаттық дiн түрлерiнiң шығуын, дамуын зерттеушiлер тұңғыш жазылған дiни кiтаптарды кейiнгi басылымдарымен салыстырғанда соңғыларының мәтiндерiне бiраз өзгерiс енгiзiлгенiн, яғни түзету, толықтыру болғанын дәлелдеп жазды (ондайға ұшырамаған бiр ғана кiтап – Құран Кәрiм екен). Әрине, оларды түзеткен, толықтырған Құдай емес билiк басында ұзақ отыруға тырысқан әмiршiнiң әлде емеурiнiн, әлде тапсырмасын орындаған жазғыштар. Әмiршi өзiнiң бiлiп-бiлмей iстеген қателiктерiн дiни бағыныштылықтағы жұртқа «Құдай сөзiмен» түсiндiрiп, ақталып отыруды мақсат еткен. Ол әрекеттерi кейiнгi ғасырлардағы кейбiр билеп-төстеушiлердiң ел Конституциясын өз пиғылына қарай өзгерттiргенiн еске түсiредi. Саясат жүйесiнiң Бас кiтабы – Конституция әрбiр диктатордың тұсында жартылай да, түгелдей де жаңартылып жазылғанын бiлемiз… Дiни тарихтың тағдыры алайша болған соң, саяси тарихқа не жорық? Осы ыңғайда Тiлеу Көлбаев мырзаның гәзет бетiндегi ойына бiрер пiкiр қосқым келдi. («Түркiстан» газетi, «Сталин және Қазақстан», 30. 06. 2011 ж.)

Пiкiр қосу дегенде тарихшылығым ұстап отырған жоқ, мен тарихшы емеспiн, бұл тұрғыда айтысуды қаламаймын да. Мен – журналшы-жазушы ғанамын. Алайда саяси тарихқа немқұрайды қарамайтыным бар.

Тiлекеңнiң тақырыбына орай алдын-ала айтарым: Сталиндi беталды мақтаушыларға да, боқтаушыларға да қосылып көрмедiм және қосылмаймын да. Оқып-бiлгендерiмнен өзiмше дұрыс тұжырым жасауды ғана ойлаймын, себебi – кешегi КСРО тарихы – бiздiң қайсыбiр «табанды тарихшыларымыз» жоққа шығарса да, Қазақстан тарихының 73 жылы. Ал бұл тарихтан И. Сталиндi өшiрiп тастау мүмкiн емес. Өйтуге құлшынбау да керек. Бiр тiрлiктегi елдi отыз жыл басқарған адамның қызметiндегi оң мен терiстi әуелi Қазақстанның тарихы, одан соң ертеңгi ұрпағымыз үшiн адал пайымдау қажет. Ол мәселенi, Тiлекең айтқандай, «…бiздiң тарихшыларымыз әлi аша қойған жоқ».

Мақаладағы: «Сталин үшiн қазақ деген халықтың тағдыры түкке тұрғысыз болатын… қазақ дейтiн момын халықты түгел жоймаса да, жартылай қырғанын ұмытпауымыз керек» деген тұжырым тым үстiрт. Совет Одағын билеген Сталинде Ресейдiң патшасы II Николайдың жауыздық ойы болған жоқ. Профессор Мекемтас Мырзахмет айтқандай, шовинист патша 1902 жылы өз қолымен: «Қазақтарды тез арада шоқындырып, орыстандыру керек. Көнбесе, жер бетiнен жойып жiберiңдер!» деп бұйрық жазған. Қазақты қырып тастамайынша, Қазақстанның ұлан-байтақ бай даласын иемдене алмайтынын бiлген. Сталин қоластындағы халықтың ешқайсысын ешқандай сылтаумен қыруды көздемеген. Мұны бекер еткен деректi кездестiрген емеспiн.

