Жаңалықтар

ТОРДА ТУЛАҒАН ШАРЛАР

ашық дереккөзі

ТОРДА ТУЛАҒАН ШАРЛАР

30 маусым – 3 шiлде аралығында ару Алматыда өткен орыс бильярдынан Азияның ашық чемпионаты соңғы жылдардағы ең iрi тартыс болды. Құрлық бiрiншiлiгi «Достық» спорт кешенiнде шымылдығын түрiп, оған 11 елден 87 бильярдшы қатысты.

Өткен жексенбi күнi мәре сызығына жеткен Азияның оныншы ашық чемпионаты 2006 жылға дейiн «Азияның ашық кубогы» деп аталып келген болатын. Еркiн пирамида бойынша өткiзiлген бұл айтулы жарысқа Қазақстан бильярд спорты федерациясы таяу шетелдердегi саңлақ спортшылардың барлығын шақырды деуге де болады. «Достық» спорт кешенiнде өткен аралас пирамидадан жарыста 2007 жылғы әлем чемпионы, Еуропа чемпионы Александр Паламарь (Украина), 2007 жылғы әлем кубогының иегерi Қаныбек Сағынбаев (Қырғызстан), 2010 жылғы Азия чемпионы Андрей Фрейзе (Ресей), қазақстандық белгiлi спортшылар бақ сынасты. Олардың қатарында үш мәрте әлем чемпионы Қаныбек Сағындықов, 2008 жылғы әлем чемпионы, Азия чемпионы Әлихан Қаранеев, 2009 жылғы әлем кубогының иегерi Әуез Елубаев, тағы басқа да белгiлi саңлақтар бар.

Соңғы жылдары Қазақстанда бильярд спорты ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтуiмiз керек. Спорттың осынау сырбаз түрiне жұртшылық зор қызығушылық танытуда. Оған елiмiздiң кез келген қалаларындағы бильярд залдары мен үстелдерiнiң ешқашан бос болмауы дәлел. Сөйте тұра қоғамда «бильярд спорт түрi ме, әлде құмар ойын ба?» деген пiкiрталас ешқашан толастап көрген емес. Ол ол ма, өткен ғасырдың 20-30 жылдары бұрынғы КСРО-да бильярдқа буржуазияның құмар ойыны деген айып тағылып, оны ойнауға қатаң тыйым салынғаны белгiлi. Астыртын бильярд ойнаушылар мен оған құмарлар қатаң жазаға тартылатын.

Мамандардың айтуынша, бильярд – спорттың өнерге ең жақын түрi. Осынау сыпайы, ақсүйектiк ойын адамның бойында жинақылық, сымбаттылықты, дене қимылдарының дәлдiгiн қалыптастырып, сабырлылық пен аса сыпайылыққа тәрбиелейдi. Кейбiр зерттеулерге сенсек, бильярдшы бiр матчта футболшылардан гөрi ұзақ қашықтыққа жүретiн көрiнедi.

Орыс бильярдының соңғы жылдары посткеңестiк елдерде ерекше қарқынмен дамуы бекерден бекер емес. Және осы спорт түрiнен әлем чемпионаты, Азияның ашық чемпионаты, түрлi турнирлердiң де жиi өткiзiлуiнiң астарында терең мән жатыр. Ең бастысы, мұндай чемпионаттар мен жарыстарды Ресейде, Қазақстанда, Украинада өткiзу ерекше салтқа айналды. Ресей мамандары бұл спорт түрiн Олимпиадалық ойындар қатарына қосу үшiн бар жандарын салуда. Ол үшiн әлемде осы спорт түрiмен шұғылданатындардың саны неғұрлым көп болуы керек. Қалай болғанда да Алматыда өткен Азия чемпионаты аса жоғары деңгейде ұйымдастырылып, зор тартыспен өттi деуге болады. Жүлделi орындарға бөлiп берiлетiн 20 мың доллар да спортшылардың үздiк өнер көрсетуiне түрткi болғаны сөзсiз. Турнирге қатысқан 47 қазақстандық спортшының 19-ы 1/16 финалға (плей-офф) жетсе, ширек финалда Әлихан Қаранеев, Әуез Елубаев, Қаныбек Сағындықов, Дәурен Орынбаев сәттi өнер көрсеттi.

Әсiресе, тараздық саңлақ спортшы Дәурен Орынбаевтың өнерi жарысты тамашалаушы жанкүйерлердi ерекше тәнтi еткенiн айтқан жөн. Соңғы жылдары оның өнерi тез шыңдала түсiп, iрi жетiстiктерге жете бастады. Осы айтулы жарыста күмiс жүлдеге қол жеткiзген Дәурен Орынбаев: «Әрине, мұндай турнирдың финалында өнер көрсету – кез келген спортшы үшiн үлкен жетiстiк деп есептеймiн. Әлем чемпионаттарында мен 5-8 орындардағы үздiктердiң қатарына енетiнмiн. Республикалық деңгейде табыстарым да болды. Ал халықаралық аренада бұған дейiн финалда өнер көрсеткен емеспiн», – дейдi.

Дәурен Орынбаев ширек финалда әйгiлi бильярдшы, алматылық Әлихан Қаранеевтi 6:5 есебiмен ұтса, әлемнiң үш дүркiн чемпионы Қаныбек Сағындықов ресейлiк Евгений Назаренконы аса қиын тартыста 6:5 есебiмен ұтты. Есесiне, Әуез Елубаев украиналық белгiлi бильярдшы Александр Паламарьға 1:6 есебiмен есе жiберiп қойды. Болашақ чемпион, ресейлiк Андрей Фрейзе қырғызстандық Қаныбек – Сағынбаевты 6:5 есебiмен ұтты.

Жартылай финалда тағы да қазақстандық қос спортшыға кийлерiн айқастыруға тура келген. Дәурен Орынбаев пен Қаныбек Сағындықов көгiлдiр мауыты жабылған бильярд үстелiнiң қасында бас түйiстiрген. Дәурен бұл жарысқа тыңғылықты даярланғанын танытып, әйгiлi қарсыласынан 6:2 есебiмен басым түстi. Қырғызстанда туып-өскен, елiмiздiң азаматтығын алған әйгiлi спортшы, асқан шебер Сағындықов туралы ерекше айта кеткен жөн. Халықаралық спорт шеберi Қаныбек қазақ жерiнде бильярдтың кең таралып, дамуына ерекше еңбек сiңiрген жан. Оның атақ-дәрежелерiн санамалап шығудың өзi оңай емес. Өкiнiшке қарай, Қаныбек Сағындықов соңғы төрт жылда өзiнiң сүйiктi спортынан қол үзуге мәжбүр болды. Осы айтулы жарысқа да ұзағырақ дайындалуға мүмкiндiгi болғанда, Қаныбектiң бұдан да үздiк өнер көрсетерi сөзсiз едi. Дегенмен Азияның ашық чемпионатында қола жүлде алудың өзi зор жетiстiк екенi хақ.

Жартылай финалдық айқастың екiншi жұбын ресейлiк Андрей Фрейзе мен украиналық Александр Паламарь құраған. Қазақ жанкүйерлерiнiң сүйiктi ойыншысына айналған Александр Паламарь өте шебер, салмақты ойыншы. Ару Алматыға жиi қонақ болып келетiн Александр қазақ жерiн жақсы көретiнiн ешқашан жасырған емес. Ашық-жарқын мiнездi Александрдың бильярд спортында қол жеткiзген биiктерi де аз емес. Солай бола тұрса да аса тартысты өткен осы жекпе-жекте 6:5 есебiмен Андрей Фрейзеге жол беруге мәжбүр болды. Сонымен жерлесiмiз Қаныбек Сағындықов пен украиналық Александр Паламарь Х Азия ашық чемпионатының қола жүлдесiн қанжығаларына байлады.

Алда финал… Финалдық жекпе-жекте Дәурен Орынбаев пен Андрей Фрейзе бақ сынаспақшы.

Дәурен Орынбаевтың мұндай iрi халықаралық жарыстарда тәжiрибесi анағұрлым аз екенiн айтқан жөн. Қазақстанның спорт шеберi осыған дейiн бильярдтың түрлерiнен республика бiрiншiлiктерiнiң жүлдегерi ғана болса, 2008 жылы ғана еркiн пирамидадан өткiзiлген командалық жарыста Қазақстан чемпионы атанған болатын.

Ал оның қарсыласы атағы шыққан спортшы, Халықаралық спорт шеберi Андрей Фрейзе Ресейдiң үш дүркiн чемпионы, 2010 жылғы Еуропа чемпионатының ақтық сынында өзбекстандық Жұмабек Жұманиязовты жеңiп, алтын алқа таққан.

Финалдық жекпе-жек аса тартысты өттi. Андрей Фрейзе ә дегенде-ақ суырылып алға шығып, қарсыласына еш мүмкiндiк берместен есептi 4:0-ге жеткiздi. Жарыс басталғанына небары 45 минут қана уақыт өткен болатын. Осыдан соң Дәурен Орынбаев аздаған үзiлiс алып, қарсыласының екпiнiн басуға тырысқан. Осылай болып шықты да. Үзiлiстен соң Дәурен өз ойынын тауып, қарсыласын қуып жеттi. Есеп 4:4 болып теңестi. Дегенмен ресейлiк спортшы өз мүмкiндiгiн қолдан берген жоқ. Ұзаққа созылған финалдық бәсекеде 7:5 есебiмен Андрей Фрейзе жеңiске жетiп, екiншi рет Азияның чемпионы атанды. Бұған дейiн ешбiр бильярдшы мұндай жетiстiкке екi рет қатарынан қол жеткiзген емес едi.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