Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Маусымның 29-ында «Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған» мемлекеттiк бағдарламасы Елбасы Жарлығымен арнайы бекiтiлiп, қабылданды.

Бұл бағдарламаның ұзын ырғасы ақпарат құралдарында жарияланып, талай талқыдан өткенi мәлiм. Бағдарламаның әдемi ертегiсiне сенсек, ендi он жылдан кейiн Қазақстан халқының 99 пайызы мүдiрмей қазақша сөйлеп, қазақша жазып кететiн болады. Осы ретте тiлiмiздi аямай қыршудан басқа амал қалмайды. Неге дейсiз ғой? Тағы да күмiлжимiз. Әдемi ертегiге сенгiмiз келедi, бiрақ… Әдемi ертегiнiң соңы сиырқұйымшақтанып, басқа бағдарлама қабылдаумен аяқталмасына кiм кепiл?!

2001-2010 жылдарға арналған "Тiлдердi дамыту мен қолданудың" мемлекеттiк бағдарламасы да осылай әдемi ертегiге түзiлген едi. Оның соңы да әдемi аяқталуға тиiс-тұғын. Бүкiл облыстар кезек-кезегiмен мемлекеттiк тiлге көшiрiлiп, ең соңында Алматы мен Астана қазақша сайрап, iс-қағаздары түгелдей дерлiк қазақшаға көшуi тиiс едi. Амал не, тәттi ертегiмiз тәттi қиялдың жетегiнде тек сөз жүзiнде ғана iске көштi. Iс жүзiнде бiр де бiр облыс, бiр де бiр министрлiк, бiр де бiр мекеме толықтай мемлекеттiк тiлде iс жүргiзбейдi. Кезiнде қазағы мол Оңтүстiк және Батыс облыстардың барлығы мемлекеттiк тiлде iс-жүргiзуге көштiк деп, бөрiктерiн аспанға атқаны есiмiзде. Бiрақ оның бәрi науқаншылдықтың құрбаны болды да қалды. Өйткенi мемлекеттiк тiлдi түбегейлi түрде жүзеге асыруға, оның шын мәнiсiнде төрге озуына қазiргi билiк құлықты да, мүдделi де емес сияқты. Егер шын мәнiсiнде мүдделi болатын болса, қазақ мемлекетi атанған 20 жылдың iшiнде қолға алынатын бiраз iс бар едi.

МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТКЕРДIҢ КӨБI МЕМЛЕКЕТТIҢ ТIЛIН БIЛМЕЙДI

Айталық, ең әуелi мемлекеттiң қазығы, өзгелерге үлгi мемлекеттiк қызметкерлерге мемлекеттiк тiлдi бiлу жайлы талап қойылуы тиiс едi. Ол – "Мемлекеттiк қызмет туралы" Заңда нақты көрiнiс тауып, бiз сөз етiп отырған бағдарламада мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгертуге тиiс баптардың бiрi ретiнде орын алуы керек болатын. "Мемлекеттiк қызмет туралы" Заңның негiзiнде көптеген заңдарды өзгертуге болар едi. Ол – дипломаттарға, депутаттарға, министрлерге және ұлттық компания басшыларына мемлекеттiк тiлдi бiлудi мiндеттеу. Кезiнде, естерiңiзде болса, "Дипломатиялық қызмет" туралы Заңның бiр бабына "дипломат – мемлекеттiк тiлдi бiлуi тиiс" деген бапты енгiзу туралы ұсыныстың ұзақ талас-тартыс тудырғаны мәлiм. Сол кездегi Сыртқы iстер министрi, қазiр дипломатиялық қызметте жүрген Ерлан Ыдырысов "бұл Конституцияның 14-бабына қайшы" деп табандап отырып алған болатын. Сөйтiп сол тартыста ол жеңiске жеттi. Дипломат мемлекеттiң тiлiн, тарихын, құндылықтарын бiлмеуiне болады, бiрақ дипломатиялық қызмет атқаруы тиiстi елiнiң тiлiн бiлу ғана мiндеттi екен. Содан кейiн бұл заңға қозғау салынған жоқ. Iле-шала экс-депутаттар Амангелдi Айталы мен Мұхтар Шаханов "ұлты қазақ адамдар депутат болғысы келсе, мемлекеттiк тiлден емтихан тапсырсын" деген бап енгiзудi ұсынды. Ол да қолдау таппады.

