Жаңалықтар

«Алып қашудың» астарлы күлкiсi

ашық дереккөзі

«Алып қашудың» астарлы күлкiсi

Жақында жас әншi Сырым Исабаевтың продюсерлiгiмен "Алып қашу операциясы" аталатын комедия жанрындағы жаңа фильмнiң тұсауы кесiлiп, көрерменiне жол тартты. Режиссерi – Сардор Расулов. Сценарийi– Берiк Тұрсынбековтiкi.

Фильмнiң басты жаңалығы – комедия мен драма жанрларының бiр арнада шебер ұштастырылуы. Қызын жалаң аяқ студентке жар еткiсi келмеген бай ата-ана мен мұндай қарсылықты құп көрмеген қос ғашықтың арасындағы қым-қуыт жағдай оқиғаның негiзгi өзегiне айналып, соңы алып қашуға ұласады. Алып қашуды ұйымдастыруда жанұшыра ат салысып жүрген достары мен "жеңгетай"– нағашы ағаның тапқыр әрекеттерi көрерменге күлкi сыйлайды. Шытырман сюжетке құрылған сценарийдiң авторы Берiк Тұрсынбеков: "Алғашында мен киноға актер ретiнде шақырылғанмын. Содан ұсынылған сценариймен оқып-танысқаннан кейiн, шынын айтсам, оқиғасы көңiлiме қона қойған жоқ. Көкейiмде жүрген көп ойларымның бiрiн айтып едiм, ол идеям барлығына ұнап, сценарий жазу iсiн маған жүктедi. Бұған дейiн сахнаға лайықталған шағын дүниелер жазып жүрсем де, кино үшiн жазылатын тұңғыш жұмысым болғандықтан, алғашында бiраз қорқақтадым. Алайда "көз – қорқақ, қол – батыр" демей ме? Жазуды қолға алғаннан кейiн ойдан ой туып, қызықты дүние шығатынына көзiм жетiп, құлшына кiрiстiм. Бұл идеяны қолға алғандағы менiң бастапқы көздегенiм – қазiрде ретроға айналып үлгерген сексенiншi жылдардағы сән – алып қашуды бүгiнгi күннiң көзқарасымен үндестiру болды. Мәселен өзге елдер көркем дүниелерiнде, әсiресе кино саласында жастарын жалынды, романтик етiп көрсетедi. Ал бiзде керiсiнше, "шынайы өмiрдi көрсетемiз" деп сөйлемейтiн, тұйық, қатыгез мiнездердi қазақтың характерi етiп аламыз да, соны экранда бейнелеуге тырысамыз. Ал, шынтуайтына келгенде, бiзде де нағыз романтик қыздар мен жiгiттер бар ғой. Сондықтан аталмыш фильмде романтик болуға ұялмау керек деген идеяны негiзгi нысанаға ала отырып, көрерменге көтерiңкi көңiл-күй сыйлауға тырыстық. Алып қашу деген – мен үшiн романтиканың нағыз көрiнiсi",– деп ой бөлiстi.

Көркем туындының өмiрге келуi үшiн оқиғасы шымыр, сюжетi шебер өрiлген сценариймен қатар, әлбетте шыңдалған әртiстердiң шынайы ойынының да рөлi орасан зор. Осы тұрғыдан келгенде қалжыңның көрiгiн қыздырып, әзiлдiң әрiн келтiрiп жүрген Қарагөз Тiлеубекова, Тұрсынбек Қабатов, Берiк Тұрсынбеков сынды әртiстердiң сахналауында нанымды да шебер жеткен образдар көрерменiн шынымен-ақ сүйсiнткендей. Әсiресе әженiң рөлiндегi Рымкеш Омархан апамыздың ойыны жақсы әсерге бөлейдi. Тұрсынбек сомдаған оқытушы қыздың әрекетiн күлмей отырып тамашалау мүмкiн емес. Бұл жөнiнде әртiс өз әсерiмен: "Жастарға арналған осындай қазақы әрi көңiлдi фильмдер түсiру көптен берi ойымда жүрген едi. Көкейге қонымсыз дүниелердi қоспай, басы артық сөздер мен арзан әзiлден алшақ болуды басты назарға ала отырып, көрерменiмiзге шынайы күлкi сыйлағымыз келдi. Ал фильмге түсу барысында, әйел рөлiн сомдауда маған аса қиындық тудырған нәрсе ол – киiнiп-шешiну едi. Әйел адамдардың жан дүниесiн, шыны керек, сол киiммен жүргенде түсiндiм. Қайта-қайта тырнағыңды, көзiңдi, бетiңдi бояйды. Туфлимен жүрудiң машақаты өз алдына. Аяғым талып, жүре алмай әбден қиналдым. Далада түсiрiлуi керек көрiнiстерiнде адамдардың түсiнбей, таңданыспен қараған жанарлары да бiраз ұялтып, ыңғайсыздандырды. Бұл – менiң әйел образын алғаш сомдауым. Сондықтан бiраз iзденуге тура келдi. Болмысы кинодағы сомдаған образыммен үндес бiр сыныптас дос қыз бар едi. Сол қыздың бейнесiн көз алдыма елестеттiм де, ойнап шықтым", – деп бөлiседi. Ал қатал да тәкаппар, қызының бақытын сезiммен емес, байлықпен өлшейтiн ауқатты ананың рөлi Қарагөз Тiлеубекованың жеткiзуiнде аса сәттi шыққан. Жүрiс-тұрыс, өзiн-өзi ұстауы, сөйлеген сөзiнiң барлығы – ойнайтын рөлiне жауапкершiлiкпен қарап, үлкен дайындықпен келгендiгiн айқын аңғартып тұр. "Сценарий жағына келсек, бұл – жеңiл ғана, халықты шаршатпайтын, әдемi әзiлге құрылған кино. Қазiргi адамдар жылаудан да, мәселенi күйттеуден де шаршады ғой, соған сай көрерменiмiзге риясыз күлкi сыйлап, демалтқымыз келдi. Бұл – халықтың көңiлiнен шыққан фильмнiң жаңа бастауы деп ойлаймын. Көрерменiмен қауышып жатқан аталмыш комедияны продюсерлiк қырынан басқарып, ұйымдастырған өздерiңiзге белгiлi Сырым Исабаев есiмдi жiгiттiң де еңбегi орасан зор. Халық әлi де өз бағасын бере жатар", – дейдi актриса.

Фильм соңында жобаның продюсерi Сырым Исабаевты да әңгiмеге тартып, әсерiмен бөлiскен едiк: "Продюсер болуды, әрине, оңай жұмыс деп айта алмаймын. Алғашқы тәжiрибемнен осыны байқадым… Өмiрдiң ықшам түрi болғандықтан да киноны өмiрдiң өзiндей шынайы етiп түсiру керек. Сонда ғана халық қабылдайды. Ал жанрына келетiн болсақ, комедияны өзгелерiмен салыстырғанда оңай жанрға жатқызатындықтан таңдап алдық. "Дұрыс iстесең – береке, бұрыс iстесең – келеке" дегендей, қолға алған iсiмiздi шамамыз жеткенше берекелi етуге тырыстық. Кинода күлдiрiп барып мұңайту, мұңайтып барып күлдiру – адамның жүрегiне үлкен әсер қалдырады. Бұл жерде бiз осыны қолдандық. Бағасын өздерiңiз берерсiздер", – дейдi.

P.S. Әрине, үлкен iстiң мiнсiз болмайтыны рас. Фильм барысында кейбiр жас әртiстердiң ойынындағы аздаған кемшiлiктердi ескермегенде, жалпы комедияны сәттi шыққан деп бағалауға толықтай негiз бар. Оған дәлел – кинотеатрға ине шаншар орын қалдырмай жиналып, әртiстерге ыстық ықыласын жаудырып жатқан көпшiлiктiң риза көңiлi. Сонымен қатар сценарийдегi шымырлық пен жинақылық та көрерменiн жалықтырмай, керiсiнше, кейiпкерлерiмен қимай қоштастырады. Фильм барысында көрсетiлетiн құда түсу жоралғыларының ұтқыр шығуы өз алдына, қызды алып қашып бара жатқандағы оқиғаға полиция қызметкерлерiнiң араласып, түнгi қалада "қызқуу" ұйымдастыруы да көрерменiн бiраз ширықтырғаны анық. Ең бастысы – жұртты күлдiремiз деп арзан әзiл мен құнсыз, дөрекi қалжыңға бармай, өмiрдiң өзiндiк иiрiмдерiн пайдалана отырып, халықты орынды, нағыз қазақы күлкiге қарық қылғаны. Жанры комедия болғандықтан да, фильмнiң басты жеңiсiн осы деп бағаладық.

Назерке ЖҰМАБАЙ