Сталин бiзге Голощекиндi жiбергенде: «қазақтарды қыр, жой!» деп пе екен? Жалпы, Голощекиннiң келуiне себепшi болған кiм, анығында – кiмдер? Олар өзара ынтымақтасқысы келмей, Сталинге: «Бiзге басшыны сырттан жiберiңiз», – деп хат жазған ағаларымыз ғой (күнi кеше Горбачевтiң Колбиндi жiбергенiндей). Оның түп-тамыры Қазревкомның төрағалығына келiсiлген Әлiби Жангелдиннiң орнына мәскеулiк-кремльдiк Станислав Пестковскийдiң тағайындалғанында (1919 жылы) жатпады ма? Жайсаңдарымыз бен қасқаларымыз Мәскеуге жиналысқа барған сайын, залда иық түйiстiре бiр шоғыр болмай, «оңшылдары» бiр шетте, «солшылдары» бiр шетте екi топ болып отырады екен. Сталинге ортақ бiр тiлмен сөйлемей, оңаша екi тiлмен күбiрлеп-сыбырлап жүрген соң, Әлiбилердiң жолы қалай ашылсын?!. Бiзде сырқы дұшпанға алдырмас iшкi бiрлiк сол кезде-ақ болмапты!.. Ал бергi ағаларымыздың «арқасында» 1934-1938 жылдары бiзде қандай ойран-топыр болғаны мұрағатжайлардағы құжаттарда сайрап жатыр, әне, соларды оқығанда, жағаңды ұстамақ тұрғай, есiңнен жаңыла жаздайсың. «Қазақтың жауы – қазақ»; «Қазақтың жауы – қазақ емес», «Қазақтың досы – қазақ» деп сөзойнатушылар қазекемдердiң мұрағатжайдағы «еңбектерiмен» танысып шықса, иманын iздер едi.

Егер Сталин бiр ұлтты, не ұлысты қырғысы келсе, айталық, 1943 жылы чешен-ингуштарды, кеңестiк немiстердi, тағы басқасын Қазақстанға, Сiбiрге жер аудармай, сол отырған жерлерiнде-ақ жойдырып жiберетiн едi. Ол жер аударушылық – беталды жасалған озбырлық, қастандық делiнiп жүрген пiкiр мүлдем қате. Анықтағысы келген кiсi И. Пыхаловтың «За что Сталин выселял народы?» деген деректi кiтабын оқысын.

Саяси тарихқа немқұрайды қарай алмағандықтан, Қазақстанның 73 жылдағы саяси хал-ахуалын бiлгiм келiп, көзiм жеткен шындықты айту-жазу үшiн кезiнде КСРО өмiрiне араластығы болған: саясаткер, дипломат, әскери қайраткер, тарихшы, журналшы, жазушы және басқалардың кiтаптарын қолыма түскенiне қарай оқып жүремiн. Олардан аңғарғаным: Сталиндi қалайда жамандауды көздегендердiң көбi, мәселен хрущев-солженицын-волкогонов-радзинский-авторханов-резун-млечин-сванидзе, т. б. көбiнесе жалаң сөздi көсеу еткен. (В. Резун Ресейдiң даңқты қолбасшысының фамилиясына жармасып, том-том кiтабын «В. Суворов» деген бүркеншiк ныспымен шығарып, өзiнше тор құрып жүр. Ал оның өтiрiктерi «Антисуворов» айдарлы кiтаптарда әшкереленуде. Керiсiнше Сталиндi ақтайтындардың бәрi дерлiк жазбаша дерекке сүйенген. Бiрнеше мысал келтiрейiн. Н. Хрущевтiң: «Сталин соғыс басталғанын естiген кезде есiнен танып қала жаздады, саяжайына кетiп қалып, пәлен күн үн-түнсiз жатып алды, майдан жағдайын әрқашан глобус арқылы шамалады», – дегенi (жалпы оның мемуарының денi – өзiн ақтау үшiн жазылған арзан сөзсапырыс); «орыстың ұлы жазушысы» А. Солженицынның: «Сталин соғыс басталысымен Куйбышев қаласына көшiп кеттi, Мәскеуге анда-санда телефон соғып: «Не болып жатыр?» деп сұрап жүрдi, Мәскеуге соғыс бiткен соң оралды», – дегенi; генерал Д. Волкогоновтың: «Сталин соғыс жылдарында Кремльден аттап шықпады, майдандарға бармады, жеңiске қосқан үлесi шамалы»,— дегенi, Г. Жуков, А. Василевский, К. Рокоссовский және басқалардың мемуарларына жүгiнбегенде, Сталиннiң оққағары болған А. Рыбиннiң «Рядом со Сталиным» деп аталған естелiгiнде-ақ әшкереленген. Ал «В. Суворовтың»: «соғысты Гитлер емес, Сталин бастады» дегенi – шексiз пәлеқорлық. Ол КСРО-ға қарсы жорықты қашан, қалай бастау керектiгi туралы Гитлер 1939–1940 жылдары өткiзген құпия мәжiлiстердiң көшiрмесi Совет Одағының партиялық, мемлекеттiк, әскери барлау мұрағатжайларында сақтаулы тұрса да, оларды керек етпеген.

Хрущевшылдар: «Сталин – патша жандармериясының жансызы болды» дедi, – ресми дәлелдей алмады; «В. Ленин мен И. Сталин Горькиде» деген фото жалған, Сталин құрастыртқан» дедi, – фото 1922 жылы «Правда» гәзетiнде басылыпты; «Лениннiң «Сьезге хатын» Сталин тыққызып тастаған, халыққа оқытпаған» дедi, – хат 1936 жылы жеке кiтапша болып шығыпты; «Сталин өзiне нұқсаны бар құжаттарды мұрағатжайлардан алдырып, өртеп жiберген» дедi, – ресми дәлелдей алмады, керiсiнше Хрущевтiң өзi солай iстеткенi туралы деректер бар.

Солженицын десек, ол «бiлгiштiгiн» КСРО-да сталиндiк репрессия құрбандарының саны 40 миллион шамасы деп бастап, одан 66 миллионға жеткiзiп, 1976 жылы шетелдiк теледидар тiлшiсiмен сұхбатында: «Сталин 110 миллион адамды құртты!» деп, КСРО-ны тарихтан өшiрiп тастай жаздады.

Репрессия жылдарында КСРО-да, оның iшiнде Қазақстанда, қанша адамның атылғаны, жер аударылғаны әлi де анықталған жоқ. Әр жылғы әлеуметтiк зерттеу мақалалардағы, кiтаптардағы санда көп айырмашылық бар, өйткенi таза зерттеу негiзiнде, нақты құжат бойынша жазылғанынан гөрi, әсiресе Хрущев билiгi жылдарында оған жағынумен, әрқалай ықпалмен, тапсырыспен жобалап, ойдан шығарылғаны басым. Айталық: Тiлекең келтiрген дерек бойынша, Сталиннiң кiнәсiнен «46,6 миллион жан құрбан болған». Бұл – репрессияда атылған, жер аударылған және 1941–1945-жылдардағы соғыс құрбандары санының жиыны шығар дегеннiң өзiнде тым көп. Ресей телекомпаниясы бағдарламаларының бiрiн жүргiзушiсi саясаткер В. Кара-Мурзаның айтуынша: 1918–1953 жылдар аралығында атылған «халық жауының» саны 1 миллионға жуық, оның iшiнде: 1937 жылы – 353074, ал 1938 жылы – 328618. Жиыны – 1, 8 миллиондай.

Ресейлiк ұлттық саяси энциклопедияның соңғы дерегi бойынша, 1941 – 1945 жылдардағы соғыста Қызыл армия 8668,4 мың адамынан айрылған (Германия – 6668 мың). Гитлершiлдер басып алған жерлердегi құрбан болған бейбiт совет адамдарының саны – 18 миллион. Яғни КСРО-ның соғыстағы шығыны – жиыны 27 миллионға жуық.

Сонда 1918–1953-жылдарда қазаға ұшыратылған адамдардың жалпы саны – 28, 8 миллион шамасы. Бұл цифрды Хрущев пен хрущевшылдар екi-үш есе өсiрiп айтты.

Аталған энциклопедия редакциясындағы дерек 1934–1950 жылдары әйгiлi ГУЛАГ тұтқынының саны 2 млн. 561 мың 351 адам дейдi. Тiптi «бұлардың бiр де бiрi тiрi шықпады» деп ойлап, оған жоғарыдағы 28, 8 миллионды қоссақ, соның өзiнде 32 миллионнан аспайды. Қайдағы 40-50 миллион? Ол сол кездегi совет халқының (190 миллион) үштен бiрi емес пе? Немесе соғыста өлiп қалмас үшiн майданнан кетудiң амалын тауып және «халық жауы» мерзiмiн түрмеде емес, қазақ ауылында өткiзудiң ретiн келтiрген, қазақтың тамағын iшiп, табағын теуiп кеткен Солженицын 110 миллионды қайдан алды?

Өлi Сталиндi қаралауды Хрущев СОКП ХХ сьезiндегi құпия баяндамасымен бастады (поспеловтер жазып берген). Олай iстеудегi бiр ғана мақсаты – күнi ертең өзiнiң өлiп кеткеннен кейiн әшкере болмауын ойлағаны. Әшкереленуiне себеп жеткiлiктi екенiн бiлдi де, «қорыққан бұрын жұдырықтайдыны» iстедi. «Халық жауы» науқанындағы зұлымдықтарды тексеру жөнiндегi партиялық комиссияның төрағасы А. Яковлев: «Хрущевтiң екi қолы иығына дейiн қан» дептi. Деректi кiтаптардың авторлары да солай екенiн дәлелдеген. Украинаны билеп тұрған жылдарында Хрущев 40 мыңнан астам, ал Москваның қалалық және облыстық партия комитеттерiнiң бiрiншi хатшысы жылдарында 50 мыңнан астам адамды «халық жауы» деп жазалаттырған. 1937 жылғы шiлде айында «халық жауларын» жазалауға Кремльден лимит сұраған басшылар тобында «жауының» саны көптiгi бойынша Хрущев бiрiншi орында (Ю. Жуков, «Иной Сталин»). Ал Қазақстаннан Л. Мирзоян алтыншы орында. Ол 2346 адамды атуға, 4403 адамды жер аударуға лимит сұраған. Жиыны – 6749. Бiр жолғысы! Оны қанқұмар Ежов 7500 етiп бекiтiп берген (ескере отыралық: Мирзоянның хатында сотқа тартылуға тиiс «халық жауларының» саны ғана бар, ешкiмнiң аты-жөнi жоқ. Тек iле-шала жазған екiншi хатында республика өкiметiнiң басшысы Ұ. Құлымбетовтi атапты. Оны «ұлтшыл-фашист» деп «дәлелдеп», тұтқындау үшiн орнынан алуға Саяси бюродан рұқсат сұрап, дегенiне жеткен).

Мирзоян Қазақстанды 1934–1938 жылдары басқарды. Сол мерзiмде «халық жауы» ретiнде атылған, жер аударылған қазақстандықтардың жалпы саны нақты белгiлi ме? Жоқ. Тұтқындалғандар 100 мыңның, одан атылғаны 20 мыңның о жағы мен бұ жағы делiнiп келедi… Халық шаруашылығының барлық саласын сүзгiден өткiзбей, ұлттық мәдениетiмiздiң көшбасшыларын, аса көрнектi ақын-жазушыларымызды ғана айтқанда: Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан Жұмабаевты, Сәкен Сейфуллиндi, Iлияс Жансүгiровтi, Бейiмбет Майлиндi… құрбан еткен Мирзоян емес пе? Сол! Менiңше, Мирзоян да өзiнен ойы озықтың ортасында отырмау, Кремльге жақсы аттану сияқты сайқал саясатты ұстанды. Оның сойқаны басталғанда Сәбит Мұқанов оған екi рет хат жазып, ушығып бара жатқан сұмдықты тоқтатуға күш салуды сұрапты, бiрақ не ауызша, не жазбаша жауап ала алмаған.

