АТАҚОНЫСҚА КЕЛIП, АБДЫРАП ҚАЛҒАНДАЙМЫЗ...
АТАҚОНЫСҚА КЕЛIП, АБДЫРАП ҚАЛҒАНДАЙМЫЗ...
Тәуелсiздiкке қол жетiп, елiмiздiң еңсесi тiктелген 20 жыл iшiнде экономикамыздың қарқынды қадамының сыртында рухымызды көтерiп, халқымыздың мақтаныш сезiмiне айналған игiлiктi, iзгiлiктi қаншама шаруа тындырылды. Соның бiрi — шетелдегi қандастарымызды ортамызға оралтып, бауырымызға басуымыз. Әлемде қандастары үшiн мұндай мүмкiндiктi бiзден өзге екi-ақ ел жасап отырғанын мақтанышпен айтуға қақылымыз. Бiрақ сол қандастарымыздың қатарға тезiрек қосылып кетуiне қолдау көрсетуiмiзден қолбайлау болып, бөгет жасауымыз көп екенiн бiреу бiлсе де, бiреу бiлмейдi.
Әрине, оралмандарға қатысты туындаған проблемалар елеусiз қалған емес, бiрi ерте, бiрi кеш шешiмiн тауып жатады. (Көбiне Елбасының өзiнiң араласуымен). Ал ең өкiнiштiсi, шенеунiктер бiр түйткiлдi шешкен күнi қатарынан екi бөгеттi әдейiлеп тұрып қолдан жасап қоятын сияқты.
20 жыл бойы ең басты түйткiл болып келген оралмандардың Қазақстан азаматтығын алу мерзiмiн қысқарту мәселесi де бұдан былай шешiмiн тапқан сияқты. Алғашқылар 10 жыл сандалса, қазiр 6 айда азаматтық алатын болды. Бiрақ бұл да салыстырмалы ұғым. "Әр елдiң салты басқа" дегендей әр облыста әрқилы. Азаматтығын жылдап күттiретiн облыстар әлi де бар екенiн естiп те, көрiп те жүрмiз. Сол сияқты 2004 жылға дейiн оралмандар Қазақстанның азаматтығына қабылданып, жеке куәлiк қолына тигенше СИК (әлеуметтiк жеке код) ала алмайтын. Әлеуметтiк жеке коды жоқ оралман жұмысқа орналаса алмайды, түрлi жәрдемақы, зейнетақы ала алмайды. Неше жыл оралмандардың басты қиындығына айналған бұл проблеманы үкiмет 2005 жылы шешiп, ендiгi жерде СИК оралман куәлiгi негiзiнде берiлетiн болды. Есесiне "Ықтияр хат" деген "бәленi" ойлап тапты. (Бұған дейiн кiсiлер оралман куәлiгiн алған соң, тура Қазақстан азаматтығына құжат тапсыратын). Сiздiң ықтияр хатқа тапсырған құжаттарыңыз қауiпсiздiк комитетi бастаған төрт мекеменiң тексеруiнен өтiп, соңғы жауабы ереже бойынша екi айда, нақты өмiрде 3-4 айда келетiн болды, нотариусқа бекiттiретiн құжаттың саны екi есе өстi. Азаматтықты 6 айда алу деген ұғым азаматтыққа өту үшiн өтiнiш жазып, құжат тапсырған күннен бастап есептелiнетiнiн ескерсек, оралман куәлiгiне, ықтияр хатқа жұмсаған уақытты қоса есептегенде баяғы бiр жылдың арғы жағы, бергi жағы болып шығады.
Мұндай бiр қиыншылықты екiншi қиыншылықпен алмастыру дерегiн жүздеп болмаса да ондап санауға болады. Бұдан бiр-екi жылдың алдында келген оралмандарды құзырлы органдар квотаға "сыйғыза алмай" әуре болды. Сыйғыза алмай сөзiн тырнақшаға алуымызда да мән бар. Елбасы бөлген 20 мың отбасылық квотадан оралмандардың саны артылған емес. Әлдекiмдерге квотаға енушiлерден пара алу үшiн қажет болған айла-шарғы болса керек. Осы айла-шарғыға жол ашқан Көшi-қон комитетi квотаға енгiзудiң жаңа тәртiбiн белгiледi. Квотаның көшiп келу кезегiмен белгiлейтiн бұрынғы тәртiбiн әдiлетсiздiкпен бұрмалап, ендiгi жерде квота үшiн мамандық дипломдары мен бала санына қарай кезекке тұрғызды. Егер екi жоғарғы мектеп бiтiрген болсаңыз немесе бестен жоғары балаңыз болса сiз квотаға бiрiншi кезекте iлiнесiз. Сыбайлас жемқорлар сiзге жасанды екi диплом, бiрер баланың туу туралы куәлiгiн жасап бередi де квоталық көмек кезегiнiң алдыңғы қатарына iлiктiредi. Сорақылықтың аты сорақылық, бұл тәртiптiң ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Дегенмен бiраз алаяқ қалтасын қампитты.
Кешеге дейiн осы саламен айналысқан департамент (кейiнен комитет) небiр сорақылықтарға жол бергенiн оралмандар ғана жақсы бiледi. Олар айтты да, жазды да, құзырлы органдарға шағымданды да. Бiрақ өзгерген ешнәрсе жоқ. Басшылыққа келгендер "бiр қызымнан бiр қызым сорақы" болды. Ойласақ әу баста келемiн деушiлердi жерiнен барып көшiрiп алу – нағыз дұрыс ұйымдастырылған шара, жемқорлықты болдырмаудың жалғыз жолы екен. Алайда елiмiздiң экономикалық өтпелi кезеңiнiң қысыл-таяң шағында жеткен үкiмет қаржысының әлеуетiмiздiң артқан шағында жетпей қалуы таңданыс тудырады. 1993 жылы осы ұйымды Алтыншаш Жағанова ханым басқарып тұрғанда Моңғолиядан 200 отбасын көшiрiп алуға бөлiнген қаржының төрттен бiрi ғана игерiлдi. Жаз бойы көлiк күтiп буынып-түйiнген халықтан небәрi 50 отбасы қарашаның қақаған суығында елiне оралды. Қалған ақшаның қайда кеткенiн қузағысы келiп, мәселе көтерген Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Уәлихан Қалижанның жанайқайынан да ештеңе өнген жоқ. Комитет басшылығына келген жаңа басшы Жазбек Әбдиев мырза бұл iстi тектемек түгiл, жауап бермей жаңыла бердi. Зардабын атажұртты қанша аңсаса да өз бетiмен көшiп келуге қаржысы жоқ Моңғолиядағы жүздеген отбасы тартты. Жерiнен барып көшiрiп алатын бұрынғы тәртiп өзгергендiктен, олар тарихи Отанына орала алмай, Моңғолияда күнi бүгiн қайыршылықпен күн кешiп отыр.
Жазбек пен Алтыншаштың тұсында квотаны ел-елге бөлетiн, квоталық жәрдемақыны бiр-бiрiне ауыстыруға қатаң тыйым салған тағы бiр қитұрқылық үстемдiк құрды. Ресейден келетiндер саны жоспарлаған санға жетпесе, Қытай мен Моңғолиядан келген оралмандар квотаға сыйыспай, алды үш жылға дейiн кезек күтiп сандалды. Ал Ресейден немесе сол сияқты қандастарымыз аз келетiн басқа да елдерге бөлiнген квоталық жәрдемақы қаржысы игерiлмей босқа қалып жатты. Бұлайша алалау "ала қойдың жүнiн бөле қырқу" едi.
"Айта берсе өкпе көп, жеңешем бақыршасын да бермей қойған" деген екен баяғыда бiр жеңгей. Елбасы үкiметке оралмандарды әуелi баспанамен қамтамасыз етудi тапсырды. Шенеунiктер көбiне ауылдың ең шетiндегi құлағалы тұрған баспаналарды арзанға сатып алып, қымбатқа бағалап, оралмандарға үлестiрдi. Арасынан өздерi пайда көрдi. Сосын Елбасы оралмандарға баспана емес, баспана сатып алуға ақша бөлудi тапсырды үкiметке. Нағыз жемқорлық осы тұстан басталды.
Мәселеге тағы да Елбасы араласып, шымкенттiктердiң бастамасын қолдап, оралмандарға арзан несиемен баспана салып берудi тапсырды. Көптеген облыс қолға алған "Нұрлы көш" атты бұл бағдарламаның да "әттеген-айы" көп болғанын бiлемiз. Көкшетау қаласының iргесiне "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған үйлердiң сиқын телеарналар бiр қыс бойы жырлады. Соңында комитеттiң бұрынғы басшысы Қабылсаят мырза құрылысты салған "Сарыарқа" компаниясын емес, оралмандардың өзiн кiнәлап шықты. Тiптi ауыл басшысы "оралмандар от жаға бiлмейдi екен" деп сандырақтады.
Сөйтiп, елiмiздiң тәуелсiздiгi арқылы қол жеткiзген, ұлттық рухымызды көтерудiң зор мүмкiндiгi саналған көшi-қон процесi өткен 20 жыл iшiнде шенеунiктердiң талай қитұрқылығын бастан кешiрiп, бүгiнге жеттi. Кеше ғана Дүниежүзi Қазақтарының 4-құрылтайын да дүркiретiп өткiздiк. Шеттегi ағайындардың телеарналарға берген лебiз, сұхбаттарынан көңiлiмiзге түйгенiмiз – келемiн деушiлерге басты кедергi сол баяғы қағаз бастылық, сыбайлас жемқорлық, қала бердi орыс тiлiнiң үстемдiгi көрiнедi.
