Жаңалықтар

МҰЗБАЛАҚ

ашық дереккөзі

МҰЗБАЛАҚ

Тау баласы үшiн өзгенiң тауы төбешiк.

Сарыарқа төсiнде Алаштың ақсұңқар ақыны Сәкен Сейфуллин дүниеге келген Қарашiлiк өңiрiнде Ор, Аба атты таулар бар. Арқаның бәйгеге қосар таулары бұл. Жергiлiктi тұрғындар сол тауларын кәдiмгiдей мақтан тұтады. Кезiнде ақынның рухына тәу ету үшiн атақты жазушы Оралхан Бөкей келген-дi. Сонда Орағаңа таныстырып жатырмыз ғой:

– Мына тауды Ор дейдi, ал мынау тауды Аба дейдi, – деп.

Сонда Оралхан аға шырт түкiрiнген:

– Мұны бiздiң жақта төбе дейдi, – деп.

Соған сағымыз сынып қалған жоқ. Түсiнiстiк таныттық. Қазақ мұндайда әркiмнiң төбесi өзiне деген ғой. Сол айтпақшы әркiмнiң өз төбесi басқаның Алатауынан биiк, оттан да ыстық. Не құдыретi бар екенiн кiм бiлсiн, сол жатаған төбеңiз алыс жiбермейдi.

Мәлiктiң де өз төбесi бар. Ол Алатаудың баурайында дүниеге келген. Оның ұшар шыңы – әрине, Хантәңiрi. Сол Хантәңiрi Мәлiктi өзiне тартады да тұрады. Ол үшiн Хантәңiрi бекзаттықтың нышаны iспеттi. Оның ұшарында жатқан қары көз қарықтырады. Тiктеп қарау мүмкiн емес. Жiгiттiң жiгiтi-ақ қарар. Ал құс төресi қырандар болса кiрпiк те қақпайды. Бұл олардың сертi. Қыраннан басқа бiр де бiр құс күнге тiктеп назар сала алмайды.

Сондықтан да тау қыранын мұзбалақ дейдi. Ол ұшу үшiн жаралған.

Ол амалдың ешқайсысына қарамайды. Бораныңа да. Аптабыңа да. Қарыңа да. Жауыныңа да.

Қандай кедергiнi болсын жарып өтедi.

Содан барып оның балағы мұздақтанады да жүредi.

Мұзбалақ десе дегендей. Алған бетiнен қайтпайды…

Бұрын Мәлiкте осы мұзбалақтың ұшқындары көрiнiп қалушы едi. Ендi ол арамыздан алыстаған сайын мұзбалаққа айналып бара жатқан сынды…

***

Мәлiктiң әкесi Мұхамеджан болса қан майданның iшiнде болады. Ол кiсi 1922 жылы туған. Әкесiнiң әпкесiнiң қолында болып, тәрбиесiн алады. Ол кiсi журналист болыпты. 1942 жылы әскер қатарына шақырылады. Орысша тоғызыншы сыныпты бiтiрiптi. Бұл ол кезде әжептәуiр бiлiм болып есептелетiн. Одессада қысқа мерзiмдi командирлер даярлайтын курстан өтедi. Қан майданға кiшi лейтенант шенiнде кiредi. Талай қырғынды бастан өткередi. Калининград майданында жан берiскен ұрыстарға қатысады. Кенисбергтi азат етуде көзге түседi. Жау қоршауында да болады. Әйтеуiр, бiр Алла жар болып, бәрiнен аман қалады. Соғыстан еш жарақат алмай 1946 жылы елге оралады.

Соғыста жанын жалдап жүрiп, талай боздақты ажал аузынан алып қалады. Тоғыз мәрте Сталиннiң өзi қол қойған Алғыс хатын алыпты. Соғыстан орден-медальдермен оралады.

Қазiр солардың бiрi жоқ. Балалары ойнап жүрiп жоғалтып алған.

Ал Сталиннiң Алғыс хаттарын үлкен баласы Берiк планшетiмен бiрге жергiлiктi мұражайға тапсырған. Содан қайтып хабар жоқ. Содан да бұл отбасы әлгiндей мұражай сынды мекемелерге отбасылық жәдiгерлерiн беруге құлықсыз.

Мәлiк бауырымыз бiлiм алған №2 мектеп-интернатындағы мұражайдан орын алған Мәлiк бұрышының жұпынылау болатын себебiнiң бiр ұшығы осында жатыр-ау деп ойлаймын.

