Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЖОҒАРҒЫ БИЛIККЕ ТАРТЫС БАСТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ЖОҒАРҒЫ БИЛIККЕ ТАРТЫС БАСТАЛДЫ

Жыл сайын шiлде айы басталғанда Бiшкекте жыл он екi айға жалғасып кете беретiндей қызу тiршiлiк саябырсып, қала мамыражай күйге енедi. Қалалықтардың көпшiлiгi Ыстықкөлге демалуға аттанса, кейбiреулерi бала-шағаларымен бiрнеше аптаға туған жерлерiне барып, аунап-қунап қайтқанды жөн санайды. Әдетте, бұл мезгiл саясат кеңiстiгiндегi талас-тартыстың тоқтаған, «күзгi күреске» күш жинаудың оңтайлы сәтi болып есептеледi. Бұл үрдiстi былтыр елдегi толқулар бұзып жiберсе, биыл президенттiк сайлаудың жариялануы өзгертiп отыр.

8 шiлдеде демалысқа шыққан депутаттар кезектен тыс сессияға қайта жиналып, сайлауларды және референдумдарды өткiзу бойынша орталық сайлау комиссиясының толық құрамын бекiттi. Комиссияның толық құрамы жасақталмай тұрып-ақ ОСК-ның төрағасы болып сайланған Тұйғынәлi Абдыраимов өз орнында қалды.

9 шiлдеден бастап партиялар съездерiн өткiзiп, президенттiкке үмiткерлерiн үкiлей бастаған. Парламентте көпшiлiк орынды иеленiп отырған «Атажұрт» партиясы бiр ауыздан өзiнiң лидерлерiнiң бiрi Қамшыбек Ташиевтi додаға қосты. Жоғарғы Кеңештiң қазiргi төрағасы Ахматбек Келдiбеков те осы партиядан. Бұл партияға мүше емес, бiрақ осы партияның ұсынысымен парламентке депутаттыққа өткен белгiлi саясаткерлер Нариман Түлеев пен Марат Сұлтанов жоғарғы билiктен үмiткер болмақ.

Былтырғы күзде өткен парламенттiк сайлауда алтыншы орынды иеленiп, Жоғарғы Кеңештiң қатарына iлiкпей қалған «Бүтiн Қырғызстан» партиясы өздерiнiң көсемi Адахан Мадумаровқа сенiм артып отыр. Съезге Қырғызстанның «Бүкiл жастар саяси партиясының» өкiлдерi де қатысып, өздерiнiң «Бүтiн Қырғызстанның» бiр қанатына кiретiндерiн мәлiмдедi.

«Темiр» генерал деген лақап аты бар Феликс Құловтың парламентте азшылық орынға ие болып отырған «Ар-Намыс» партиясы да өз съезiн өткiзiп, онда негiзiнен тәртiп мәселесi қаралды. Бұл партияның 10 мүшесi жетекшi үш партиядан тұратын парламенттiк көпшiлiк коалицияға қосыламыз деп бөле жарылған. Бүгiнгi күнде Феликс Құлов президенттiк сайлаудың барысында өз партиясының позициясын нығайтып алуды көздеп отыр. Бұл партиядан президенттiкке үмiткерлiгi көрсетiлген бұрынғы вице-премьер-министр, қаржы министрi Ақылбек Жапаровтың жолы болмады. Партияластары Бiшкек қаласының экс-прокуроры Анарбек Қалматовқа дауыс бердi. Әйткенмен бұл үмiткер республикада беделдi тұлға емес.

Парламенттегi азшылықтың екiншiсi – «Атамекен» партиясы президенттiк сайлауға байланысты өзiнiң республикалық кеңесiнiң жиналысын өткiзiп, партия президенттiк сайлауға қатыспайтынын жария еткен едi. Ертеңiне баспасөз маслихатында тамыз айында өтетiн съезде Өмiрбек Текебаевтың талапкерлiгi көрсетiлетiнi айтылды. Партияның жетекшiсi Өмiрбек Текебаев – тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында-ақ Қырғызстанда алғашқы партиялардың бiрiн құрып, саясаттың қазанында әбден қайнаған адам. Бiрақ өткен парламенттiк сайлауда бiрiншi орынды иемденемiн деп шабылған бұл кiсiнiң «Атамекенi» ең соңғы орынға әрең iлiнiп, «күйiп» кете жаздаған.

Саясат айдынына соңғы бес-алты жылда қосылған Қырғызстанның жасылдар партиясы 12 шiлдеде съезiн өткiзiп, президенттiкке үмiткерiн анықтады. Ол – осы партияны құрған белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi Еркiн Бөлекбаев. Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң бұрынғы шақыртуларындағы екi мәрте депутат, мемлекеттiк қаржы полициясының экс-төрағасы қандасымыз болады. Ол – қазiр ердiң жасы елуде.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, «Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi