Жаңалықтар

ҮШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

ашық дереккөзі

ҮШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Биыл Абылай ханның туғанына 300 жыл толып отыр. Республика көлемiнде аталынбаса да бiрқатар жоғары оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар өтiп жатыр. Ғалымдар мұрағаттық деректерге сүйене отырып, Абылайдың жаугершiлiк замандағы қол бастаған батырлығын ғана емес, ел билiгiн қолына алған кездегi басшылығын, Ресей мен Қытай мемлекеттерiмен мәмiлегерлiк келiсiмдерiн, қазақ халқын бiрiктiрудегi жанкештi iсiн жан-жақты ашуға тырысты.

Жалпы, хандық дәуiр тынысы ұлттық көркем әдебиеттен де қалыс қалған жоқ. Бұл тақырыпқа алғашқы болып жазушы Iлияс Есенберлин қалам тартқан. Есенберлиннiң өткен ғасырдың 37-жылы «халық жауы» деген негiзсiз айыппен он бес жыл айдауда болғанын әдебиетшi қауым жақсы бiледi. Алайда оны бұл жазықсыз жазалау жасыта алмады. Ақталып келген соң-ақ ұлттың санасын оятатын тарихи тақырыпты жазуды қолға алды. Он жылға таяу уақыт iшiнде оның ұшқыр қаламынан «Қаһар», «Алтын орда», «Алмас қылыш» кiтаптары жарық көрдi. Бұл кiтаптарға деген жұрттың қызығушылығының артқаны соншалық, қолдан-қолға өтiп жатты. Оқырмандардың өз тарихына деген құштарлығын оятқаны анық. Кейiн бұл туындылар «Көшпендiлер» деген атпен үш томдық болып қайта басылып шықты.

Сiбiрде он бес жыл айдауда жүргенде ол қазақ халқының тарихын оқып, алдын ала дайындық жасап алды дейсiз бе. Әй, қайдам. Түрме азабын көрiп келгендердiң естелiктерiне қарағанда таңның атысы, күннiң батысы ауыр еңбектiң жүгiн арқалап, шаршап-шалдыққан жандар кiтап оқымақ түгiлi сүлделерiн әзер сүйретiп жүрген. Сондай жағдайда олар қайдан кiтап оқи қойсын. Оның үстiне онда Қазақстанның тарихы туралы кiтаптар қайдан болсын.

Ал Есенберлинге осы шығармаларды жазуға кiм себепшi болды? Тарихшы Ермұхан Бекмаханов! Ана бiр жылдары сол Бекмахановтың әйелi Қалима апаймен ол жайында сөйлесiп, көлемдi мақала жазғаным бар едi. Апай қазiр де өмiрде бар. Жасы сексеннiң үстiнде. Әңгiме-дүкен барысында ол: «Елуiншi жылдардың соңына таман Iлияс Есенберлин айдаудан босанып келдi. Ермұхан екеуi жиi кездесетiн. Олар мынау опера-балет театрының жанындағы бақта ұзақ серуендеушi едi. Содан Ермұхан үйге қас-қарая келедi. Шай үстiнде мен одан әңгiмелерiнiң қандай тақырыпта өрбiгенiн сұрайтынмын. Ол: «Есенберлинге хандық дәуiр туралы айтып жүрмiн. Тарихымыз көркем әдебиеттен де көрiнiс тапса, жұрттың санасы ертерек оянады. Өйткенi халық көркем әдебиеттi көп оқиды» – деген едi. Демек Есенберлиннiң тарихи тақырыпқа баруына Бекмахановтың ықпалы болған.

Бекмаханов қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымовты терең зерттей келе, «Қазақстан ХIХ ғасырдың 20–40 жылдарында» кiтабында оның көтерiлiсiн ұлт-азаттық көтерiлiсi деп бағалағанын бiлемiз. Бұл зерттеу көп айтыс-тартыс тудырды. Айдаров бастаған үштiк оны «Правда» газетiне ұлтшыл деп сын мақала жариялатты. Сол үшiн ол жиырма бес жылға сотталған едi. Соның үш жылын итжеккенде өткiзiп, Мәскеудегi атақты тарихшы Панкратованың көмегiмен босатылған едi. Ал Бекмаханов Кенесары хан тақырыбына қалай барды?

