Жаңалықтар

«Елбасы және мемлекеттiк тiл»

ашық дереккөзі

«Елбасы және мемлекеттiк тiл»

Өткен аптада Астанада «Мемлекеттiк тiлдi дамыту» Президенттiк қоры Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамымен бiрлесiп, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай «Елбасы және мемлекеттiк тiл» атты жинағын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл жинақтың жарық көруiне «ҚазМұнайГаз» ҰК акционерлiк қоғамы қолдау көрсеткен.

Жаңа жинақ жайында пiкiрiн бiлдiрген Халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының президентi, академик Өмiрзақ Айтбайұлы айтып өткендей, басылымның басты ерекшелiгi – Елбасының мемлекеттiк тiлдiң қоғамдағы орнын белгiлеу мен одан әрi дамытуға қатысты шешiмдерi мен сөздерi, ой-толғамдары мен ұсыныстары тұңғыш рет жинақталып берiлуiнде жатыр. Расында да, бұл еңбекке соңғы 20 жыл iшiнде тiл мәселесiне қатысты қабылданған бағдарламалық құжаттар мен нормативтiк-құқықтық актiлер және де тiлшi ғалымдар мен қоғам қайраткерлерiнiң түрлi басқосуларда жасаған баяндамалары, ұсыныс-пiкiрлерi кеңiнен қамтылған.

Жинақты құрастырушылардың айтуынша, бұл еңбектi әзiрлеудегi басты мақсат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттiк тiл мәселесiндегi сындарлы саясатын, жетекшi рөлiн көрсету. Осыған орай "Мемлекеттiк тiлдi дамыту" Президенттiк қорының директоры Азат Шәуеев: "Елiмiздегi тiл саясаты, оның iшiнде қазақ тiлiнiң өркендеуi, тiл мәселесiнiң басқа елдермен салыстырғанда қоғам бiрлiгiн бұзбай, өркениеттi түрде жүргiзiлуi – тұңғыш Президентiмiздiң ерен еңбегiнiң жемiсi екендiгi сөзсiз", – деп атап өттi.

"Елбасы және мемлекеттiк тiл" жинағы тiл мамандарымен қоса, көпшiлiк қауымның да назарын аудармақ. Өйткенi жинақтан қазақ тiлiнiң Тәуелсiз Қазақстанның мемлекеттiк тiл ретiнде қалыптасуы туралы толық мәлiмет алуға болады. Жинақтың таралымы – 2 мың дана. Оның басым бөлiгi кiтапханаларға, мектептер мен жоғары оқу орындарына, қазақ тiлi орталықтарына тегiн таратылмақ.

Динара ДҮРМӘН