***

Мәлiк әкесiн кәдiмгiдей мақтан тұтатын.

Отанымызды қорғады деп. Сондықтан да ол барша ардагерге өз әкесiндей қарады.

Оның Берiк ағасына деген құрметi де ерекше едi. Өйткенi, ол кiсi де әскери адам.

Бейбiт күнде де әкесi әскери дағдыларын тастай алмады.

Қашанда адалдықпен еңбек еттi. Әрдайым берген уәдесiнен шығатын. Қашанда екi сөйлемейтiн. Ешқашан бiреудiң ала жiбiн аттамады. Бiреудiң сыртынан ғайбат сөз айтпайтын.

Бiреудiң басын кемiтпейтiн.

Сондықтан да әке мен бала бiрiн-бiрi айтқызбай түсiнетiн, олардың арасында жоғарыдағыдай себептерге байланысты бейресми әскери қатынас та болды.

Мәлiк келген сайын әкесiне болған жайтты баяндап жататын…

Сол әкесiн Мәлiк ұмыта алмады.

Мәңгiлiк ескерткiш қойсам деп жүретiн.

Қойды сол ескерткiшiн.

Кейiнгi туған ұлына әкесiнiң есiмiн бердi.

Мұхамеджан деп…

***

Бәрiмiз де бала болдық. Ұйқыны жақсы көретiнбiз. Күндiзгi ақ – қызыл, не немiс – совет болып бөлiнiп ойнаған атыспағымызды әрең аяқтап, түннiң бiр уағында келiп тұяқ серiппей сиыр бесiнге дейiн жатар едiк, шалжиып. Сонда ойлаушы едiм, бала болған соң ұйқымыз қатты болған шығар деп. Қазiр ойлап отырсам, оның себебi тiптi басқа-ау деймiн.

Бүкiл совет халқы қызыл әскерге сендi. Ал әскерiмiз ел күзетiнде кiрпiк қақпай тұратын. Бiздiң ұйқымызды күзеттi. Қызыл әскерiмiз өзiнiң сергектiгiн талай мәрте дәлелдеген.

Сондықтан қызыл әскердi ер балалар ар-ожданымыз деп есептедi.

Оған баруға үлкен дайындық жүргiздi.

Ел көзiне түспей денесiн шынықтырды. Мұздай суға жуынды. Шақырымдап жүгiрдi.

Мың мәрте белтемiрге тартылды. Тонналаған кiр тасын көтердi…

Не керек, ботатiрсек бозбалаларымыз өздерiнiң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге кәдiмгiдей ширап баратын. Араға екi жыл түсiп, елге қайтқанда оларды ел танымай қалып жататын. Өйткенi әскер кәдiмгiдей өмiр мектебi болатын. Сондықтан да оған әркiм өз дайындығымен барды.

Жоқ, оларды бұған ешкiм мәжбүрлеген жоқ. Бәрi де өз еркiмен. Өйткенi ертең ол елiнiң күзетiне тұрады. Отанын қорғайды. Ұшқан шыбыннан. Шыбынның ызыңынан.

Отан алдындағы борышымызды бәрiмiз де солай түсiнгенбiз. Ол жөнiнде айтып керегi де жоқ болатын. Өйткенi мұнда жақсы мағынасында сабақтастық бар едi.

Ағасы iнiсiн баулитын. Ел күзетiне.

Кешегi ойын баласы солдат атанады. Белiн тартып, бес қаруын асынып, өзiн бейне бiр Бауыржан бабасындай сезiнiп, қасқиып ел күзетiне тұрады. Ендi оның ұйқысы кемшiн болады. Шалжиып жатар мамық төсек көзден балбұл ұшады. Соған ол қабақ шытпайды. Өйткенi, оның ойында Бауыржан бабасы тұрады.

Өйткенi оның ойында ауылдастары тұрады, кеше ғана олар өзiн құрметтеп шығарып салған. Екi жылдан кейiн тура солай қарсы алады. Сонда бұл олардың көзiне тура қарай алады.

Өйткенi оның ойында ауылдың қарадомалақтары тұрады, ертең елге қайтқанда мұрын астынан мiңгiрлемей, оларға әскери әңгiмелер айтып бере алады.

Өйткенi ол күзетте тұр… Тыныштық күзетiнде. Кеше оның ұйқысын ағалар күзеткен. Бүгiн ол. Ертең де солай болады. Бұл жалғастық үзiлмек емес. Ұландар бар да. Олардың намысы бар да.

Өз тәуелсiздiгiн алған мемлекеттер аса қуатты қаруларға ие болып қалды. Алайда соның тiлiн бiлетiн ұландар қалмады. Ел әскерден қашты. Әскерде қалғандары әлгi қаруларды оңды-солды шашты. О, құдырет, қарын қамымен пұл қылды. Қалдық метал сынықтары ретiнде өткiзiп жатты. Кешегi кеңестiк алып танктер КамАЗ-дардың қорабында металл сынықтары болып аспанасты елiне күндiз-түнi жөнелтiлiп жатты. Затын көрмек тұрсын, атын естiмеген ұшақтар қара құрылыққа асты. Тауар ретiнде.

Отанды қарумен күзетедi.

Сол қуатты қарулар қалмай бара жатты. Тәуелсiздiгiн ендi ғана алып, есiн жия алмай жатқан Қазақ елiне бәрi бүргеше жабылды. Бұлай тұра берер болса құс ататын шитi мылтық та қалмайтын едi. Алайда уақыт шiркiннен асқан емшi бар ма екен, сiрә?!

Қазақ топырағында жасампаздық жолы озғындай бастаған. Кешегi Кәмiл Бошаев, Жансен Кереев, Нұрлы Бәйкенұлы, Сағадат Нұрмағанбетов, Әлiбек Қасымов, Сәт Тоқпақбаев, Әлiмжан Ерниязов және басқа да әскери қолбасшылардың көкейiнде қозадай сөнбей келген, жылдар бойғы аңсарлары iс жүзiне аса бастаған.

Генерал Кәмiл Бошаев менiң жерлесiм, ағайыным болып келедi. Қолы жұмыстан босап, елге келгенде ауылдастары кеу-кеулеп, генерал атағын қалай алғандығын, не үшiн бергендiгiн сұрап қоймапты.

Сонда ағамыз:

– Сұрап алған жоқпын, – деген екен.

Оқ көрiп, дәрi иiскеген қазақ баласының батырдан кемi жоқ. Бауыржан Момышұлын бiлмейтiн орыс-қазағы жоқ. Бiлгенде батыр деп бiледi. Алайда Совет Одағының Батыры атағы бұйырмады. Кешегi Украинаның Президентi Леонид Кучманың өзi батькалап құрақ ұшқан Қасым Қайсенов те Совет Одағының Батыры емес. Рейхстагқа Жеңiс туын желбiреткен Рақымжан Қошқарбаев та солай. Талғат Бигелдинов те солай. Сол кездегi өлшеммен ол кiсi Совет Одағының Батыры атағын төрт рет алуы керек екен. Бермеген. Қимаған.

***

Әскерi жоқ елдiң тәуелсiз болып жарытқаны жоқ. Қазақ елiнiң тәуелсiздiгi баянды болсын десек, оның мызғымас, кез келген шабуылға тойтарыс бере алатындай жаңа тұрпаттағы өз әскерi болуы керек едi. Кешегi алашшыл аға ұрпағымыз тәуелсiздiк мәселесiн көтергенде алдымен әскер жайын ойластырған.

Кез-келген мемлекеттiң өзiн-өзi қорғай алатындай деңгейдегi әскерi болады. Бұл мақсатқа әр мемлекет тұрғынының бiр пайызы ғана пайдаланылады екен. Мұндай мемлекеттер өз шекараларын бекемдеп қана қоймай, қарсы шабуыл жасау мүмкiндiгiн де пайдаланады дейдi.

Ең бастысы – ол өзiн қорғай алады.

Қазақ елi жағдайында жүз жетпiс мыңның үстiнде мұздай құрсанған өз әскерi болуы керек.

Тәуелсiз.

Кешегi кеңестiк қызыл әскерден.

ТМД әскерi одағынан.

Елiмiз сондай әскердi құра алды. Қазақ елi сондай күштi шығара алды.

Не нәрсенi болсын кадр шешетiнi белгiлi. Сондай кадрды қазақ топырағы туа алды.

Мәлiк Мұхамеджанұлы Сапаров сондай кадр!

Қазақтың әйгiлi қаламгерi Сәбит Мұқановтың Шоқанды құйрықты жұлдызға теңеп, аққан жұлдыз деп қыртысты кiтап жазғаны белгiлi. Осы сөз Мәлiк Мұхамеджанұлына да арналып айтылған сынды. Шоқан туралы оқып отырып, жадыңызда Мәлiктi жаңғыртып тұрасыз.