Ол кезiнде Мәскеу мен Ленинград жоғары оқу орындарында оқуға өтiнiш жасаған болатын. Бiрақ министрлiктiң оқу бөлiмiндегiлер сол қалалардан Қазақ Республикасына бөлiнген орындардың аздығын және жiберу мерзiмiнен кешiгiп қалғанын ескертiп, Воронеж қаласындағы пединституттың тарих факультетiнен бiр орын ғана барын, сонда оқимын десе жiберетiндерiн алға тартады. Бекмаханов келiсiмiн берген.

Воронежде Бекмаханов КПСС пен СССР тарихын оқиды. Ол орналасқан жатақхана алдынан күнде түр-басы қазаққа ұқсайтын, басына қалпақ киген, қолына таяқ ұстаған көзiлдiрiктi, сымбатты келген мұртты кiсi өтедi екен. Бiр жолы Бекмаханов көше бойлап кетiп бара жатқан әлгi кiсiнiң соңынан қуып жетiп, сәлем бередi. Өзiн таныстырып, жөн сұрайды. Үлкен кiсi Мұхамеджан Тынышбаев екен. Воронежге отбасымен жер аударылыпты. Сол маңнан үй жалдап тұрып жатқан жайы бар. Олар сол күннен бастап әркез кездесiп, кеңесiп тұрған. Тынышбаев оған хандар дәуiрiнен сыр шертедi. Әсiресе Кенесары хан көтерiлiсiнiң мәнi туралы көп айтып, тарих қатпарындағы көп жайды ашып берiп, кейiн оны ғылыми тұрғыда зерттеудi ұсынған. Осылай Тынышбаев Кенесары Қасымов ханды зерттеуге деген Бекмахановтың құштарлығын оятып, бағыт-бағдар берген. Өз кезегiнде Есенберлин тарихшы Бекмахановтан көп жайға қанығып, романдарын жазды.

* * *

Көшеде белгiлi әдебиетшi ағаға кездестiм.

– Аға, Қарасазда өткен Мұқағалидың 80 жылдық тойына бардыңыз ба?

– Барғаным жоқ.

– Той тамаша өттi. Қарасаздағы мұражайын көрдiк. Мәдениет үйiнде ақын шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция болды. Шәлкөде жайлауына он мыңнан астам адам жиналып, ақынның өлеңдерiн тыңдап, рухани ләззат алды. Салтанатты жиында сөйлегендер оның поэзиясына үлкен баға бердi. Түстен кейiн қалың қауым ұлттық спорт ойындарын тамашалады.

– Е-е, ол Жетiсудың ақыны ғой. Жұрт ауыл-аймақтан жиналған болар.

– Мұқағали поэзиясын сүйiп оқитындар бүкiл республикадан жиналды.

Ағаның қызғанышы талаурап тырысқан өңiнен көрiнiп-ақ тұрды. «Ол исi қазақтың ақыны ғой» деуге аузы бармағанына қынжылдым. Әй, пендешiлiк-ай десеңiзшi.

Мұқағалидың алғаш поэзия әлемiне қанат қаққан Қарасазы қазiр тыныштық құшағында. Көшесiнде түнеукүнгiдей сапырылысқан адамдар жоқ. Ауыл тұрғындары бiрi тауда, бiрi ойда дегендей өз тiршiлiктерiн күйттеп жүр. Мұражайына кiрiп-шығып жатқандар да некен-саяқ. Еңселi үй жетiмсiреп тұр.