Сөйткен Мирзоянды қазақ неге «Мырзажан» атады? Не үшiн? Келген бетте ол ашқұрсақ көпшiлiктiң қарын қамын ойластырыпты, өнерiмiзге, ғылымымызға көңiл бөлiптi. Қайран қазекем сонысына мәз болған. Қорасындағы малын сыпырып алып, өздерiн аштан қырған Голощекиндi қарғап-сiледi – дұрыс! Ал тiлiн емiзiп, малына тиiспей, оның есесiне көзалдарындағы көсемойлы азаматтарын қырған Мирзоянды «Мырзажан» дедi – масқара! Бүгiн де оны дәрiптеп мақала, кiтап жазып жүргендер бар. Алматының, Астананың көшелерiне атын қойдырды. 2009 – 2010 жылдары мен бұл масқаралықты айта екi-үш гәзетке мақала шығардым, Парламент мәжiлiсiне, Алматының әкiмiне, қалалық мәслихатқа хат жаздым, – ешқандай жауап келмедi. Мұндай рухани бейшаралығымызға Мирзоянның қолынан қаза тапқан сан мың қазақтың әруағы алғыс айтпаған шығар, айтпайды да!..

Тiлекеңнiң мақаласында Қаныш Сәтбаевтың Сталинге хаты келтiрiлген екен. Қанышқызы Мейiз апайымыз ол хатқа Сталиннiң: «Сатпаеву верить, от партии не отдалять!» деп бұрыштама соққанын жазғаны есiмде. Қазақ Қанекең құртыла салмады. Осыған ұқсас және бiр жәйт мынау: қазақстандық ақын Павел Васильев «халық жауы» деп ұсталып кеткен соң, әдеттегiше, оның туыстары «түгенделген». Бажасы, жазушы Иван Шухов та («Простор» журналының бас редакторы) қуғынға ұшырап, екi жылға бас бостандығынан айырған шартты жаза алған. Одан арыда түрме есiгi ашыла бастағанда сырлас жолдасы Е. Бровман оған: «Сен ендi бөгелме, Мәскеуге тарт, Сталинге хат жаз, аман қалудың басқа жолы жоқ», – дейдi. Шухов дереу аттанады. Бүгiнде екiнiң бiрi сене қоймас ерекше нәрсе: ол жылдары Кремль қақпасы тұсында, қабырғаның сыртында «И. В. Сталинге хат» деген пошта жәшiгi iлулi тұрған да, оған салынған хат Сталинге тiкелей жеткiзiлетiн болған. Шухов хатын сол жәшiкке салады. Арада бiрнеше күн өткенде, «Правда» гәзетiнде, КСРО Бас прокуратурасының: «Жазушы И. Шуховқа қатысты iс, қылмыстық сипаты жоқ болуы себептi, тоқтатылды», деген хабары жарияланған!

Бұған орайластыра айтарым, мысалы Р. Баландиннiң «Маленков. Третий вождь Страны Советов» кiтабында Ягоданың, Ежовтың, Берияның, т. б. қитұрқыларын Сталин бiле бермедi, «халық жауларын» әшкерелеудегi өрескел солақайлық туралы Г. Маленковтың хатын оқыған соң ғана Ежовтың күнiн батырды, делiнген. Кiтапта сол кезеңдегi небiр шытырман оқиғалардың деректi шешуi бар. Дегенмен Маленковтың хатына «Пленумға» деп бұрыштама соққан Сталин пленумда Маленков жасаған баяндамаға көпшiлiк (Хрущев бастап) қарсы сөйлеп, баяндама бойынша қаулы қабылданбауға айналғанда ол қалайда араласпаған. «Бiрiң өлiп, бiрiң қал» ма?

Қолымдағы кiтаптарда: репрессиялау тiзiмдерi дегенге, кейбiр көрнектi кiсiлерге қатыстысы болмаса, Сталин жалғыз өзi қол қоймаған, Саяси бюро мүшелерiне жiберiп, содан қайыра келген соң қоятын болған деген пiкiр басым.

Тухачевскийлер мен Киров туралы. Белгiлi тарихшылар В. Мещеряков пен А. Мартиросянның кiтаптарында маршал М. Тухачевский бастаған топтың Германиямен соғыс бастала қалған күнде Сталинге қарсы көтерiлу туралы астыртын дайындықты қалай жүргiзгенi және қалай әшкере болғаны құжаттар бойынша талдап түсiндiрiлген. «Топқа мүше маршалдар өздерi басқарып отырған әскери округтарда төнiп келе жатқан соғыс қаупiне қарсы шараларды әдейi шала жүргiздi, Қызыл Армияның гитлершiлдерге алғашқы кезеңде төтеп бере алмағаны, көп шығынға ұшырағаны сондықтан», – дейдi авторлар. Ал Р. Баландиннiң кiтабында Тухачевскийдiң тұтқындалған күннiң ертеңiнде бастап жазған 143 бет түсiнiгi, кезiнде ұстазы Л. Троцкий «Брест-2» деп жобалап қойғандай, «жеңiлу жоспарымен» қоса бар. Оның қолжазбасын бертiнде тексеруден өткiзген графологтар (қолжазуды зерттеушiлер) тұтқынның бұл қолжазу таңбасы мен мәнерi бұрынғыларымен бiрдей, ешқандай ауытқушылық жоқ, авторы еркiмен, орнықты қалыпта жазған деп қорытынды жасапты. Яғни Тухачевский шегiнер жер қалмағанын ұғып, шындықты түгел айтып берудi жөн көрген. Айыбын алдын-ала ашық мойындаса, аман қалуы мүмкiн екенiн ойлаған болар.

Сталиннiң жеке басына табынуда жағымпаздардың топ басында болған Хрущевтiң кейiнде көсемiн мүлде ақымақ деп, үйiп-төккен «дәлелдерiнiң» бiр түрi – Сталин Горькийдi, Кировты, Орджоникидзенi, Ждановты, т. б. өлтiрттi, деу болғаны белгiлi. Оның сол мәлiмдемесi бойынша, мысалы Кировтың өлiмi себебiн тексерген үкiметтiк комиссия ол оқиғаға Сталиннiң, КГБ-ның қатысы болмағаны туралы актiнi алып барғанда, Хрущев ақырып-бақырып: – Мұндайдың ешкiмге керегi жоқ! – деп, актiнi темiр жәшiгiне салып тастапты.

Әмiрi жүрiп тұрғанында Хрущев Сталиндi жамандауға талайларды көндiрген екен. Мықтылардың мықтысы делiнген министр Г. Жуков та оның тiлiн алыпты, кезiнде өзiн бағалай бiлген, ерекше сенген, көтерген, бiрде Берияның қақпанынан құтқарған Сталиндi кемсiте сөйлеп, соғысқа қатысты деректердiң бiразын өз пайдасына қарата бұрмалаған. Оның жандайшаптары: – Жуков бiрде Сталиндi кәдiмгiдей орысшалап боқтаған болатын, – деген өсек таратқанда маршал өзiнiң өйтпегенiн айтпапты. Ал А. Микоян соғыс басталған күннiң ертеңiнде кешке Бас штабқа барған Сталин штабтың бастығы Тимошенко мен орынбасары Жуковты қуырған сәтте Жуковтың жылап жiбергенiне куә болғанын жазыпты («Так было»).

