САЛТАНАТ СЫЙЛАҒАН КҮЙ КЕШI
САЛТАНАТ СЫЙЛАҒАН КҮЙ КЕШI
Жуырда П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжiнiң үлкен залы қазақтың қара домбырасын сағына күткен жұртшылыққа толды. Жиналған қауымға кештiң иесi Республикалық және Халықаралық конкурстарының лауреаты, П.И.Чайковский атындағы Алматы колледжi және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, күйшi-орындаушы Салтанат Құдайбергенова күй салтанатын сыйлады.
Ата-бабамыз қалдырған күйшiлiк дәстүрдi жалғастырушы, дарынды орындаушы Құдайбергенова Салтанат Аскенқызы Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келдi. Бойындағы күйшiлiк қабiлеттi байқаған әкесi Аскен мен анасы Күлия оның бiлiмiн шыңдау үшiн Алматы қаласындағы дарынды жас балаларға арналған оқу орнына түсiрдi. Құдайбергенова Салтанат 1987-1994 ж.ж. аралығында А.Жұбанов атындағы Республикалық арнайы орта музыкалық мектеп-интернатында домбыра мамандығы бойынша Ш.Асқаров пен Т.Орынтаевтан дәрiс алып, 1994-1995 жылдары П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжiнде ҚазССР халық ағарту iсiнiң озық қызметкерi, ҚР мәдениет қайраткерi Ш.Асқаровтың класын және 1995-2000 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ҚР Халық әртiсi, профессор, күйшi-композитор Қаршыға Ахмедияровтың класын тәмамдады. Осындайда "Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты" деген мақал ойға келедi. Себебi оның Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы ұстазы Қаршыға Ахмедияров орындаушылық, ұстаздық, композиторлық шығармашылығында Махамбеттiң күйлерiн ерекше бағалаған. Оған дәлел ретiнде, тұңғыш рет "Махамбет. Шашақты найза – шалқар күй" (1982) деген жинақты жарыққа шығарғанын, өзiнiң концерттерiн Махамбеттiң күйлерiмен бастап, насихаттағанын, баспасөз беттерiнде Махамбет туралы сұхбаттар берiп, мақалалар жариялағанын және Махамбетке арнап "Күй-Ұран" атты күй шығарғанын бiлемiз. Сондықтан ұстазы Ахмедияровтың дәстүрiн жалғастыра отырып, азаттық үшiн күрескен бабамыз Махамбеттiң "Қайран Нарын" күйiмен концерттiң шымылдығын ашты. Келесi орындалған Құрманғазының "Төремұрат", Динаның "Бұлбұл", Қазанғаптың "Жұртта қалған" күйлерi арқылы Салтанат домбыра аспабының техникалық орындау шеберлiгiнiң биiк деңгейiн танытты. Осы ретте қазiргi кезде жылдам жүретiн күйлердiң орындалуында домбырашылар көбiне техникалық тұрғысына назар аударып, мазмұнын ескермейтiндерi де кездесетiнi өкiнiштi-ақ. Ал бұл концертте орындалған туындылар екпiнiне лайықты жылдамдықта және өз болмысының шынайы сипатында жеткенi байқалды. Батыс аймағының адуынды күйлерiнен кейiн Салтанат өз шәкiрттерiмен бiрге қазақтың көне аспаптарынан құралған "квартетпен" Боранқұл Қошмағамбетовтiң "Кең жайлау", Қаршыға Ахмедияровтың "Ақ мешiт" күйлерiн орындады. Бүгiнгi таңда күйдiң насихатталуы әр түрлi бағытта дамып, өрiс алады. Соның бiрден-бiрi күйлердi эстрадаға қосып тарту кеңiнен таралуда, мұндай жағдайлар қазақ күйлерiнiң табиғатын жоғалтып, жеңiл музыканың жарамсыз қалдығына апарып соғуы мүмкiн. Осы ретте Салтанаттың сахнада эстраданы араластырмай қазақтың қара домбырасының үнiн тек көне шаңқобыз, сыбызғы, жетiген, қоңырау аспаптарымен үйлестiрiп, үндестiре сақтай бiлгенi көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Квартеттiң орындауындағы шертпе күйлер, жалпы шертпе дәстүрi өкiлдерiнiң шығармашылығында кең тараған "Қоңыр" аттас күйлерiне ұласты. Терең сезiм мен толғаныста шертiлетiн Ә.Хасеновтiң "Қоңыр", Әшiмтайдың "Қоңыр қаз", Сүгiрдiң "Наз қоңыр" күйлерi Салтанаттың интерпретациясында жаңа орындаушылық сипат иелендi. Содан кейiн ұстазының аманаты ретiнде шерткен Қаршыға Ахмедияровтың соңғы "Бауырым" атты күйiн Салтанат тұңғыш рет сахнада тыңдармандардың назарына ұсынды. А.Жайымовтың "Еркiн елiм", Қ.