Жаңалықтар

Банкирлер ат үйретудi армандайды

ашық дереккөзі

Банкирлер ат үйретудi армандайды

Бутаковка шатқалындағы «Алтын Тай» атты спорт кешенiнде Еуразиялық банк Баспасөз клубының бiрiншi отырысы өттi. Отырыс аясында Банктiң Баспасөз клубы мүшелерiнiң бастамасымен «Несие портфелiнiң сапасы: тәуекелдер мен мүмкiндiктер» тақырыбында дөңгелек үстел өттi.

Онда интерактивтi тiлдесу тәртiбiнде несие портфелiн бағалау критерийлерi, несие тәуекелдерiн басқару технологиялары және бүгiнгi таңдағы скорринг-жүйелер сияқты өзектi мәселелер талқыланды. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар 2011 жылы Қазақстанның екiншi деңгейлi банктерi несие портфелдерiнiң сапасын жақсарту болашағы туралы пiкiр алмасты. «Еуразиялық банк» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Майкл Эгглтон өзiнiң кiрiспе сөзiнде несие портфелдерiнiң сапасы туралы мәселе Қазақстанның банк жүйесi үшiн де, сондай-ақ жалпы әлемдiк банк жүйесi үшiн де ең өзектi мәселелердiң бiрi екенiн атап өттi. Бүгiнгi таңда қазақстандық банктер Ұлттық Банктiң жетекшiлiгiмен несие портфелдерiн зиянды активтерден тазалау мәселесiн шешумен белсендi түрде айналысуда. Банк саласының Қазақстанның экономикалық дамуына тиiмдi қатысуы аталған проблеманың қаншалықты табысты шешiлетiндiгiне тiкелей байланысты. Майкл Эгглтонның айтуынша, Еуразиялық банк жалпы алғанда 2010 жылы өз несие портфелiн проблемалық қарыздардан тазартып, оның сапасын лайықты деңгейге көтере бiлдi. Ал Еуразиялық банк Басқармасы Төрағасының орынбасары Роман Машчык Банктiң несие тәуекелдерiн басқару тәжiрибесi туралы ақпарат бердi. Машчык мырзаның пiкiрiнше, қазақстандық банктер несие тәуекелдерiн бағалаудың халықаралық стандарттарын кеңiнен пайдаланған жағдайда табысқа жету мүмкiндiктерi бар. Мысалы Еуразиялық банкте корпоративтiк клиенттерге несие берген кезде компанияның ақша ағындары мен мүмкiндiктерiн олардың таралуы бойынша жете талдауға негiзделген iшкi корпоративтiк рейтингтер қолданылады. Жеке тұлғаларға несие беру барысында барлық шешiмдер дерлiк автоматты тәртiпте, скорринг жүйесiнiң бағалауы негiзiнде қабылданады. Бұл ретте Банк пен Заемшының нақты өзара қарым-қатынас дерегiне сүйене отырып, клиенттердiң скорринг-карталарын ұдайы талдап және түзетiп отыру қажет екенiн айтты.

Түстен кейiн «Алтын Тай» атты спорт кешенiнiң қызметкерлерi Баспасөз клубының мүшелерi үшiн таза ауада спорт аттарына мiнiп қыдыру шарасын ұйымдастырып, Орталық Азия IV Чемпионатының шеңберiнде өткiзiлген ат үйрету жарысын тамашалауға шақырды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