Бұл Құрылтайда да Елбасы Н. Назарбаев алыстағы ағайындардың жарқын болашағына жол сiлтедi, тың ұсыныстар жасады. Шеттен келген қандастарымызға Қазақстан азаматтығын үш айға сыйыстырып берудi құзырлы органдарға тапсырды. Елбасының бұл тапсырмасы да қағаз жүзiнде қолма-қол орындалатынына күмәнiмiз жоқ. Бiрақ шынайы өмiрде тартыншақ түйедей сөзбұйдаға салатын ескiлiктi аурудың қайталануы да мүмкiн. Өйткенi қитұрқылықтың бiр түрiн шенеунiктер құрылтай өтерден бiрер апта бұрын ойлап тауып та қойған болатын. Не дейсiз ғой. Бұрын шеттен келген ағайындар құжаттарын Қазақстан Республикасының кез-келген нотариусына бекiттiре алатын. Ендiгi жерде Қытай мен Моңғолиядан келген оралмандар құжаттарын әуелi сол елдердiң Қазақстандағы елшiлiгiне өз қолдарымен апарып растатып, сонан соң ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнен рұқсат алатын тәртiпке көшiрiлдi. Бұл дегенiңiз – шетелден келген қандастарымызды титықтатудың кезектi тәсiлi.
Астана, Алматы қалалары мен оған жақын орналасқан елдi мекендер үшiн, әрине, көп қиыншылық тудырмайды. Ал Астанадан да, Алматыдан да 1200 шақырым қашықтықтағы Шығыс Қазақстан облысында, оның Зайсан, Катонқарағай сияқты Өскеменнен 500 шақырым қашықтықтағы шалғай аудандарындағы осыдан 20 жыл бұрын келген қандастарымыздың бiрiнiң отбасында бiр сәби өмiрге келсе, отағасы Моңғолиядан берiлген неке куәлiгiн растату үшiн Астанаға баруы керек екен. Жол қаржысы мен уақытты есептей берiңiз. Тек Өскемен қаласынан Астанаға барып қайту үшiн кемiнде 10 мың теңге қажет. Астанада туыс-туғаны жоқ болса, қонақ үйге қонуға тура келедi. Онда шығын еселеп артады. Оның үстiне құжатты куәландыру құны әр бетке 6 доллар немесе 900 теңге. Жаңадан көшiп келген 4 балалы оралман зайыбы мен өзiнiң төлқұжатын, неке куәлiгiн, мамандық диплом немесе куәлiктерiн, еңбек кiтапшасын, 4 баланың туу туралы куәлiгi мен шекарадан өту үшiн берiлген парағын (Барлығы шамамен 20-22 құжат) бiр рет растату үшiн кемiнде 30 мың теңге қажет екен. Мәселе мұнымен бiткен жоқ. Квоталық жәрдемақы алу үшiн әр құжат үш данадан дайындалады. (Оралман куәлiгiне, ықтияр хатқа, азаматтыққа) Сонда 90 мың теңге. Мұндай нотариалды аудармаларды түрлi жәрдемақы алу, басқа да қажеттiлiктер үшiн оралмандардан әртүрлi мекемелер Қазақстан азаматтығын алғаннан соң да талап етедi.
Мен жуықта Моңғолияның елiмiздегi елшiлiгiнiң осы iске жауапты консулына жолығып, сұхбат алдым. Консул мырзаға қаржы үнемдеу үшiн оралмандардың құжаттарын өздерiнiң нотариуспен бекiттiрiп берген сенiм хаты негiзiнде 5-10 жанұядан топтастырып бiр өкiл әкелсiн деген тiлек бiлдiрдiк. Ол бұған келiспей отыр.
Жалпы бұл – нағыз қолдан жасалған қиыншылық. Не үшiн қажет болғанын түсiнбейсiз. Өйткенi құжаттардың (азаматтық төлқұжат, балалардың туу туралы куәлiгi, шекарадан өту парақшасы) жалған еместiгiн Моңғолияның, Ресейдiң, Қазақстанның кеден бекеттерiндегi iшкi iстер қызметкерлерi үш қайта тексерiп, мөр басып отыр емес пе?! Оралмандар iсiн өз қарамағына алған Көшi-қон полициясы келген ағайындардың шекарадан өткен өтпегенiн кеден бекеттерiнiң журналымен салыстырып тексерiп отыратын тәртiп орнатқан. Сонда ендi не керек?! Шекарадағы өз қызметкерлерi "ай қарап отыр" деп сенбей, Қытай мен Моңғолияның елшiлiгiне сенгенi ме? Олардың қарақұрық жасамайтынына кiм кепiл.
Мiне, әлемдегi күллi қазақтың қамын, тәуелсiз елiмiздiң ұлттық мүддесiн ойлаған Елбасы оралмандардың Отанына тезiрек сiңiсiп кетуiне жағдай жасау жөнiнде қатысты ұйымдарға тапсырма бередi, шенеунiктер елемейдi. Салдарынан оралмандар 20 жыл бойы зардап шегiп келедi.