Ахмедияровтың "Түбек толғауы", "Хамаң толғауы", "Қуаныш" күйлерiн орындады. Аталған күйлердiң орындалу ерекшелiгi жоғары дәрежедегi мүмкiндiктердi талап ететiнiн ескере келiп, өзiнiң күш-жiгерiн барынша пайдаланған Салтанат биiк кәсiбилiктi көрсете бiлдi. Солардың арасында жылдам екпiнде жүретiн "Қуаныш" күйiн айрықша әсерлi қабылдаған жиналған қауымның шабыты қыза түстi. "Қуаныш" күйi туралы көзi тiрiсiнде профессор Құбыш Мұхитовпен сұхбат жүргiзгенде, ол: "…бұл күй – қазiргi заман күйшi-композиторлар күйлерiнiң iшiнде шамшырақтай жарқыраған туынды. Оны күйшi жалпы түрiк әлемiне ортақ қылқобыз аспабының негiзiнде дүниеге келген прима-қобыздың орындаушысы Фатима Балғаеваға профессор атанғанына арнап шығарған. Адамның қуанышын, көтерiңкi көңiл-күйiн, сол қуанышқа деген өзiнiң ойын өте жоғары музыкалық деңгейде жеткiзе бiлген Қаршыға Ахмедияров аса қабiлеттi орындаушылық талапты қойды", – деген едi. Аталмыш шығарма қазiргi заман күйшiлерiнiң репертуарлық бағдарламасына белсендi енiп, үнемi орындалатын күйлердiң бiрi болып табылады. Дегенмен бұл күй хас шеберлiктi, виртуоздық техникалық шеберлiктi талап еткендiктен көп домбырашылардың тiсi батпайды, орындаушылар күйде берiлген он алтылықтармен кездесетiн пассажды дыбыс үстiнен сипай өтiп қана құтылып кетедi. Ал Салтанаттың орындалуында бұл өте жылдам екпiнде жүргенiне қарамастан әр дыбыс анық алынып, "тайға таңба басқандай" асқан шеберлiкпен айқын естiлдi. Концерттi Салтанат П. И. Чайковский атындағы халық аспаптар оркестрiмен қосылып, Қ.Ахмедияровтың "Қосбасар", "Нұрғиса", халық күйi "Ақсақ құлан" және Айтқали Жайымовтың "Шалқымасымен" аяқтады. А.Жайымовтың "Шалқымасын" орындау барысында ұстаз бен шәкiрт арасындағы байланыс, iзбасарлық дәстүр көрiнiс тапты. Оркестр дирижерi Шынарбек Асқаров Салтанат Құдайбергенованың алғашқы ұстазы ретiнде дәстүр жалғастығын көрсетсе, жеке орындауда Салтанат Құдайбергенова өзiнiң шәкiртi Илес Жалғасбекпен бiрге оркестрдiң сүйемелдеуiмен iзбасарлық бағыттың байланысын байқатты. Осы ретте шәкiртiнiң концертiне тәнтi болған ұстазы Шынарбек Асқарұлы аса жоғары бағалап, өзiн бiлiктi маман ретiнде көрсете бiлген шәкiртiне жылы лебiз айтып, ыстық ықыласын бiлдiрдi. Жиналған жұрт бұл күй кешiнде С.Құдайбергенова және оның шәкiрттерiнiң өнерiмен қатар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан келген қонақтардың да өнерлерiн тамашалады. Оның шәкiрттерi Жалғасбек Илес, Дәурен Раев, Арайбек Асқар, Бекболат Әбдiбекұлы, Дәурен Садықовтың (бас-гитара) қатысуымен құрылған квинтеттiң орындауындағы "Шотланд әуенi" тыңдармандарды көне замандар әлемiне баурап әкеттi. Ал консерваториядан келген "Сарын" ансамблi (көркемдiк жетекшiсi ҚР мәдениет қайраткерi З.Ш.Iзмұратова) Құрманғазының "Бес киiк" және Мұрат Өскенбаевтың "Өрен" күйлерiн тарту етсе, Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген қайраткерi, "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Қосанова "Әдемi қыз", "Шымыр" атты халық әндерiн кеш иесiне арнап шырқады. Жалпы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын жыл сайын 40-60 домбырашының бiтiретiндiгiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Олардың арасында мамандық бойынша жұмыс iстеп жүргендерi бiрен-саран. Ал сахна төрiне шығып, орындаушылық дәстүрдi жалғастыратындардың саны санаулы десек қателеспеймiз. Осы ретте, солардың iшiнен "Жүзден – жүйрiк, мыңнан – тұлпар" болып суырылып шыққан Салтанат Құдайбергенова үлкен жетiстiктерге жетiп, ұстаз-орындаушы ретiнде нәтижелi еңбек етiп, келешекте қазақ атын биiк шыңдарға жетелеп, шарықтататынына сенiм артамыз. Бүгiнгi күннiң өзiнде де оның жеңiстерiн ауыз толтырып айтып, мақтана аламыз. Сандаған жеңiске жетiп отырып, музыкалық бiлiм беру жүйесiнде қарапайым ұстаз болып, орындаушылық дәстүрдi қатар алып жүруiнiң өзi сирек ұшырасатын жағдай екендiгiн мойындауымыз керек. Сондықтан Салтанат сынды жас дарындарға мемлекет тарапынан да, ұжымдық ортадан да қолдау көрсету қажет. Демеушiлiк жасайтын азаматтардың аздығынан, бiрiншiден, жас күйшiлер ескерiлмей, халық арасында танылмай қала бередi, екiншiден, атақ пен мансап-құмар жас орындаушылар домбыраның қоңыр үнiн эстрадаға салып, бұрмалау арқылы ұлттық музыкаға зиян келтiредi. Осыған қарап, бүгiнгi күнi жеке домбыраға арналған күй-кештерiнiң де, күй тыңдаушыларының да сиреп бара жатқанын баса айтамыз. Бұл мәселе келешекте қазақтың төл қазынасы күй өнерiнiң шынайы болмысының жоғалуына әкелуi мүмкiн. Сондықтан күйдi жеңiл өнер санап, "шоу-бизнестiң" құралына айналдырудан сақ болайық. Дарынды күйшi Салтанат сыйлаған күй кешiне қарап, үлгi алайық, ағайын! Айнұр ҚАЗТУҒАНОВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерi