«Дипломмен – ауылға»
«Дипломмен – ауылға»
Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, әрбiр облыс орта есеппен 500-ге тарта ақ халатты маманға мұқтаж екен. Әсiресе оңтүстiк өңiрiнде гинеколог, хирург, терапевт, педиатр, офтальмолог тапшы. Аудан-қалалардағы жағдай мүлде қиын. Ауылдық жерлерде ЛОР, кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог, уролог мамандарына сұраныс тым жоғары.
Арнайы мамандықты былай қойғанда, шалғай ауылдарда алғашқы медициналық көмек көрсететiн учаскелiк дәрiгерлер жоқтың қасы. Болса да тәжiрибесi аз, бiлiктiлiгi төмен. Осының салдарынан елдi мекендерде тұрғындардың дәрiгерге уақтылы қаралуы, аурудың алдын алу мәселесi ақсап тұр. Мәселен шалғай ауылдарда аяқ астынан ауырып қалу, жарақат алу, неше түрлi төтенше жағдайлар орын алып тұрады. Сондай кезде қаладағыдай жедел жәрдем қызметiне жүгiне алмайсыз. Өйткенi бүгiнде ауылдардағы амбулаторияларда 1-2 дәрiгер, 2-3 орта буын медицина қызметкерi жұмыс iстейдi. Олар күнделiктi 8 сағаттық жұмыс барысында қарапайым егу, емдеу, тексеру жұмыстарынан қолы босамайды.
Осындай қиындықтарды көзбен көрiп, құлақпен естiп отырған жас маман ауылға қайдан бара қойсын? Дипломын қолына алған оларды кеңес заманындағыдай жолдамамен ауылға мiндеттеп жiбере алмайсың. Бүгiнде жоғары оқу орындарында мұндай құқық жоқ.
Жасыратын несi бар, қазiр жоғары оқу орнын бiтiрген дәрiгерлердiң көбiсi қалалық жерлерде жұмыс iстегiсi келедi. Мемлекеттiк мекемелерде орын болмағандықтан олардың бiрқатары жекеменшiк клиникалар мен медициналық орталықтарға орналасуға мәжбүр. Бейресми деректерге сүйенер болсақ, дәрiгер мамандығын алған жас кадрлардың 70 пайызы еңбек жолын жекеменшiк клиникалардан бастағанды жөн көредi екен.
– Ал ауылдық жерлердегi әлеуметтiк ахуал сын көтермейдi. Кейбiр елдi мекендер аудан орталықтарынан, яғни өркениеттiң көшiнен тым шалғайда орналасқан. Жол, жарық секiлдi инфрақұрылым болғанымен кейбiр ауылдарда "көгiлдiр отын" жоқ. Телефон мен ғаламторды айтпағанның өзiнде қарапайым ұялы байланыссыз отырған елдi мекендер қаншама десеңiзшi? Дәл осындай ахуалдағы ауылға дәрiгер болып баруға ешбiр жас маманның жүрегi дауламайтыны белгiлi, – дейдi облыстық денсаулық сақтау басқармасының әкiмшiлiк кадр жұмысы бөлiмiнiң бастығы Серiк Алиманов.
2007 жылдан бүгiнге дейiн "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы аясында облысымыздағы ауылдарға 516 жас маман аттанған. Олардың 32-сi өз өтiнiштерi бойынша жұмыстан босатылып, тұрақтай алмай керi қайтыпты. Қалғандары берiлген көмектi мiсе тұтып, ауылға сiңiсiп кеткен. Десек те мәселе мұнымен толық шешiлмей тұр. Айталық, аудан орталығынан шалғай орналасқан елдi мекендерде 208 дәрiгер маманның тапшылығы байқалады.
– Ауылды жерлерде медициналық кадрлар тапшылығын төмендету мақсатында облыстағы медициналық ұйымдардың басшыларымен бiрлесiп, аудан әкiмдерiнiң денсаулық сақтау саласына қарайтын орынбасарларының қатысуымен Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк фармацевтика академиясында жәрмеңке өткiзiлдi. Онда ауылдық жерге жұмысқа барғысы келетiн медицина және фармацевтика қызметкерлерiне әлеуметтiк қолдау көрсетiлетiнi туралы кеңiнен айтылып, жас мамандардың тiзiмдерi алынды. Осы жылы 80 жас маманға әлеуметтiк пакет қарастырылып отыр, – дейдi Серiк Бақтыгерейұлы.
Маусым айында әлеуметтiк пакет бойынша жұмысқа баруға 17 түлек өтiнiш бiлдiрiптi. Әлеуметтiк пакетте 100 мың теңге, тұрғын үйдi жалға алудың толық төлемақысы, коммуналдық қызметақыларының 50 пайызы, үй сатып алуға бастапқы жарна жинақтау үшiн "Тұрғын үй жинақ банкiндегi" дербес шоттарға 500 мың теңге аудару қамтылған.
Айдар БАСТАРБЕКҰЛЫ