Жаңалықтар

ЕДIЛДI ЕМГЕН ТҮРКIЛЕР

ашық дереккөзі

ЕДIЛДI ЕМГЕН ТҮРКIЛЕР

Түбi бiр түркiлердiң iшiнде қазақпен мидай араласып кеткен тек татар халқы шығар. Қиын күндерде татар қазақты, қазақ татарды паналап, өзара көмектесiптi. Ал айдай аппақ, қара немесе көгiлдiр көздi татар аруларының талайы қазақтың жан жары болып, ұрпағын өсiрген.

"ЕДIЛДIҢ БОЙЫ ЕН ТОҒАЙ"

"Едiлдiң бойы ен тоғай" деп, осыдан екi ғасыр бұрын Махамбет бабамыз жырлағандай, осы ұлы өзен – тек орыстың еншiсi ғана емес, талай ұлттың да төл бесiгi. Алғашқы түркi тайпалары аталған өзеннiң бойына бiздiң дәуiрiмiздiң III-IV ғасырларында қоныс аударған. Олардың қатарын арада бiр ғасыр өткен соң, ғұндар мен өзге түркi тайпалары толықтырыпты. Арада екi ғасыр озғасын, Азау теңiзiнiң бойындағы бұлғар тайпалары солтүстiкке аттанып, бүгiнгi татар жерiне келiп қоныстанды. Жергiлiктi халықтың түркiленуi онан әрi күшейiп, Едiл Бұлғариясы мемлекетi құрылды. Бұл мемлекет бұдан 1100 жылдай бұрын еркiмен ислам дiнiн қабылдаған. Осындағы мұсылман елiн көрiп, танысып қайту мақсатында Бағдад халифасы жiберген, арабтың атақты саяхатшысы, елшiсi, ғалымы Ахмед ибн Фадлан 922 жылы бұлғар елiне келiп-кеттi. Елшiнiң бүгiнгi күнге дейiн үзiк-үзiк жеткен жазбаларының iшiнде Жайық өңiрi туралы да құнды деректер бар…

…Сан жылдар бойы өсiп-өнiп, гүлденген Бұлғарияны 1236 жылы моңғол шапқыншылығы талқандады. Күштi жауға қарсы көтерiлген Баян мен Жықу батырлардың бой көтеруi қанға бөктiрiлiп, жанышталды. Бұлғарлар мен қыпшақтардың басын қосқан Батпан батыр да мақсатына жете алған жоқ. Кейiн алып түркi мемлекетi – Алтын Орданың құрамына кiрген бұлғарларға "татар" атауы таңылып, олар ұлт ретiнде ұйысты. Тiлдерi де бұдан екi ғасыр бұрын түпкiлiктi қалыптасты. Татар тiлi – түркi тiлдерiнiң бұлғар-қыпшақ тобына жатады.

ҚАЗАН ХАНДЫҒЫ

Алтын Ордадан бөлiнiп шығып, өз алдына отау тiккен Қазан хандығы (1445-1552) татар ағайынның алғашқы ұлттық мемлекетi едi. Бұл мемлекетте ұлт болып ұйсқан татар мәдениетi мен экономикасы, дәстүрi мен салты қарыштап дамыды. Алайда көп ұзамай көршiлес Ресейдiң отаршылдық езгiсiне түсiп, тұл болған алғашқы түркi ұлысы да осы ел. 1552 жылы 2 қазанда 150 мың әскер мен 150 зеңбiрегi бар орыстар хандықты күйреттi. Астанасы – Қазан қаласын алу кезiндегi басқыншылардың қаныпезерлiгiнiң шектен шыққандығы соншалық, осы сұмдықты естiген, алыстағы Рим Папасының өзi дiндестерiн айыптап, "ешқандай адамгершiлiк қағидасына сай келмейдi" деген екен. Сафыгерей ханның жесiрi Сүйiмбикенiң жау қолына түспеу үшiн мұнарадан құлап, қаза табуының өзi – бүгiнде сол күндердiң татар ұлтының жадында қалған бiр жаңғырығы iспеттес. Сөйтiп, ХХ ғасырдың басына дейiн олар елiнiң егемендiгiн қалпына келтiре алған жоқ.

БҮГIНДЕ

Көршi елде татарлар өзiнiң саны жөнiнен орыстардан кейiнгi екiншi орынға ие. Осыдан тоғыз жыл бұрынғы дерек бойынша олардың жалпы саны 5,5 млн. адамды құраған. Татарстанның өзiнде 2 миллиондай татар өмiр сүруде. Кейбiр демографтардың пайымдауынша, Ресейде 10 миллионнан астам осы ұлттың өкiлi бар. Нақтыланбаған дерек бойынша, әлемде 15 миллионға жуық татар бар көрiнедi. Соның 327 мыңы қазақ елiнде сан ғасыр бойы тiрлiк етiп келедi. Соның iшiнде Жайық татарлары да.

Олар әлiмсақтан берi егiн және мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы екi ғасырда өндiрiске араласқандары да аз емес. Осы ұлттың құрамдас бөлiгi болып саналатын Астрахань татарларының негiзгi кәсiбi – балық аулау, бау-бақша өсiру және мал бағу. Мал өсiру – Сiбiр татарларының ата кәсiбi. Сонымен қатар, қалаға үйiр және саудаға бейiм татарлар ежелден жер-жерге қоныс аударып, әр елде өздерiнiң шағын қауымдарын құрған. Олар тiптi сонау алыстағы Жапонияда да болған екен.

Ежелден мұсылман өркениетiне ден қойған бауырларымыз қашанда сауаттылық жөнiнен Ресейде үнемi алдыңғы орыннан көрiнiп келедi. Отаршылдықтың өктемдiгiнен 1929 жылы ерiксiз араб әлiппесiнен бас тартып, өзге түркi ұлттары секiлдi 1939 жылға дейiн латын әрпiн пайдаланып, кейiн кириллица жазуына көшсе де, аса бай рухани мұрасын сақтап қалды. Қазiр бұл елде бүкiл түркiлер сияқты латын әрпiне көшу жәйi талқылануда. Бұл ұлт Құл Ғали (1236 жылы "Юсуф туралы жырды" жазған), Мұса Жәлел және тағы басқа ақын-жазушыларын орынды мақтан етедi. Актерлер: Сергей Шакуров пен Рената Литвинова, танымал әншiлер Ренат Ибрагимов пен Алсу Сафина, суретшiлер: Ринат Қурамшин, спортшылар: Шазам Сафин, Ринат Дасаев мен Алина Кабаевалардың да ұлты – татар. Демек аталған түркiлердiң әлем және Ресей мәдениетiн дамытуға қосқан үлесi зор. Бiздегi жазушы Машқар Ғумеров пен егiз әншiлер: Ришад пен Муслим, солардың ұрпағы Карина Абдуллиндердi солардың қатарына қосқан жөн.

ҰЛТТЫҚ МӘЗIРI

Бұл түркi ұлтының ас мәзiрiне өзбек пен тәжiк, қала бердi мәңгiлiк көршiсi –орыстың әсерi көп. Мәселен палау, халуа, шәрбат сынды тағам түрлерi жоғарыдағы шығыс ұлттарынан келген. Татарлар әлiмсақтан берi қолданып жүрген күрiш пен шәй, кептiрiлген жемiс пен жаңғақ, бұрыш, қалампыр, талшын секiлдi шардәрiлердiң (пряности) түп-төркiнi де сол Шығыстан. Сонымен қатар, барлық түркiлер секiлдi татарлар да ет және сүт тағамдарын молынан тұтынады. Мәселен, жылқы етiн жейдi. Соғым сойып, онан "қазылық" жасайды және еттi қыс бойы сақтайды. Қой етiне де құштар, бiрақ қазақ-өзбекпен салыстырғанда, сәл бәсеңдеу. Сиыр етiне де өш. Тауық, күркетауық, қаз, үйректен де жерiнбейдi. Мысалы қақталған(қақлаған) қаз немесе үйрек етi – татарда ең жеңсiк тағамның бiр түрi. Сүт тағамдарынан қатық, айран, сүзбе, iрiмшiк үнемi дастарханнан үзiлмейдi. Ең көне тамағы – ет пен жармадан жасалған бәлiш. Олардың бесбармағы "көппаму" деп аталады. Күйеу мен оның достары қайынжұртына қонаққа келсе, оларға "күйәу пилмэнi" ұсынылған. Орманды жерде тұрғандықтан, омартамен ежелден айналысады және бал мен бал өнiмдерiн тұрақты пайдаланады. Нанға құрмет ерекше. Ұлттық және дiни мерекелерi қазақпен бiрдей деуге болады. Ораза және Құрбан айт, Наурыз және оған қосымша Сабантуй, Жиен ("жиын-терiм" болса керек) мерекелерiн ұйымшылдықпен тойлайды.

ЖАЙЫҚТАҒЫ ТАТАРЛАР

Бүгiнгi жерлестерiмiздiң ата-бабалары Жайықта бұдан мың жылдай бұрын пайда болыпты. Олар негiзiнен саудамен, қолөнермен және егiншiлiкпен айналысқан. Сонан кейiн Қазан хандығы құлағасын, шоқынудан қашқан және бұдан екi ғасыр бұрын тың өмiр iздеген татарлар Орал қаласы мен төңiрегiне келiп, қоныс тепкен. Олар тек кәсiппен айналысып қана қоймай, мешiттер, медреселер және мектептер ашқан. Сөйтiп мұсылман дiнiн кеңiнен насихаттапты. Бүгiнгi қалалық ескi және қайтадан қалпына келтiрiлген "Қызыл" мешiт – сол дәуiрдiң тарихи ескерткiштерi. Жайық татарларынан көпес Мұртаза Ғұбайдуллин, қоғамдық қайраткер Тухватуллин, режиссер Ғабдулла Қариев, ақын Ғабдулла Тоқай, сазгер Назиб Жиганов, әншi Ғалия Кайбицкая сияқты атақты адамдар шығыпты.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