Жаңалықтар

“ЕЙ, ТӘКАППАР ДҮНИЕ!..”

ашық дереккөзі

“ЕЙ, ТӘКАППАР ДҮНИЕ!..”

Биыл – қазақ поэзиясы мен өнерi алыптарының жылы. Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевқа – 80 жыл! Қазақ күйiнiң падишасы Дина Нұрпейiсованың – 150 жылдығы! Ең бастысы – биыл Қасым ақынның жылы. Қазақ поэзиясының көшiн бастаған жыр алыптарының қатарында Қасым Аманжоловтың та өзiндiк iзi, өзiндiк сара жолы жатыр.

Аманжол – Рахымжанның Қасымымын,

Мен қалған бiр атаның ғасырымын.

Бiреуге жұртта қалған жасығымын,

Бiреуге аспандағы асылымын" деп, "өзге емес, өз жайын өзi айтқан" Қасым ақынның мерейтойы аталып өтетiн күн де алыс емес. Бүкiл қазақ жұртшылығы, бүкiл поэзия сүйер қауым ақынды пiр тұтып қана қоймайды, ақын өлеңдерiне ғашық десек те болады.

Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бiр қарашы.

Танисың ба сен менi?

Мен – қазақтың баласы!

Қазақтың ақын баласының тойы – барша қазақтың тойы. Қазақ әдебиетiнiң тарихында өзiндiк қолтаңбасымен қалған жыр алыбына арнап, ақындарымыздың арасында жырдан шашу шашпағаны кемде-кем. Бұл өлеңдердiң көбi ертеректе жазылғандықтан, олардың бәрiн бiрдей газет бетiнде жариялау мүмкiн емес. Сол себептi, ақындарымыздың арнау өлеңдерiнiң бiр парасын поэзия дүлдүлiнiң мерейтойы қарсаңында газетiмiздiң бетiнде жариялауды жөн көрдiк.

Мұқағали МАҚАТАЕВ

ДЕЙСIҢДЕР-АУ, ҚАСЫМНЫҢ НЕСI БАСЫМ?!

Дейсiңдер-ау! Қасымның несi басым?!

Қасым солай болмаса, несi Қасым,

"Ақынмын" деп қопаңдап жүргендердiң

Әммесiнен Қасымның десi басым.

Қуат алып жырына бәз-даладан,

Ол жанған. Күнi жоқ-ты маздамаған!

Өлiсiнде өнеге болғаны анық,

Тiрiсiнде бiреуге жазған Адам…

Жалын жұтып,

жанын жеп жазған құрлы,

Өлеңiнiң өлмеуiн арман қылды.

Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,

Қан менен жас аралас тарлан-жырды.

Жедi. Тынды… Керемет дерттер төнiп,

Кең кеудеде кеттi ғой кектер сөнiп.

Қасым деген – қалғыған жанартау ғой,

Жанартау ғой. Жанды да кеттi өртенiп.

"Бiр күй бар домбырамда…" (Иесi Қасым)

Қасым солай болмаса, несi Қасым!?

Жыр бәйгеге аттанған адам болса,

Сөредегi Қасымын есiне алсын!..

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ

ЕСКЕ АЛСАМ, ЕСКI КҮННIҢ МҰНАРЫНАН

Еске алсам, ескi күннiң мұнарынан

Бой созып бiр өзгеше шығады ұлан.

Еңiреп, ерте айрылып кеткен едi ол

Өмiрдiң маздап жанған шырағынан.

Сондықтан бейiтiне қатарлатып,

Қойып ек қолымыздан от орнатып.

Тұр сол от әлi күнге лаулап жанып,

Жанынан өткен жұртты жалт қаратып.

Жанады ол "өлмес өмiр өлеңiндей",

Жұлдыздың жерге түскен бөлегiндей.

Әлдилеп асау дауыл қанатымен,

Ақ нөсер сүйедi оны бөбегiндей.

Жұмекен НӘЖIМЕДЕНОВ

СӨЗ ЕТТIҢ-АУ ПУШКИНДI ТАҒЫ МАҒАН

Сөз еттiң-ау Пушкиндi тағы маған,

өзге жұрттың дейсiң-ау бәрi надан.

Талант күшi – табыну болса шын-ақ,

бiр кiсiдей мен де осы табына алам.

Болса ақынға табыну құрмет тегi,

– бiр кiсiдей табындым, дiрдектедiм.

Түсiнсеңшi ойбай-ау, түсiнсеңшi

Мен Пушкин болмайын

деп жүр деп пе едiң?