Мұқағали поэзия аспанына Алматыда самғады. Өлеңдерiнiң көбi осында жазылды. Өмiрiнiң көп бөлiгi де осы қалада өттi. Жырсүйер қауым билiкке қайта–қайта шағымданып жүрiп, қаладан көше атын бергiзiп, ескерткiшiн тұрғызды. Мұқағалидай iрi тұлғаға ендi жетпей тұрғаны мұражайы. Қаламгерлердiң билiктен сол ақын мұражайын салуды сұрағаны қашан. Өйткенi Алматыда әдеби орта бар. Жырсүйер жандардың да ұйысқан жерi осы. Жыл сайын жаңарып жатқан студенттер санының өзi жүз мыңнан асады. Олар қияндағы Қарасазға қайдан барсын. Қала бердi «Бұл қазақтың Мұқағалиы кiм? Мұражайы бар ма?» деп алыстан ат сабылтып келетiн шетелдiктер де аз емес. Олар ескерткiшiн көрер. Бiрақ ол ақынның тас бейнесi ғана ғой. Ақын болмысы, табиғаты, жан дүниесiнiң көрiнiсi мұражайында. Еуропа елдерiнде осындай ұлттық тұлғаларының ескерткiшi мен мұражайы қатар тұрады екен. Ал бiзде бiрi болса, бiрi жоқ. Оның шағын мұражайын Үкiметтiң соншалық қымбатсынып отырғаны ма?..

* * *

Сол кезде бiздiң ауылда сегiзжылдық мектеп болатын. Ол менен екi сынып жоғары оқитын. Ол деп отырғаным – Шәдiн Алқожаев. Таңертең мектепке жақындағаннан оның сыныпта жалғыз отырып ән салып жатқанын еститiнбiз. Күнде сол. Құлағымыз үйренiп кеткенi соншалық, кейiн елей де бермейтiн болдық. Кейде сынып жетекшiсiнiң оған қатты ұрсып, тыйым салып жатқанын құлағымыз шалып қалушы едi. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей Шәдiн бәрiбiр ән салғанын қоймайтын. Сол кезде оның тұла бойында әншiлiк талантының бұлқынып жатқанын кiм бiлген. Ауылда көркемөнерпаздар тобы жұмыс iстейтiн. Олар жылдың мереке күндерi шағын клуб үйiнде жұртқа концерт қоюшы едi. Сол өнерпаздар арасынан Шәдiн де сахнаға шығып, ән салып жүрдi. Дауысы балаң болса да көрермендер ықыласына бөленгенiне талай рет куә болдық. Оқушылардың аудандық көркемөнерпаздар жарысында «Аспазшы» деп аталатын әндi шырқады. Басына ақ қалпақ, үстiне ақ халат киген Шәдiннiң сол салған әнiн төрешiлер алқасы жоғары бағалағаны есiмiзде. Сол әнiмен облыстық жарысқа да барып, марапатталып қайтты.

Ол онжылдықты Шаяндағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте бiтiрдi. Оны сол бойда аудандағы халық театры қабылдап, өнер жолына салды. Театр труппасы спектакльден соң ән-жырға кезек беретiн. Сондай кезде сахнада ән салған Шәдiндi аудан жұртшылығы шатырлата қол соғып, сахнадан жiберсейшi. Ол көрермендерге төрт-бес әндi қатар салып барып, әзер құтылатын. Арада үш төрт жыл өткен соң ата-анасы Арыс қаласына қоныс аударды. Содан бастап, бiз Шәдiндi сирек көретiн болдық. Мамыр мерекесiнде ғана келiп, ән салғанын естiдiк. Сол күнгi халықтың оның өнерiне деген ықыласын айтсайшы. Өзi де әбден ашылған екен. Әндердi нәшiне келтiре орындағанда Мәдениет үйiне толған халық әр әнiне ұзақ қол шапалақтаумен құрмет көрсеттi. Сол концерттен кейiн оның хабарын ұзынқұлақтан естiп жүрдiк. Бiр естiгенiмiзде Шәдiн Мәскеу консерваториясына оқуға түсiптi. Тағы бiрде оқуын бiтiрiп, грузин қызына үйленiптi дегендi құлағымыз шалып қалған. Ендi бiрде естiгенiмiз Жезқазған филармониясына жұмысқа тұратын бопты. Содан соң ұзынқұлақ та сап тиылды. Қазiр қайда екен? Бейхабармыз…

Халық сүйiктi әншiсiн ұмытпайды. Аудан жұртшылығы оны қайта-қайта есiне алып: «Апырай, Шәдiндей ән салатын жан шықпады-ау» деп тамсана iздеп отыратыны сондықтан.

18 тамыз 2011 жыл

Көлбай Адырбекұлы