Алайда, обалы не керек, бертiнде гәзет тiлшiсi Ұлы Отан соғысындағы жеңiсте Сталиннiң рөлi қандай екенiн сұрағанда ол – Жуков: «Он своей жесткостью добился невозможного!», – дедi.

Хрущевтiң тiсi батпаған бiрен-сараннан маршал К. Рокоссовскийдi атау жөн. ХХ сьезден кейiн: – Сталиндi сынауға хақың бар, аянбай сына! – деген оған: – Никита Сергеевич, мен үшiн Сталин – әулие! – дептi Рокоссовский. Хрущев соғыстың алдында сотталып, түрмеге отырып шыққан маршалдың жанды жерiнен ұстамақ, өзiнiң керегiне жаратпақ болды, ал Рокоссовский сонда да әруақтан аттамады, пасық есептiң құл-құрбаны болмады, Бас қолбасшының Ұлы Отан соғысындағы жеңiсте қандай үлесi болғанын ұмытпады.

Сталиннiң жеке басына табынуды кеңестiк, коммунистiк жүйе қалыптастырды. Билiктiң биiгiнде ұзақ отырғандардың ешбiрi ол сырқатқа шалдықпай қалмайды да, зардабын халық тартады. Сонауда жазықсыздан жазықсыз зардап шеккендердiң бiрi бiздiң әулет болды. Әкемнiң ағасы Құрманбай колхоздың ұстасы екен. Бiрде көргенсiз коммунист белсендiнi сабағаны үшiн «халық жауы» ретiнде он жылға Сiбiрге айдалып, сүйегi Магаданда қалыпты. Әсiребелсендiлер оның да отбасын ойрандаған: ересек балаларын жұмыстан, шәкiрттерiн мектептен қудырған. Бiздiң ауылда «халық жауы» болған он бес азаматтың бәрi дерлiк қатардағы колхозшылар екен. «Партия саясатына қайшы сөз айтқаны» үшiн кете барған. Журналистiк, жазушылық iссапармен Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде болған жылдарымда солайша бейкүнә жазаланғандардың әрбiр ауыл-селода аз болмағанын естiп-бiлдiм. Содан түйгенiм: 1937–1938 жылдардағы репрессияда құрбан болған қазекемдердiң сексен пайызы – құрманбайлар! Ал сол зобалаңның бiр ғана себепшiсi – Сталин деу ақиқаттыққа жата ма? Хрущев, Мирзоян сияқты жергiлiктi «сталиндер», СОКП ОК Саяси бюросында он жылдап отырған: Молотов, Берия, Микоян, т. б. неге түстеп айтылмайды?

Соңғы бiр жыл шамасында Ресейде өлi Сталинге шабуыл жасау жүйелi жүргiзiлiп жатыр. Менiңше, оны бастаушылардың бiрегейi – президент Д. Медведев мырза. Ол «Известия» гәзетi тiлшiсiнiң бiр сұрағына орай: «Сталин – преступник!» дедi. Өзi заңгер кiсi кiмнiң болсын қылмыскер екенiн соттың ғана атай алатынын бiлмедi ме? Әлде ол Ресейдiң әрi президентi, әрi Жоғарғы соты ма? Сiрә, Ресей басшысының сол ұстанымы салдарынан шығар, iле-шала Европа деңгейiнде сталинизм мен гитлеризмдi теңдестiре шулау пайда болды. Оны ендi халықаралық кеңiстiкке тарату сияқты пиғыл да бар. Ол не? Түпкi арам ойы әлемде арийлiк билiк орнату болған, онысын iске асыруды көршiлес елдердi басып-жаншып, КСРО-ға опасыздық шабуыл жасаумен бастаған фашист Гитлердi оның жауыздығына күйрете соққы берiп, дүние жүзiн фашизм лаңынан сақтап қалған Совет Одағының басшысы Сталиннiң дәрежесiне көтеру емес пе? Дәл мұндай зымияндықты, мысалы мен ешбiр тарихнамадан кездестiрген жоқпын.

«Арбаның алдыңғы дөңгелегi қайда жүрсе, соңғы дөңгелегi солай жүредi», ел басшыларының ыңғайына жығылған ресейлiк «қаламгерлер», «тарихшылар» Сталиндi мүлде миғұла ете: мақала, хикая, өлең, дастан, драма, киносценарий дегендi шұбырта жазып, қиқулап жатыр. Бiр кинофильмде Сталин кавказдық өнер ұжымын қабылдағанында туралмаған мүше-мүше еттi жағалата үлестiртiп: «ешь-ешь-ешь!» деп, өзi мүйiз құтыны толтыра шарап құйып: «пей-пей-пей!» деп жүр. «Баяндалып» жатқан басқа да «байғұстығы» жеткiлiктi. Соның бәрi Сталиндi нысана ете отырып: «Ресей, сенiң басшыларың осындай болды» деп КСРО-Ресейдi, «Сендер осындайлардың жетегiнде жүрдiңдер» деп КСРО-Ресей халқын, яғни КСРО құрамында 73 жыл болған республикалардың баршасының тарихын түгел тәлкек ету екенi бiздi де ойландырып, шовинистердiң, әсiреұлтшылдардың ауласында қалмай, тарихымызды тек ақиқаттың сиясымен жазсақ деймiн. Осындай ой үстiнде мына бiр сөздер есiме түстi:

«…Многие дела нашей партии и народа будут извращены и оплеваны прежде всего за рубежом, да и в нашей стране тоже. Сионизм, рвущийся к мировому господству, будет жестоко мстить нам за наши успехи и достижения. Он все еще рассматривает Россию как варварскую страну, как сырьевой придаток. И мое имя тоже будет оболгано, оклеветано. Мне припишут множество злодеяний.

Мировой сионизм всеми силами будет стремиться уничтожить наш Союз, чтобы Россия больше никогда не могла подняться. Сила СССР – в дружбе народов. Острие борьбы будет направлено прежде всего на разрыв этой дружбы, на отрыв окраин от России. Здесь, надо признаться, мы еще не все сделали. Здесь еще большое поле работы.

С особой силой поднимет голову национализм. Он на какое-то время придавит интернационализм и патриотизм, только на какое-то время. Возникнут национальные группы внутри наций и конфликты. Появится много вождей-пигмеев, предателей внутри своих наций.

В целом в будущем развитие пойдет более сложными и даже бешеными путями, повороты будут предельно крутыми. Дело идет к тому, что особенно взбудоражится Восток. Возникнут острые противоречия с Западом…» (Беседа И. Сталина с А. Коллонтай. 1939 год, ноябрь).

P.S. Сөз аңысыма қарап, менi «әйтсе де сталиншiл екен ғой» деулерiңiз мүмкiн. Жоқ, олай емес. Өлi Сталиндi iске алғысыз етiп қаралаудың ресейлiк салқыны бiзге де тиiп, соңғы уақытта бiз де Сталиннiң сүйегiн найзаға iлiп алып, баяғы әдетiмiзше «ағаларымызға» шошайта көрсетiп, жағынуды бастадық. Соған наразылықпен жазылған бұл мақаламда қазақ оқырмандарына Сталин және қазақ мәселесiнен өзiм бiлген тарихи оң деректердi ортаға салуды ниет еттiм (терiс деректердi естiп те, көрiп те, оқып та жүрсiздер ғой). Ақ пен қараны араластырмай, бiреуге ұнап, бiреуге ұнамаса да, ақты – ақ, қараны – қара деуiмiз қажет.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