Осыдан бес жыл бұрын Мәлiктiң жақын достары оның елу жасқа толған мерейтойын атаусыз қалдырған жоқ. Сол Мәлiксiз өткен тойға мен де қатыстым. Оның рухы бiзбен қатар жүргендей көрiндi. Сондықтан да шығар, кейбiр естелiк айтушылар өз сөздерiн тiкелей Мәлiк бауырымызға арнады. Сырт қарағанда әскери болғандықтан ба екен, қатаң көрiнетiн ҚР Парламентi Сенатының депутаты, бұрынғы ҚР Қорғаныс министрi, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев ағамыз жай уақытта өзiн мейлiнше қарапайым ұстайды екен. Аудиториясына қарап сөйлейтiн шенеунiктердiң бiрiнен емес. Адамына қарай сөйлейдi екен. – Мәлiктi аққан жұлдызға теңер едiм, – дедi Сәт ағамыз айтар әңгiмесiнiң лейтмотивiн айтып тастайын дегендей, – Өзiнiң барлық саналы ғұмырын елiнiң тәуелсiздiгi үшiн арнаған жанның ел тарихынан өз орнын алғаны ләзiм деп бiлемiн. Ол ұйқысыз өткерген түндерiнiң қайтарымын толығымен көре алмай кеттi.

Тағы да Сәт ағамыз айтады:

– Мына орыс ағайындарда "аяқты энциклопедия" деген ұғым бар. Көп бiлетiн адамдарға қаратылып айтылады. "Тап оқулық iспеттi деген" де ұғым бар. Осының екеуi де Мәлiкке қаратылып айтылған ба дейсiң? Өйткенi Мәлiк аяқты оқулық едi ғой. Әскер iсi пәнiнiң. Ашып ал да оқи бер. Бiздiң Мәлiкке бергенiмiз аз емес шығар. Алайда бiздiң Мәлiктен алғандарымыз да аз емес деп ойлаймын…

Әскери реформа бiрден жүрiп кете қойған жоқ. Ескi мен жаңаның күресi жүрдi. Барлық жерде, барлық деңгейде. Бұрынғылар жаңаша өмiр сүргiсi келмедi, жаңадан келгендердiң бұрынғыша өмiр сүргiсi келмедi. Мұндай күрестi бабаларымыз текетiрес деген. Сол текетiрес апталап, айлап, жылдап жүрдi. Табиғаттың өз заңы бар. Мәңгiлiк ешнәрсе жоқ. Ол өзi әлпеттестi тудырады. Орнын соған босатады. Ескiнiң орнын жаңа солай басады. Бiздiң әскери ведомствомызда да сондай жаңарулар болып жатты. Соның жуан ортасында Мәлiк бауырымыз жүрдi.

Мәлiк бауырымызды еске алғанда оның айналасы, өскен ортасы ерiксiз еске түседi. Сәт ағамыз айтпақшы оған жақын жүрген жора-жолдастары, достары, замандастары, аға-iнiлерi аз болмапты. Солардың бiрi ҚР Қорғаныс министрiнiң орынбасары, генерал Бексұлтан Сәрсеков бауырымыз. Ол кiсiмен сырт таныстығымыз ғана бар. Есiмiне қанықпыз.

Бiздi жақындата түскен Мәлiк бауырымыз едi.

Мен осы кiсiнiң сөздерiнен ерiксiз қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов пен орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевскийдiң достықтарын есiме алдым. Олар бiрiн-бiрi өте жоғары құрметтеген. Бiрiнiң қадiрiне екiншiсi жеткен. Сондықтан да Шоқанның Федор досы оған өзiнiң сүйiспеншiлiгiн жеткiзген.

Осындай сүйiспеншiлiк Бекең мен Мәлiк арасында да болған екен

Қырық жасында Бас штабты басқарды.

Сүйсiнетiн-ақ жайт емес пе?! Мақтанатын-ақ жайт емес пе?!

Кемеңгерлiк басқышына ол осылайша қырық жасында-ақ көтерiлдi.

Оның бұлайша қызмет бабында өсуi жаңа дүмпу әкелдi. Кейiнгi толқын iнiлерi әскери оқуларға тiлек бiлдiрiп жатты. Шетел асқандары қаншама. Кезiнде Мәлiк сынды бауырларымыз Ресей академиясын алтынмен бiтiргенде сүйсiнiс бiлдiрдiк. Бүгiнде ол қалыпты жағдайға айналды. Бiзден барып түскен iнiлерiмiз өзге елдiң алтынын елiмiзге байлап берiп жатыр.

Ақыл-ой, парасат жағынан. Әскери өнер жағынан.

Сол оқыған iнiлерiмiз алған бiлiмiн ел кәдесiне жаратып жатыр. Соған орай олар қызмет бабында да жедел көтерiлуде.

Мiне, Мәлiк феноменi!

Елiмiздегi тұңғыш әскери шерудi басқа емес, нақ осы Мәлiк Мұхамеджанұлы басқарды. Әскерилердiң шеруi Мәскеудегiден бiр де кем болмады.

– Мен Мәлiкпен мақтанамын. Жақсы бiлгендiктен. Ендi Мәлiк Мұхамеджанұлын жас ұрпақ таныса деймiн. Сол Мәлiк ағасына елiктеп, елiнiң алынбас қорғанына айналса деймiн. Жақсыға елiктеу қашанда мұратқа жеткiзедi. Бiздiң ертеңгi ұрпағымыз отаншыл болып өссiн десек бұл iстi кейiнге қалдырудың жөнi жоқ, – дейдi Бекең.

***

Берiк Сапаров есiмi де маған жақсы таныс. Ол кiсi менiң туып-өскен жерiм Шет ауданында бiраз жылдар әскери комиссар болып жұмыс iстедi.

"Жақсы адамға бiр кiсiлiк орын бар деп тегiн айтылмаса керек. Берiк ағамыз шеттiктермен туғандай болып араласып кеттi. Тiптi мен ол кiсiнiң түскейлiк екенiн кейiнде ғана бiлдiм, ал Мәлiк бауырымның туған ағасы екендiгiн бiлмеппiн де.

Мәлiктi Свердловскiдегi әскери училищеге апарып жүрген осы ағамыз.

Сол Берiгiн Қантбала анамыз бауырына басып, уызына жарытпады.

Бала дүниеге келiсiмен енесi Айша емiренедi. Өзiнiң үш баласын жер қойнына берген ананың сүтi саулап қоя бередi.

Бұған дейiн екi-ұшты ойда тұрған Қантбала анамыз басқа райынан қайтып, баланы аманаттап енесiнiң қолына тапсырады.

Қайран, бiздiң аналар!..

***

Сексеннiң сеңгiрiне шығып отырған Қантбала анамыз жақында кәдiмгiдей балаларын қорқытып жатып қалды. Генералдың далада жатқан анасы болушы ма едi. Мәлiктiң дос-жолдастары, туған-тумалары бұл жолы ол кiсiнi еркiне қоймады. Сонан әскери госпитальда жатып, дiмкәстiгiнен айығып шықты. Сол көлденең келген сырқаттың табиғатына үңiлген кiм бар-ау деп айқайлағың келедi.

Бұл сырқат емес едi… Бұл шер едi… Бұл уайым едi… Бұл Мәлiк едi!. .

***

Әскери доктринада армияның бiрiншi мiндетi ретiнде конституциялық құрылысты қорғау, екiншi мiндетi ретiнде елiмiздiң аумақтық тұтастығы көрсетiлген.

Осы жерде "бiздер бiр нәрсенi шатастырып алғанымыз жоқ па" деп ерiксiз ойланады екенсiз. Шындап қарасақ, алдыңғы қатарға ел аумағының тұтастығы шығуы керек қой.

Бiзге бiреулер жас мемлекетсiздер десе шамданып қаламыз. Бiздiң тарихымыз ғасырларға кетедi деп ашу шақырамыз. Сабырға келiп, ой толғасақ бiздер әлi буыны бекiмеген мемлекеттер қатарына кiретiнiмiздi аңдаймыз, соны соқыр түйсiкпен түйсiнемiз.

Сондықтан да әскери доктринада сондай жазу тұр. Бұған кеңестiк дәуiрдегi ел тарихына көз жүгiртсек те жетедi.

Сыныққа себеп көп. Қазақтың сайын даласына келiмсектердiң ағылуы күнi кеше ғана басталған жоқ, әрине. Сол зымиян саясатын патшалық Ресей де, кеңестiк большевиктер де ұлы достықпен түсiндiрдi. Қазақстанды терезесi тең дербес он бес республиканың бiрi деп алдаусыратып, келiмсектер санын науқан соңынан науқан ұйымдастырып, үдетiп жатты. Сонан Қазақстанды ұлттар достығының бесiгi деп жалаулатты. Бұған кәдiмгiдей өзiмiздiң де сенiп қалғанымызды несiне жасырайық.

Совет өкiметi құлағанда Қазақстандағы ұлттар саны Ресейдiң өзiнен асып түстi.

Мiне, сiзге Ресейдiң бiзге достығы!

Кейiнгiлерi шiмiрiкпестен Ресеймен шекаралас терiскей жатқан бес облысты сұрады-ау…

Оларға салсақ бүгiнгi Астанамыз Ресейдiң iшiнде қалмақшы екен!. .

Ал қазақ елiнiң алғашқы ресми астанасы бүгiнде сол Ресей аумағының iшiнде қалды. Көп қалалардың бiрi болып. Тарихты сызып тастай алмайсың. Тәуелсiз елдiң тарихы қайта жазылып жатыр. Сонда алғашқы астанамыз ретiнде Орынбор қаласы тұр. Мұнан басқа артық-ауыс сөз жазылмаған. Алайда орыс ағайындар осының өзiн ауыр көредi, шам қылады, керек десеңiз ұлттық жiкшiлiк iзiн көргендей болады.

Осыдан кейiн әскери доктринада армияның бiрiншi мiндетi ретiнде конституциялық құрылысты қорғау қалайша қаралмайды?! Бiздiң жағдайда шекара мен мемлекетiмiздiң конституциялық құрылысын бiр-бiрiнен ажырата қарау мүмкiн емес деп бiлем. Бұл қағидада, әрине, Мәлiк Мұхмеджанұлының да үлесi бар.

Мұны көрегендiлiк деймiз бе?. . Әлде даналық деймiз бе?

Менiңше екеуi де бар.

***

Мәлiк Мұхамеджанұлы академияны алтынмен бiтiрерде талас болады. Бiрдi-екiлi генерал бауырымызға азият деп шекесiнен қарап, алтынды қазақ баласына қимай өздерiне бұрады. Әлгi генералдардың араласуымен академияда Мәлiкпен қатар оқыған, Ауғанстан соғысына қатысқан офицер баламалы негiзде ұсынылады. Обалы нешiк, ол офицер де жаман оқымаса керек.

Алтын бiреу – үмiткер – екеу. Өз бетiмен таласуға Мәлiктiң офицерлiк намысы жiбермейдi. Оның үстiне бақталасы жай ғана офицер емес, оқ-дәрiнiң иiсiн иiскеген, қанмайданда әбден пiскен, кадрлiк офицер болатын. Соған орай Мәлiк алтынды алмаса да риза-тын.

Алайда…

– Сапаров алтын алмаса бiз де алмаймыз, – деп болашақ офицерлер шу ете қалады.

Iс осылайша насырыға шабады. Жағдайдың одан әрi ушығуынан жасқанған академия басшылығы Мәлiк Мұхамеджанұлына алтын берудi ұйғарады.

Алайда…

Мәлiк Сапаров алтыннан бас тартады!

Ол алтынды ауғанстандық офицер алсын дейдi!

Ақыры не керек, басшылық екеуiне алтын беру жөнiнде ұйғарым жасайды.

Осыдан кейiн Мәскеу Мәлiк Сапаровты қалай ұмытсын!..

***

Бүгiнде Мәлiк Сапаровты бiлмейтiн қазақ баласы жоқ!

Оралбек Ботбайды да қазақ баласы бiле бастады…

Оралбек бауырымыз елiмiздегi iрi кәсiпкерлердiң бiрi, iрi өндiрiс ұйымдастырушысы.

Осы бауырымыздың демеушiлiк жасауымен, осы бауырымыздың риясыз қолдау жасауымен талай бұлақтың көзi ашылды, талай жас дарын өз арнасын тапты.

Ол өз мағынасындағы өнер жанашыры.

Оның демеушiлiк жасауымен бiрқатар тарихи тақырыпты қаузаған шығармалар дүниеге келдi, шежiре кiтаптары шықты, халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырылды, өнер жұлдыздарының байқаулары өттi.

Қашан көрсем де әйтеуiр осы бауырым жақсы iстерге жанаса жүредi. Өнерге жақын адам болған соң өзi де анда-санда өзiне етенежақын тақырыптарға қалам тербеп қояды.

Осы бауырым маған қолқа салған:

– Бiр-екi жақсы ағаларым бар. Сол кiсiлер жайында жазсам деймiн. Ол кiсiлердiң өмiрлерi кейiнгi толқынға өнеге боларлық. Екеуi де – қаһарман…

Қаһарман дегенде кәдiмгiдей жаным тербелiп қоя берген. Сөйтсем Оралбек бауырымның айтып отырған қаһармандары Мәлiк Сапаров пен Бақытжан Ертаев бауырларымыз екен.

Екеуi де – қалай жазсақ та, кез-келген шығармаларға арқау болатын кесек тұлғалар.

Оның бiрi – Бақытжан Ертаев. Көзi тiрiсiнде-ақ есiмi аңызға айналған қолбасшы, Ауған соғысының батыры, генерал-лейтенант.

Екiншiсi – Мәлiк Сапаров бауырымыз… Бейбiт күннiң қаһарманы, генерал-лейтенант…

Адамдар арасында рухани үндестiк деген бола бередi екен ғой деймiн осыдан кейiн. Бұл екеуi де мен көздеген тақырыптар болатын.

Алдымен ойлағам, осының барлығын Оралбек бауырым өзi неге жазбайды деп. Өзiнiң де қаламының желi бар ғой деп. Соңынан айныдым. Ниетi түзу болғанымен оған мұршасы келмей жатады ғой. Жұмыс адамында уақыт болушы ма едi.

Сонымен мен ең әуелi Бақытжан ағама кiргем.

Атшаптырым бөлмеде жалғыз отырған ағамыз менi салқындау қарсы алды. Әбден мезi қылған журналистердiң бiрi деп қабылдады-ау деп ойладым. Қысқа аман-саулықтан кейiн бұйымтайымды айтқам.

– Ниетiң дұрыс екен. Алла жарылқасын. Менi жазам десең алдымен Мәлiк бауырымызды жаз… – дедi асыл аға алдындағы қағазға шұқшиған күйi.

***

Статистика бұлтартпайтын айғақ.

Әскерилердiң айтуынша, орташа есеппен мемлекет халқының бiр пайызы ғана ел күзетiне тұрады екен. Мұндай контингент мемлекеттiң өзiн өзi қорғауына жеткiлiктi саналады екен.

Осы өлшеммен келсек Қазақ елi сарбаздарының ұзын саны жүз жетпiс мыңның ар жақ-бер жағында болса керек. Әрбiр он мың сарбазға бiр генералдан келетiн болса онда қазақ генералдарының саны жиырмаға да толмайды екен.

Ал қазақ генералдарының саны БАҚ-қа сенер болсақ, жүз елуден асып жығылыпты. Басқаны қайдам, мен осынау деректi оқып қуандым.

Қазақ аз санды халық.

Қазақстандық халық дегендi мен өзi есепке қоса қоймаймын.

Олай болса бiзге әлгi генералдарыңыздың өзi аздық етедi.

Қазақта батырлар көбейiп кеттi деп жөнсiз даурығамыз. Неге олар көп деп сауал қоя бiлмеймiз.

Өйткенi қазақ ғұмыры жаугершiлiкпен өткен. Күнi бүгiнге дейiн. Өз тәуелсiздiгiн алғанға дейiн. Қазақ деген халықты, қазақ деген елдi бүгiнге алып келген сол кешегi көпсiнiп отырған батырларымыз едi.

Сол бабаларымыз жай ғана батыр емес едi. Олар айтулы қолбасылары болатын. Сондықтан да олардың есiмдерi бүгiнгi күнге жеттi. Осы жерде есiме Жалаңтөс бабам түседi. Ол аз ғана жасағымен жаудың қырық мың қолына қарсы тұрмады ма?! Жай ғана қарсы тұрып қойған жоқ, жеңiс тойын тойлады!

Ең бастысы жасағын сақтап қалды!

Бiзге керегi осындай батырлар!Бiзге керегi осындай баһадүрлер!

Бiзге Жалаңтөс сынды ақылман қолбасылар керек. Кешегi Бауыржан, Тоқтарлар сол батыр бабаларының сарқыты болса, бүгiнгi Мәлiктер сiлекейi…

Ендеше қазақ қосынына тағы да бiр жүз елу генерал артықтық етпейдi!

Бәйге аттарының бәрi бiрдей емес. Олардың тұлпары, күлiгi, саңлағы, дүлдiлi болады. Бұл да соған ұқсас жайт.

Генералдардың да бәрi бiрдей емес.

Жақсы күндер болып, бәлкiм, қазақ генералдарының саны айтып отырған санымызға да жетер.

Алайда соның iшiнде, жуан ортасында Мәлiк Мұхамеджанұлының жоқтығы сезiлiп тұрады-ау деп ойлаймын…

***

Ойын, кәдiмгi ойын көп нәрсенi шешедi.

