Бейсенбі, 9 Ақпан, 2023

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: ЖУРНАЛИСТЕР ЕШКIМГЕ ЖАУТАҢДАМАУЫ КЕРЕК

Жарасбай Сүлейменов – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты. Жарасбай аға – Ұлт туралы, ұлттық құндылықтар туралы жиi мәселе көтерiп жүрген зиялыларымыздың бiрi. Қазақтың мұң-зарын, қазақтың проблемасын, ұлттың қайғысын Парламенттiң мiнберiнде аз көтерiп жүрген жоқ. Жарасбай ағаның ел, ұлт мәселесiн айтудан қашқан кезi болған емес.

– Жарасбай аға, журналистiң құқығы туралы арнайы мәселе көтергенiңiзден хабардармыз. «Журналистердi қорғайтын арнайы Заң керек» дедiңiз. Арнайы заң қабылдасақ, қазақ журналистерiнiң әлеуметтiк деңгейiн көтере аламыз ба?

– Журналист – қатардағы көп мамандықтың бiрi емес, қоғамның дамуына, адамзаттың қалыптасуына ықпалы зор үлкен күш. Бiздiң жас мемлекетiмiздiң болашағы да, балауса демократияның тағдыры да қалам ұстаған қауымның қызметiне, iскерлiгi мен жауапкершiлiгiне тiкелей байланысты. Мiне, сондықтан да елiмiздегi сөз бостандығын ұдайы қолдап, бұқаралық ақпарат құралдары саласын одан әрi дамытуға қамқорлық жасалуы керек. Баспасөзi мықты елдiң өзi де мықты болатынын Алаш арыстары сонау жиырмасыншы ғасырдың басында айтып кеткен. Сөз жоқ, журналистер айрықша мәртебенi иеленуге тиiс. БАҚ қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдауды iске асыратын, атап айтқанда, журналистердi әлеуметтiк жеңiлдiктердi пайдаланатындардың тiзiмiне қосатын (сыйақы, баспана беру, ипотекалық жеңiлдiктер), зейнетақы тағайындағанда кәсiби санатын анықтайтын мезгiл туды.

Қазiргi қолданыстағы заңдарда журналистердiң құқығын қорғаудың сенiмдi тетiктерi қарастырылмаған. Алайда осыны ойластырып, басын қатырып жатқандар шамалы ма деймiн. Жақында теледидардан өзiн журналистика саласының бiлгiрiмiн деп жүрген бiр азамат сөйледi. Ол бұқаралық ақпарат құралдары төртiншi билiк емес дейдi. Мұны мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлiн түсiнбеу, көпе-көрнеу төмендету деп бағаладым. Жалпы, журналистердiң мәртебесiн көтеру, оларды қорғау, қалам ұстаған қауымнан гөрi бiздiң елiмiзге, халқымызға керек. Егер бiз Ата Заңымызда бекiтiлген сөз бен баспасөз бостандығы қоғамымыздың демократиялық жолмен дамуының, оның азаматтық қоғамға одан әрi сенiмдi қадам басуының бұлжымас шартына, ал бұқаралық ақпарат құралдары осы құбылыстың ықпалды құралына айналсын десек; мемлекеттiң, қоғамның және баспасөздiң iс-қимылын жаңа деңгейге көтеремiз, үйлесiмдi жүйесiн жасаймыз, баспасөздi, журналистердi жан-жақтан жасалатын шабуылдардан, зорлық-зомбылықтан қорғаймыз, баспасөздi бiреулердiң жеке мүддесiне пайдалануға тосқауыл қоямыз, рухы күштi ұрпақ тәрбиелеймiз десек; ең алдымен еркiн ойлы, ұстанымы берiк, ел, ұлт мүддесiне қалтқысыз қызмет ететiн журналистердiң неғұрлым көп болуына күш жұмылдыруымыз, бұқаралық ақпарат құралдары туралы ұлттық заңнаманы одан әрi жетiлдiру жолдарын қарастыруымыз, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердiң құқықтары мен бостандықтарының негiздерiн айтарлықтай кеңейтуiмiз керек. Бұл – уақыт талабы. Журналистер ешкiмге жалтақтамауы, жаутаңдамауы үшiн олардың құқығы заңмен қорғалуы керек. Демек дәл бүгiн жаңа заң қабылдамасақ та, қолданыстағы заңдарға толыққанды жұмыс iстейтiн тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзген артық болмас едi.

– Орыстiлдi журналистика мен қазақтiлдi журналистиканы жиi салыстырып жатамыз. Жалпы, салыстыру қаншалықты қажет? Қазақ журналистерiнiң әлеуметтiк жағдайын салыстыру арқылы шешуге болады деп ойлайсыз ба?

– Жасыратыны жоқ, ұзақ жылдар бойы қазақ журналистикасы көлеңкеде қалып келдi. Тек тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана ел иесiнiң, жер иесiнiң даусы шыға бастады. Қоғамымыздағы сөз бен шығармашылық еркiндiкке конституциялық кепiлдiктiң берiлуi бұқаралық ақпарат құралдарының шапшаң дамуына жол ашты, оған деген мемлекеттiк монополияны жойды, жаңа бағыт, жаңа сарындағы БАҚ нарығын дүниеге әкелдi. Нәтижесiнде мемлекеттiк БАҚ-пен қатар, оппозициялық, тәуелсiз және салалық сипаттағы БАҚ өзара бәсекелестiкке түстi, журналистердiң белсендiлiгi артты.

Жиырма жыл – тарих үшiн көп уақыт емес, қас қағым сәт. Мiне осы уақыт iшiнде қазақ журналистикасы барынша қарқынды дамып, бiз оны басқалармен салыстыра алатын болдық. Менiңше, бұл да жетiстiк. Қазiргi қазақ журналистикасы көштiң соңында қалып жатқан жоқ, ел өмiрiне қатысты мәселелердi батыл көтерiп, алда тұрған мiндеттердiң шешiлуiне өз үлесiн қосуда. Сөйтiп, ел болашағына қатысты мәселелердi көтеруде орыстiлдi бұқаралық ақпарат құралдары қазақтардың шаңына да iлесе алмай қалды. Бұл арада бiздi мына бiр мәселе ойландыруға тиiс. Орыстiлдi басылымдар елдiкке, ұлт мүддесiне қатысты мәселелердi көтермейдi. Бұл – жақсылықтың нышаны емес. Бiздiң елiмiзде тiркелген барлық ақпарат құралдары қай тiлде хабар жүргiзетiнiне, шығатынына қарамастан, тәуелсiз Қазақстанның мүддесiне қызмет етуi тиiс. Өкiнiшке қарай, бiз жиырма жылдан берi осыған қол жеткiзе алмай келе жатырмыз.

– Ұлттық мәселелердi жиi көтерiп, ұлттық идеологияға қызмет етiп жүрген қазақ басылымдарының көбiнiң хал-ахуалы дауылды теңiзде қалтылдаған қайықтай. Бұған сiздiң көзқарасыңыз қалай?

– Қазiргi таңда мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға, ақпараттық саясат жүргiзуге көп қаржы бөлiп отырғаны айқын. Ол өз мақсатына жұмсалуға тиiс. Қаржыны тендер арқылы бөлу – осыны қамтамасыз етудiң бiр тетiгi. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Тек мәселе қаржының адал бөлiнуiнде болып отыр. Тендерге қатысушыларға тең мүмкiндiктер жасалуы керек. Сонда бiздiң елiмiзде шынайы бәсекелестiк орта қалыптасады, шын мәнiнде, жүзден озған жүйрiктер жеңiмпаз атанады. Қазiр тендерлер өткiзуде нақ осындай ахуал қалыптасты деп айта алмаймын, әлi де болса бармақ басты, көз қысты дегендей, талаптарды орап өтушiлiк байқалады. Тағы бiр айта кететiн жағдай, мемлекеттiк тапсырыс арқылы қаржы бөлу – бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасаудың, тiзгiндеп отырудың құралына айналмауы тиiс.

«ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ – ОЛ ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚЫЗМЕТIНIҢ БIР ҚЫРЫ ҒАНА»

– Сiздiң есiмiңiз «Петропавлдың тарихи «Қызылжар» атауын қайтару керек» деген депутаттық сауалыңыздан кейiн көпшiлiкке табандылығыңызбен танылды. Сол сауалыңыздың соңы не болды? Қызылжарды қайтара алдық па?

– Жалпы, мен атымды шығарайын деп жүрген адам емеспiн. Әрине, азаматты елi, халқы танып жатса, ол жақсы. Бiрақ депутаттардың қызметiн тек танымалдығымен бағалау дұрыс емес. Халық қалаулыларының еңбегi жасаған мәлiмдемелерiмен емес, заң шығарушылық қызметiмен бағалануы тиiс. Нақты мысал келтiрейiн, Мәжiлiсте Серiк Темiрболатов деген депутат бар. Ол кiсiнi бүкiл ел бiледi деп айта алмаймын. Бiрақ депутат ретiнде, заңгер ретiнде атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңiз. Серiк Ғабдоллаұлы Мәжiлiстiң қарауына енгiзiлген заң жобаларын талқылауда әрдайым бiлiктiлiк, белсендiлiк танытады. Сол сияқты әрiптесiм Рамазан Сәрпековтiң де өз мiндетiн абыроймен адал атқарып жүргенiне куәмiз. Айта берсек, Мәжiлiстiң қазiргi құрамында осындай депутаттар көп болмаса да, бар. Депутаттық сауал – ол халық қалаулылары қызметiнiң бiр қыры ғана.

Ал Петропавлға ежелгi Қызылжар атауын қайтару қажеттiгiне келетiн болсақ, ол әбден толғағы жеткен мәселе деп бiлемiн. Мен ол сауалды жасағанда, осы мәселенi көтерсем, бәрi бiрден шешiле қалады деп ойлаған емеспiн. Бiрақ ендiгi жерде үндемей отыра берудiң де еш ретi жоқ едi. Өз басым бұл сауалдың iз-түссiз кетпейтiнiне, мәселенiң оң шешiмiн табатынына сенемiн.

Бәрiмiзге белгiлi, қазақ жерiндегi қоғамдастықтың ежелгi тарихи дәуiрде қалыптасқан ұлттық ономастикалық жүйесi болған. Өкiнiшке қарай, ол ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап түбегейлi өзгерiстерге ұшырап, патша үкiметiнiң отаршылдық мүдделерiне, кейiннен Кеңес жүйесiнiң тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болды. Кешегi солақай саясат елдi-жұртты салт-санасынан айырып, рухани тамырынан ажырату үшiн алдымен жер-су аттарын өзгерттi. Осылай халық санасында сан жылдар сiңiстi болған атаулардың сырына үңiлмей, ту-талақай ету – тарихқа жасалған қиянат едi. Тәуелсiздiгiмiзге бiз осындай мүсәпiр халде қадам бастық. «Атау – нысанға таңылып қалған нәрсе емес, ол тек қана қоғамда өмiр сүредi және әрбiр әлеуметтiк құбылыс сияқты әрқашан тарихи заңдылықтарға бағынады» – дегендi еске алсақ, ономастикалық жұмыстарды үйлестiруге, ұлттық мүддемiзге сәйкестендiруге, ономастика жөнiндегi қағидаларымыз бен тұжырымдарымызды Қазақстан тәуелсiздiгiнiң бүгiнгi рухани биiгiнен қайта қарауға, ескi атауларды қалпына келтiруге, тарихи әдiлеттiлiктi орнатуға жедел кiрiсiп кетуiмiз керек едi. Тәуелсiздiктiң таңында осындай бiр құлшыныстың ел тарихын құрметтейтiндердi тың iзденiстерге бастағаны анық. Сөйтiп, екi қадам iлгерi, бiр адым кейiн шегiне жүрiп, бiраз iстер тындырылды.