Бүгiнде мемлекеттiк тiлден емтихан тапсыру – тек президенттiкке үмiткерлер үшiн ғана енгiзiлген.

БАНК БАСҚАША САЙРАЙДЫ

Жиырма жыл iшiнде банк операцияларының баршасы қазақша жүргiзiлгенiн көрген де, естiген де емеспiз. Былтыр 1С бағдарламасының қитұрқылығының салдарынан қазақ дыбыстарының қабылданбай жатқаны жайында бiраз дабыл қаққанымыз бар. Қазiр ол проблема шешiлген сынды. Алайда банк операцияларының барлығы әлi күнге орыс тiлiнде жүзеге асырылады. Соның салдарынан тек қана қазақ тiлiнде iс жүргiзетiн мекемелердiң өзi банктiк құжаттарын орыс тiлiнде рәсiмдеуге мәжбүр. Есесiне банктiк құжаттардың барлығы дерлiк қазақшаға аударылған. Бiрақ сол қазақшаның өзiн түсiну қиын. Адам түсiнбес жаңылтпаш аудармалар, көз сүрiндiрер қателер өрiп жүр.

СЫРТҚЫ САЯСАТ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ЫСЫРЫП ҚОЙДЫ

Әлемдiк деңгейдегi кездесулер мен симпозиумдар, саммиттер, бас қосулар Қазақстан төрiнде өтсе де, шет мемлекетте өтсе де бiздiң билiк өкiлдерi қазақ тiлiнде сөйлемейдi. Сылтауы – шет тiлiнен мемлекеттiк тiлге тiке аударатын сапалы аудармашы жоқ-мыс. Жиырма жыл бойында ондай мамандарды дайындамасақ, несiне мемлекеттiк грант бөлiп, ЖОО-ларда студенттер дайындап жатырмыз. Бұл да сыныққа сылтау ғана секiлдi. Шеттен келген кез-келген мейман Қазақстан қазақтардың емес, орыстардың мекенi ме дейтiндей. Шеттегi қазақ бауырларымыз қазақ дипломаттарының қазақша бiлмейтiнiн айтып, шағынады.

ОРЫС ТIЛIН БIЛМЕСЕҢ, ӨРГЕ ЖҮЗБЕЙСIҢ

Кеңес дәуiрiнен қалған осы қағидат әлi өмiршеңдiгiн жойған емес. Қазiр мемлекеттiк бiлiм гранты қазақ мектебiнiң түлектерi үшiн 60 пайызға бөлiнедi, әрi ақылы оқуда оқитындардың денi қазақ тiлiнде оқуды жөн санайды. Сөйтiп ЖОО-ны қазақша бiтiрiп жатқандардың үлес салмағы 80 пайызға жақындады. Бiрақ олардың көкейiнде "Оқуын тәмамдағаннан кейiн, қайда жұмысқа тұрамын?" деген бiр үрей бар. Өйткенi мемлекеттiк қызмет, банк саласы, ұлттық компаниялар орыс тiлiн таза бiлмесең, жұмысқа қабылдамайды. Күн өткен сайын мемлекеттiк тiлде бiлiм алушылардың саны артып келе жатса, ертең олардың наразылығына ұшырайтынымызды да ұмытпауымыз керек.

P.S.Осы проблеманың барлығы, Тiл саясатындағы жүйесiздiктiң салдарынан орын алып отыр. Қарағанды облысының Темiртау қаласында қазақ мектебiн ашу туралы Қаулының соңы дауға ұласып, сот iсi қаралып жатыр. Мемлекеттiк тiлдi шала бiлетiндiгiмiздiң салдарынан Көкшетау қаласындағы "Алтынтау Көкшетау" АҚ "Жыл үздiгi" атанған компанияның орысшасында "Прорыв года" деп жазылса, қазақшасында "Жыл олқылығы" деп жазылған. Сөйтiп олар орысшада мадақталып, қазақшада масқара болған. Алайда оған назар аударып жүрген олар жоқ. Өйткенi орысшасында еш мiн жоқ. Қазақшадағы қателiкке кiм назар аударады.

Осы уақытқа дейiн қазақша дұрыс аударма жасай алмай жүрiп, ендi он жылда қазақша сайраймыз деп бағдарлама жасаймыз. Ал ол бағдарламада мемлекеттiк тiлдi төрге оздырудың тетiктерi, нақты механизмдерi қарастырылмаған. Тек ұран, көбiк сөзден аса алмай отырмыз. Ендеше бұл бағдарлама мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгерте ала ма?