Ойынды бiле бiлсек идеология деп қарайтын уақыт жеттi.

Ел баласын осы ойын арқылы тәрбиелеген, осы ойын арқылы ерлiкке суарған.

Соған орай кешегi аға ұрпақтың Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын болып ойнауы заңды. Сол ойын балалары кешегi Ұлы Отан соғысында өшпес ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Бәлкiм, бала Бауыржан, бала Қасым, бала Төлеген, бала Нұркен сол бабаларымыз болып ойнаған шығар…

… Ойын баласымыз. Көзiмiздi тырнап ашысымен қақ жарылып, ақ – қызыл, немiс – совет болып атысып, шабысып жатамыз. Шiретпен ойнайтындарымыз болады. Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев болып дегендейiн…

Бауыржан, Рақымжан болып ойнаған балалар бақытты болатын.

Бiр күнi ағайынымыздың Сәулетбек деген мен құралпы баласы келген. Бауыржан мен Рақымжан болып ойнау соған тиесiлi едi, алайда оған дейiн ойнап қалған балалар бере қоймады.

– Онда мен Қозы болып ойнаймын, – дедi Сәулетбек.

Алғашында түсiне қоймағанбыз. Қозы Көрпештi естiгенiмiз рас. Баян Сұлудың ғашығы.

Оның бiздiң соғыс ойынымызға қатысы қанша деп қоямыз.

Бiздiң күдiгiмiздi сейiлтейiн дедi ме Сәулетбек:

– Ол Қозы Уәдиев! – дедi.

Ауызымызды ашқанымыз соншалық, ойынымызды тоқтатып, сұраулы жүзбен Сәулетбекке қарайық.

Ол да тайсалмады:

– Ол Вьетнам соғысының батыры! – деп қойып қалды.

Сөйтiп, бiз өз батырымызды тауып алған едiк.

Бара-бара Қозы болып ойнау бiзге үйреншiктi жайтқа айналды. Мен Бауыржан, мен Рақымжан, мен Қозы болам деп улап-шулап жатамыз.

Бiздiң ұғымымызда Қозы батыр да Бауыржан мен Рақымжан батырлардан бiрде кем емес едi.

Сол Қозы Уәдиев ағамыз бiздiң елдiң тумасы болатын. Вьетнам соғысына қатысқаны кейiнде бiлiндi. Ол кезде мұндай жайттар ашық айтыла бермедi ғой. Ел сонда да өзiнiң батыр ұланын бiлдi.

Тарих сахнасына жаңа толқын шықты. Тәуелсiз толқын. Егемендi Қазақстанның иелерi.

Әр заманның өз ақыны, шешенi, көсемi, батыры болады.

Ұлттық тұлғасы болады.

Бұл толқынның да өз құрметi болады. Ұлттық құрметi.

Мәлiк Мұхамеджанұлы сондай тұлға!

Ертеңгi ұрпақ Бауыржан, Қасым, Төлеген, Тоқтар, Қозы болып ойнайды. Мен олардың Мәлiк болып ойнайтынына да сенемiн.

Өйткенi қазақ баласы өрлiктен жаралған.

Ерлiктен жаралған.

Ел жадында ерлерiн солайша сақтаған.

Менiң көз алдыма сол ойын келедi.

– Ура! Мен Бауыржан боламын!

– Ура! Мен Мәлiк болып ойнаймын!. .

***

Қарағандыда Орталық әскери округ құрылып, Семейдегi әуебазасы кеншiлер қаласына көшiрiлдi. Сонда алғашқылардың бiрi болып Қазақ елiнiң айбынды қырандарын осы Мәлiк Мұхамеджанұлы құттықтап, табыс тiлеген едi.

Сарышағандағы "Қалқан – 2002" әскери оқу-жаттығу жиынына Мәлiк Сапаров басшылық жасады. Одан кейiн де Қарағанды топырағында сан мәрте кездестiк. БАҚ өкiлi ретiнде әскери-жаттығу ойындарына қатыстық. Жергiлiктi басылымда ол туралы бiздiң есептерiмiз шыққан.

Алтайлықтар бiздер сынды қары бекiп, мұз жамылған шыңға сөз iздеп жатпай мұзарт дейдi.

Мәлiк бауырымды еске алғанымда сол мұзартты еске түсiрем.

Өкiнiштiсi, мұзбалақсыз мұзарт…

2011 жыл, шiлде

Алматы

Төрехан МАЙБАС, ҚР Мәдениет қайраткерi