Толстойдан бiр цитат суырасың,

Лермонтовтан бiр цитат суырасың.

цитатыңның шығып тұр әзiр буы,

не iстейсiң сол цитаттар суығасын?!

Цитат тапсаң, не себеп, менi ұрасың,

Пушкин-таудан кесек ап менi ұрасың.

Лермонтовтың кетпесiн әруағы атып,

Толстойдың қалмасын томы басып!

Күлегешке ұнаймын зар илесем,

қайғылының жанына және үйлесем.

Бiрақ Пушкин емесiм бәрiңе аян,

Белинский емессiң, әрине, сен.

Қуылдана, соғасың құшырлана,

– сәбисiң-ау, жарған ба тiсiң жаңа.

Ұлы ақындар, сенiңше, өлген сынды

тiрi ақынды мұқату үшiн ғана.

Мезгiлiм аз қайтпаған, жасымаған,

ал түңiлген кездерiм басым одан.

Мазалама Пушкиндi, менiң үшiн

жетiп жатыр өзiмнiң Қасым ағам.

ҚАСЫМ АҒА

Тұтап шығып сөзi ойдан,

аһ дегенде пеш-демi,

Жалын айдап шығатын –

Уа, ақ жалын, кеш менi,

Ұшқын ұшса жалыннан

ойып түсiп бiр түрлi,

бетiңе леп ұратын

қағаз күйген сықылды.

Әр жолының астына

Қалың мағына қапты ұйып,

теңеулерi сондықтан

көрiнедi баттиып.

Үтiрлерi – тұлпардың

iзi сынды бiр ұлы,

нүктелерiнiң өзi

жұдырықтай жұмулы.

Тентек-телi сөздердi

айдап келiп қамарда,

жақшалары ұқсайды

Тәңiр соққан қамалға.

Сәл шытынса қабағын

Шыңдарына қар түсiп,

Сәл жымиса – Африка,

Антарктида шарпысып

сықырлайды мұз болып,

Әлемнiң бiр жартысы,

Мұзға қарсы жалын боп

шарпысады жартысы…

О, космос ақыны!

Ашық бояу өртенген,

бiр жалт етiп құйрықты

жұлдыз сынды ерте өлген,

– Жоқ, өлген жоқ, iзi әне –

Жосып жатыр – саспаңдар,

Құдай тартқан секiлдi

бiр сызықты ақ бормен

Қара тақта-аспанға!

Жүрсiн ЕРМАН

АҚЫННЫҢ ҮЙI немесе ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ҮЙIН ҚИРАТУ

Дегенi қайда – басылды құйын?

Ақылым жетпей, ашиды миым:

Виноградов көшесiндегi

Қиратып жатыр Қасымның үйiн.

Қайтейiн, кембақ астана сенi —

Тиетiндей-ақ басқаға себi

Қиратып жатыр Қасымның үйiн,

Қиналып тапқан баспанасы едi…

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегiн

Ажалдың сездiм ақпандай лебiн.

Бiртiндеп сөгiп қабырғаларымды

Кеудемдi бұзып жатқандай менiң!

Жырды қорғаудың кешiктi ережесi,

Қирады, сынды есiк-терезесi.

Сәби жырлардың бесiгi едi,

Бар екен сонша бесiкте несi?

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,

Тағы да үйсiз қалды арысың бiр.

Қиратып жатыр Қасымның үйiн,

Қатыгез жандар, қолдарың сынғыр!

Жүйрiгiм едi жыр көшiндегi,

Бауырын жазып бiр көсiлмедi.

Қиратып жатыр Қасымның үйiн,

… Бiздiң үй соның iргесiнде едi!

Несiпбек АЙТҰЛЫ

ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ

Қып-қызыл өрттiң

iшiнде жүрмiз,

Қайда екен, қайда,

дариға, сол қыз!?

Қасым АМАНЖОЛОВ

Майданнан Қасым келедi,

Өткерiп бастан не бiр күн.

Үстiнде сұп-сұр шинелi,

Өңiндей сұрғылт өмiрдiң.

Өкпесi құрғыр шаншиды,

Кеудесi күрк-күрк жөтелiп.

Қиялы көктi шарпиды,

Қанатын дауыл көтерiп.

Туған ел – асыл анасы,

Қол бұлғап: "Балам, кел!" дейдi.

Сарыарқа – сайын даласы,

Ұшында көздiң көлбейдi.

Сағына сәлем бередi,

Аққу-қаз көлде қаңқылдап.

Өлеңнiң бұлты келедi,

Жауатын күндей жарқылдап.

Махаббат, жастық, еркелiк

Қарайды көзбен суынған.

Келедi Қасым өртенiп,

Семсердей оттан суырған.

Лапылдап, маздап жанбаса,

Жабығып қалар жыны бар.

Ақылды жары болмаса,

Ақынның жанын кiм ұғар?!

Жаралы құстай талпынып,

Аңсайды көңiл құмарын.

Келедi ақын шарқ ұрып,

Алқынып iздеп сыңарын.

Сұрапыл соғыс сапырған,

Шайқалмай дүние қалсын ба?

Сәуле боп нәзiк шақырған,

Дариға, сол қыз, барсың ба?!

Көз салып қызыл вагонға,

Жүр ме екен алып есiне?

Жолыққан ару Оралда,

Ақынның әулиесiне!

Түстi екен, шiркiн, не күйге,

Жатқанда жалпақ ел жүдеп?

"Сонау бiр шетте, сол үйде",

Отыр ма шықтай мөлдiреп?

Тағдырға әлде өкпелеп,

Түсiне Қасым жиi енiп,

Есiктiң алды – көк терек,

Тұр ма екен әлi сүйенiп?

Сұлуға сонша сұқтанып,

Жүр ме екен бiреу қаталап?

Қасымды өрттен шықты алып,

Сол қызға деген махаббат!

Бауыржан ЖАҚЫП

ҚАСЫМНЫҢ ҚЫЗЫЛ ҮЙI

Алматыда бiр үй бар,

Көрiп пе едiң, жарқыным.

Қасым тұрған сол үйде

Нұр айшықтап әр күнiн.

Дәл осында өткiзген

Өлең жазып сан түнiн.

Әйнегiнiң көрдiң бе

Жасын тұнған жарқылын.

Сөзiн сөйлеп халқының,

Отын жағып салтының,

Дәл осы үйден көрдi елi

Нар, тәкаппар, мәрт ұлын.

Дәл осы үйде жырлады ол

Аралы мен Балқашын,

Жарық еттi шам түнiн.

Ембiсi мен Ертiсiн,

Байқалы мен Балтығын.

Дәл осы үйде өр Қасым,

Мiнген жырдың жорғасын.

Өкпесiнен өткiздi,

Жүрегiне жеткiздi

Астананың сызы мен

Баспананың салқынын.

Тудырған ол осы үйде,

Найзағайдың жалтылын,

Қыран құстың саңқылын.

Көркем ойдың күмiсiн,

Асыл сөздiң алтынын.

Тудырған ол осы үйде

Өр сезiмнiң шарпуын,

Қанатының қалқуын,

Жыр нөсерден кейiнгi

Жан-дүниенiң балқуын.

Қалдырған ол осы үйде

Асау ойдың толқынын.

Жүрегiнiң соғысын,

Тамырының солқылын.

Дәл осы үйдiң iшiнде

Ер Қасымның демi бар.

Өрт боп жанып, лаулаған

Өр Қасымның лебi бар.

Ақ қағаздың үстiне

Тарқатылған шерi бар.

Қанқұйлы жауға атылған

Халықтың ыза-кегi бар.

Сұп-сұр құзға айналған,

Сұр шинельдi ерi бар.

Лықсып таудан құйылған

Адуын жырдың легi бар.

Қара салмай алдына

Шапқан аттың терi бар.

Дәл осы үйдiң iшiнде

Өлең-жырға айналған

Алты Алаштың жерi бар,

Алып ұшқан ақынды

Жетi қабат көгi бар.

Хан тәңiрi шыңы бар,

Алтайдың биiк өрi бар,

Көкшетаудың көлi бар,

Сарыарқаның белi бар,

Баянауыл дөңi бар,

Қарқаралы дәмi бар.

Едiлдiң ерке самалы,

Жайықтың жайлы желi бар.

Орал деген қаланың

Пушкин мен Қасымға

Ұя болған төрi бар.

Аманжолдың Қасымы

Алдына алып тербеткен

Бүкiл қазақ елi бар.

Сондықтан да, Қызыл үй,

Қызыл пәтер болсаң да,

Қызыл күннен қалсаң да,

Маған ыстық сезiмсiң.

Шабыттанып шалқыған

Көкке атылған кезiмсiң.

Үйсiз жүрген қазақты,

Күйсiз жүрген қазақты

Қайрап тұрған сөзiмсiң.

Қастерлесiн жамағат,

Қасымнан қалған көзiмсiң.

Баспана күтiп, көз жұмған

Ақынға бiткен төзiмсiң.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА