Жаңалықтар

Байтайлақ батырды бiлемiз бе?

ашық дереккөзі

Байтайлақ батырды бiлемiз бе?

Байтайлақ батыр – қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi тұтас бiр рулы елдiң ұраны болған айтулы тұлға. Оның есiмi Қабанбай, Бөгенбай, Жәнiбек, Наурызбай сияқты Абылай ханның қатарында тұрады. Әйгiлi ақын, тарихшы Асқар Татанайұлы "Тарихи дерек, келелi кеңес" атты кiтабында тұңғыш рет Байтайлақ батырдың өмiр жолы, ерлiк iстерi туралы егжей-тегжейлi атап өтедi. Екiншi рет атақты қолбасшының өмiрiнен нақты деректер келтiрiп, құнды еңбек жазған Моңғолияда тұратын жазушы Шынай Рахметұлы Байтайлақ батырдың шаңырағы, туы сияқты қасиеттi заттардың күнi кешеге дейiн Моңғолияның Баянөлгей аймағында, Өр Алтайда тұратын тумаларының қолында болғанынан мәлiметтер бередi. Тұлпар мiнiп, ту алған жаужүрек батыр қытай-орыс арасындағы дипломатиялық жұмыстарға да араласып, мәмiлегерлiк қызмет атқарған. Қытайдан қашып жүрген Әмiрсананы елге паналатып, Абылайдың Әмiрсананы жауға бермей, сол ұстанымы арқылы Қазақияның мемлекет екенiн Қытайға таныта бiлген саясатын қолдаған. 1790 жылы Көгедай төре Пекинге аттанғанда Байтайлақтың баласы Шұбаш батыр да делегация құрамында болғанын көремiз. Көгедай гүң атағын алғанда, Шұбаш батыр амбы дәрежесiн алған.

Байтайлақтың қазақ жерiнде – Қазақстанда Қызылсу – Шар бойында жерленгенi туралы тарихи әңгiме Қытай, Монғолия қазақтарында ертеден сақталған және осы заманға дейiн атадан балаға жалғаса жеткен. Қазақстанда Байтайлақ туралы аңыздар неге сақталмады десек, Абақ керейдiң Шерушi руының негiзiнен Қытай мен Моңғолия елдерiн мекендеп тұрып қалуында, сонымен қатар 1929-1931 жылғы ашаршылықта халықтың жаппай қырылып, тарихи санасынан айырылып қалуында деп бiлемiз.

Аңыздарда айтылуынша Байтайлақ батыр мен Ер Жәнiбек батыр қатар жерленген, бұл туралы жоғарыда келтiрiлген деректерде де айтылады. Батыр ерлiгiн есте қалдырып, есiмiн ұлықтау мақсатта Қытайда тұратын Байтайлақ батырдың тiкелей ұрпағы, әйгiлi жиһангез атанған Құсымай Зарқұмарұлының жетекшiлiгiмен бiр топ зиялы қауым өкiлдерi мен тарихшы ғалымдардың қатысуымен Алматыда және батыр бабамыз жерленген Семей облысының Жарма ауданында ғылыми конференциялар өттi. Жиналыс соңында жиналған қауым батыр қабiрiнiң басына барып Құран оқытып, естелiк суреттерге түстi.

Өзiнiң тұңғыш немересiне Байтайлақ бабасындай ел жанды батыр болсын деген үмiтпен Батыл деп ат қойған Құсымай Зарқұмарұлы алдағы уақытта батыр туралы жазылған материалдарды кiтап етiп шығаруды жоспарлап отыр.

Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