ҚОЙДЫМ АҚЫННЫҢ ТАҢЖАРЫҚПЕН АЙТЫСЫ ТУРАЛЫ

ҚОЙДЫМ АҚЫННЫҢ ТАҢЖАРЫҚПЕН АЙТЫСЫ ТУРАЛЫ

ҚОЙДЫМ АҚЫННЫҢ ТАҢЖАРЫҚПЕН АЙТЫСЫ ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі

Халқымыздың күллi тарихы, қордалы мәдениетi есте жоқ ескi замандарда хатқа түскен жоқ. Көбi әфсана, аңыз түрiнде бiзге жеттi. Ежелгi тарихымыз рухани байлығымыздың денi ауыз әдебиетiндегi жыр-аңыздардың аясында суыртпақталып айтылатындығы да шындық. Нақтыландырып айтқанда, ұлтымыздың күллi тарихы, барша рухани байлығы ежелгi әдебиет үлгiлерiнде, әдет-салттарымызда Құс жолындай сайрап жатыр. Көп дүниенi содан ширатып, содан тапқандай болдық. Ақиқатты да содан iздедiк, жорамал iздеп жол таптық. Аңыздың түбi – ақиқат дедiк. Бәрiн де ғылыми негiзге, ғылыми дәлелге сүйенiп, ғылыми қорытынды шығаруға тырыстық. Бұл – бiздiң қол жеткiзген табысымыз әрi ғылыми зерттеудегi адаспас арнамыз.

Әрине, ғылыми саралау әдiсi шындыққа жол ашып, ақиқатқа жақындастырады. Халқымыздың жүрiп өткен жолын көне аңыз-әңгiмелерден, ескi жырлардан ширатып отырғанда, кеше ғана арамызда жасаған, тiрi куәгерлерi бар Таңжарық пен Қойдым сынды ақындар үшiн текетiреске түсуiмiз қайран қалдырады. Көбiмiздi екi ұдай ойға салған да, өрлi-қырлы сөйлеткен де әйгiлi "Таңжарық пен Қойдымның айтысы" болып отыр. Айтыс болғанда, бұл жәй айтыс емес, Таңжарықтай әйгiлi ақынның атымен аталатын, Қойдымдай ақынды тұлғаландырған айтыс. Зерттеушiлердiң деректерiне сүйенсек, әйгiлi айтыс 1925 жылы қазiргi Қазақстанның Райымбек ауданының (ежелгi Нарынқол) Қарқара жайлауында туып, 1931 жылы Таңжарықтың қайталай еске алып жазуымен өмiрге келген. Қолымыздағы көп деректер осыны растайды. Айтыс Таңжарық қолымен жұртқа тараған соң, оның көп нұсқалығы, мазмұнының ала-құла болуы көп көңiлiнде күдiктi сұраулар туғызды. Әуелi Қойдымның ақындығына, айтыстың болғандығына күмәнмен қарайтын көзқарастар да ортаға шықты. Әдебиет тарихында әйгiлi шығармалардың денi осындай үлгiмен дүниеге келген. Бұның нақтылы көрiнiсi ұзақ уақыт талас тудырған "Бiржан мен Сараның айтысынан" көрiнедi. Айтысты "болды, болмады" деген дау қанша толассыз айтылса да, қанша қиян-кескi болса да, әзiрше Бiржан мен Сараны ешкiм де "айтыспады" деп терiске шығара алмады. Ақыры дау-дамай өздiгiнен бәсеңдедi. Бұл жөнiнде профессор Серiк Негимов: "Мен Бiржан мен Сара айтысты деген пiкiрдi құптаймын. Халықтың санасына әбден сiңiп кеткен айтысты болмаған екен дегеннен не ұтамыз. Мұхтар да, Ғабит те айтыс болған дейдi. Әдебиеттануымыздың бүкiл қолжазбалары мақұлдайды. Менiңше, мұны дау-дамайға айналдыру дұрыс емес", — дейдi. "Таңжарық пен Қойдымның айтысына" да осы тұрғыдан ой жүгiрткен дұрыс. Айтыстың әлденеше нұсқасы жұрт арасына кеңiнен тарады. Оның бәрi қатысты басылымдарда жарияланды. Оны тексерiп-зерттеген көптеген мақалалар да жарық көрдi. Екiншi жақтан, айтыстың тағы бiр иесi Қойдым Дарубайқызы өмiрде болған адам. Басқаны былай қойғанда, Қойдымды Таңжарық өз көзiмен көрген. Айтыстың түсiндiрме бөлiмiнде Қойдымның өң-келбетiн, жүрiс-тұрысын, өлең айту қимылын, ақындық өресiн жан-жақты сипаттау бар. Сонымен қоса, Қойдымның өмiрi жөнiнде деректеме мақалалар да жазылды. Бәрi де Қойдымның мықты ақын екендiгiн дәлелдеуге тырысады. Осы мәселелер төңiрегiнде профессор Жақып Жүнiсұлы "Қойдым Дарубайқызы және оның Таңжарықпен айтысы" атты мақаласында жан-жақтылы деректер келтiрiп, салиқалы пiкiрлер айтты. Бұл пiкiрлер айтыс туралы айтылып жүрген алыпқашпа әңгiмелерге қорытынды iспеттi болды. Десе де, басын ашып алуға тиiстi бiр мәселе, мейлi қалай айтылса да, Таңжарық пен Көдек арасына қарама-қарсылық қою да дұрыс емес. Таңжарық айтысты әдейi жасады. Оған Көдек ақын "жауап хатты" жазды деу еш қисынға келмейдi. Тарихта Таңжарық пен Көдек арасында айтыс-тартыс болғанын дәлелдейтiн еш дерек жоқ. Аталмыш айтыстағы бас мiнесу, ру мiнесуге қарап немесе Көдектiң "жауап хатына" бола екi ақынды мүйiздестiрiп, оларды келсе-келмес жоққа шығарудың өзi ғылымның жолы емес. Сондай-ақ екi ақынға да орынсыз мұрын шүйiруге келмейдi. Ұлы Мұхтардың: "Өзгеше үлгiдегi даланың дара ақыны мазмұны мен қоғамдық рөлi жөнiнен әлдеқайда қызығарлық саналады. Солардың жарқын үлгiсi албандар арасындағы Көдек ақын" деуiнен де Көдектiң қандай ақын болғандығын айқын сезуге болады. Ұлы Мұхтардың назарын аударып, мәйектi бағасына ие болған Көдек ақынды алып-қашпа әңгiмелерге телiп, қосақ арасындағы сөз ету де жарасып тұрған жоқ. Сондықтан "аталмыш айтысқа" Көдектi қосып алу да, "Қойдым айтыс ақыны болмаған" деу де дәлелсiз пiкiрлерге саяды.
АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ҒҰМЫР

"Таңжарық пен Қойдымның айтысындағы" әйел ақын Қойдым туралы қазiрге дейiн Таңжарық бедерлеген ақындық бейнемен Қойдымды зерттеушiлердiң жазған өмiрбаяндық деректемелерiнен өзге айта қалсын материал жоқ. Қойдымның өскен ортасы, тәлiм алған ұстаздары, ақындығының қалыптасуы, артында қалған мұралары жан-жақтылы зерттеле қоймады. Бұның басты себебi, Қойдым өмiрi аумалы-төкпелi заманда өшкiн тартып, шығармалары зұлмат жылдардың жабылып кеткен парағында қалып қойды. Содан Қойдым өмiрi аңызға айналды да, шығармалары қара жерге көмiлген алтын сандықтарда кеттi. Сол үшiн әйгiлi "Таңжарық ақынмен шұрайлы айтыс жасаған әйел ақын Қойдым кiм? Ол қандай ақын?" деген сұраулар туындауы да заңды нәрсе. Мiне осы мәселелердiң жауабын табуда "Таңжарық пен Қойдым айтысының" шынайылығына көз жеткiзудiң өзi Қойдымның ақындық образына сендiрудiң кiлтi iспеттi.

Қойдымды өз заманының жүйрiк ақыны есебiнде танудың өзiндiк негiзi бар. Бiрiншiден, Қойдым өмiрде болған адам. Оның шыққан тегi, туылған жылы, жасаған ортасы, толқымалы өмiрi, соңғы тағдыры тайға таңба басқандай өте анық. Екiншiден, Қойдымды көре қалған көне көздердiң айтқан естелiк әңгiмелерi, берген деректерi Таңжарықпен Қойдым жөнiнде мақала жазғандар жағынан әлдеқашан қағаз бетiне түскен. Үшiншiден, Қойдым жөнiнде бiлетiнi көп, айтары бар тiрi куәгерлердiң, туыс-туғандарының болғандығы да таптырмас материал қамбасы сияқты. Төртiншiден, Таңжарық ақынның Қазақстандағы Қарқаралы өңiрiне барып үш жыл тұруы, оның Қойдым ауылында болуы, Қойдымды көруi, онымен айтысқа түсуi шынайылығы мен дәлдiгi жағынан өте құнды материал саналады. Бесiншiден, "Таңжарық пен Қойдымның айтысының" қазiргi түрлi нұсқасы да Қойдымды осы айтыстың заңды авторының бiрi есебiнде әйгiлеуi әрi оны өз заманында топ жарған жүйрiк ақын деп бағалауы да жетерлiк мәлiмет есептелiнедi. Алтыншыдан, Қойдымдай төкпе ақынды Таңжарық ақынға әрiптес есебiнде атап, Қойдым атын айтыс тарихына енгiзудiң өзi де жетерлiк факты бола алады. Қазiрге дейiн Қойдым Дарубайқызы жөнiнде өмiрлiк деректеме жазған мақалаларда Қойдымның өмiрi жөнiндегi мәлiметтер бiр арнаға ойыса бастағаны белгiлi. Бiрақ ақынның өмiрi жөнiнде жазба дерек сақталмағандықтан зерттеушiлердiң денi ел аузындағы аңыздық әңгiмелерге сүйенген. Ал ақынды көре қалған көнекөздердiң, жақын туыстарының естелiктерi де бiркелкi емес. Ендi осындай көзқарастарды түзетiп, ортақ идеяға келу Қойдымдай ақынды танудың дұрыс беталысын белгiлейдi. Қойдымның шынайы өмiрiн дұрыс жазуда, алдымен арнаға түсiруге тиiстi мәселе оның дүниеге келген уақыты болып отыр. Тұрлыбек Мәмесейiтов Қойдым 1894 жылы дүниеге келдi десе, Айтуған Көдекұлы, Тауқидiн Зәменұлы, Болат Серғазинұлы өз мақалаларында Қойдым 1897 жылы дүниеге келген деп тұжырымдайды. Ал Манап Айдарханұлы мен Қасым Дәуiтбайұлы 1896 жылды алға тартады. 1998 жылы Қойдымның туыстары жағынан қабыр басына орнатқан белгi тасқа "марқұм Қойдым Дарубайқызы 1890 жылы дүниеге келiп, 1942 жылы 52 жасында баһи дүниеге аттанды" деп жазады. Мұндай ала-құла көзқарастарға түзету жасаған Нұрболат Әбдiқадiр "Көдектiң өнерi мен өмiрiмен тоғысқан" деген мақаласында Көдек пен Қойдым жасаған заманға барлау жасай келiп, Қойдым өмiрiне қатысты жоғарыдағыдай ағаттықтарға түзету жасайды. Бұған дәлел ретiнде көрсеткен Қойдымның күйеуi Бiржанды жоқтаған өлеңi болып отыр. Белгiлi айтыс ақыны Бүбiмәри Жақыпбайқызы 1960 жылы белгiлi бiр адамның ауызынан жазып алған бұл жоқтаудың iшiнде: "Отыз алты жасыңда, қазаның көрдiң қармағын" және "отыз екi жасымда жамылдым қара басыма" деген жолдар кезiгедi. Егер осында айтылған 36 жасында қаза болған Бiржанның қай жылы дүниеге келгенiн межелей алсақ, онда Қойдымның туған жылын дәл тұрақтандыруға болады. Бiрақ Бiржанның қайтыс болғанын 1938 жылы, 1933 жылы деп екi түрлi көрсететiндер бар. Расында Бiржан 1938 жылы қайтыс болса, онда Қойдым отыз екi жасында жесiр қалуы мүмкiн бе? Мұның қисыны аздау. Қойдымның Бiржанды жоқтауының тағы бiр нұсқасында "отыз екi жасында, сапарға Бiржан аттанған" деп те айтылады. Егер Бiржан 1933 жылы 36 не 37 жасында қайтыс болды десек, онда Бiржан 1895-1896 жылдардың бiрiнде дүниеге келген болады. Осыған қарай отыз екi жасында жесiр қалған Қойдымды 1896-1897 жылдары емес, 1901 жылы дүниеге келдi деп межелеуге тура келедi. Әсiресе, Бiржанның 1938 жылы немесе 1933 жылы 36-37 жасында қайтыс болғаны, онда Қойдымның 32 жасында жесiр қалғаны сенiмдi ме, сенiмсiз бе деген ой тағы да қылаң бередi. Егер қазiргi тұрақтанған көзқарас бойынша Қойдым 1896 жылы дүниеге келiп, 1942 жылы қайтыс болды десек, онда Қойдым Таңжарықтан 6 жас кiшi болып шығады. 1925 жылы Таңжарықпен додалы айтыс жасағанда ол 28 жаста деген сөз. Осы көзқарасты шындыққа бiршама жақын деп қарасақ, Қойдымның Бiржанды жоқтауындағы жас шамасын берген мәлiметтер қалайда сенiмсiздiк тудырады. Мiне, бұл мәселелер iшкерлей зерттеудi қажетсiнедi. Алдыңғы толқынның саумал жырын сарқып iшкен Қойдымның айналасына аты тарап, мықты ақын боп дүрiлдеп тұрған кезiнде Таңжарықтай даңсалы ақынға кезiгiп, салиқалы айтыс жасауы еш қисынсыз емес. "Аралап бәйге көкпен үш жыл жүрiп, өлеңдi өрлi-қырлы селдеткен күн" деп ақындықпен алып-ұшып жүрген Таңжарықтай адуын ақынның жәй бiреумен айтысуы да ақылға симайды. Өзiмен ақындығы тең түскен Қойдымдай ақынмен әйдiк айтыс жасағанын терең сезiнген Таңжарықтың 6 жылдан соң айтысты қайта жазып шығуының сыры осында. Сол үшiн Таңжарықтың айтысты жазар алдында ұзақ түсiндiрмеге орын беруi де тегiн емес. Түсiндiрмедегi ел жайы мен Қойдым туралы толғаныстар бiрталай сырдың бетiн ашады. Таңжарық айтыстың басындағы түсiндiрмеде өзiнiң ол жаққа қалай барғанын ғана емес, ондағы елдiң күйiн, өзiне әсер еткен мәселелердi жүйелi баяндайды. Одан соң Қойдым туралы естiген әңгiмелерiн аңыздайды. Оның ақындық даңқын естiген сайын айтысуды арман қылады. Соның сәтi 1925 жылы күзде Қойдымның ауылында бiр тойда болады. Осы кезде Қойдымның атақ, даңқын Тынәлi аузынан беруi де тегiн емес: "Қойдыммен айтыспаған қалмады ақын, Келедi сол ақынның бәрiн жеңiп. Алдымен қабырғаңмен кеңесiп көр, Ойланып өзiңдi-өзiң байқап көрiп. Баланы сендей неше көрген Қойдым, Бiр ауыз айтқан сөзден пәле терiп. Санаулы жасы биыл отыз бiрде, Сайма-сай өнерiне тiл мен көрiк. Келгенше осы жасқа сүрiнбеген, Ақыны осы тұстың шықты жерiп." Қойдымның ойға жүйрiк, тiлге шебер, өнерiне көркi сай мықты ақын екенiн осыдан артық бағалау қиын. Ал Таңжарық та осал ақын емес. Ақпа-төкпе ақындығымен сол елге кеңiнен таныла бастаған едi. Қойдым да оның осындай өнерiне сүйiнiп айтысуға бел байлайды. Екi ақынның алғашқы кездесуi де ғажап. Бiр-бiрiне айбар шегiп сынасады. Бiрiн-бiрi менсiнбей керге тартады. Тағаты таусылған Таңжарықтың "жақсыны көрмек деген, мiнгестiрiп, ауылға кетпеймiз ғой бiр жола алып" дегенi де ширықпа ақындық мiнез едi. Осы кезде Қойдым нөкерлерiн ертiп, салтанатты жүрiспен айтыс майданына кiрiп келедi. "Есiктен әнге басып аттай бердi, әйелдiң саңлағы екен Қойдым да бiр" деп тамсанған Таңжарық Қойдымның сыртқы сұлулығы мен ақындық өнерiн қабыстыра суреттейдi: "Шiркiннiң өзi қандай, сөзi қандай?! Дауысына таң қалады барша халық, Дидары судан шыққан күмiс балық. Қыпша бел, қызыл шырай, қиғаш қасты, Жыққанның арманы жоқ iштен шалып. Бұраң бел, орта бойлы, кiшкене аяқ, Болар-ау, Қойдымдай жан некен-саяқ. Адамды жалт қаратар лебiзi бар, Бетiнен төгiледi нұры тарап. Тигiзбей күнге бетiн, желге етiн, Мәпелеп өсiрiптi өзiн баптап." Қойдымның көрiк-келбетi, сыпайы мiнезi, асқақ дауысы, ақындық тұлғасы мiне осындай. Қойдымның соңғы өмiрi Қытай жерiнде өтедi. Совет Одағындағы түрлi қоғамдық жағдайларға байланысты 1930 жылдардан бастап бiр бөлiм ел күн көрiс үшiн Қытайға ауады. Солардың қатарында Қойдым да шекара асып келедi. Нақтылай айтсақ, 1932 жылы Сүмбе шекарасынан қашып өткен Бiржан ауылы Моңғүлкүре, Текес, Тоғызтарау аудандарында сергелдең тұрмыс кешедi. 1940 жылдардың басында қайта қайырыла көшiп, Моңғүлкүренiң Қарасу-шекiртi деген жерлерiнде тұрақтап, 1942 жылы сүзек ауруынан қайтыс болады. Сүйегi басқы Қарасудағы көне зиратқа жерленедi. Мақаламыздың басында атап өткендей, "әйгiлi айтыстың" қазiрге дейiн екi нұсқасы жайында бiр қыдыру мақалалар жазылды. Ендiгi мәселе, осы екi нұсқаның қайсысы шындыққа жақындау деген ой туады. Айтыстың бұдан да өзге үлгiлерi кезiгуi мүмкiн. Оны да түпнұсқаға телушiлердiң шығуы ғажап емес. Егер профессор Жақып Жүнiсұлының мәлiметтеген Хамит ақсақалдың сөзi рас болса, онда Жақаңның қолындағы айтысты түпнұсқаға бiршама жақын деуге болады. Ал Таңжарықтың жазып шыққан алғашқы нұсқасы сол күйi сақталды деуге айтыстың кейiнгi кездегi көп нұсқалары жауап бола алмайтындай. Мәселен Оразанбай Егеубаев 1992 жылы "Мұра"(Қытайда шығатын қазақ тiлiндегi журнал) журналының 3-санында Таңжарық ақынның Қазақстаннан табылған екi айтысын жариялады. Айтысты Таңжарық шығармаларының жанкүйерлерi Тiлеужан Сақалов пен Сара (Таңжарықтың қызы) Тышқанбаевалардан алғандығын мәлiмдей келiп: "Ол жақта Таңжарықтың өз қолжазбаларын, фотосуреттерiн, бiзде жоқ болса да басқа нұсқалы бiр қыдыру шығармаларын кездестiрдiм. Сол шығармалардан, бiрiншi бiздiң елде ел ауызынан жинап алынған болса да, бәдiктiгi, рушылдығы басым болғандықтан, ол нұсқалар күнi бүгiнге дейiн әшкере баспасөзде жарияланбай келген. Мынада сол кемшiлiктерден таза "Таңжарық пен Қойдымның айтысы", екiншiсi, аты аңызға айналып жүрсе де өзi бiздiң елде әлiге дейiн қолға түспеген "Таңжарық пен Нұриланың айтысы" атты екi айтысты оқырман назарына ұсынуды жөн деп бiлдiм", – дейдi. Қойдым Дарубайқызы туралы зерттеу ендi басталды. Оның аңызға айналған өмiрi, ақындығы, шығармалары салиқалы зерттеудi қажетсiнедi. Барды бағалау тұрғысынан Қойдым ақын туралы тұрақты ғылыми зерттеу арнасын қалыптастыратын мезгiл жеттi. "Атым – Қойдым, қызымын Дарубайдың, Демеймiн жұқармасам қалыңдаймын. Айрылып кiндiк кескен мекенiмнен, Желкемiнен басты аттың тауындай мұң", – деген Қойдымның қайталанбас мұңлы әуенi бiзге үлкен ой салады. Ардагер ақынның осы сөзiнiң мәнiн түсiнiп, қадiрiне жету – бәрiмiздiң де борышымыз.