Осы атқарылған iстер елiмiз тәуелсiздiк алғаннан бастап ұлттық ономастика кеңiстiгiн өзiнiң төл нақыштарымен ажарландыруға берiк бағыт ұстады деуге негiз бола ала ма? Бұл арада нық сөйлеу қиын, содан да жауабымыз әркез солқылдақ шығады. Көсiлiп сөйлей алмай күмiлжимiз. Өйткенi отаршылдық пен тоталитарлық дәуiрлерден қалған атаулардан бiртiндеп арылып келемiз десек те, әлi шешiлмеген мәселелер, кезегiн күтiп тұрған iстер жетiп артылады. Тоқетерiн айтсақ, елiмiз, жерiмiз үш ғасырға созылған отарлау кезеңiнiң ономастикалық белгiлерiнен түбегейлi тазартылмай отыр. Әсiресе елiмiздiң солтүстiк, шығыс, орталық облыстарында орысша атаулар әлi де сiресiп тұрғаны кiмдi де болсын қынжылтпай қоймайды.

Менiң ойымша, жиырма жылдың iшiнде бiз бұл iстi бiраз еңсерiп тастауға тиiс едiк, iс жүзiнде олай болмады. Өткен ғасырдағы отаршылдық заманды, одан кейiнгi кешегi кеңестiк кезеңдi еске салатын қалалар мен аудандардың және жүздеген елдi мекендердiң атаулары әлi күнге орыс тiлiнде тапжылмай тұр. Сөйтiп бiз ұлттық мүдде ұтатын жерде арқаны кеңге салып, мәселенiң шешiлуiн сағыздай созып, тәуелсiз елдiң топонимикасы да тәуелсiз болуы керек дегендi ескермей келемiз.

– «Бiздiң жастарымызға отаншылдық рух жетiспей жатқан сияқты» деген екенсiз бiр сұхбатыңызда. Отаншылдық рухты бойға сiңiру үшiн не iстеуiмiз қажет деп ойлайсыз?

– Шынына келсек, сияқты емес, бiздiң жастарымызға отаншылдық рух шынымен жетпей жатыр. Соның бiр ғана көрiнiсi – тәуелсiздiк алғанымызға жиырма жыл өтсе де бiз туған тiлiмiздiң жұлдызын жандыра алмай келемiз. Осыдан жиырма жыл бұрын тәуелсiздiктiң елең-алаң шағында бiздiң жастарымыз бақытты, алдынан кең мүмкiндiктер ашылып отыр, бүгiн мектеп табалдырығын аттаған балалар ертең таза қазақша сөйлейтiн болады деп ойлаушы едiм. Қынжыларлығы сол, олардың қатары әлi де қалың емес. Қайта соңғы кезде басқа тiлде шүлдiрлеушiлер тiптi көбейiп кеттi ме деп қорқамын. Бiз ел боламыз десек, ең алдымен өзiмiздiң ұлттық құндылықтарымызды дәрiптеуiмiз, бойымызға сiңiруiмiз керек. Бұл орайда алдыңғы толқынға зор жауапкершiлiк жүктелетiнiн ұмытпағанымыз жөн.

«СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ БIЗ ЖАСТАР ТӘРБИЕСIН НАЗАРДАН ШЫҒАРЫП АЛДЫҚ»

– Қазақ қоғамында соңғы кездерi әлеуметтiк теңсiздiктiң салдарынан жастардың болсын, үлкен адамдардың болсын, өзiне-өзi қол салуы жиiлеп барады. Тiптi үйреншiктi ғадетке айналды десек те болады. Адамның өмiрден баз кешуiнiң өзiндiк себебi бар ма?

– Адамдардың өзiне-өзiнiң қол көтеруi тек әлеуметтiк теңсiздiктiң салдарынан болып жатыр деп үзiлдi-кесiлдi айта алмаспыз. Оның себеп-салдарлары көп. Суицид оқиғаларының жиiлеуiне әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылық, дiни ағымдардың әрекетi, есiрткi қолдану сияқты келеңсiздiктер себеп болып отырғаны сөзсiз. Өзiне-өзi қол жұмсаушылардың көбеюi – ең алдымен телеарналардан берiлiп жатқан ұрыс-төбелеске, қантөгiске толы фильмдердiң әсерi, сондай-ақ бәрiне шайлығын айырамын, байлығын еселеймiн деп шарқ ұрып жүрген ата-аналардың жұмысбастылығы кiнәлi, олар күнкөрiстiң қамымен таң атқаннан күн батқанша үй қарасын көрмейдi, балалардың оқуына, тәрбиесiне көңiл бөле бермейдi, назардан тыс қалған бала өзiн керексiз сезiнедi деушiлерге де қарсы уәж айта алмайсыз.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының 2008 жылы «Балалар суицидi» тақырыбында жүргiзген арнайы зерттеуiнде балаларды осы жолға итермелейтiн негiзгi себептер ретiнде баланың күрделi әлеуметтiк-психологиялық жағдайы, одан кейiн – ұлтаралық қатынас, отбасылық тұрмыстың қолайсыздығы мен қолдаудың болмауы сияқты факторлар аталған. Дүниенiң ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы, неше түрлi компьютерлiк ойындар, көбiнесе жастардың арасында суицидтiң көбеюiне ықпал етiп отыр.

Өткен ХХ ғасырдың басында осы жайға назар аударған австриялық психолог Зигмунд Фрейд адамның өзiне-өзi қол жұмсауы ызақорлық, агрессиядан болатынын мәлiмдеген. Ал америкалық психолог Карл Менниндер суицидтiң барлығын санадан тыс жасалатын өзара байланысты үш негiзгi себеппен: өш алу — жек көрушiлiкпен, тығырықтан шығатын жол таппағандықпен және кiнәлi сезiмнiң күштiлiгiмен түсiндiрген.

Бiреулер бәрiн жоқшылыққа жапса, ендi бiреулер оған кереғар ой тастайды. Кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс? Бiрiншi ойға бас шұлғиын десең, халқымыздың басынан небiр қиын зауалдар өткен, қазақ аштықты да, жалаңаштықты да көрген. Бiрақ сол үшiн ешкiм асылып өлген жоқ.

Бөле-жара айтатын бiр мәселе – соңғы жылдары бiз жастар тәрбиесiн назардан шығарып алдық. Нарыққа өтпелi кезеңде отбасындағы жағдайдың өзi өзгерiп кеттi. Ата-аналар балаларынан гөрi күнделiктi тұрмыс мәселелерiн көбiрек ойлайтын болды. Қазiргi балалар еңбек ету дегеннiң не екенiн бiлмейдi, кiтап оқудан қалған. Мiне осындай бозөкпе балалар белгiлi бiр қиындықтарға кездескенде, тұйыққа тiрелiп, өз өмiрлерiн қиып жатыр.

– «Тұрмыс сананы билейдi». Демек қоғамдағы келеңсiздiктердiң негiзгi салдары – тұрмыстың тапшылығына байланысты болғаны ғой. Бүгiнгi өркениеттi қоғамда белең алып бара жатқан таптық тартыстың себебiн неден iздеймiз?– Шындығына келсек, елiмiзде қоғамдық қатынастардың өзгеруi халықтың алдынан кең мүмкiндiктер ашқан едi. Соны бiз дұрыс пайдалана алмай келемiз. Әлi де сол масылдық пиғыл басым. Әлi де менiң мәселелерiмдi бiреу шешiп бередi деп елеңдеп отырғандар көп. Әйтпесе қазiр қай жерде болмасын өзiңнiң ақыл-ойыңмен жақсы тұрмыс құруға болады. Оған мүмкiндiктер мол.

«ҚАЗIР БIЗ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРАУШЫ ҰЛТҚА АЙНАЛДЫҚ»

– Қазақ қоғамында проблема бар ма? Бар болса қандай?

– Қазiргi қазақ қоғамында проблема деген бастан асып жатыр. Оның қайсы бiрiн тiзе бересiң. Ең бастысы, бiздi тәуелсiздiгiмiздiң баяндылығы толғандыруы тиiс. Бұл орайда өткен жиырма жылда қыруар жұмыстар атқарылды десек те, олардың бәрi тәуелсiздiгiмiздiң баяндылығына кепiлдiк бере алмайды. Сондықтан елiмiздiң әрбiр азаматы осы ұлы мақсатқа қызмет етуге тиiс. Қазiр бiз мемлекет құраушы ұлтқа айналдық. Егер басқалар бiзге қарап ой түзесiн, бой түзесiн десек, бiз өз жауапкершiлiгiмiздi түсiнуiмiз керек.

Бiздiң алдымызда тұрған тағы бiр күрделi мәселе – ауыл тұрмысын жақсарту. Ауыл дегенде, менiң көз алдыма жаз шыққанда, бүкiл ыдыс-аяғын шошалаға көшiрiп, таң атқаннан күн батқанға дейiн үй шаруасынан қолы бiр босамайтын, таңертең сиырын сауып, сүтiн салып, бауырсағын пiсiрiп, шәйiн қайнатып, бiздiң ұйқымыздың қануын күтiп отыратын апам келедi. Кешке бiздiң үйдiң ауласы балаларға толып кетедi. Апамның бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазанынан бiр-бiр бауырсақты iлiп алып, тақымға қысқан тал «тұлпарды» қамшылап, өрiстен қайтқан малдың алдынан шығуға асығамыз. Ауыл тiршiлiгi қым-қуыт, қысы-жазы қайнаған еңбек, балаға да, үлкенге де тыным жоқ. Сол кезде, ұлттың ұйытқысы, берекесi, жаны мен жүрегi, рухани байлығының сарқылмас бұлағы – ауылдың қызығы мәңгi тарқамастай, астығы, етi, сүтi, қазы-қартасы мен қаймақ-майы сарқылмастай көрiнушi едi. Ауыл ахуалы бiр-ақ күнде өзгерiп шыға келдi, құндылықтардың бәрi ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеттi. Үкiмет бәрiн де нарық реттейдi деп қазақты қайнап тұрған қазанға салып жiбергендей болды. Сол кезде жерiнен, малынан айрылған ауылдар қатты жүдеп кеттi.

Ауылды түлету, ауыл шаруашылығын өркендету – елдi көркейту деген сөз. Мына ұлан-байтақ далада егiн өсiрiп, төрт түлiк малын өргiзбесе, қазақтың өмiрiнiң мәнi де, сәнi де келмейдi. Ауыл мәселесiн шешу арқылы ғана Қазақстан бәсекелестiкке қабiлеттi елдердiң санатына қосыла алады. Өйткенi ауыл – қазақтың анасы. Сол сияқты, кедейшiлiкпен, жемқорлықпен шындап күресу керек…

– Елге жиi барып тұрасыз ба?

– Менiң ауылым Солтүстiк Қазақстан облысының шалғай түпкiрiнде орналасқан. Қазiргi заманның ауыртпалығын молынан тартып келедi. Осыдан он жылдай бұрын жүзден астам үй болса, қазiр солардың жартысына жуығы басқа жаққа көшiп кеттi. Ауылда өндiрiс жоқ, жастар жұмыссыз отыр. Барған сайын соларды жинап алып, босқа қарап жүрмеңдер, қазiр заман өзгердi, әркiм өзiн ойлауы керек, бiр қарекет жасаңдар деп айтудай-ақ айтып келемiн. Бiрақ соны ескерiп, қимылдап жатқандар шамалы. Әйтпесе бiздiң ауылда егiншiлiкпен, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкiндiк мол. Жерi құнарлы, түгiн тартсаң майы шығады.

«ШЫНЫМ СОЛ, ҚАЙТСЕМ ОСЫ АРАДА ҚАЛАМЫН ДЕГЕН ОЙ МЕНI МАЗАЛАП ЖҮРГЕН ЖОҚ»

– Депутат ретiнде сiзге арыз-тiлегiн айтып келетiн жандар аз болмаса керек. Өтiнiшпен есiгiңiздi қағатындардың көбiнiң мұңы не? Мәселесi қандай?

– Депутат деп менi iздеп келген адамдарды есiктiң сыртынан қайтарып жiберген уақытым болған емес. Астанада да, аймақтарға шыққанда да сайлаушылармен кездесiп, олардың өтiнiш-тiлектерiн тыңдаймын. Сайлаушылар әртүрлi мәселелермен келедi. Кейбiреулер жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесiн қозғаса, ендi бiреулер құқық қорғау органдарының қызметiне ренiш бiлдiредi. Әрине, бәрi депутаттың қолында тұрған жоқ. Соның өзiнде олардың өтiнiш-тiлектерiн тиiстi орындарға жеткiзiп, мәселенiң оң шешiлуiне атсалысып келемiн.

Жақында «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында сайлаушыларды қабылдадым. Арызданғандардың арасында Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облысынан келгендер де болды. Сонда бiр байқағаным – бiраз мәселелердi жергiлiктi жердiң өзiнде шешуге болады екен, тек сергектiк, жанашырлық жетпей жатқан секiлдi.

– Ел арасында «Парламент тарайды екен» деген жел сөз есiп жүр. Парламент тарайтын болса, депутаттыққа өзiңiздi қайта ұсынар ма едiңiз?

– Парламент тарасын-тарамасын, бiздiң өкiлеттiк мерзiмiмiз аяқталуға таяп қалды. Әйтеуiр бiр сайлаудың өтетiнi анық. Қазiр сайлау тәртiбi өзгерген, бұрынғыдай еңбек ұжымдары үмiткерлер ұсынбайды. Сол сияқты, жекелеген адамдар да өзiн өзi депутаттыққа ұсына алмайды. Сайлау да бәсекелестiк партиялар арасында өтедi. Демек кiмге сенiм көрсетедi, оны партиялардың өздерi шешедi. Байқайсыз ба, бұл арада маған тiрелiп тұрған ештеңе жоқ.. Шыным сол, қайтсем осы арада қаламын деген ой менi мазалап жүрген жоқ.

– «Мәжiлiс депутаттығынан босасам елге пайдам тиетiн шаруамен ғана шұғылданамын, қаламымды ұстап жазу үстелiне қайтадан отырамын» деген екенсiз. Әлi де сол ойдасыз ба?

– Амандық болса, менiң зейнет демалысына шығатын уақытым да жақындап келедi. Мектеп қабырғасынан шыққаннан берi еңбектен қол үзген емеспiн. Қой да бақтым, тракторшы да болдым… Ендi демалуға да болатын сияқты. Жуырда бiр әрiптесiм қатты шаршап жүрмiн, кейде тiптi қолыма қалам алғым келмейдi дедi. Менiң басымда да осындай жағдайлар болады. Бiрақ бiраздан кейiн бәрiн ұмытып, жазу столына қалай отырғаныңды аңғармай қаласың. Ойда жүрген мәселелер көп. Осыдан бiраз бұрын «Мағжан» деп аталатын журнал шығаруды қолға алған едiм, қаржының тапшылығы қол байлау болып, соны бiр жолға қоя алмай келемiн. Мағжан энциклопедиясын құрастырсам деген ойым да бар. Әйтеуiр, денсаулық болса, қарап отырмаспын.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button