ТОҚЫМДАЙ ЖЕР, ТЕҢIЗДЕЙ ТЕР
ТОҚЫМДАЙ ЖЕР, ТЕҢIЗДЕЙ ТЕР
Израильге Қазақстаннан көшiп барған еврей айтқан әфсана: Екi адам жерге таласып қалыпты. Бiрi «бұл – менiң жерiм» десе, екiншiсi керiсiнше өзiнiң жерi екенiн айтып, қызылкеңiрдек болыпты. Сосын бұлар өтiп бара жатқан үшiншi адамға жүгiнедi. «Сендердiң бұл дауларыңды шешу үшiн Жердiң өзiн тыңдау керек қой» деп әлгi адам мiнген көлiгiнен түсiп, Жерге құлағын қойып тың тыңдайды. Сәлден соң басын көтерiп «Жер жарықтық, бұл екеуi де менiкi деп жатыр ғой» дептi.
БОСТАН БҰЛБҰЛЫ
Жерге талас – берiдегi Израиль мемлекетi ғана емес, арыдан келе жатқан еврей ұлты тарихының өзегi. Жиырмасыншы ғасырдың ортасында пайда болған мемлекет қанша шапқыншылыққа түстi, қанша шапқыншылық жасады деген сұрақтар – арысы тарихшы, берiсi саясатшылардың шаруасы. Бiз журналист ретiнде еврейлердiң соншалық қырқыспен келген жердi қалай күтiп-баптап отырғанын сөз қылсақ деймiз. Ұлан-ғайыр далаға ие болып отырған халқымыз үшiн керегi – осы тақырып. Бiздiң түсiнiгiмiзде.
Израильде жемiс ағашының егiлуiнен бастап, оның шырыны шетелге қалай жөнелтiлiп жатқанын көрген соң қатты ойға қалдық. Иә, мұнайы мен газы жоқ, оның есесiне құмы мен тасы көп жердiң өзiнен пайда табуға болады екен. Тек ерiнбе. Ерiнбеу аз, көзiн тап. Көзiн табу да аз. Атаның сөзiн бұлжытпай орында.
Бабалар мәселесi бұл елде қасиеттi кiтаптарға келiп тiреледi. Аңыздың бәрiнiң дiнге қатысы бар. Арғы-бергi тұлғалары мен оқиғалардың тағылымы ұмыт қалмаған. Ұмытпау үшiн жыл сайын бәрi жиналып, сол көне кiтаптарын оқиды. Қанша жыл өмiр сүрсе, сонша рет. Бiреуi «қайта-қайта несiн оқимыз» демесе керек. Бiзде… ел аралап, Жерұйық iздеген Асанқайғының қай аңызына сенiп, соны жүзеге асырдық? Абыз Бұқардың қай сөзi құлақта жүредi? Тiптi, басқа елде жоқ «молданың айтқанын iсте, iстегенiн iстеме» деген мақалды бiз айтамыз-ау. Әлбетте, жетiскеннен емес. Хош, сөз тiзгiнiн тоқымдай жерге бұралық.
Көне қонысқа еврейлер там-тұмдап он тоғызыншы ғасыр соңында келе бастады. Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары бұл көш қарқын алды. Еврей ұлтының өкiлдерi осылай тұтаса көшпегенде Екiншi жаһандық соғыстан кейiн Израиль мемлекетiн құруға Африканың бiр пұшпағынан, сол кездегi БҰҰ-дағы әңгiмелер ыңғайына қарай Сомалидiң тұсынан жер бөлiнуi ықтимал екен. Еврейлердiң қазiргi Израиль тұрған жерге жаппай көшiп келiп алғанын және игерiп отырғанын бажайлаған соң жаңа мемлекеттi осында құру ұйғарылған. Алдағы оқиғаларды қапысыз болжаған қандай көрегендiк!
Осы жерге сәби кезiнде келген Мәриәм Бостанмен сөйлесе келсек, ол –Қырымның тумасы. Ата-анасы ол кезде жиырманың iшiндегi жастар екен. Қырымдағы бiр қарт пiрәдуар еврей барлық қандас жастарды жинап, «көне қонысқа барыңдар, соны гүлдендiрiңдер» деп уағыз айтады. Сол уағыздың және басқа дiни әңгiмелер мен кiтаптардың ықпалымен Мәриәмның ата-анасы жолға шыққан. Жалғыз емес, Қырымнан жүздеген еврей отбасы тұтаса көшкен. Бiр жағынан пiрәдуардың уағызы құлаққа құйылса, екiншi жағынан сол уақытта большевиктiк билiктiң зиялыларды қудалауға, дiндi жоққа шығаруға кiрiскенi жанға батқан. «Екi есеп – бiр қисап» деген осы.
Палестина жақты бетке алған көш сорабы тек Қырымнан басталмаса керек. Алдымен Еуропаның еврейлерi жолға шыққан. Он тоғызыншы ғасыр соңында. Еуропаны елес кезiп жүрген тұста. Естерiңiзде болса, «коммунизм елесi». Маркс пен Энгельстi қызыға оқитын жас еврейлер жаңа орта жасауға құлшынған. Ата-баба жерiнде тұтасып отыруды жөн санаған. «Коммунизм», «коммуна» сөздерi iндеткенге «қауым» болып шығады. Бiрақ қаншыл еврейлер латын сөзiне жабысып қалмайды. «Коммунаны» өздерiнше «кибуц» атайды. Иврит тiлiнен аударғанда жаңағы «қауым» деген сөз. Қауымдасып тұру жаңа да көне жерге келiп түтiн түтеткендерге қай жағынан болсын қолайлы. Бiрiншiден: шаруашылық жүргiзу үшiн, екiншiден: қорғану үшiн.
Иә, қорғану керек едi. Өйткенi, бұл маңды мал бағатын көшпелi бәдеуилер мекендейтiн. Негiзi жер иелерi – Шам, Бейрут қаласында тұратын дәулеттi арабтар көрiнедi. Еврейлердiң дүниежүзiлiк қоры солардан жердi арзанға сатып алып жатты. Арзан болатын себебi: сылдыраған сусыз, желкiлдеген желексiз жалаң қыраттар. Немесе керiсiнше: қысы-жазы құрғамайтын сона-масалы, шыбын-шiркейлi батпақтар. Сондай тау-тасты, құмды-батпақты аймақтарды тұтас сатып алу үшiн жер бетiндегi синогогалар ақша жинайды. Арзанға сатып алынған жердi алыс-жақыннан бас құрап жатқан қандастарға 49 жылға жалға бередi. Одан әрi мерзiмдi ұзартуға болады деген шартпен. Осының бәрiнен хабары шамалы көшпелi бәдеуилер болса алыста жатқан жер иесi арабтарды қалай мойындамаса, кейiн сол жердi сатып алған еврейлердi де солай мойындағысы келмедi.
Жалпы араб пен бәдеуидiң арасындағы жақындық пен алшақтық туралы аз жазылмаса керек. Олардың тегi бiр, тек шаруаның қолайына қарай екiге жарылған деседi. Бiрi – сауда, кәсiп, iлiм-бiлiм ыңғайымен отырықшы топ, екiншiсi – түйе, ешкi, қой сияқты тұяқты мал бағу ыңғайымен көшiп жүретiн топ. Бәдеуилердiң мекендерiн көрдiк. Иерусалим маңайында. Осы заманғы тұрмыстық жетiстiктердiң ешбiрiн мойындамай келедi екен. Тақтай, киiз, мата, қаңылтыр және басқа қолға iлiнгеннiң бәрiнiң басын қосып iлдебайлап қойған қырық жамау лашықтарда тұрады. Сосын тағы түрлi темiр, ағаш кесiндiлерiнен тұратын малға арналған қоршаулары бар.
Бұл жақта қыстың өзiнде күн плюс он градус шамасында. Егер бес градустан төмендесе, елдi асырап отырған цитрус ағаштары өспей қалады. Ауаның жылылығы диқан мен малшыға бiрдей қолайлы. Мына қырық жамау лашықтар сырт көзге әдейi жасалатын сияқты. Рас болса, бәдеуилер өте бай деседi. Өйткенi, қай елде болмасын ет қымбат. Таяу Шығыс мал өнiмдерi ең қымбат аймақтар қатарында. Сосын саясаттың да құлағы қылтияды. Бәдеуилер еврей қоныстарын ешқашан жақтырған емес. Сондықтан өздерiн жақсылықсыз қалған халық ретiнде көрсеткiсi келедi деседi. Оны кiм бiлсiн, әлде шынымен ата-бабаның көшпелi салтын сақтауды мәртебе тұтар. Бұл – бөлек сөздiң сорабы.
Иә, бұл жерге қайта оралған еврейлер қорғану үшiн ыдырап кетпей бiрге тұруға мәжбүр болыпты. Қазақтың «бөлiнгендi бөрi жейдi, жарылғанды жау алады» деген мақалы осы жағдайға айтылғандай. Сөйтiп, кибуц атты жаңа құрылым пайда болды. Бiзбен орыс тiлiнде сұхбаттасқан Мәриәм Бостан – сол кибуцтың байырғы тұрғыны. Бұлардың «қауымы» 1920 жылы құрылған. Алғашқы кибуцтан он жылдан кейiн. Бiрiншi кибуц 1910 жылы ұйымдасқан. Аты – «Дгания». Ивриттен қазақшаласаңыз – «бидай». Қай жағынан болсын, қисынды атау. Бiздiң шешемiз ата шаңыраққа келiн болып түскен кезде әжелерiмiз «бидайдай көгер» деп алдынан бидай шашқан екен. Сiрә, шашуға лайық қант-кәмпит жоқтықтан. Жарықтықтардың тiлегi оң екен. Тәуба! Мына «Дгания» аты сондай ниетпен қойылса керек. Араларын мыңдаған шақырымдар, жүздеген жылдар бөлiп жатқан адамдардың тiлегi қалай тоғысатындығы таңырқатады. Оң тiлектiң орындалмайтыны жоқ-ау.
Кеңес Одағының орындалмай қалған арманы осы кибуц iшiнде жүзеге асқандай. Мұнда барлық адамға бiрдей жалақы берiледi. Бастық бол, қарауыл бол, бәрiбiр табатын табысың тең. Кибуц iшiнде мектеп, мәдениет үйi, суға шомылатын әуiт, кiтапхана және басқа игiлiктер ортақ. Кибуц мүшелерiнiң балаларына жоғары бiлiм әперу де осы қауымның мойнында. Рас, мұнда кибуц мүшелерiнен басқа жалдамалы жұмысшылар болуы мүмкiн. Жылдық табысты қалай бөлудi тек кибуц мүшелерi дауысқа салып шешедi.
Мәриәм сәби кезден қартайғанға дейiн мекен еткен кибуц iшiн трактормен араладық. Топ болып тiркемесiне отырдық. Баяғы кеңестiң қазақ даласында алпыс миллионға жеткiзбек болған қойының алты жүзiн баққан жетпiсiншi жылдардан кейiн трактор тiркемесiне мiнбеппiз. Бойды бiр сағыныш билесiн. Олардың алқапқа барып, керi қайтатын көлiгi – осы.
Бiр жерде үлкен-үлкен астауларды көрдiк. Алтын балық пен жейтiн балықтың небiр түрiн өсiрiп, саудаға шығарады. Бiр тұстан жылқы үйiрiн көрдiк. Аз да болса, асыл тұқымды сияқты. Желiндерi жер сызған табын сиын тағы тұрды. Бидай алқаптарын қоршап қояды екен. Сол қоршау қабырғалары толы фотосуреттер. Кибуц тарихы, оны қорғап қаза тапқандар бейнесi. Тырқылдаған трактор бiрде сайға түсiп, бiрде өрге шығып, көп жәйтке қанықтырды. Тағы бiр тұста қаз-қатар кактус алқабынан өттiк. Өзiн шөп деймiз бе, бұта деймiз бе, ағаш деймiз бе, қайсысына жатқызарымызды бiлмей дал болып отырған өсiмдiгiмiз ешқашан Жерорта теңiзi жағасында өспеген. Осы кибуцтың бiр мүшесi кактуске құштар болыпты. Жыл сайын ортақ қордан арнайы бөлiнген қаржыға сонау Оңтүстiк Америкадан әлгiнiң жетi атасын жинап жүрiптi. Сөйтiп, өзi өмiрден өткен соң артында мына алқап қалады. Осындай жүрген iзiне шөбiңiз не, ағаш шыққан азаматтар қауым iшiнде аз болмаған. Кибуц iшiнде тура орманда жүргендей сезiнесiз. Айнала қалың тоғай, алуан түрлi өсiмдiк.
– Менiң бала кезiмде мұнда бiр түп бұта жоқ едi, – дейдi Мәриәм.
Оған сенгiңiз келмейдi. Мынау аспан тiреп тұрғандай асқақ пальмалар, алдымен жоғары өсiп, одан бұтақтары қайта төмен салбырап, жерге сiңiп тамырға айналып, одан тағы көкке өсiп жатқан дарақтар, бiз атын естiмеген, затын бiрiншi көрiп тұрған әлдебiр бұталар адам қолымен егiлген дегенге нанбайсыз. Керiсiнше адамдар қалың жыныс iшiне зорға кiрiп, өздерiне үй-жай салғандай әсер бередi. Е-е, ынта-ықылас болса шөлейт дала, тастақ төбелердi жұмаққа айналдыру қолдан келедi екен.
– Менiң Бостан сойын алуымның сыры бар, – деген Мәриәм кейуана сосын. -«Бостан» – Қырымдағы халықтардың тiлiнде «бақ» дегендi бiлдiредi.
Өз басымыз кейуанамен алғаш танысқанда-ақ, ойымызға ақын Жүсiп Қыдыровтың «Бостан бұлбұлдары» атты кiтабы оралған. Иә, «бостан» – бүкiл түркi халықтарында «бақ» деген сөз. Еврей кемпiрi де түркiнiң сол сөзiн сойына таңдапты.
Бостан – Мәриәмнiң еншiсiне қалған сой ғана емес, пешенесiне жазылған тiрлiк те екен. Ол тұратын кибуцтың басты табысы цитрус бағынан түседi.
Арасында мұның да әке-шешесi бар қаншама жастарды көне қонысқа баруға уағыздаған Қырымдағы қарт пiрәдар қолдарына бiр жемiстiң көшетiн берiптi. Кейiн сол көшеттен Шмуэль атты ерекше апельсин түрi өсiптi. Соны көбейтiп сата бастағанда кибуцтың сайдағы тасы өрге домалаған.
ЖҰМАҚ ЖЕМIСI
Израильге Бұлғариядан көшiп барған еврей айтқан әфсана: Ертеде бiр тұмса әйелдiң толғағы өте ауыр болыпты. Бiр тәулiктен аса қиналады. Бiрақ босана алмайды. Сонда көптi көрген бiр кемпiр әйелге этрогтiң жемiсiн жегiзiптi. Мiне осы жемiстi жегеннен кейiн дүниеге шыр етiп сәби келiп, жас ананың жаны қалыпты.
Көне қоныс тұрғындарының айтуынша, Хауа ана мен қасындағы Адам атаны күнәға батырған жемiс – алма емес, цитрус. Оны еврейлер «этрог» деп атайды. Екiқабат әйелдерге этрогтан ауыз тигiзсе, толғағы мен босануы жеңiл болмақ. Суккот мерекесiнен кейiн әйелдер этрогты жастығының астына тығып қоятын көрiнедi.
Этрогыңыз шынында, бүкiл цитрус атаулының алғашқысы екен. Екi алақанды бiр-бiрiне қосып, он саусақты төмен салбыратса, этрогтың бұтақта тұрған жемiстерi көзге елестейдi. Рас, әрбiр жемiсi саусақтан гөрi жүрекке ұқсайды. Ежелгi еврейлар оны жерiк болған ананың жатырынан аумайды дептi. Жапырағы қысы-жазы түспейтiн, көктемде әппақ күлтесiнiң түбiне қызғыл бояу жаққандай болып гүлдейтiн, қараша айында пiскен жемiсi жұлмаса өздiгiнен түспейтiн және бұтақта бұзылмай тұратын этрог қасиеттi ағаш саналады. Сондықтан әлгi еврей айтқан Суккот, мұнысы бiздiңше – сабантой, мерекесiнде арнайы лашыққа қойылатын төрт ағаштың бiрi.
Басқалары кәдiмгi мәжнүн тал, құрма ағашы, сосын мирт деген ағаш. Әр-берi ойлағанмен оның қазақша баламасын әзiр таппадық. «Дремлеет нежний мирт и темный кипарис» деген жол Пушкинде жүр. Арғы тегi арабтан екенiн бұл ақын орыс орманында емес, Таяу Шығыс тоғайында өсетiн ағашпен аңғартса керек. Тағы бiр тұсында «венков из миртов молодых, чело его покрыла» дептi. Бiздiң Қуандық Шыңғытбаев мұны қалай аударып едi, қапелiмде есiмiзге түспедi. Мына көне қоныста мирт Адам ата ағашы ретiнде құрметтi.
Құрма болмаса, басқа үшеуi қасиеттi саналғанмен табыс көзi емес. Ал құрма бауын бiз Өлi теңiз жағасына жақын алқаптан көрдiк. «Өлi теңiз» деген аты қорқынышты болғанмен, тiршiлiк қайнап жатыр. Жан-жақтан қаусырған таулардың суы қуаң даланы көктеп келiп, ортадағы шараға құяды. Әлбетте, теңiз аталғанмен, бiздiң Каспий сияқты бұл да – көл. Аумағы Каспийдiң қасында жiп есе алмас, шамамен бiздiң Жалаңаш көлге ұқсаттық. Алма-ғайып уақытта Иорданияның қолынан сусып кеткен аймақ көрiнедi. Көл жағасында қолдан өсiрiлген жасыл желек. Жағажайдағы сансыз туристер саялайтын жер. Сосын жаңағы құрма плантациялары. Ара-кiдiк иордан солдаттарынан қалған казармалар, бекiнiстер көрiнiп қалады. Жағалауға туризм нысандары жаппай салына бастаса да, әлгi алқа-салқа бекiнiстердi қайта түземептi. Не ойлағандары бар екенiн кiм бiлсiн?!
Құрма ағашын шаршылап еккендегi түзулiгi тура парадта жүрiп бара жатқан солдаттар сапын еске салды. Адамның жүрiсiн түзеу – бiрер айдың жұмысы, ал ағаштың бойын түзеу – жылдарға созылатын ауыр бейнет. Қырынан қарасаң да, қарсы алдынан қарасаң да бiр сызықтың бойында тұрған құрма ағаштары тым биiк. Кемi жиырма жылдай жемiс берiп келедi. Сондықтан құрмасын жинау үшiн адамды он-он бес метр биiктiкке көтеретiн машиналарды пайдаланады. Және жинау кезiнде ғана емес, көтергiш машиналарды баққа жиi әкелетiнi байқалады. Құрма ағашының салпаңқұлақ жапырақтары жыл сайын қурағанмен, өздiгiнен түсе қоймайды. Бiр рет соларды күзейдi. Сосын ендi гүлдеп бiткен ағаштағы болашақ жемiстерге арнайы қаптама кигiзедi. Мұнда бiзде жүзiм шоғырына кигiзе салатын әйелдiң тозған капрон шұлығы емес, құрма шоғырына лайықтап iстелген қап қолданылады. Тәсiл әрқилы болғанмен, екi жақта да мақсат бiреу – болашақ жемiстi құстың шоқымауы, араның теспеуi. Мiне осындай күтiммен өскен құрманың тәттiлiгi де, бағасы да ерекше.
Құрмаға қатысты тағы бiр оқиғаны қоса кетейiк. Израильден қайтарда Бен-Гурион әуежайында бiздiң жол қапшықтағы жүгiмiздi ашқызды. Сонда күдiк тудырған осы құрма болып шықты. Бiз оны үлкен дүкеннiң бiрiнен «Пайғамбарымыз оразада ауыз ашқан жемiс» деп арнайы сатып алғанбыз. Жүк тексерушi офицер аудармашыны ертiп келiп, құрманы қайдан алғанымызды сұрады.
– Базардан ба?
– Жоқ, мынадай дүкеннен, – деп бiз сақтап жүрген чектi көрсеттiк. Онымен танысқан соң «дұрыс екен» деп жүгiмiздi әрi қарай өткiзiп едi.
Шамасы, базардағы құрманың арасына әлде жарылғыш, әлде есiрткi салу оқиғалары кездессе керек. «Жел соқпаса, шөп басы қимылдамайды» немесе «аузы күйген үрiп iшедi» деген мақалдар тегiн бе! Иерусалимдi аралап жүргенде базар атаулыда құрманың сан түрi сатылып жатқанын көргенбiз. Нағыз құрма ма, басқадай пәле ме, кiм бiлiптi? Хош, саясат бақшасына түсiп кеттiк бiлем, керi қайталық.
Түптеп келгенде бұл елдiң жемiс-жидектегi басты табысы құрма пальмасынан емес, цитрус ағаштарынан түседi. Цитрус – тропикалық және субтропикалық аймақтарда өсетiн жемiс ағашының тобы. Жемiсiнiң басты ерекшелiгi – iшiнен бiрнеше бөлiктерге бөлiнген. Бөлiктер тығыз да, қатты да емес қоймалжыңға толы. Бөлiктiң iшiнде бiр немесе бiрнеше дән болады. Бiрақ адамзат қойсын ба, кейiн дәнi жоқ жемiстердi сұрыптап шығарған. Жемiстiң сытқы қабығының өзi екi қатпарлы. Iшкi ақ қатпарын ғылым «альбедо», сыртқы қызғыл не сарғыш қатпарын «флаведо» деп атайды. Флаведосы толы эфир майы.
Жалпы цитрустар тобына апелсинь, мандарин, лимон, лайм, грейпфрут, цитрон, кумквата, бергомот жатады. Бұл жемiстердi сырт елдерге Бразилия, АҚШ, Аргентина, Мексика, Италия, Израиль, Мысыр, Морокко, Түркия, Оңтүстiк Африка Республикасы сатады. Қарасаңыз, осындай ондық арасында жерi ең шағыны Израиль.
Елде цитрус 20 мың шаршы шақырымға егiлген. Оның он жетi мың шаршы шақырымы жемiс берiп тұрған ағаштар. Үш мыңына жас көшеттер егiлген. Бойы тiзеден келетiндерi қаншама алқап. Жас көшеттерге жеке-жеке қаптама кигiзiп қойғанын көрдiк. Қаншама жұмыс. Әрбiр ағаш арнайы қорғалады. Тамырлары тамшылату тәсiлiмен суарылады. Мәнiсi былай. Бұл елде арқырап ағып жатқан өзендер, бұрқырай шығып жатқан бұлақтар жоқ. Су жердiң терең қабатынан сорылады. Оны атшаптырым әуiттерге жинайды. Бiраз уақыттан кейiн ауамен байыған және жылыған су арық емес, құбырлар арқылы баққа жiберiледi. Арық болса шiлiңгiр ыстықта буланып кетер едi, ал мына құбырлар жер астымен әр ағаштың түбiне барып тұр.
Осының бәрiн көргенде тау бұлағымен суарылып, ешбiр қаптамасыз өсiретiн алма бақтарын отап тастаған әрекетiмiз оспадарлық болғанын пайымдадық. О Жаратқан, түп қайырын бере гөр, бiр жақта құлазыған төбелердi игерiп жұмақ жемiстерiн жинап жатса, бiр жақта жұмақ жемiсiн берiп тұрған бақтар оталып кеттi. Жұмаққа ендi бiздi кiргiзер ме екен?!
САЛАУАТ СУСЫНЫ
Израильге Ресейден көшiп барған еврей айтқан әфсана: Бұл жерге қызығып, жаулағысы келгендер ықылым заманнан берi көп болған. Сондай бiр жаулаушылар пiлге мiнiп келсе керек. Қалың апелсин бағына келгенде пiлдер жүрмей тоқтап қалады. Үстiндегi адамдарға қарамай жемiстi жей бередi, жей бередi. Ақыры пiлдер местей болып, бақ iшiнде жатып қалады. Сөйтiп, бұл жердi жаулаушылардан қару емес жемiс ағашы қорғап қалған көрiнедi.
Жасыл қалқа арқылы жан сақтауды Израиль жиырма бiрiншi ғасырда ұмытқан жоқ. 2011 жылдан бастап Палестинамен арада атыс жиi болып жататын жерлердiң Израильге тиесiлi жағына ағаш отырғызу басталды. Бiрер жылда арғы жақтың мергендерi бергi жақтың адамдарын қарауылға ала алмайтындай қалқа өсiп шығады. Бiр жағынан саяси әрекет болса, екiншi жағынан экологиялық қадам.
Қолдан тоғай отырғызу – көне қоныстағы ежелгi тiрлiктiң бiрi. Шағын ел iшiндегi төбенiң бәрi жап-жасыл ағаш. Тель-Авив пен Иерусалим арасына жол тартсаңыз, бiр де бiр жалаңаш тақыр тау көрмейсiз. Ал бiрнеше ондаған жыл бұрын соның бәрiнде тiс шұқырлық бұта болмапты. Жалама жартастан басқасына тырмысып шығып түрлi ағаш отырғызған тiрлiктi бiз Израиль мен Қытайдан көрдiк.
– Бiр рет мына төбелер түгел өртендi, – деген бiздiң аудармашымыз жол үстiнде. Сосын ағаштарды қайтадан отырғызып шықты.
Қанша қарасақ та әлгi өрттен қалған бiр молақ ағаш, күйген бұта көзге түспедi. Түсiрер көлеңкесi, берер жемiсi жоқ тоғайлардың өзiн қолдан өсiретiн Израильде цитрус ағаштарын өсiру – үлкен салаға айналған. Дербес ғылыми-зерттеу жұмыстары ондаған жылдар бойы үздiксiз жүргiзiлген. Көшет өсiру, оны отырғызатын алқап дайындау, егетiн мезгiлдi белгiлеу, ағаш түптерiнiң арасын айқындау, суаратын суын жеткiзу, зиянкестерден қорғау, жемiс берер уақыттарын есептеу – осының бәрi ғылыми негiзделген. Әсiресе, зиянкестерден қорғау iсiне тоқтала кеткенiмiз жөн. Кеңес заманында қазақ даласының егiс алқаптары мен көкөнiс танаптарын зиянкестер мен арамшөптен қорғаймыз деп талай уланғаны есiмiзде. Сырдарияның арнасымен су емес, у аққанын қалай ұмытайық. Ал Израиль алақандай жерiн химиялық дәрiлерден сақтай бiлген. Мұнда зинкестер тек биологиялық жолмен күреседi. Бiр құрт табылса, соны шоқи алатын торғай iздейдi.
Баққа ешқашан химиялық дәрi себiлмейтiндiктен, мұнда ең таза өнiм өсiрiледi. Қазiр Еуропаға керегi химия қолданылмай өсiрiлген жемiс-жидек екен, бұл орайда сұраныстың көп бөлiгi Израильге түседi. Жоғарыда цитрус алқаптары 20 мың гектар жердi алып жатыр дедiк, соның 14,7 мың гектары жемiс берiп тұр. Әрбiр түп ағаштан 150-200 келi, сонда әр гектардан 50 тонна жемiс жиналады. Қанша дегенмен ұрылып, соғылып қалғандарын алып тастағанда елде жыл сайын 600 мың тонна цитрус жиналады. Оның 200 мың тоннасын сабағынан үзе сала өздерi жесе, 180 мың тоннасын Еуропаға аттандырады. Германияға, Данияға, Голландияға, Францияға, Бельгияға және басқа елдерге жемiс тиелiп жатқан ұзын-ұзын жүк автомашиналарын көзiмiз көрдi. Ал өнiмнiң үштен бiрден артығы, яғни 220 мың тоннасы өңделедi. Бар қызығы осы жерде.
Өнiм өсiру оңай емес, ал оны өңдей бiлмесең, бар еңбегiң желге ұшады. Бiздiң Қазақстан жиырма жылдан берi жырлап келе жатқаны да – осы өңдеудiң жыры. Өнiм дұрыс өңделмейтiн болған соң оңтүстiк аймақтардағы қаншама алқаптарға көкөнiс егiлмейтiн болды. Есесiне темекi алқаптары ұлғайып кеттi. Өйткенi, шетелдiктер Алматының маңайына бiр емес бiрнеше темекi фабрикасын салып тастады. Зияны – бiзге, пайдасы – шетелге. Бiзде өнiм өңдеу жағы ақсап тұрғанының нақ көрiнiсiн мал шаруашылығынан да байқайсыз. Қазақстан тұтынатын шұжық пен қалбырдағы бұқтырылған еттiң тең жартысын сырттан тасиды. Жүн мен терi өңдеудi айтып керек емес. Қызығын Қытай көрiп жатыр.
Ал Израильдiң ауыл шаруашылығының даңқын шығарған – осы өңделген өнiм: жемiс шырыны мен оның қойыртпағы. Бiз ат басын тiреген «Ген-Шмуэль» зауыты 1942 жылы ашылыпты. Оған дейiн Еуропаға тек жемiс жөнелткен компания басшылары сол жылы шырын шығаруға кiрiскен.
Цитрус жемiстерiнiң шырыны – әлемдегi ең маңызды сусынның бiрi. Бойға қуат беруда оларға жетер iшiмдiк жоқ деседi мамандар. Рас, бұл бiздiң қымыз бен шұбатты бiлмейтiндердiң сөзi шығар. Бiрақ, мал емес, өсiмдiктен алынатын шырындар арасында әлем бойынша цитрустың үлесi де, даңқы да жоғары. Басқаны қойып өзiмiз, бойды суық алып, тамақ қырналғанда лимон қосылған шәй арқылы емделемiз ғой.
Цитрус жемiстерiнiң шырынында адам ағзасына қажет көмiрқышқылы жеткiлiктi. Қазiр «дәрумен» деп жазылатын витаминдердiң небiр түрi табылады. Әлбетте, жемiстiң шырынын сығып шығару – өнеркәсiп. Баяғыда Алматыда жемiс шырынын шығаратын үлкен комбинат болған. Қазiр «плодо-консервный комбинат» деген аялдамасы бар. Онда осы Алатау баурайынан жиналған барлық жемiс пен көкөнiс өңделетiн. Әлбетте, шарап жасауға кеткен жүзiмнен басқасы. Қазiр көрiнiс басқадай. Iскер азаматтар ашқан бiрнеше шырын шығаратын фирмалар бар. Бiрақ, олар жемiс ағашын өсiрiп, өнiмiн жинатып, оны сығып әуре болып жатпайды. Шетелден, анығында мына бiз тұрған Израиль мемлекетiнен шырынның қойыртпағын (өндiрiс үшiн түсiнiктi терминi – концентрат) алып келедi де, соны суға езiп, қорапқа құйып бередi. Жан қинап ағаш екпей-ақ, жемiс термей-ақ, тез бизнес жасайсың. Жедел байисың. Сосын Алматының тағы бiр, бәлкiм соңғы бағын отатқызып, жетi атаң көрмеген, ендi жетi ұрпағыңа жетер зәулiм сарай саласың. Түпкiлiктi қаржы басқа елге – қойыртпақ сатқан Израильдiң қалтасына құйылып жатқаны уайым емес. Бiздегi қазiргi шырын өндiрiсiнiң сиқы осындай.
Ал әлгi қойыртпақты жасап, бiздiң кәсiпкерлерге сатып отырған еврейлер елiнде ше? Мұндағы сансыз бақтағы цитрус жемiстерi жиналады. Олардың iшiнде көлемi жағынан грейпфрут пен апельсин отырғызылған бақтар алдыңғы орында. Бiрiншiден: сұраным бар, екiншiден: өнiмдiлiгi өте жоғары.
Апельсин – адамзаттан бұрын-ақ жер бетiнде жайқалған жемiс. Иврит тiлiнде оны «тапуз» дейдi. Оның өзi екi түбiрден бiрiккен сөз көрiнедi. Iндете келгенде «тапуах захав», оныңыз қазақшалаған – «алтын алма».
Апельсин – Жаратушының сыйы болса, грейпфрут – адамзаттың қолымен пайда болған жемiс. Ол лимон мен апельсиндi будандастырудан шыққан. Бiзге түсiнiктi тiлмен бейнелесек, ат пен есектiң арасынан шыққан қашыр сияқты. «Ағаштың қашыры». Рас, кәдiмгi қашыр ешқашан төл бермесе, мына «ағаш қашыры» ең мол өнiмдi жылда төгедi де тастайды. Өзi «атасынан» да, «анасынан» да iрi. Құрамында нарингин атты нәр бар. Ол адам ағзасындағы ең нәзiк мүше – бауырдың жұмысына өте пайдалы. Басқа жемiсте кездесе қоймас кверцетин мен гесперидин деген нәрлерi және бар, олар денеге май жинатқызбайды, яғни семiздiктен сақтайды. Семiздiк – Америка мен Еуропа үшiн дертке айналған құбылыс. Ликопен деген нәрi болса ағзаны қатерлi iсiктен қорғайды екен. Мiне, бiр бойына осыншама қасиеттердi жинаған грейпфрутқа әлемде сұраныс сұмдық. Бiреулер тек өзiн жесе, ендi бiреулерге қоспасыз шырыны қажет. Сол сұранымды ескерген Израильде қазiр бос жатқан төбе жоқ, жағалай грейпфрут бақтары.
Осылай мол өсетiн өнiмдi жинау кезiнде бұл ел жұмыс күшiне зәру. Еврей инженерлерi басқа технологияның бәрiн ойлап тапқанмен, ағаштан пiскен жемiстi үзетiн аппарат жасаудағы әрекеттiң бәрi сәтсiз аяқталған. Бiреуi ағашқа зақым келтiрсе, екiншiсi жемiстiң өзiн зақымдайтын болған. Үшiншiсiнiң тағы өз кемшiлiгi табылған соң, ақыры жемiстi баяғы Адам ата, Хауа ана сияқты қолмен үзген дұрыс екен деген тоқтам жасалды. Мына сансыз төбелердегi шетiне көз жетпес бақтардағы жемiстi жинау науқаны кезiнде сырттан жалдамалы жұмыс күшi шақырылады. Бүкiл елдегi жемiс өңдеу зауыттары тоқтаусыз жұмыс iстейдi.
Соның бiрiнiң жұмыс барысымен толық таныстық. Дәу «Вольво» жүк көлiгiмен зауыт ауласына жеткiзiлген грейпфрутты өлшей сала ауланың бұрышына төккiздi. Ол жер еңiс етiп жасалған қамба болып шықты. Бiр шетiндегi жемiстер ешкiм итерiп, тартпастан-ақ домалап конвейерге iлiнiп жатады. Төгiлген жемiс таусылғанға дейiн келесi көлiк келедi. «Технология бойынша цитрус жемiстерiн екi тәулiктен асырмай өңдеп тастаймыз» дейдi «Ген-Шмуэль» зауытының ауыл шаруашылығы жөнiндегi менеджерi Израэл Хабер мырза. Зауыт сағат сайын 12 тонна жемiс өңдейдi. Сонда дәу «Вольвомен» келген цитрусыңыз – жұмырына жұқ та емес, үш сағаттың шаруасы. Тәулiгiне кемiнде осындай 7-8 жүк машинасы бақ пен зауыт арасына қатынап, жемiс тасиды.
Өз-өзiнен домалап барып конвейерге iлiккен жемiстердi лып еткiзiп жоғары қабатқа жеткiзедi. Ол жерде жақсылап жуылады, кептiрiледi. Сосын және жуу, және кептiру. Екi рет тазаланған олар ендi қолдарына гольф таяқшасына ұқсас қаққыш ұстаған бiрнеше әйелдiң алдынан өтедi. Төрт конвейердiң екi шетiнде сегiз сұрыптаушы. Олардың мiндетi – шiрiген, көгерген жемiс болса, қағып тастау. Бiрақ, бақтың өзiнде iрiктелiп терiлген өнiм арасынан ондай «ауруы»мен «көтеремiн» табу мүмкiн емес, анда-санда таяқшаларын шыбын қаққандай бiр сiлтеп қалатындары болмаса, әйелдердiң (бажайлап қарасақ, бәрi кемпiр) жандары тыныш сияқты. Сұрыптаушылар шеттерiнен кемпiр болатыны – Израильде зейнетақы ер адамдарға 68 жаста, әйел адамдарға 65 жаста берiлетiндiктен, соған дейiн жұмыс iстеуiң керек. Алпыстан асқандар шамасы, жеңiлдеу жұмысқа ауыстырылатын сияқты. Бұл – бөлек әңгiменiң, әлеуметтiк саланың сорабы. Сондықтан ат басын өзiмiздiң желiмiзге бұралық.
Осы сұрыптаудан кейiн төрт тарам таспа тарсылдатып жемiстердi сығу машиналарына тоғытады. Сығу машинасындағы бiрi жоғары, бiрi төмен қараған екi жарты тостағанның ернеулерiндегi кертiктерi өзара айқаса қалатындай етiп жасалған. Жоғарғы жарты тостаған көтерiлген кезде төменгi жарты тостағанға топ етiп грейпфрут түсе қалады. Сол сәт жоғары тостаған бар салмақпен басып жiбередi. Саулаған шырыны төмен ағып, мылжаланған қабығы мен ақжелiм болған шандырын бiр қапталға қағып тастайды. Қабық шiркiн де босқа қалмайды екен. Даңқы шыққан Израиль косметикасының екi негiзi болса: бiрi – Өлi теңiздiң тұзы, екiншiсi – осы цитрус өнiмдерiнiң қабығы. Оныңызды «эфир майының қоймасы» деп теңейдi. Басыңыздағы шашыңыздан бақайыңыздағы тырнағыңызға дейiн күтiм жасайтын небiр далап, сықпа май мына қабықтан алынады. Ал iштегi шырын сығылған соң қалған шандырдан мал азығын дайындайды екен. Өйткенi, бұл ақ шандыр – атақты С витаминiнiң кенi. Сонда бұл қалдықсыз технология болып шығады.
Ендi iндетiп әлгi сығылған шырынның соңына түстiк. Ол зауыттың жоспарына қарай екi дарияға бөлiнедi. Бiрiншiсi – табиғи шырын. Еш қоспа қоспай текше, сопақ, домалақ үлкендi-кiшiлi қораптарға құйылған шырын осы ел мен Батыс мемлекеттерiне жөнелтiледi. Ресейде бұл шырынды сатып алатын фирмалар бар екен. «Негiзiнен Мәскеу мен Санкт-Петербургтiң, Сiбiрдегi iрi қалалардың дүкендерiнен бiздiң 100 пайыз табиғи шырынды алуға болады» деген осы «Ган Шмуэль» зауытының технологы Рина Флюменбоим ханым.
Цитрус шырынын таза өнiм қалпында алмайтын Қазақстан мен Украинаны осы зауыттан қойыртпақ импорттайтын елдердiң тiзiмiнен көрдiк. Қойыртпақ дегенiмiз – жаңағы шырынның сүзбесi. Шырынды биiктiгi отыз метрлiк қызулы пеш iшiмен жоғары айдайды. Сөйтiп ол төмен қайтып оралғанда суының жетiден алты бөлiгi ұшып кетедi де, манағы сұйық шырын кiлегей тәрiздi қоймалжың затқа айналады. Қойытылған соң дәмi қышқыл болып кетедi екен. Осы қойыртпақ ендi iшiнде адам ағзасына қауiпсiз фольга немесе целлофан бар 200 литрлiк темiр бөшкелерге құйылады. Темiр бөшке қауiпсiз, кемемен тасысаң да, автомашинамен әкетсең де тесiле қоймайды. Ал iштегi қойыртпақ фольгаға құйылып, аузы мықтап жабылғандықтан еш бұзылмайды. Мiне, осы қойыртпақты сатып алған бiздiң компаниялар оған қайта алты есе су құйса, шырын табиғи қалпына келедi. Тек тура алты есе құйды ма, жоқ одан асырып жiбердi ме, бақылап жатқан кiм бар, бiз жақта?
Ал Израиль жақта бақылау өте күштi. Алдымен өздерiн өздерi бақылайды. Цитрус бағында болсын, шырын зауытында болсын, сол екеуiне иелiк ететiн кибуцта болсын бақылау күштi. Соның арқасында кибуцтар бiр ғасыр бойы мыңқ етпейдi. Соның арқасында зауыттардың өнiмi Еуропа мен Америкада бәсекеге қабiлеттi. Соның арқасында цитрус бақтары отыз жыл бойы жайқалып жемiс бередi. Түптеп келгенде, өзiн-өзi бақылаудың арқасында Израиль тоқымдай жерге теңiздей тер төгiп, соның игiлiгiн көрiп отыр.
Қайнар ОЛЖАЙ